Н.Назарбаев. «Әбішевтің бағдарламасы бұрынғыдан ұтымды»...
немесе триллион үшін шайқас
ҚР АШМ Су ресурстары комитетінің бұрынғы төрағасы, бүгінде тергеу изоляторында отырған Ислам Әбішев мемлекеттің 300 млрд қаржысын қалай сақтап қалғанын алдыңғы мақалаларынан білдік. Ал енді 1 трлн теңгені қалай үнемдеді? Бұл, жалпы, мүмкін бе? «Мүмкін емес! Ертегі!..» дерсіз. Ендеше, мұқият оқып шығыңыз...
Тіпті, 1991 жылдан бері істен шыққан 1 млн гектар суармалы жерді қайта қалпына келтіріп, іске қосуға болатынын Ислам Әбішев осы мақаласында соқырға таяқ ұстатқандай етіп дәлелдейді...
Суармалы жерлерді қалпына келтіру еліміз үшін, халқымыз үшін өте маңызды жұмыс екендігі мені терең ойландырды. Үкімет тарапынан, министрлік тарапынан мұны қолдап құлшыныс танытқан ешкім бола қойған жоқ. Бұл мәселені комитет деңгейінде шешу мүлде мүмкін емес. Менің барлық үмітім Елбасының «барлық мәселені талдап, маған келіп баянда» деген тапсырмасы болды.
Қызметке қайта оралғаннан кейін осы мәселені мықтап қолға алуға кірістік. Комитеттің құрамында республикалық меншіктегі су нысандарын басқаратын «ҚазСуШар» Республикалық мемлекеттік мекемесі бар. 2012 жылға дейін бұл мекеме тек су нысандарын пайдаланумен ғана айналысқан, яғни каналдар арқылы ауыл шаруашылығына, өнеркәсіпке су жеткізіп береді, ал топтамалы су құбырлары арқылы халыққа ауызсу жеткізіп береді.
Мекеме тек тариф арқылы және су қоймалары мен тоғандарды ұстап отыруға бюджеттен берілетін шамалы қаржыға қарап отыратын. Су нысандарын жөндеу, күрделі жөндеу, қайта құру жұмыстарын сырттан басқа мердігерлер атқаратын. Әрине, бұл қымбатқа түсетін, сапасы да көп жағдайда сын көтермей жатады. Оның үстіне көп жағдайда уақытылы бітіре алмай бізді қинайтын. Бұл жерде «неге нашар істейтін мердігерлерді конкурстан өткізіп таңдайсыздар?» деген заңды сұрақ туындайды.
Оның бірнеше себептері бар:
- «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңның кемшіліктері;
- Жекеменшік компанияның басты мақсаты – көбірек пайда табу;
- Сауатты, тәжірибелі, жұмыс ұйымдастыру қабілеті жоғары мамандардың жетіспеушілігі;
- Компания қожайындары әр саладағы бірнеше конкурсты жеңіп алып, материалдық, қаржылық ресурстарын жеткізе алмауы;
- Көпшілік қожайындардың инженерлік білімі, тәжірибелері бола бермейді. Оның үстіне су саласының өз ерекшеліктері бар. Әсіресе каналдар, дамбылар, су қоймалары. Ол нысандарда жұмыс, негізінен, су тоқтағаннан кейін қыркүйекте басталады.
