Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Әне, көрдің бе? 11780 68 пікір 20 Қыркүйек, 2019 сағат 15:32

Елдің 55 пайыз байлығы 162 адамға ғана тиесілі

Біздің қазақтың жерінің асты да, үсті де кенге бай, деп дәуейтіп сөйлегенде дүниені шайқап жіберердей боламыз, осы. Шынында солай ғой. Солай болғасын да сөйтеміз.

Қазақстан әлемде:

Вольфрам, қорғасын, барий қорынан – 1,

Хромит, күміс, цинк қорынан – 2,

Марганец, малибден қорынан – 3,

Мыс қорынан – 4,

Уран қорынан – 5,

Алтын қорынан – 6,

Темір кенінен – 7,

Қалайы мен никель қорынан – 8,

Көмір  мен табиғи газ қорынан – 9 ,

Мұнай қоры бойынша – 13 орында.

Хромиттің әлемдік қорының үштен бірі,  уран мен марганецтің төрттен бірі, темірдің оннан бірі біздің жерде.

Қазақстанның көмірі (тас көмір мен қоңыр көмір) шамамен 200 миллиард тонна. Ал мұнай ресурстары шамамен 13 миллиард тонна. Каспий жақты қоса есептегенде, мұнай қоры 7 миллиард тонна. Қарашығанақтағы табиғи газ қоры 1,3 триллион куб метр. Мұнай мен газдың алып қоры Аралдан да табылған. Болжам бойынша, онда 350 миллион тонна мұнай мен 100 миллиард куб газ бар екен. Әлемде мұнайдың барланған қоры жөнінен 12,  газ бен газ конденсатының қоры жөнінен 15, ал мұнай өндіруден 23 орындамыз. Еліміздегі темір кенінің қоры 8 миллиард тонна. Алатау темір-марганец бассейінде 500-дей кен ізі табылған. Онда шамамен 500 миллион тонна темір, 80 миллион тонна марганец бар ұқсайды. Ұлытауда 500 миллион тонна темір кені тағы бар. Хромий кенін өндіру бойынша Қазақстан дүние жүзінде бірінші орында тұр. Бұл тағы барланғаны, яғни анықталғаны.

Бұлардан бөлек бізде хромит те, ванадий де, титан да, аллюминий де, никель де, мыс та, қорғасын да, мырыш та, алтын мен күміс те, вольфрам мен малибден де, тантал-ниобий де, цирконий-висмут та, сынап пен кадмий де бар. Бізде осы айтылғандардың барлығы бар.

Енді мына қызыққа қараңыз. Өткенде «KPMG» сайты «Қазақстандағы жеке капитал нарығы» (Private equity market in Kazakhstan) атты зерттеуін жариялады. 122 беттік журналдың 23-24 парақтарында «Қазақстанның қазба байлықтарына кімдер қожалық етіп отыр» деген доғал сұраққа дөп жауап беріпті.

«Нарықтық экономикаға көшу кезінде жекешелендіру процессінің өте жылдам жүргізілуінің салдарынан соңғы 27 жыл ішінде Қазақстанның мемлекеттік активтері тең бөліске салынған жоқ. Жекелеген адамдар мен олардың меншігіндегі әлеуетті компаниялар, былайша айтқанда бизнес конгламераттар, отбасылық офистер ел байлығының аса ірі бөлігін иемденіп отыр. «Credit Suisse» дерегіне сүйенсек, Қазақстанның ең бай 50 бизнесмені халықтың егде буынына тиесілі ортақ байлықтың 42 пайызын немесе жалпы номиналды ЖІӨ көрсеткішінің 16 пайызын иеленген. Зерттеуге қарасақ, Қазақстанда 0,001 пайыз халық немесе 162 адам ғана жылына 50 миллион доллардан көп табыс табады екен. Ал халықтың 3 пайызының ғана жылдық табысы 10 мың доллардан 1 миллион долларды құрайды. Салыстырмалы түрде айтсақ, бұл көрсеткіш Украина мен Беларуссияда 1 пайызды, Индонезия, Түркия, Ресей мен Бразилияда 20 пайызды, Азия-Тынық мұхиты аймағында 26 пайыз, жалпы әлемде 35 пайызды, АҚШ пен Ұлыбританияда 71 пайызды құрайды. Ал ортақ байлықтың тең бөлінбеуі посткеңестік елдерде байқалады. Оған түрлі факторлар, соның ішінде жеке меншіктік салыстырмалы түрде аз уақыттың ішінде ғана қолданысқа енгені әсер етуі мүмкін», деп жазыпты.

Басылымның дерегіне сенсек, Қазақстан қазба байлықтарының тең жартысы (55 пайызы) бар болғаны 162 адамға ғана тиесілі екен.

Қазақстанда 18 миллионан аса адам болса, соның ішінде 12 миллион 85 мың 857 адам  ересек буынға жатады екен. Осы 12 миллион адамның 96,6 пайызының жылдық табысы 10 мың долларға жетпейді. Міне қараңыз:

96,6 пайыз (11 711 334 адам) – 10 мың доллардың шегінде;

2,7 пайыз (326 322 адам) – 10-100 мың доллар аралығында;

0,35 пайыз (42 301 адам) – 100 мың мен 1 миллион доллар аралығында;

0,05 пайыз (5 838 адам) – 1-50 миллион доллар аралығында;

0,001 пайыз (162 адам) – 50 миллион доллардан жоғары табыс табады (Ортақ байлықтың 55 пайызы).

112 адам – 50-80 миллион доллар,

45 адам – 80-800 миллион доллар,

5 адам – 2-3 миллиард доллар аралығында табыс табады. Бұл бір жылдық табыстың есебі.

Жоғарыда Қазақстанның қыруар қазба байлығы мен оларға қожалық жасап отырған қабақ қарын қомағайлар туралы қос деректі көрдіңіздер. Бұл екі мәлемет те 2018 жылдың есебі.

2019 жылдың дерегі мынау, міне: Қазақстанда тамыздан бастап орташа жалақы мөлшері 186,5 мың теңге. Сенсеңіз де осы, сенбесеңіз де...

Түйін. Иә, Қазақстан табиғи қазба байлықтарға да, миниралды ресурстарға да өте-мөте бай мемлекет. Ақорда жақтағы айтқышбектерден бастап, ауылдың шопырларына дейінгі барлығының айтатыны осы аса пафосты әйдік сөз.

Осынша байлығы бар мемлекеттің баспанасыз босып жүрген көп балалы аналары Ақорданың алдында Президенттен үй сұрап жүр. Осыншама байлығы бар мемлекеттің билігі жағдайы жоқ отбасыларға 21 мың теңгені жетістіріп бере алмай, тауық санап жүр. Осыншама байлығы бар мемлекеттің басшылары екі сиырдың жырын жырлап жүр. Осыншама бай мемлекеттің 5 миллионға жуық адамы банкке қарыз. Осыншама бай мемлекеттің 1 миллионға жуық адамы қарызын төлей алмай қашып жүр. Осыншама бай мемлекетте үйсіздер көп.Осынша байлығы бар мемлекетте кедейлер көп. Парадокс па? Парадокс.

Ал біздің анау 162 олигархымыз ел байлығын бөлісе жеп, бүйірі ісіп жүр, әне.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

68 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048