Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3727 0 пікір 4 Тамыз, 2011 сағат 08:00

Мырзан КЕНЖЕБАЙ. Телеарналар ұлттығымыздың айнасы болуы керек

Алла Тағала берген есептеулі күнін әркім әртүрлі өйтіп-бүйтіп өткізіп жатқан мына заман - «аузы қисық болса да» телевизия сөйлейтін заман. Қазір ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермей, айтқаны болып тұрған ең бір құдіреті күшті құрал да - теледидар.
Кез келген мемлекеттің телехабары қандай ауанда, қандай бағытта, қай тілде сөйлесе, сол мемлекеттің халқының бүкіл психологиясы, бүкіл жан дүниясы, тіпті мына фәниге, бүкіл қоғамға көзқарасы солай қалыптасады. Кез келген мемлекеттің телеарналары негізінен қай тілде сөйлесе, ол мемлекеттің халқы түп-түгел сол тілде сөйлеуге көшіп кеткенін өздері де байқамай қалады. Ақиқатын айтқанның айыбы жоқ: Қазақстанның Алланың пәрменімен әлмисақтан бекітілген иесі де, киесі де қазақ халқы десек, бүгінде сол қазақтың негізгі ұлттық басты ерекшеліктеріне телеарналар арқылы адам айтқысыз кесір-қиянат келіп отыр. Ақыры, қайырын берсін дейік, бірақ Қазақстандағы телеарналар дәл мына бағытымен кете берсе, қазекемнің тілі де, ділі де, діні де қандай күйге түсерін кім біліпті?! Сірә, біздің күн санап, жыл санап осындай күйге түсіп бара жатқанымызды байқаған болуы керек, Елбасымыздың өзі өткен жылы бір сөзінде «кім бүйтіп өзінің эфирлік кеңістігін басқаларға беріп қояды» деп реніш білдіргені бар.

Алла Тағала берген есептеулі күнін әркім әртүрлі өйтіп-бүйтіп өткізіп жатқан мына заман - «аузы қисық болса да» телевизия сөйлейтін заман. Қазір ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермей, айтқаны болып тұрған ең бір құдіреті күшті құрал да - теледидар.
Кез келген мемлекеттің телехабары қандай ауанда, қандай бағытта, қай тілде сөйлесе, сол мемлекеттің халқының бүкіл психологиясы, бүкіл жан дүниясы, тіпті мына фәниге, бүкіл қоғамға көзқарасы солай қалыптасады. Кез келген мемлекеттің телеарналары негізінен қай тілде сөйлесе, ол мемлекеттің халқы түп-түгел сол тілде сөйлеуге көшіп кеткенін өздері де байқамай қалады. Ақиқатын айтқанның айыбы жоқ: Қазақстанның Алланың пәрменімен әлмисақтан бекітілген иесі де, киесі де қазақ халқы десек, бүгінде сол қазақтың негізгі ұлттық басты ерекшеліктеріне телеарналар арқылы адам айтқысыз кесір-қиянат келіп отыр. Ақыры, қайырын берсін дейік, бірақ Қазақстандағы телеарналар дәл мына бағытымен кете берсе, қазекемнің тілі де, ділі де, діні де қандай күйге түсерін кім біліпті?! Сірә, біздің күн санап, жыл санап осындай күйге түсіп бара жатқанымызды байқаған болуы керек, Елбасымыздың өзі өткен жылы бір сөзінде «кім бүйтіп өзінің эфирлік кеңістігін басқаларға беріп қояды» деп реніш білдіргені бар.