Ал «ҚазСуШар» мекемесіне келетін болсақ, оның қарамағында 10 мыңға жуық адам қызмет етеді. Оның ішінде 500-ден астам жоғары білімді, тәжірибелі су саласының майталман мамандары бар. Олардың ішінде жобалау жұмыстарының (проектирование) мамандары да бар. Сонымен бірге, «ҚазСуШар» мекемесінде 1500-ге жуық техника да бар, оның көпшілігі арнайы су шаруашылығына арналған техникалар. Мінеки, осы жағдайлардың барлығын ескере отырып, 2012 жылы 22,5 млрд. теңгенің жұмысын жекеменшік компанияларға емес, «ҚазСуШар» мекемесіне тапсырдым. Тексеруші органдар келгенде «конкурс өткізгенде бәсекелестік болар еді, соның арқасында бюджеттің қаржысы үнемделер еді» деп айып тақпау үшін жобадағы барлық қаржының 10 пайызын алып қалып, бюджетке қайтарып бердік. Қалған ақшамен (жобалардағы ақшаның 90 пайызы) «ҚазСуШар» мекемесі 2012 жылдың соңына дейін барлық жұмысты сапалы аяқтап шықты және мекеменің есепшотында 5,7 млрд теңге пайда ақшасы қалды.
Бұл жобалар бағасы аспандатылған сметаларды қысқартып, дұрыс деңгейге келгеннен кейінгі жобалар болатын.
Жұмыстардың сапасын әбден шұқылап, инемен құдық қазғандай тексерсе де, алдыңғы мақалада көрсетілген кемшіліктен басқа ештеңе тапқан жоқ. Сол нысандардың барлығы күні бүгінге дейін қалыпты жағдайда жұмыс атқарып тұр. 20 жылдан астам әрең күн көріп отырған су шаруашылығындағы мекемелер бір жылдың ішінде таза пайдаға шығып, адамдар премия алып, жалақылары көтеріліп, жағдайлары дұрыстала бастады.
2013 жылы мен жұмыстан кетіп, 9 айдан кейін қайтып келгенде, барлығы қайтадан сол қалпына түсіпті. «ҚазСуШар» мекемесі 800 млн теңгеге жуық қарызға кіріп кеткен, есепшотта болған миллиардтаған теңгеден ешнәрсе қалмаған. Сондықтан барлығын қайтадан бастауға тура келді. Әрине, бұл жолы әлдеқайда ауырлау болды. Бақылаушы органдар «ҚазСуШар» мекемесіне жөндеу, күрделі жөндеу, қайта құру (реконструкция) жұмыстарын жүргізуге болмайды деп отырып алды. Біздің көптеген қаржы үнемделетіні, жұмыстың сапалы, тез бітетіні жөніндегі айтқан дәлелдеріміздің ешқайсысы есепке алынбады.
Амал жоқ, тағы да жұмыстарды жеке компанияларға беріп, солардың бетіне қарап, кіріптар болуға тура келді. Ал жекеменшік компаниялардың істей алмай тастап кеткен нысандарын ғана «ҚазСуШар» мекемесінің күшімен атқаруға мүмкіндік алдық.
Жалпы, 2012 жылдың 1-ші қаңтарына Республика бойынша 43 проблемалы, «сақалды» құрылыстар болды. Олардың көпшілігінің ақшасы алынып қойған, қалса да, 10 пайыздан аспайтын ақшасы қалған объектілер болатын. 2012 жылғы тапқан табыспен және кейінгі жылдарғы мекеменің табыстары есебінен 2019 жылдың 1-ші қаңтарына 39 «сақалды» құрылыс толығымен бітіп, іске қосылды. 2012 жылдан кейінгі жылдары проблема болып тоқтап қалған бірде-бір нысан жоқ. Барлығы да өз уақытында бөлінген қаржының шамасына қарай бітіп отырды. Егер жекеменшік компаниялар шамасы келмей жатса, олармен шартты тоқтатып, «ҚазСуШар»дың қарамағына беріп, құрылысты жылдам жүргізіп, аяқтауды жолға қойдық. Комитеттің мұндай мүмкіншілігінен хабардар болған жеке компаниялар бұрынғыдай емес, анағұрлым тәртіпке келіп жұмыс істей бастады.
Мұның барлығын айтып отырғаным, 1 млн гектарға жуық суармалы жерді айналымға қосу үшін барлық мамандардың жауапкершілігін арттыру, біліктілігін арттыру, жұмыс ұйымдастыру қабілетін артыру қажет болды.
