Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2853 0 пікір 4 Тамыз, 2011 сағат 08:04

Күлiмхан ЖҰМАБАЕВА. БАСЫМЫЗДЫ БӘЙГЕГЕ ТІККЕН ЕДIК… (басы)

Алаң аласапыран...

Мен сол кездерi ҚазПИ-дiң тарих факультетiнiң бесiншi курсында сырттай оқитынмын. Желтоқсан айында мектепте өндірістік тәжірибеде жүрген едім. 1986 жылдың 17 желтоқсанында жастардың алаңға шыққанын өзiммен бiрге оқитын милиция қызметкерлерiнен естiп бiлдiм. Олар сол күнi сабаққа кешiгiп келдi де, келе салып қайта кетуге асықты. Мен өзiм тұратын жатақханаға кешкi бестер шамасында келдiм. Бөлмелес қыздардан ешкiмдi таба алмадым. Бәрi алаңда жүрсе керек. Жатақханадағы азғана ел дүрбелең жағдайды сөз етiп, елеңдесiп жүр екен. Өмiрiмiзде естiп-бiлмеген тосын оқиға кiм-кiмдi де бейжай қалдырған жоқ. Алаңға баруға менiң де асыққаным да содан шығар. Нәр татпаған күйiмде, тағат таппай жалғыз тарттым.

Алаң аласапыран...

Мен сол кездерi ҚазПИ-дiң тарих факультетiнiң бесiншi курсында сырттай оқитынмын. Желтоқсан айында мектепте өндірістік тәжірибеде жүрген едім. 1986 жылдың 17 желтоқсанында жастардың алаңға шыққанын өзiммен бiрге оқитын милиция қызметкерлерiнен естiп бiлдiм. Олар сол күнi сабаққа кешiгiп келдi де, келе салып қайта кетуге асықты. Мен өзiм тұратын жатақханаға кешкi бестер шамасында келдiм. Бөлмелес қыздардан ешкiмдi таба алмадым. Бәрi алаңда жүрсе керек. Жатақханадағы азғана ел дүрбелең жағдайды сөз етiп, елеңдесiп жүр екен. Өмiрiмiзде естiп-бiлмеген тосын оқиға кiм-кiмдi де бейжай қалдырған жоқ. Алаңға баруға менiң де асыққаным да содан шығар. Нәр татпаған күйiмде, тағат таппай жалғыз тарттым.

Мен келген уақытта адам қарақұрым едi. Алаң маған тек кинолардан ғана көретiн көрiнiстердi елестеттi. Радио саңқылдап сөйлеп тұрды. Жан-жақтан топ-тобымен ағылып, қосылып жатқан адамдарда қисап жоқ. Бiрен-саран жекелеген кiсiлер ғана қайтып кетiп жатты. Жиналған жұрттың арасында папка ұстаған үлкендер де, егде жастағы әйелдер де көбiрек ұшырасты. Дегенмен басым бөлiгi өзiмiз сияқты жастар едi. Мен мойнымды соза, жан-жаққа көз жiберiп, бөлмелес қыздарымды iздеп мiнбер жаққа жылжи бердiм. Алаңның ортасына қарай iлгерiлеген сайын адамдардың тығыздығынан алға өту қиындай түстi. Қалың жұрттың арасынан сыналап әзер өтiп, алдыңғы қатарға шықтым-ау, әйтеуiр. Арғы бетке ендi ғана байыптап қарауға мүмкiндiк болды. Үкiмет үйiнiң алдынан бастап, бiрнеше қатар құрып, қанат жая қолдарына қалқан мен тоқпақ ұстаған әскерилер мен милиционерлер баспалдақтан түсе берiс етекке дейiн шеп құрыпты.

