Бейсенбі, 3 Қазан 2024
Масқара! 6338 25 пікір 23 Қыркүйек, 2019 сағат 12:42

Бақтияр Мәкен: Хоть повеситься, понятно...

Астана қаласы (Нұр-Сұлтан) әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен дейтін азамат бар. Өзі бұрын Мәжілісте депутат болған. Жайдарманда жюрилік жасап, жастарға ақыл айтқанын талай рет көргенбіз.

Қырыққа әлі толмаған, «Болашақпен» білім алып келген. АҚШ-та оқыған. 2016 жылы Мәжіліс депутаты болып таңдалған. «Ерен еңбегі үшін» дейтін дардай медальмен марапатталған. Еңбек демекші, «Жасыл ел», «Жас Отан», «Нұр Отан», бұлар Бәкеңнің жүріп өткен баспалдақтары. Биыл шілдеде Астана әкімінің орынбасары болды.

Үш тілге де тілі үшкір, тәп-тәуір жігіт еді. Жүйкесі жұқарып, жұмысы қажытқан секілді. Бәкеңнің әлдебіреулерді оңды-солды балағаттап, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып жатқан видеосы әлеуметтік желіге тарады. «You tube» желісіндегі видеожазбадағы әңгімеден ұққанымыз – Бәкең көп балалы аналармен кездескен. Сол жерде өз-өзін ұстай алмай, әлгіндей әдепсіз әрекетке барған.

8 минуттық видеодағы замәкімнің сөйлеген сөзі бұл... Аналарға ақырып тұрып, қазақша-орысша араластырып айтқандары. Көріңіз:

«Хоть в Акорду иди!», «Иди нахер блин!», «Хоть повеситься, понятно!», «Это что за отношение к власти, а?», «Болмайды саған квартира, білдің ба?!», «Иди на улицу», «За то что вы 3 раза в Акорду ходили, я с вами сотрудничать не буду!» т.б.

Астананың кіші әкімінің сөздері бұл. Қалай десеңіз де, Бақтияр Мәкеннің бұлай сөйлеуі мемқызметкердің этикасына да, адами этикаға да қайшы! Ақтауға келмейді!

Мейлі, көп балалы аналар әкімдіктегілердің әбден ығырын шығарыпты делік. Ал енді «Маған десең Ақордаға бар, маған десе асылып қалсын, квартира бермеймін» деген әкімді қалай ақтауға болады?

Әкім мен әйелдердің арасындағы диалогты сөзге түсіріп жатпадық. «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның сөзі. Алайда кешегі Бөкейханның бұл сөзін бүгінгі Бақтияр Мәкен басқаша ұққан болуы керек. Арызын айтып, алдына келген аналарға «мінезін» көрсетіп, боқауыз бәйәдеп сөздер айтып, эмоционалды сөздерін оңынан да, солынан да төпелете сөйлеп, төбелесуге таяу барып тоқтапты. Боқтапты. Бөтелке лақтырыпты.

Мейлі, ол кездесудегі жағдайдың қалай өрбігенін көзімізбен көрген жоқпыз. Алайда Бақтияр Мәкен ол – мемлекеттік қызметкер. Сондықтан ақтауға келмейтін әрекет, әрине.  Мемлекеттік қызметкерлердің қызметтік этикасы бар. Ал анау видеодан Бақтияр Мәкенұлы Мәкеннің қызметтік этиканы да, адами этиканы да өрескел бұзғанын анық көруге болады.

Бізде ҚР Президентінің 2000 жылғы 21 қаңтарындағы №328 Жарлығымен бекітілген «ҚР Мемлекеттік қызметшілерінің қызмет этикасы» бар.

Ол аз десеңіз, «ҚР Мемлекеттік қызметшілерінің әдептілік нормаларын және мінез-құлық қағидаларын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» ҚР Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсанындағы № 153 Жарлығы бар.

«ҚР Мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі» тағы бар. «ҚР Мемлекеттік қызметі туралы» 2015 жылғы 23 қарашадағы № 416-V ҚРЗ Заңы тағы бар.

Және ең бастысы бізде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі бар. Бұл агенттікті Бәкеңнің бұрынғы әріптесі (экс-депутат) Анар Жайылғанова басқарады.

Жоғарыдағы видеоны көрдіңіздер. Тіпті, бұл мәселеге қатысты қандай да бір комментарий берудің өзі орынсыз. Сондықтан, әкім баланың әлгі әңгімесінен кейін Жайылғанова ханым экс-әріптесінің мәселесімен жақсылап айналысуы керек!

Abai.kz

25 пікір