Осы жұмыстардың барлығы айтуға оңай болғанмен, оның бәрін іске асыру өте орасан үлкен жұмыс. Терең білімді, тәжірибені, ұйымдастырушылық қабілетті, есеп-қисапты талап етеді. Бұл жұмыстардың барлығында энергетикалық сұрақтар, автоматтандыру, гидромелиоративтік, азаматтық құрылыс жұмыстары бар, яғни барлық салада маман болу керек. Мұның барлығы бірден келмейді. Бұрын тек гидроузелді ашып-жауып, суды реттеп, соны қарауылдап, айналасын тазалап, әктеп-сырлап отырған адамдар жоғарыдағы орасан жұмыстарды атқаруына тура келді.
Енді алдымызда тұрған суармалы жерлерді қалпына келтіру үшін алдымен істен шыққан 1 млн гектарға жуық жерді толық талдау керек болатын. Оларға баратын су жүйелерін анықтап, олардың кем-кетігін анықтау керек болатын. Одан кейін ол жерлерді бүкіл жаз бойы сумен қамтамасыз ететін су көздерін анықтап, оларды қалпына келтіру керек. Мінеки, осындай ұшы-қиыры жоқ жұмыс бүкіл республика бойынша жүргізілуі тиіс болатын.
Бұл жұмыстың көлемі, қаржысы түсінікті болу үшін бір мысал келтірейін. Жөндеуді қажет ететін бір бөлмелі жеке тұрғын үйдің ақаулық актін жасау үшін маманды шақырасыз, оған 15-20 мың теңге ақша төлейсіз. Ол 1 күн бойы азаннан кешке дейін үйді түгел көріп, өлшеу жұмыстарын жүргізеді. Одан кейін 2 күн есеп-қисап жұмыстарын жүргізіп, қолыңызға акаулық акт (деффектный акт) береді.
Ал бір үйдің жұмысы 10 гектар жердің жұмысынан көп емес. Сонда есептеп көріңіз, Қазақстанның түкір-түкпірінде орналасқан 1 млн гектар жерлердің тек ақаулық актін жасап шығу үшін қанша адам, қанша қаржы керек?!.
Кемінде 5 млрд-тан астам қаржы керек. Үкімет суармалы жерге көңіл қоймағаннан кейін мұндай қаржыны бюджеттен ала алған жоқпыз. Сондықтан ол жұмыстардың барлығын өз күшімізбен «ҚазСуШар» мекемесінің резервтері арқылы атқару керек болды. Ең алдымен бұл жұмысқа тиісті мамандарды жақсылап дайындадық. Бұл жұмыста басты роль атқарғандар Егенов Мейірбек (қазіргі «ҚазСуШар» мекемесінің бас директоры), Кемелбеков Бақытжан (қазір Ислам даму банкімен жұмыс жасап жатқан бас менеджер) болды. Бұлар Шығыс Қазақстан облысынан жұмысты бастады. Ондағы мамандардың барлығын үйретіп, түсіндіріп шықты. Одан кейін солармен бірлесе отырып Шығыс Қазақстан облысының барлық суармалы жерін тегіс аралап, ақаулық актілерін жасап шықты.
Айта кететін жайт, Республикалық меншікте тек қана ірі су қоймалары, су тоғандары, магистралдық каналдар ғана болатын. Қалған ішкі су жүйелерінің шамалы бөлігі коммуналдық меншікте, шамалысы шаруа қожалықтарында, көпшілігі иесіз болып шықты. Ішкі жүйелердің 90 пайызы тіптен жарамсыз болып, каналдардың орны да білінбей кеткен екен. Сондықтан ондай жерлерде каналдардың трассаларын да техникалық әдістермен қайта анықтауға тура келді. 1991 жылғы 1 қаңтарда суармалы жер ретінде пайдаланылған жерлердің барлығын, 1 гектарын қалдырмай талдаудан өткіздік. Барлық су жүйелерінің схемасын, картасын жасап шықтық. Оның негізгі техникалық параметрлерін анықтадық. Бос жатқан жерлердің егелерін анықтадық. Жерді пайдаланбай жатқан себептерін анықтадық. Пайдаланылмай жатқан жерлердің 65 пайызға жуығы су жүйесінің жарамсыздығынан болып шықты. Қалған жерлер экономикалық жағынан тиімсіз болып шықты (сор басқан, құнарлығы өте төмен т.б.)
