Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Бір сауал 3713 16 пікір 23 Қыркүйек, 2019 сағат 10:35

Алып зауыттарда өз мамандарымыз неге басшылық жасай алмайды?

Әркез осы сауалдың айналасында пікір айтушылар алдымен кәсіпорындардағы негізгі инвестиция салушылардың шетелдіктер екендігін алға тартады.

Дегенмен, олармен жасалынған шартта біздің елдің азаматтарын алдымен жұмыспен қамту қарастырылған еді ғой. Ендеше неге тосыламыз?

Тағы бір уәжі - бізде басшылық жұмыс орындарына лайықты білімді азаматтар жоқ деседі. Қаншама үздік білімді жастарымыз отанымызда да, шетелдерде де тиісті оқу орындарын бітіріп, қолына дипломдарын алып келді емес пе? Ендешеге неге тежелеміз?

Меніңше мәселенің түйіні - жұмыспен қамту жүйесінің жүйесіздігінде!

21-ғасырдың табалдырығынан аттап, алғашқы екі ондықты шегеріп үлгерген, ғаламтор мен ақпараттандыру жүйесі керемет дамыған заманда бізде қарапайым ғана «Білікті мамандар қоры» жасақталмаған. Жоғары оқу орнын бітіріп, маман атанған әрбір адамды тізімге алып, жоспарлы түрде жұмыс орындарына жайғастыру деген атымен жоқ. Жалпы жұмыссыз жүрген жоғары білімділер туралы, мамандығы бойынша жұмыс тапқандар мен таппағандар туралы статистикалық деректер де жоқтың қасы.

Осы жүйесіздіктен бірнеше жыл уақытын сарп қылып оқып шыққан жас мамандар қара жұмысқа барып ұрынуда. Кірпіш қалап, жол салып, арба сүйреп, сиыр сауып, қора тазалап жүрген қара жұмысшылардың ішінде жоғары білімді, кәсіби оқу орындарын бітірген дипломдары бар мамандар көп. Тіпті отандық оқу орындарын былай қойып, «Болашақ» бағдарламасымен шетелден білім алып келген мамандар әлдебір институт, кәсіпорындардың көлеңкесінде «ксерокс» аппаратының қасында, арзымайтын айлыққа жұмыс істеп тұруы ғажап емес. Мұндай телегей теңіз білімді жастарымызды қара жұмысқа салып қойып, қарап отыру обал емес пе?!

Есесіне шетел асып, білімін басқа елдің игілігіне жаратып жүрген мамандарымыз көп. Өз елімізде жарымаған соң, ақысын аямай төлейтін шетелдік компанияларға кетпегенде не істемек... Әрине сөйтеді.

Біздің еліміздің шенділері шетелдік инвесторлардың көмегімен жұмыс істеуге кіріскен зауыт-фабрикаларда, ірі кәсіпорындарда тек қана өз еліміздің азаматтарын жұмыс істетуге мүдделі болса, оны жүзеге асыру - аса қиын шаруа емес деп ойламаймын. Әрбір ЖОО бітірген, дипломы бар маманды өз мамандығымен, жоғары жалақыда жұмыспен қамтуға әбден болады.

Әлгі аты бар да заты жоқ «Кәсіподақ ұйымы», «Жұмыспен қамту орталықтары», тағы да басқа Адам құқығы жөніндегі қоғамдық қозғалыстар, партиялар шынымен жұмыс істеп, жоғарыда айтқан жүйесіздікті жойып, іске кіріссе дұрыс болар еді.

Алдымен, «Білікті мамандар қоры» жасақталсын. Оқу бітіргендердің мәліметтерін кез келген оқу орны бере алады. Бірде бір шетелдік маман басшылық орында ұзақ қалмасын. Қалса, тек жұмыс бабын түсіндіру үшін белгіленген мерзімде ғана жүрсін. Ал егер біздің мамандарымыз біліктіліктен кем болып жатса, қосымша оқытсын және үйретсін. Бұл әдеттегі жұмыс барысындағы үрдістер. Онсыз болмайды.

Осылайша біз еккен егіннің жемісін теретін мерзімді жіберіп алмауға тырысайық. Өйтпеген күнде, байқап қарасаңыз соңғы 10-15 жылда «білікті мамандар даярлау» мәселесімен барлық сала айналысып келеді, қаншама жыл бойы ел қазынасынан қаражат шығарып жастарымызды шетелде оқытып жатырмыз, ал нәтижесін әлі көре алмай келеміз. Неғылған бітпейтін оқу дерсіз... Оқу – инемен құдық қазғандай екені рас. Дегенмен, соны сылтау ғып еліміздің азаматтарын өмір бойы оқудың соңына салып қойып, жарымайтын жалақымен алдаусыратқанымыз - елдігімізге үлкен сын.

«Маман жоқ, жұмысқа тұрайын десе оқуын жалғастырып жүр, зауыт-фабрикада жұмыс орны жоқ, жалақы аз» деп негізсіз, жаттанды зарды айта  бергенше, түпкі мәселені танып, түйінін шешуге тырысайық.

Жалақы жоғары болмайынша, ел іші түгелге дерлік мамандығы бойынша жақсы жұмыспен қамтамасыз етілмейінше әлеуметтік-саяси шиеленістер де шешімін таппайды. Шетелдіктер кетсін, өз азаматтарымыз жалақысы жоғары жұмыспен қамтамасыз етілсін!

Алып зауыттардың басшылық орындарында өз еліміздің азаматтары отырса, әлдеқайда жақсы көп өзгерістер болады. Жұмыс барысында ел экономикасына тиетін пайдалы және зиянды тұстары солардың назарында болады. Табиғатымызды аялау, экологияға нұқсан келтірмеу, еңбек ресурстарын дұрыс пайдалану, қалдықтарды дұрыс кәдеге жарату, адамдар денсаулығын қорғау, сапаны жақсарту, бәсекеге қабілетті болу сияқты аса маңызды мәселелерге бей-жай қарамас еді.

Қазіргі таңда жасыратыны жоқ осы айтылған маңызды мәселелерді назарымызда ұстай алмаудамыз. Экологиямыз нашарлап, ауру-сырқау көбейіп кетті. Бәсекелестік жағынан ұтылып жүрген тұстарымыз да көп. Ойланайық, қолға алайық ағайын.

Гүлжан Ізтай

Abai.kz

16 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2059