Иә, Қазақстанда адам шошырлық жын-жыбырды, қантөгісті, адамды азаптап өлтірудің, жезөкшеліктің, салдақылықтың, жиренішті жыныстық қатынастың неше алуан түрін көрсетіп, жарық дүнияға көзін жаңа ашқан сәбилерімізді қаласа ата-анасын да өлтіре салатын сезімсіз бір мақұлыққа айналдыру үшін, ана тілін, дінін ұмыттыру үшін күндіз-түні жүзге жуық телеарналар жұмыс істеп жатыр. Оларға енді тоқтау салуға біздің үкіметтің де күші келмейтін шығар деген де ойға кетесің. Ресейдің мұндай телеарналарына эфирлік кеңістігімізді беріп, сол Ресейдің газет-журналдарын ауылдарымыз бен қалаларымызға қардай боратуға рұқсат етіп қоюымызды қалай түсінеміз? Өйткені Өзбекстан, Әзірбайжан, Тәжікстан, Түрікменстан сияқты бізбен тілі, діні бір бауырлас республикалардың бәрінде Ресей ақпарат құралдарын емін-еркін таратуға қатаң тыйым салынған. Өйткені олар бұл телеарналар мен газет-журналдар қайда жүрсе де тек Ресейдің сая­сатын жүргізіп, орыстың ғана ойлағанын, солардың көздеген мақсатын, орыстың тілін насихаттайтынын жақсы біледі. Ал қазақ атқамінерлері соны не білмейді, не біле тұра Ресейдің ақпараттық көрпесінің астына кіруді қалайды. Ресейден азаттық алдық деген сөзді айтуға да қорқып, «егемен ел болғалы» «тәуелсіздік алғаннан бері», «тәуелсіз болдық» деген бас-аяғы жоқ сөздерді қазақтың құлағына құйып тастағандар да - солар.
Иә, қазақтан басқалардың бәрі «азаттығын», «бостандығы мен муста­қиллиғын» алған бойда бүкіл телеарналарын ана тіліне көшіріп алды. Бұл олардың үлкен саяси көрегендігі болды. Ал Қазақстан ше? Алла кешірсін, кейде Қазақстандағы әлгі құжынаған орысша телеарналарды айтпағанда, мемлекеттік болып саналатын

«Қазақстан», «Хабар»,
«Ел арналар»

қай елдің арналары деген де ойға кететін болдық. Ащы да болса шындықты айтайық, бұл үш арна Ресейден азаттық алған Қазақстан деген елдікі деуге ауызы құрғыр жуыспайды. Неге дейсіз ғой? Егер Қазақстанда осы елдің Алладан кейінгі иесі болуға тиісті қазақ ұлтының саны 67 пайызға жуық болса және мұнда қазақша емін-еркін сөйлеп, емін-еркін қазақша жазатын өзбек, ұйғыр, татар, түріктердің өзі бір қауым ел болса, бұл телеарналар неге негізінен орыс тілінде сампылдайды. Бұл әуелі қазақты, қала берді, әлгі мұсылман қауымын кемсіту емес пе? Бұның бәрі қастігерлікпен, яғни қаскөйлікпен жасалып отырған жоқ па? Бұған енді тоқтау салатын кез жетті! Олай дейтініміз, сонау 90-шы жылдардың бірінші жартысында-ақ ішімізде журналист, филология ғылымдарының кандидаты, марқұм Батырхан Дәрімбетов, белгілі тележурналист Жұмаш Кенебай бар бірнеше адам телеарналардағы осы сұмдықтарды, қазақ тіліндегі хабарлардың 50 пайызға да жетпейтінін айтып, талай телеарналармен соттасқан кездеріміз де, ашық пікірталасқа шыққан кездеріміз де болды. Бірақ соның бірде-бірінде сол кездегі үкімет басшылары тарапынан еш қолдау көрмей, қайта сот орындары бізді сол орысша телеарна басшыларының аяғына жығып берді. Ақыры, шаршап қойдық. Біздің қолында билігі барлардың ішінде әлі де солардан асып кете қоймағанын көзіміз көріп те жүр.