Әрбір каналды жеке-жеке талдап, ол каналды іске қосу үшін қанша шөгінді тазалау керек, каналдың ішіне өсіп кеткен қанша ағашты қопарып алып тастау керек, қанша жерді бетондау керек? Суды егістікке шығарып пайдалану үшін қай жерге қандай гидро-қондырғылар орнату керек, ол қанша болу керек? Мінеки, осы сияқты өте көптеген талдау жүргізіліп, ақаулық актілер жасалды.
Дәл осындай жұмысты барлық облыстардағы мамандарды үйретіп, жұмылдыруға тура келді. Шындығына келгенде, бұл жұмыстың барлығы жергілікті әкімшіліктердің жұмысы болатын. Не себепті әкімшіліктер бұл жұмыстарды атқармады. Негізгі себеп – басшылардың суармалы жерлерді пайдалануға назар аудармауы. Екінші себеп – жергілікті әкімшіліктерде су мамандары жоқтың қасы. Бұрынғы совхоз-колхоздар жоқ. Ондай шаруашылықтар жоқ болғаннан кейін олардың штатында болатын гидротехниктер де жоқ. Суармалы жерде, негізінен, майда шаруа қожалықтары жұмыс атқарады. Олар гидротехниктің штатын ұстауға мүмкіншілктері жоқ. Ішкі су жүйелеріндегі каналдарды баланстарына ала бермейтіндіктері де осыдан. Бірен-саран каналдарды балансына алған шаруаларға ол каналдарды қарап, ұстап отыру көп қиыншылыққа әкеліп соғады. Көптеген су жүйелерінің бұзылып істен шығып кетуі осыған байланысты.
Жоғарыда айтылғандарды ескере келе, барлық су жүйелері бір қолда болғаны дұрыс екендігіне көз жеткіздік. Яғни, су көздерінен бастап (өзен, су қоймасы), егістікке су шыққанға дейінгі аралықтағы барлық нысандар (су қоймасы, гидро-торап, тоғандар, су құлақтары, магистралдық каналдар, II, III, IV деңгейдегі каналдар) бір қолда болған жағдайда, екі ортадағы делдалдан құтыламыз. Екінші, білікті мамандармен қамтамасыз етіледі. Үшінші, шығыны көп жүйелере, басқа пайдалы су жүйелерден түсетін қаржылармен жәрдемдесуге болады. Тарифтік сметаны жасап, қорғауға жоғарғы деңгейдегі мамандарды тартуға болады. Бұл аса бір үлкен жаңалық емес. Өздеріңіз күнде үйде пайдаланатын суды «қалалық водоканал» су көзінен бастап, әрбір үйге дейін бір қолда ұстап отырған секілді жүйені құруды ұсындық.
