Қамшыбек Қоңқабаев: Сыр халқына алғыс білдіремін
8-21 қыркүйек аралығында Ресейдің Екатеринбург қаласында бокстан ХХ әлем чемпионаты өтті. Ресей жерінде 91 елден келген 488 спортшы бақ сынаған болатын.
Айта кетерлігі, кезекті жаһандық додада боксшылар 8 салмақ дәрежесі бойынша өнер көрсетті. Ал, күні кеше қызылордалық жанкүйерлер бокстан Əлем чемпионатының күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев пен қола жүлдегер Тұрсынбай Құлахметті салтанатты түрде күтіп алды. Бұл туралы Қызылорда облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Лаура Шоңғалова хабарлады.
Қорқыт ата əуежайына қос боксшының туыстары, жанкүйерлер, спортшылар, жаттықтырушылар жəне спорт саласының қызметкерлері жиналды.
-Олимп шыңында күміс медальдарымды алтынға ауыстырамын. Шаршы алаңға шыққанда халқымның қолдауын сезіндім. Маған жанкүйер болған барша қазақстандықтарға, Сыр халқына алғыс білдіремін", - дейді Қамшыбек Қоңқабаев.
Естеріңізге сала кетейік, Ресей жерінде өткен дүбірлі доданың қорытындысы бойынша Қазақстан жалпы командалық есепте 1 алтын, 1 күміс, 4 қола медальмен 3-орынды иеленді.
Бұл сында Сыр спортшылары Қамшыбек Қоңқабаев (+91 келі) күміс, Тұрсынбай Құлахмет (75 келі) қола жүлделерді еншіледі.
Сыр бойының боксерлеріне алдағы Токио олимпиадасында сәттілік тілейміз!
Abai.kz