Біз теледидарды әп деп азаттық алғаннан бастап ұлтымыздың бет-бейнесін, яғни ұлттық тілімізді, ұлттық дәстүрімізді, ұлттық тәрбиемізді көрсетудің басты құралы етіп пайдалануды ойлаған жоқпыз. Бұл сол кезде қателігіміз болды ма, әлде өз ұлтына жаны ашымайтын кейбір жоғарыдағылардың қаскөйлігі болды ма - ол жағы әлі күнге беймағлұм. Ал көршілес Өзбекстан, Әзірбайжан, Тәжікстан, Түрікменстан, анау Армения, Грузия, Эстония, Латвия, Литвалар Ресейден бостан болысымен-ақ бүкіл ақпарат құралдарын өз тіліне көшіріп алды. Қазір осы елдердің қай-қайсысында да телеарналар тәулігіне әрі кеткенде жарты не бір сағаттан артық орысша сөйлемейді. Сонау жылдары 50х50 деген талап қойылды. Сол кезде біз «оу, қазақты былай қойғанда, бұл елде өзбегі, ұйғыры, татары, әзірбайжаны бар көпшілігі қазақша біледі ғой, неге қазақ тіліне 50-ақ пайыз беріледі?» деп өкпелеп жүрсек, сол 50 пайыз қазақшаның өзі түн ортасы ауа, тауық бір-екі шақырғаннан кейін барып берілетін болды. Сол кезде жоғарыдағылар «бірден қазақшаға көшуге болмайды, ол үшін 4-5 жыл керек» деген гәп таратты. Тәуелсіздік алған жылы туған сәбилер қазір 20-ға келіп, көпшілігі орысша ғана сөйлейтін болды. Ал 25 жылда ұрпақ ауысады. Ендеше, біз тілімізді көркейтудің басты құралы теледидарымыз бұлайша «жұмыс істеп» жатқанда енді бес жылдан соң тұтас бір ұрпағымыз түгел орысша сөйлеуге көшіп болады. Сосын оларды қазақшаға үйрету үшін тағы 25 жыл керек болады. Бірақ ол кезде не қазақша үйрететін кадр­лар жетіспеушілігіне ұшыраймыз, не ұрпағымыз өз тілін қажет етпейтін ұрпаққа айналуы мүмкін. Оның айтпауға болмайтын тағы бір себебі бар. Ол бүгінгі қазақ тілінің шұбарлануына және

Теледидардағы қазақ
тілі - орысшаның
аудармасы

болып кеткеніне тікелей байланысты. Бұған телеарна басшылығындағылардың жауапсыздығы тікелей себеп болуда. Әне бір жылдары тап осы мәселені көтергенімізде белгілі журналист Қайнар Олжай «Хабар» арнасына қосымша стилист редакторлар шақырып, біраз жұмыс істеген-ді. Кейін ол да қалды.
Енді «әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоғын» көрген журналистер таза қазақша сөз саптауға «бас қатырып» жатпай, баяғы «таз қалпына» қайта түсті. Әйтпесе, осы күнгі телеарналардағыдай «ол пәленбай метр биіктікті бағындырды», пәленбай «теңгені құрады», пәленбай «өрт оқиғасы тіркелді», «көліктен шығу алдыңғы есік арқылы, кіру артқы есік арқылы жүргізіледі» «қар жауады деп күтілуде» деген «аударма сандырақ» тіл қайдан шығып жатыр. Бұның бәрі орыстың «составляет столько-то тенге», «зарегистрирован... случаев пожара», «вход производится через переднюю дверь», «ожидается снег»-інің аудармасы ғой. Спорт жөнінде... «қателікке бой алдырды», «допты тартып ала алды», «аспандаған доптың жерге түсетіні анық» деген сияқты сөз білмейтін комментаторлар қаптап кетті. Есі дұрыс қазақ солай сөйлей ме? Демек, бұл біздің тіліміздің шырайынан, шұрайлылығынан, сөз саптау ерекшелігінен, ақпа-төкпе шешендігінен, бейнелілігінен жұрдай болуы ең әуелі телеарналардан бастау деген сөз.