Халық тұрған бергi бет пен үкiмет үйi аралығындағы жолда қақтығыс болып жатты. Қарулы жасаққа қарсы шыққан жастар жиек-жиектен термештеп тапқан тоң-мұздарды лақтырады. Оның өзi де таптырмай жатты. Беттерiн қалқалап, тоқпақтарын бiлеп ұстаған әскерилер елдi берi қарай тықсыра қуып, қолға түскендердi аяусыз соққының астына алып, өздерiне қарай дырылдата сүйрелеп, бiреуiне бiрнешеуi жабылып, қатыгездiктiң көкесiн көрсетуде. Алайда жастардың қай-қайсысының жүзiнде де өршiл айбат, ашу-ыза тепсiнiп тұрды. Қолға түсiп қалғандарды құтқаруға әрекет еткендерiмен, ажыратып алуға шамалары жетпедi.
Кейiндерi газеттерде қаралап жазған­дай, алаңнан азғындап кеткен ешкiмдi ке­зiктiрмедiм. Жастардың қай-қайсысы да белгiлi мақсатпен келгендерiн бiтiм-болмыстарымен де, нақтылы iс-әрекет­терiмен де паш етiп тұрды. Екi арадағы соқтығысқа бейжай қарап тұру әсте мүмкiн емес едi. Бiрақ айдай ақиқаты: бейбiт шерудi осы дәрежеге алып келген - биліктің өзi ғой! Ендеше, бұл қитұрқы саясат кiмдердi қаралап, қарабет қылуды мақсат еттi екен?!

Қақтығысқа өзiмнiң де қалай араласып кеткенiмдi сезбей қалдым. Бетпе-бет кездесудi басымнан мен де өткердiм. Әрине, қай-қайсымыз да ұсталып қалмауға тырысып бақтық. Курсанттар халық тығыз тұрған жаққа тым таяу баруға беттей алмады. Ал бiз үкiмет үйiне кiруге мүмкiндiк бермесiн анық бiлсек те, қарсылығымызды тоқтатпадық.
Ендi бiр сәтте сапер күрегi мен резiңке таяқтарын ұстаған әскерилер шегiншектеп, үкiмет үйiнiң алдына дейiн көтерiлiп кеттi. Осыны пайдаланып үш-төрт жiгiт жолдың арғы жиегiнде, тым әрiректе тұрған автобусқа қарай жүгiрдi. Ештеңенi байыптай алмасақ та, топтан қалмау үшiн, екi-үш қыз олардың соңынан iлесе жүгiрдiк. Соңғыларымыз жеткенше бiреулер әлгi тұрған автобусты өртеп жiбердi. От лап ете түскенде, жеткен жерiмiзде таңдана қарап тұрып қалдық. Жiгiттер берi қашқан кезде, бұрыла сала керi жүгiрдiк. Ендi ол жерде қалып қоюға болмайтын едi. Бiрақ соңымызға түскен қуғыншы болған жоқ. Үкiмет үйiнiң алдында тұрғандар мен автобустың аралығы едәуiр жер болатын.
Осыдан кейiн халық тұрған жаққа су шашу операциясы басталды. Бiрiнен кейiн бiрi жүрген өрт сөндiргiш машиналар суды толассыз шашты. Үстiмiз малына су болғанына қарамастан, жиекте тұрып, қолымызға iлiккен мұз жентектерiн машиналарға лақтырумен болдық. Кейде оны таба алмай қалсақ, сонда тұрған үлкен адамдар да көмектесiп, қолымызға ұстатып жатты.
Қанша су шашса да, халықтың жiгi ажырап, тарай қоймады. Тiптi ондай ой ешкiмнiң басына кiрiп-шықпаған сияқты, өйткенi мақсаттарының орындалуы дүдәмалдана бастаған сайын өршелендi, ашу-ыза бойларын бунай түстi.
Өрт сөндiрушi машиналар суларын тауысып кеткеннен кейiн қақтығыс қайта басталды. Себебi ендiгi жерде жиналған жұртты әлсiреттiк деп түйген қарсы жақ елдi тықсыра ұрып-соғып, алаңнан бiржола тазарту әрекетiне көштi. Баса-көктеп келiп, дүлейлене күш жұмсай бастады. Бiрақ жас­тар қайта алға шығып, қатты қарсылық көрсеттi. Оларға шыдас бере алмаған әскер ерiксiз керi шегiндi. Мүмкiн қайтадан ұйыса қалған халықтан да қаймыққан болар. Солдаттар осылай шегiнген күйi жоғары көтерiлiп, үкiмет үйiнiң алдындағы шеп құрған күшке қосылды. Бiз де бiразға дейiн кiдiрiстеп тұрдық. Бiршама уақыттан соң азғана топ болып үкiмет үйiне қарай жүрдiк. Ондағымыз санаулы адам болып барсақ, iшке өткiзер деген дәмелi ой ғой. Әскер де, милиция топтарының сабы да еш қозғалыссыз тұра бердi.
- Байқаңдар, олар айла жасап тұруы мүмкiн, - дедi бiр жiгiт.