Водоканалдағы канализация секілді егіндік суда да артық суды ағызатын, жерасты суын төмендететін жүйе бар. Мінеки, осының бәрі бір қолда болуға тиіс. Тек сонда ғана егіндік су саласы жүйелі түрде жұмыс істей алады. Бұған дейінгі жағдайда магистралдық каналдар, үлкен су тораптары, су көздері республикалық меншікте, II-деңгейдегі каналдардың 30%-ға жуығы коммуналдық меншікте III, IV-деңгейдегі каналдардың біразы шаруа қожалығында, көпшілігі егесіз болып келген. Жерасты суы жақын орналасқан алқаптарда болатын тік дренаждар, магистралдық қашыртқылар, кішігірім қашыртқылар түгелімен иесіз болған. Әрине, мұндай жағдайда суармалы жерлерді тиімді пайдалану мүмкін емес. Талдау жүргізгенде тәуелсіздік алғаннан бері әбден жинақталып, қордаланған, ұшы-қиыры жоқ проблемаларға кезіктік. Бұл мәселелердің барлығын шешу үшін Үкімет толығымен бет бұрып, күн тәртібіндегі ең негізгі мәселе ретінде қарап, облыс басшыларынан жүйелі түрде талап етіп отыратын мәселе болуы керек еді.
Өкінішке орай, 2017 жылдың аяғына дейін бұл мәселе үкіметте бір рет те қаралған жоқ. Сенбесеңіздер, Үкіметтің сайтын ашып, архивтердегі материалдарды саралап көз жеткізуге болады.
Осы мәселенің барлығы тек Су ресурстары комитетіне ғана қатысты болды. Облыс басшыларының ішінен Сапарбаев Б.М, Мырзахметов А.И, Батанов А., Бакауов Б. қана бұл мәселеге жақсы көңіл бөліп, олармен қоян-қолтық бірге жұмыс атқару мүмкіншілігі болды.
Қарапайым шаруалар біздің бастамаларымызды өте үлкен қуанышпен қарсы алды және біздің жұмыстарымызға көп көмектерін тигізді. Бұл жұмыстардың барлығын 2014 жылдың мамыр айында бастап, қарашаның бас жағында аяқтадық. Біздің қолымызда Қазақстан егістіктеріндегі су жүйелерінің толық жағдайы туралы мәліметтер түгел жинақталды.
Істен шығып қалған 1 млн гектарға жуық суармалы жерлердің 610 мың гектар жері сұранысқа ие болып шықты, қалған 390 мың гектарға жуық жер істен шығып, жарамсыз боп қалған жерлер. Сұранысқа ие жерлердің егелерін анықтап, олардың қолдарынан «су келген жағдайда жерді пайдаланамын» деген қағаз алдық және әр аудандағы жерлерді «іске қосса, пайдаланамыз» деген аудан әкімшіліктерінің, одан кейін облыс әкімшіліктерінің кепілдеме хаттарын алдық.
Алғашқы аналитикалық анықтама дайындағанда 2014 жылы Ақтөбе облысы, Ақмола облысы, Қостанай облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Қарағанды облысы бізге суармалы жер керек емес деп, бұл шаруамен бастарын ауыртқысы келмеген болатын. Біз қаншама түсіндіргіміз келгенімен, олар көңіл аударғылары да, түсінгілері де келмеді.
Ал қазіргі жағдай мүлдем басқаша. Басқа облыстарда суармалы жерлер ашыла бастады, инвестиция бара бастады, жұмыс орындары ашыла бастады, осыларды көріп ол облыстар да жерді игеруге кірісті.
Атқарылатын жұмыстардың барлығының көлемін анықтап, оған керекті құрылыс материалдарын анықтап, көптеген гидро-қондырғылардың санын, параметрлерін анықтап, олардың барлығының құнын да шығардық.
Тағы қанша су қоймалары, үлкен су тораптары апатты жағдайда екенін анықтадық, олардың қайсысын қандай кезекте жөндеу керектігін де анықтадық. Нәтижесінде 610 мың гектар тұрақты суармалы жер қалпына келтірілетін болды. Ұмытпасам, 380 мың гектар лимандық суармалы жер қалпына келтірілетін болды. Апаттық жағдайдағы 41 су нысандары анықталды. Жаңадан 21 су қоймасын салатын болдық. 2014 жылы мен келгенге дейінгі қабылданған бағдарламаны түгел қайта қарап шықтық.
Түсінікті болу үшін негізгі үш параметрлі таблица ретінде көрсетейік.