Иә, бізде бүгінде құжат толтыру, заң-зәкүндер мен әртүрлі қаулы-қарарларды Парламентте отырған «қалаулылар» орыс тілінде қабылдап, ол сосын қазақшаға тәржімеленеді. Ол қазақшаны түсіну үшін орысша білуің керек. Оны айта-айта көбіміз көбікауыз атанғалы қаш-ш-ан! Дүнияда, ең сорақысы, әсіресе, тележурналистердің өзі қазақша сөз саптаудан қалып, ана тілімізді орысшаның аудармасына айналдырғаны жүректі жүдетіп бітті ғой. Бұл әңгімеге тағы бірде ораламыз. Айтайық дегеніміз, Қазақстан теледидары қашанда қазақтың бет-бейнесі екенін, бұл елдің иесі қазақ екенін көрсетіп тұруы керек. Шебер тележурналист мемлекет басшылығы жүргізіп отырған сыртқы, ішкі саясатты дәріптей отырып-ақ қазақтың ұлттық ерекшеліктерін (тілін, дінін, дәстүрін, тәрбиесін), адамгершілік қасиеттерін өзге ұлттарға, әсіресе, орыстарға өнегелеп оты­руы керек. Ұлттығымызға жат, жиренішті нәрселерді неге көрсетесіңдер дегенімізде кейбір тележурналист қазақтар «онда тұрған ешнәрсе жоқ, әркім қажетін өзі таңдап алады» дегенін де естідік. Бұл не деген надандық! Әркім теледидардан ойына келгенін істеп, аузына келгенін айта берсе, оны көрген ұрпақ не болады?
Керек десеңіз, «елімізде 130-дан астам ұлт тұрады» деп лепіртетін де - Қазақстан телеарналары. Олар айтқан кейбір этникалық топтардың саны жүзден, мыңнан аспайды. Тележурналистер «Қазақстан халықтарына» жатқызып жүргендердің көбі - бүгін келіп, ертең кетіп жатқан шетелдіктер.
«Қазақстан халықтарына» жатқы­зып жүргендердің ішінде абазиндер - 64, австриялықтар - 45, алеуттер - 8, голландықтар - 21, испандар - 34, кубалықтар - 50, нивхлар - 8, амери­калықтар - 98, ағылшындар - 81 адам ғана. Осыларды қосып біздің тележурналистер «көп ұлтты Қазақстан» деп көпіртеді. Мына тұрған Ресейде бір ұлттың саны бірнеше миллионнан аспаса орыс­тар оларды санатқа қоспайды. Санатқа қосса «Россия только для русских» деп айқайлайтындарды шығарып, өзге азиат­тарды ұрғызып-соққызып қоюды әдетке айналдырды. Қазір Қазақстанның орыстары зейнетақысын азсынса да, жергілікті өкіметке айтқан талабы орыдалмаса да Ресейге - Медведев пен Путинге шағымданатын әдет тауып алды. Ал біздің телеарналар соларды қайталап көрсетеді. Бұл қалай? Бұл басқа орыстарға «бірнәрсе болса сендер де сөйтіңдер» деп ақыл берудің бір түрі емес пе?