Не болса да бара көрейiк деп баспалдақтан жоғары көтерiле бердiк. Әлгi жiгiт бiрдеңенi сезген екен, бiз төрт-бес адым аралыққа таяған кезде бәрi бiр мезгiлде бiзге қарай лап қойды. Тек артқа таман келе жатқан бiр-екеудiң баспалдақтан көтерiлiп үлгермегенiн көзiм шалды, басқамыз жан далбасалап жан-жаққа қиғаштай қаштық. Онсыз баспалдақтан түсiп үлгере алмайтынымыз белгiлi едi. Егер сол жерде тайып құласақ, қаптаған қарсы күштiң аяқтарының астында тапталатынымыз айдан анық. Бәрiбiр қашып құтылмасымыз түсiнiктi болатын. Қарсы алдымыз тұйық едi. Мен сол тұйық жердiң биiк басына жетiп үлгермей-ақ жауырынымнан тиген ауыр соққыдан сұлап түстiм. Көтерiле ұмтылып, анадай жерге домалап кеткен бас киіміме қол соза бергенiмде арқамнан тиген екiншi соққы қайтадан жалпамнан түсiрдi. Ендi көтерiле бергенiмде: «Ей, болды, жетедi» деген дауыс­ты естiп қалдым. Соған қарап маған тап болғандардың қазақтар екенiн бiлдiм. Бас киімді ендi киiп тұра берген менi екеуi екi жағымнан келiп, қолдарымды сындырып жiберердей артқа қайыра ұстап, үкiмет үйiнiң жанындағы автобусқа дедектетiп алып келдi. Несiн жасырайын, сол сәт тұла бойымды бiр қорқынышты үрей тiтiркендiрiп жiбердi. Қолға түскен бiр қызды автобусқа ұрып-соғып, итермелеп кiргiзiп жатыр екен. Менi де күштеп кiргiзiп, жаңағы қыз екеумiздi арнаулы тордың iшiне отырғызды. Бiрақ көп өтпей-ақ автобустың iшi қолға түскен қыз-жiгiттерге лық толды. Сол уақытта бiздi тордан шығарып, орнымызға жiгiттердi кiргiздi. Оған сыймаған жiгiттер бiзбен бiрге тұрды. Бiраздан соң бәрiмiздi екiншi автобусқа ауыстырған кезде Н.Ә.Назарбаевтың алаңдағы көтерiлiсшiлерге арнап сөйлеп жатқан даусын естiдiк. Бұл мезгiл түн қараңғылығы әбден қоюланған шақ болатын.
Автобусқа бiзбен бiрге үш милиционер қоса мiндi. Әрине, ол сәтте не нәрсенi де нақты ойға түйiп алатын жағдайда емес едiк. Онсыз да аузы-басы қан-қан жiгiттердi милиционерлер жол бойы ұрып-соғып, «осы қазiр көзiңдi ағызып түсiрейiн бе?» деп, екi саусағын әлсiн-әлсiн көздерiне тесе тақап, қорлаумен болды. Әсiресе, ұлты басқа жап-жас милиционердiң ызасы зор екен. Жiгiттерге қанша жанымыз ашығанымен, бiз де шарасыз едiк. Өзiмiзге де тиiсе ме деген үрейге берiлiп, қоянның көжегiндей бүрiсiп тұрдық.