Ескі программа | Біздің ұсыныс | Айырмасы | |
Айналымға қосылатын суармалы жер, мың га. | 60 | 610 | +550 |
Үнемделетін су мөлшері, млрд. м3 | 0,9 | 2,4 | +1,5 |
Көктемгі қар, жаңбырдың суын жинақтау, млрд. м3 | 0,6 | 1,9 | +1,3 |
Жұмсалатын шығын млрд. теңге | 1533 | 580 | -963 |
Ескі программаның басқа барлық параметрлері артық жағына өзгерді. 2014 жылдың мамыр айынан бастап, 2014 жылдың қараша айына дейін барлық қызметкерлерді жұмылдырып атқарған жұмыстың нәтижесі осындай болды. Су шаруашылығының барлық қызметкерлері, бұл жұмыстар олардың тікелей міндеттеріне кірмесе де, бұл жұмысқа үлкен қызығушылық танытып, аянбай еңбек етті. Себебі олар маман болғандықтан, өздері сол жергілікті жерде тұрғаннан кейін күннен-күнге тозығы жетіп, істен шығып жатқан су жүйелерін көріп, өте қатты өкінетін. Бұл мәселелерді жергілікті жерлерде қаншама көтергенмен, мәселеге ешкім құлақ асқан емес. Су жүйелері істен шыққаннан кейін ондағы жер де істен шығады. Сол жерден күнін көріп отырған адам күн көретін табыс көзінен айырылғаннан кейін қалаға қарап көше бастайды. Тәуелсіздік жылдарында 1 млн. гектар жер істен шыққан болса, бір отбасыға 5 гектардан болғанда, 200 мыңға жуық отбасы табыс көзінен айырылып, қалаға көшуге мәжбүр болды. Сол жердің өнімдері арқылы мал шарушылығымен айналысатын тағы да 100 мыңға жуық отбасы да жұмыссыз қалып, қалаларға көшуге мәжбүр болды. Олар қалаға келіп, не баспана жоқ, не жұмыс жоқ, сөйтіп әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға айналды. Жетіспеушіліктің салдарынан қалаға келген жастар ұрлыққа, кісі тонаушылыққа ұрынды. Нәтижесінде қылмыс өсе түсті.
Суармалы жерлерден айырылудың осындай үлкен әлеуметтік, экономикалық, саяси салдары болды. Алдыңғы мақалада айтқандай, жоғалтқан қаржымыз 200 млрд. долларға жуық болды. Және біздің бұл келтіріп отырған мәліметіміз егістік алқапта өндірілген өнімнің есебімен ғана көрсетіліп отыр. Егер оны қайта өңдеу, сақтап қойып, кейінірек сатылатын қымбат бағаларымен есептесек, бұдан 2 есеге жуық көп болуы мүмкін.
Осы аналитикалық материалдардың барлығын жинақтап, дайын болған соң, қарашаның 13-і күні Елбасыға «берген тапсырмаңызды дайындап болдым, баяндауға дайынмын» деп хат жаздым. Ол кісі мені қарашаның 19-ы күні қабылдады. Мен барлық мән-жайды асықпай баяндап шықтым. Ол кісі «сенің мынауың қиял-ғажайып ертегі сияқты екен» деп күлді. Кейін «ұсынысың өте жақсы екен, нақты есеппен, дәлелдермен жасаған екенсің» деп менің аналитикалық анықтама жазған қағазыма мына төмендегі бұрыштаманы жазды: «Б.Сағынтаевқа, А.Мамытбековке. И.Абишевтің ұсыныстары бұрынғы бағдарламадан ұтымды. Қарап, үкіметте шешім қабылдау үшін. Н.Назарбаев. 19 қараша 2014 ж.» (Суретте Президент фишкасы).