Айтпасқа болмайтын бір жайт бар. Неге екені белгісіз, осыған дейін Қазақстандағы мемлекеттік деп аталатын телеарналардың басшылары тек орыстілділерден қойылып келді. Бұл үрдіс қазақшаға мұрнын шүйіре қарайтын, бүгінде Швейцария асып кеткен Храпуновтың зайыбы Л.Бекетованы басшы қоюдан басталды. Күндіз-түні орысша сампылдаған жүзден астам арнаны айтпағанда мемлекеттікі деп есептелетін «Хабар», «Еларна», «Қазақстан» арналарының үшеуінің де басшылары орысша сөйлейтіндер болды. Бірақ «Ау, бұ қалай? Еліміздің телеарналарын қазақи тілді, ана тілінен сусындап өскен таза қазақ басқаруына болмайды ма?» деп не журналистер, не жай қазақтың үн шығарғанын көрген емеспіз. Жалпы, заманымыздың ең қуатты насихат құралы ТV басшылығын орыс тілінде сөйлейтіндердің қолына беріп қою ұлттық дәстүрімізді, діліміз бен тілімізді көмуге күрек беріп қоюмен бірдей. Қазір бұл арналарда қазақшаның азайып кетуіне, міне, осы себеп болып отырған болуы керек. Қазақша азайып кетті дейміз-ау, телеарналар ең болмаса қазақтарға шым-шымдап берілген уақытты да ұтырлы пайдалана да білмейді. Білмейді дейміз-ау, бұл кейде той-томалақшыл қазақтарға осы да жарайды деген кемсітушілік пе деп те қорқамыз. Әйтпесе, қараңызшы, әлгі «Екі жұлдыз», «Бір жарым жұлдыздарды» айтпағанда, бірі «Әзіл студио», бірі «Шіркін, лайф», «Құрдастар» деген көрсетілімдерді көріп отырған сырт көз қазақты сайқымазақ, ешнәрсенің байыбына терең бара алмайтын, бас десе құлақ дейтін топас, надан бір тобыр екен деп қалуына әбден болады. Оларды көріп отырып, қазақ атаулыдан бір тағылымды іс, тәрбиелі түйсік, ордалы ой шығады деп ойлаудың өзі қате. Бұл шоу-моулар шынында да осы телеарналардың жарнамаларында көрсетілетініндей, қазақ деген тек үйме табақ қазы-қартаны, майы шылқыған бауырсақ пен ақ самаурынды алдына қойып, ішіп-жеуден басқаны білмейтін біреулер екен деген ойға жетелейді. Эфирімізді Ресей саясатының қара бұлтындай басып алған телеарналарды айтпағанда, әлгі «Хабар», «Еларна», «Қазақстан» мемарналарында балалар киімін, памперсін, ойыншықтар мен дәрі-дәрмектерді жарнамалау сәттерінде қазақтың қаракөз сәбилері емес, балпанақтай-балпанақтай, көзі көкпеңбек орыс балалары мен орыс әйелдері ғана көрсетіледі. Ал «КТК» арнасын «Наша казашасы» үшін-ақ не сотқа беріп, не мүлде жаптырып тастайтын уақыт әлдеқашан болды.Сірә, бұлай қазақ халқын қорлау, кемсіту, әжуалау жер бетінде жоқ шығар. Соған үндемей отырған 10 миллион қазақтан «Алға, Қазақстан», «Елімізде тыныштық!» деп айқайлаудан басқа бірнәрсе шығады деп ойлау да қате сияқты. Бұл үнсіздік біздің ең бір намыссыз, ең бір нәмәрт, ең бір мәңгүрт ұлтқа айналып бара жатқанымыздың айқын айғағы десек, баж еткіштер тағы да баж етсін! Бірақ ұлттық мәселелерді тамағымыздың тоқтығымен, киіміміздің бүтіндігімен өлшеуге болмайды. Онда адам баласы шөбі, суы мол, жылы қорасы, үстінде жабуы барлығына риза малдан не айырмашылығы болады? Ал тіпті Қазақстанның Тәуелсіздік күні деп атап жүрген мейрам күні осы КТК телеарнасы қазақты масқаралайтын «Келін» деген кесапат киноны көрсетуі қалай? Сонда әншейінде ішкі-сыртқы саясаттың ішек-қарнын ақтарып, бүкіл АҚШ пен Еуропаның аузынан шыққанын қағып алып, қайталап отыратын «КТК»-дағылардың соған саяси сауаты жетпей немесе аңқаулықпен сөйтті деп ойлайсыз ба? Қателесесіз. Бұның аржағында үлкен астар жатыр.