<!--pagebreak-->
Автобус ұзақ жүрдi. Бiр кезде дiттеген жерiне тақалды ма, милиционерлер өзара күңкiлдесiп кеттi. Соны пайдаланып, бағанадан берi көк көз милиционердiң таяғын жеп, қорлауына көнiп келе жатқан орта бойлы сары жiгiт маған қырындай бұрылып:
- Қазiр сұраған кезде не деп жа­уап бересiң? - деп сыбырлады. Мен оған таңдана қарадым да: «Қалай болды, солай айтамын», - дедiм. Жiгiт маған аузын тақап тағы сыбырлады. «Олай десең, түрмеге жабыласың. Шетте тұрған кезде ұсталдым деп айт» дедi.
Бiздi «Целинный» кинотеатрына таяу жердегi қалалық iшкi iстер басқармасының корпусына әкелген екен. Автобустан сыртқа шығарған кезде милиционерлер екi жағымыздан да абалаған иттердi ұстап, қақпайлап тұрды. Бiздi подвалға кететiн есiктен кiргiздi. Кiргiзер алдында сырт киiмдерiмiздi, белдiк, т.б. заттарымызды алып қалды да, өзiмiздi тордың ар жағына өткiздi. Бiр есiкке, анығырақ айтқанда, ол жапсарлап жасалған дәлiздiң басқы бөлiгi болар, кезектесе кiргiзiп, қырымыздан, турамыздан қаратып суретке түсiрдi. Одан кейiн жiгiттердi бөлек, қыздарды бөлек камераларға бөлдi. Камераға кетiп бара жатқан кезде, маған жанашырлық жасаған жiгiттi сол милиционердiң тағы да өшi бардай аяусыз ұрғанын көрдiм. Жiгiт сол автобустағы кейпiнде, қабағын түйiп, қатты тiстенген күйiнде тұрды.
Бiз әрмен қарай жүрiп, дәлiздiң сол қол жағындағы камераға беттедiк. Камераның есiгiне ендi тақалып келе бергенiмде, арғы жақтан «О-о-о!» деген оқыс дауыстан селк ете түстiм. Көзi алая қараған етжеңдi, шашы сап-сары келiншектi көрiп, шошына шегiнiп кеттiм. Бiздi жындылардың арасына тығып жiберуге әкелген екен деп ойладым. Алайда бұлар бiзден бұрын қолға түскендер болып шықты. Iшiнде жарақат алған, көздерi көгерiп, көнектей болып iсiп кеткен, қысқасы, бiр сөзбен айтқанда, шетiнен сиықтары қашқандар едi.
Бұл камерада алпыс жетi қыз-келiншек болдық. Мұны сол жердегi милиция қызметкерлерiнiң өз ауыздарынан естiдiм. Кейiнгi қосылғандармен бiрге iшiмiзге арықша келген орыс қыз да кiрдi. (Бiрақ ол алғашқы тергеуден кейiн қатарымызға қайтып қосылған жоқ).
Бұл камераға еден тақтайлары жарым-жартылай төселген екен, соның үстiне сыймағандар бiр-бiрлерiне сүйенiп тұрды. Мен бергi шеттегi қыздардың сәл ашық қалған аралығындағы орынға қырындай кiрiп, сығылысып отырдым. Бәрiмiз шаршағанбыз, оның үстiне аямай жеген таяғымыз тағы бар, титықтаған, шалдыққан күйде едiк. Сондай халдегi кейпiмiздi министрлiктен бе, әлде одан да жоғарыдан ба, әйтеуiр бiр-екi адам келiп көрдi. Бiзден бұрын келгендердiң iшiнен бiреуi: «Айтып кетiңiздершi, милиционерлер бiздi ұрмасын. Жаңа бiр келiншектi оңдырмай тепкiледi. Сiздер осы сөзiмiздi жеткiзiңiздершi, тағы да сөйтiп жүрмесiн» деген өтiнiш айтты. Әлгi кiсiлер артық-ауыс сөзге келген жоқ, бiраз қарап тұрды да кетiп қалды.