Жалпы, Елбасы ешқандай комитет басшысын қабылдаған емес. Мені бірнеше рет қабылдауы ол кісінің су шаруашылығы саласына деген алаңдаушылығын білдірсе керек. Айта кететін тағы бір жайт, ол кісі су саласын өте жақсы біледі. Біздің барлық басшыларымыздан артық біледі. Премьер-министрлердің, вице-премьерлердің, министрлердің бір де біреуі ол кісінің білгенінің жартысын да білмейді. Мен бұл ойды жағымпаздық үшін емес, шындық үшін айтып, жазып отырмын. Ал енді осыншама қыруар ақшаны бір бағдарламадан үнемделгенін көріп отырып, не себепті басқа бағдарламаларды да талдап, зерттеп көру жөнінде тапсырма бермегенін түсінбедім.
Елбасының алдында болып, жұмысымызға толық оң баға алғаннан кейін көңіл-күйім көтеріліп, қуанып шықтым. Ондағы ойым, жоспарымыздың барлығы енді оп-оңай іске асатын болды, халыққа өте пайдалы болатын болды деп қатты қуандым. Мен ол кезде алда не күтіп тұрғанын білген жоқ едім...
2014 жылдың желтоқсан айынан бастап, 2016 жылдың желтоқсан айына дейін 2 жыл бойы ескі программаға өзгеріс ендірумен жүрдік. Мысалы, 1 трлн артық жоспарланған бұрынғы программа ішінде біз жүргізген есептердің бір де біреуі болмаса да, мен кеткеннен кейінгі 9 айда оп-оңай қабылданып, қомақты қаржылар бөліне бастаған... Біздің қысқартқан, барлық есеп-қисабы бар нақты дәлелденген бағдарламамыз 2 жыл дегенде әрең қабылданды. Сонда 2 жыл тексергенде ешқандай параметр өзгерген жоқ, тек ішіндегі сөздерді «олай жазу керек», біресе «былай жазу керек» деген сылтаулармен созыла берді. Бір жиында Елбасыға бағдарламаның созылып жатқанын айтқанымда, тиісті министрліктер маған жабылып кетіп, мен кінәлі болып шықтым. Ескі программаға бөліне бастаған қаржылар сап тыйылды. Енді қаржыны бюджеттен емес, халықаралық қаржы ұйымдарынан несие ретінде алып, жұмысты атқару жөнінде тапсырма алдық. Ескі бағдарламада көрсетілген бюджеттік қаржы көзі сөйтіп өзгеріп шыға келді.
Бағдарламаны қабылдамай әуре-сарсаңға салып жүрген 2 жылдың басында айтса, Бағдарлама қабылданғанға дейін қаржы мәселесін шешіп, дайын болып, Бағдарлама қабылдана салысымен 2017 жылдан жұмыстарды бастап кетуге болар еді. Олай болмады. Біздің жаңа бағдарламамызды үкімет екі жыл дегенде әрең қабылдады да, мемлекеттен қаржыландырудан бас тартып, қаржы көзін өзгертіп, «халықаралық қаржы ұйымдарынан несие алыңдар» деп бекітіп берді...
Сонымен, экономикалық-әлеуметтік жағынан тиімді жаңа бағдарламаға қаржыны қайдан тапты? «ҚазСуШар» мекемесі басшылар Жампозовтың, Мұхамедиевтің өлімінің артында не тұр?..
Бұл сұрақтарымыздың жауабын да көп кешікпей білетін боламыз деп үміттенемін...
Материалды әзірлеген Сәуле Әбединова
Қосымша: Abai.kz ақпараттық порталы еркін ақпарат алаңы. Мұнда ой жарыстырып, пікір алмастыруға әркім құқылы. Жоғарыдағы спикердің пікірі редакция ұстанымын білдірмейді. Алдағы уақытта мақалада есім-сойлары аталған жекелеген азаматтар редакциямызға жауап беруге ниетті болса, олардың да пікірін беруге әзірміз.
Abai.kz