«КТК»-ға қазір ешкімнің «күші» келмейді. Қайталап айтайық. Соңғы кездері негізгі тілі қазақша шыққан, ең әуелі орыс пен Батыстың емес, қазақтың салт-дәстүрін, мәдениетін бірінші орынға қоятын, жан дүниесі қазақы адамдарды басшылық қызметке қою үрдісі бас­талды. Мұндай игі үрдіс жалғасын таба беруі тиіс. Өйткені ХХІ ғасырда қазақты не қазақ қылатын, не мәңгүрт-мазаққа айналдыратын тек теледидар ғана. Басқа ешбір заң-зәкүн бұл орайда дәрменсіз. Өз еліңнің телеарнасындағы ана тіліңнің, оған берілген уақыттың аздығын, көрсетіліп жатқан дүниелердің түкке тұрғысыз жеңіл-желпілігін көргенде ішіңді ит тырнап, жүрегің аузыңа тығылғандай болмайсың ба? Жалпы, қазақ телеарналарының басшылары орысша ойлап, орысша сөйлейтіндер емес, ұлттық намысты ту ететін нағыз патриот болуы тиіс. Ал жартысы орысша, жартысы қазақша «Ағайындар», анау «Жаным» деп аталатын, сырақұмар жартылай жалаңбұт қыз, зинаһар әке, қазақ кемпірін кейуана ретінде көрсетпек түгіл, барып тұрған есуас қып көрсететін кемпір, қатыгез бала, көргенсіз әйел, қарындасымен көңілдес «аға» туралы қазақты азғындатуға, азғын ұлт ретінде көрсететін мұндай фильмдерді қазаққа жаны ашитын басшы болса теледидардан көрсетпек түгіл сын сойылымен сойып салғызар еді. Не режиссер мен сценарийшінің бетіне лақтырар еді.
Бұның бәрін оқып отырған өзінше намысшыл, өзінше патриот, ел тыныштығының «күзетшілері» бізді мынау бір «барды көре алмайтын, жоқты бере алмайтын» білгішсінген біреу ғой дері сөзсіз.
Оларды тыңдасаң, біз өзімізде болып жатқанның бәрін керемет, бәрін оң өзгеріс, бәрі дұрыс, бәрі жөн деп мақтай беруіміз керек. Қазекем «өзін-өзі мақтау - өлімнің қара басы» дегенді бекер айтқан жоқ. Мақтап-мақтап өзіңді де, басшыларыңды да құртып жіберуге болады. Біздің телеарналар қазір тек мақтауға арналған. Ең әрі кеткенде айтатыны - жол салынбаған, ауызсу жоқ, қысқа даяр емес, ауылды су алып кетті, оған әкім кінәлі. Әкім болғанда облыс не аудан әкімі, не сол саланың министрі емес, ауылдық әкім мен аудандағы әлдебір саланың ғана басшылары. Олардың да аты атала бермейді. Ал «Жаңалықтардан» еститініміз - еліміздің ішкі, сыртқы саясатындағы көрегендіктер ғана және жол бойындағы заң бұзушылықтар, біреуді машина басып кеткені, әлдебір елде автобус аударылып 5-6 адам өліп, 10 шақтысы жараланғаны, әлдебір үйде өрт шыққаны туралы ғана. Бірауыз сөзбен айтқанда, қазақ телеарналарында қазақ ұлтының бүгінгі тілдік, әлеуметтік, ділдік, дәстүрлік, ұлттық мәдениеті, ұлттық тәрбиесі қандай күйде екені туралы ащы шындық айтылмайды. Оның орнына арзан күлкі, арзан әжуа, бет-аузын қисаңдатып орысша араластырып сөйлеу ғана. Оны телеарна журналистері ток-шоу, топ-шоу, реалити-шоу, бизнес-шоу, «тың идея» деп зыпылдатады.