Тергеу ісі

Одан кейiнгi кезекте тергеу iсi бас­талды. Оған екi-екiден алып барды. Қалғандарымызды қарама-қарсыдағы кiшiгiрiм ұзынша камераға ауыстырды. Ол бiзге өте тарлық қылды. Тура қорадағы қойдай ұйлығып қалдық. Iшi қараңғылау екен, қыздар әлгiндей емес, еркiн сөйлесе бастады. Орыс қыздан сезiктенген бiразымыз одан сақ болу жағын сөз еттiк. Мұнда отыратын орын жоқ, кептелiп әрi-берi қозғалақтап жүргендiктен, жүзтаныс бола бастадық.
Таңға жуықтады ма, әлде таң атып кеткен кез бе, әйтеуiр маған да кезек жеттi. Бiз дәлiзбен бойлай жүрiп барып, баспалдақпен жоғарғы қабатқа көтерiлдiк. Менi сол қол жақ беттегi бөлмеге енгiздi. Төрде бiр қазақ, бiр орыс - екi милиционер отыр екен. Қазақ жiгiт жауап алды. Шынымен де, автобустағы жiгiттiң ескерткенi болмаса, бар жағдайды еш бүкпесiз айтып шығар едiм. Халықтың ашу-ызасын туғызған оқиғаның астарын, елдiң көкейiндегi талап-тiлектi, басқарушы билiктiң өз өктемдiгi арқылы қолдан жасаған қасiреттi жасырмай баяндап берер едiм. Бiрақ қазақ ұлтының ашық түрде кемсiту, қорлауға ұшырағандығын, шегiне жеткен жағдайларды кiмге тыңдата алар едiм? Өйткенi өздерiн «үлкен» ұлттың өкiлi санайтындар жергiлiктi халықты «табуны», «дикари», т.б. да тiркестермен кемсiте сөйлеудi әдетке айналдырған болатын. «Я тебе на русском языке говорю!» - дегендi нықтап, нығарлай айтқанды ұнататын. Өз Отанымызда жүрiп сондай қорлауға төзу... Әй, бiлмеймiн... Ендi қазақстандықтардың iшiнен бiр адам табылмағандай, Мәскеуден адам жiберу - кеудесiнде жаны бар кiм-кiмге де жаман әсер еткенi күмәнсiз. Сонда да бiрден басбұзарлық әрекетке бармай, қарсылығымызды бейбiт шерумен ұқтырғымыз келдi. Аңғалдығым шығар, мен соның бәрiн жасырып-жаппай ашық айтамын деп ойлаппын. Бағыма қарай, жолдағы жiгiттiң сөзi түйсiгiмдi ашты. Сондықтан тергеушiге қолға түскен әңгiмемдi өзгеше етiп жеткiзуге тырыстым. Менен жауап алып жатқан кезде екiншi милиционер сыртқа шығып кеттi. Тергеушi айтқандарымды түгел жазып, соңында:
- Мынаны мұқият оқып шығып, қол қойыңыз, - дедi. Қағазды қолыма алғаныммен оқып жарытпасымды түсiндi ме: - Маған берiңiз. Мен оқып шығайын, дұрыстап тыңдап алыңыз. Қай жерде де тек осында жазылған жауапты айтарсыз, - дедi. Жаны ашыған шығар, менiң сөздерiмдi тiгiсiн жатқыза жазыпты.
Екiншi тергеуге алып барған. Кабинетте екi орыс әйел отыр екен. Екеуi де егде жастағы адамдар. «Здравствуйте!» деп қалай айтып қалғанымды өзiм де байқамай қалдым. Олар маған барлай қарады да, отыруға шақырды. Тергеушiнiң фамилиясы Стаценко екен. Олар маған шай құйып, алдыма печенье, конфет қойды. Шөл қанша қысып, ернiм кеберсiп тұрғанмен, оны iшуден сескендiм. Iшiне масайтатын дәрi салып берiп, бар шындықты бiлуге әрекет етедi деген секемшiл ойдың жетегiнде: «Iшкiм келмейдi» дедiм. Екеуi өздерiне шай құйып, ұрттап-ұрттап алды да: «Қорықпа, сен де iшiп ал. Печенье, конфетпен iш» деп маған тақай түстi. Мен тек шай ғана iштiм.
Тергеушi шай iшiп отырып сұрай бас­тады. Мен алдыңғы кабинетте берген жауабымды дәл солай қайталадым. Аяғына жеткен кезде басын қайталап сұрады. Басын айтып үлгерiп болғанымша аяғын сұрады. Аяғын аяқтап болмай жатып ортасын сұрады. Әдейi шатастыруға тырысқан сыңайлы көрiндi. Тергеудi бiтiрген соң: «Әке-шешең бар ма?» дедi бiрi. Әкемнiң жоқтығын, шешем мен бауырларымның бар екенiн айттым. Жанұямның тұратын мекен-жайын сұрады.
- Оның сiздерге қажетi қанша?! - дедiм шошына қарап.
- Хабарлауымыз керек, - дедi. Бұл жағы маған өте ауыр тидi. Анамның жүрегi ауыратын, сондықтан жаным шығып кете жаздады.
- Хабарлаудың ешбiр қажетi жоқ. Ол кiсi бұл туралы естiсе, көтере алмайды, - деп жылап жiбердiм.
- Жарайды, хабарламаймыз. Жанұяңның құрамын айт, - дедi.
- Оның керегi не? - деп тағы сұрадым.
- Ендiгi жерде жақын-жуық туыстарың шетелге бару құқынан айырылады, - дедi. Табан астында өз қара басым ғана емес, туыстарымның өмiрiне кедергi келтiргенiм жанымды аяздай қарыды. Бәрiн айтып келiп, ең кiшi iнiмдi айтуға аузым бармады. Бiрақ, сол сәтте бұлардың құрықтарының соншалықты ұзын екендiгiн қайдан бiлейiн?..
- Қазiр сенi босатып жiберсек, сыртқа шыққан кезде топталып тұрғандар өздерiне шақырса, барар ма едiң? - деп сұрады бiрi.
- Топталып тұрғандар келмесiңе қоймай, атыңды қайта-қайта атап шақырса ше? - деп тағы да қадала сұрады екiншiсi. Әрине, «жоқ, бармаймын» деуден танбадым. Тергеу осымен аяқталды. Менi өздерi айтқандай, шынымен-ақ, босатты.

