Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
3241 0 пікір 24 Қыркүйек, 2019 сағат 11:57

Қазақ күресінің олимпиадалық ойындар қатарына қосылуына мүмкіндік бар ма?

Бұл туралы Халықаралық «Qazaq kuresi» федерациясы, Қазақстан Республикасы Қазақ күресі федерациясы, өңірлік және шетелдік федерация мүшелерінің бірлескен отырысында талқыланды.

Жиын барысында қазақ күресінің өркендеуі, ондағы өзгерістер мәселелесі сөз болды. Федерация спорттық-техникалық комитетінің төрағасы Ж.Қоныспаев қазақ күресінің өркендеуі жолындағы олимпиадалық бағытта жасалынатын жұмыстар легін ұсынды. Оның айтуынша бүгінде қазақ күресін олимпиадалық ойындар қатарына енгізу үшін бірқатар жұмыстар атқару қажет. Осы орайда, Федерация ғылыми-әдістемелік комитетінің төрағасы Е.Мырзабосынов қазақ күресіндегі өзгерістерді ғылыми-кешендік жұмыс тобын құруды (терминдерді қалыптастыру, дайындық әдістеме жұмыстарын жүргізу, қазақ күресін мектеп бағдарламасына енгізу бағытында ұсыныстарын білдірді. Сонымен қатар, Е.Мырзабосынов қазақ күресінің Ережесіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігін айтты.

Қазақ күресінің даму тарихы тереңде жатыр. Той-томалақ, жиын-мереке, түрлі басқосулар палуандардың белдесуінсіз өткен емес. Қазіргі таңда елімізде жекпе-жек өнерін әлемдік бәсекеге лайықты спорт деңгейіне шығару маңызды міндеттердің біріне айналып отыр.

Сондықтан қазақ күресінің дамуына атсалысып жауапты тұлғалар ұлттық спорттың олимпиада қатарына енгізу үшін қажетті нақты қадамдарды атап, сол бойынша жұмыс тобын құрып үлгерді.

Бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында Халықаралық «Qazaq kuresi» федерациясының президенті Қанат Бозымбаев «ұлттық спортымыздың олимпиадалық ойындар қатарынан табылуына бар күш-жігерімізді саламыз» деген болатын.  Оның пікірінше, Халықаралық Федерацияның құрылғанына аз болса да, осы уақыт  аралығында ауқымды шаралар мен нәтижелі жұмыстар атқарылды. Федерация құрамына Еуропа мен Азия елдерінің 28 ұлттық  федерациясы кіреді. Есесіне әлемде ұлттық спортымызға қызығушылық танытқандар саны күн санап артуда.

Федерация жыл сайын халықаралық турнирлер мен іс-шаралар өткізуді дәстүрге айналдырған. Федерация құрылған 2 жыл ішінде: қазақ күресінен әлем чемпионаты-2017 (Астана, Қазақстан), 2018 жылы жаттықтырушылар мен төрешілерге арналған халықаралық семинар (Тбилиси, Грузия), Қазақ күресінен Еуропа чемпионаттары (Грузия мен Польша), 2018 жылы оқу-жаттығу жиыны (Алматы, Қазақстан), Азия чемпионаттары (Қазақстан мен Моңғолия),  Федерация қолдауымен «Әлем барысы» турнирі өткізілді. Сондай-ақ, 2018 жылы 3 ұлттық чемпионат өткізілсе, қазір ұлттық чемпионаттар саны 10-нан асып түсті.

Әлбетте, қарқынды қолдаудың арқасында ұлттық спортымыз бүгінде әлемге кең насихатталып, үлкен танымалдылыққа ие.  Қазақ күресімен Грузия, Қытай, Еуроодақ елдері, Иран және т.б. елдері айналыса бастады.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052