Соның бәрінде қазақ ұлтына құйттай пайдалы нәрсе болса бұйырмасын! Керісінше, қазақ «ТV»-лары «Спой» мен «Дом-2»-ның көшірмелерін, қостілді, үштілділікті насихаттау ғана. Әйтпесе анау «Екі жұлдыз» дегенді екі тілде көрсету қай орысқа қажет болды. Бұл бағдарламаның қазақ жұртына қандай үлгі-өнегелік маңызы бар? Тіпті сол «Екі жұлдызда» көрнекті сазгер Кеңес Дүйсекеевтің, даусы қуатты, орындаушылық машығы мықты Бақтияр Тайлақбаевтың, жүрегі де, жаны да, үні де мақпалдай Мақпал Жүнісованың жүретін жері ме?! «Екі жұлдыз» лайық болса ешқашан «бауырлар, ағайын, халқым, қазақ халқы» демей, бисмилласын «қазақстандықтар», «казахстанцы» деп бастайтындарға ғана лайық шығар.
Біз телевидение арқылы 20 жыл бойы орыстың өнегесін, АҚШ пен Батыс Еуропа елдерінің небір жабайылық, кәпірлік тәрбиесін уағыздап, насихаттап келеміз.
Иә, әрбір 25 жылда ұрпақ ауысады. Сол 25 жыл ішінде халыққа қандай үгіт-насихат жүргізілсе, оның ұрпағы енді сонша уақыт сондай тілде, сондай өнегеде тіршілік ететін болады. Оны түзетіп, дұрыстау үшін тағы 25 жыл керек. Сонда 50 жыл! Біз Ресейдің боданында 70 жылдан астам құлдықтың 20-шы ғасырлық формасында күн өткіздік. Біздің бүгінгі өмір сүру, тіршілік ету әрекетіміздің ешқайсысы қазақы емес. Біздің ұлтшылмыз, қазақымыз деп жүрген азаматтарымыздың өзі таза қазақы үрдістерді білмейді, олар таза қазақы тәрбие емес, советтік-орыстық тәрбиемен өсті. Біз соңғы 20 жылда, яғни, 1991 жылы және одан бермен туған ұл-қыздарымызға қазақы, ұлттық тәрбие беріп, ұлттық тілде сөйлеуге үйретуіміз керек еді. Оның бас­ты құралы теледидар еді! Ол әп дегеннен мынадай күйге түсті! Қазір көшеде орысша сөйлеп, той-томалақта, мейрамдарда ағылшынша өлең айтуды сән көретін ұл-қыздарымыз - сол 1991-ден бері, яғни азаттық деп айтуға аузымыз бармай, тәуелсіздік, егемендік деп аталатын заманда туғандар. Олардың түгелге жуығы қазақша мақал-мәтелден, қазақтың ұлттық ән-күйлерінен мақрұм байғұстар. Қазақша сөйлейтіндерінің тілі «ал», «бер», «бар», «жоқ», «бардым», «келдім», «көрдім»-нің, «саламатсыз ба»-ның о жақ, бұ жағы ғана. Біз соған да мәз боламыз. Енді олардан таза қазақ жасау үшін тағы да кемінде 25 жыл керек! Ол үшін де ең әуелі теледидарды қазақшалау қажет. Біз кейбір орыстілділерді «орысша сөйлегенмен жаны қазақша, қазаққа іштартып тұрады» дейміз. Ол - өтірік. Тілі орысша шыққан, ұлттық өнерден сусындамаған, орыстың әнін айтып, биін билеп өскен, достары орыс, орысша сөйлейтін адам болам десе де ешқашан таза қазақ бола алмайды. Олардың ойлау формасы да орысша! Қазақстанда тұрып, қазақ жерінің нанын жеп, тұзын татып, суын ішіп отырған орыстар үш-ақ әріптен тұратын «нан», «тұз», екі-ақ әріптен тұратын, «су» деген қазақшаны өздері де айтпайды, балаларына да айтқызбайды. Бұның аржағында үлкен сұрқия саясат жатыр! Және оларды қазаққа дос деудің өзі - үлкен білместік! Орыстар, керек десеңіз, теледидардан екі тілде қазақша-орысша беріліп жатқан хабарларды да тыңдамай, басқа арнаға бұрай салады. Ойлан, қазақ! Ойлан, ТV!

Мырзан КЕНЖЕБАЙ

http://anatili.kz/?p=7140

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5353