<!--pagebreak-->
Бiрақ «Қуырдақтың көкесiн түйе сойғанда көресiң» дегендей, бәрi осымен бiтпептi, керiсiнше, шырғалаң шаруамыз ендi басталған екен. Сотталып кетпегенiммен, одан кейiнгi жерде саяси қылмыскер, сорақы ұлтшыл кебiн киiп, жердiң үстiмен емес, астымен жүргендей қорлықты күндердi басымнан кешiрдiм.
Үрейлi кезеңнiң жантүршiктiрер алып-қашпа сөздерi өрттей қаулап тұрды. Пәленбай адам өлiптi... Алаңда өлгендердi машинаға тиеп, қаланың алыс шетiне апарып көмiп тастапты... Соңында түрмелер мен камераларда орын қалмаған соң, қолға түскендердi шалғай жақтарға шығарып, ұрып-соғып, ұрпақ болмасын деп жанды жерлерiнен тепкiлеп, қаңғыртып тастап кетiптi... Ауыр жарақат алып, қолға түспей құтылып кеткендер дәрiгерлерге барудан қорқып, жатақханаларында ауыр халде жатыр дейдi. Қақтығысқа қатысқандарды алаңда түсiрiп алған суреттерi арқылы танып, шетiнен ұстап әкетiп, соттап жатыр екен...
Мұндай сөздер күн сайын түрленiп жетiп жатты, айналаға желдей есiп кетiп жатты. Онсыз да тiлгiленген жүректi алып-қашпа осы үрейлi сөздер одан сайын қансыратты. Бiрақ қанша күйзелiсте жүрсем де, мен алаңға барғаныма еш өкiнген емеспiн. Керiсiнше, iшкi жан дүниемдегi өз iсiме деген сенiм бекемдене түстi.

 

* * *

Ендi сәл ғана шегiнiс жасасам: 18 желтоқсан күнi жатақханаға кештете келдiм. Бiрге тұратын Роза есiмдi құрбы қызым төсегiнде бүктетiлiп жатыр екен. Менi көрiп: «Сенi бiрдеңеге ұрынған шығар деп қорқып едiм, аман келдiң бе?!» деп қуана сөйлегенiмен, өзi тұра алмады. Мен жағдайымды қысқаша айттым да: «Өзiңе не болды, неге төсектен тұрмайсың?» деп сұрадым. «Бүгiн бiрнеше қыз алаңға қайта барғанбыз. Сұмдық жағдайға тап болдық. Дубинка ұстағандар қаптап жүр. Барғандарды тырқырата қуып, қолға түскендердi аямай соғып жатыр. Қалай, қай тұстан сап ете түскенiн бiлмей қалдық, екеуi артымыздан өкшелей қуып бердi. Береке екеумiз биiк үйлерге қарай қашып, бiрiнiң подъезiне кiрiп кетiп, жоғары өрледiк. Үшiншi қабатқа шыға бергенiмiзде бiреуi қуып жеттi. «Бiттiк, өлдiк» деп ойлап, қабырғаға жабыса басымызды қалқалап оты­ра қалдық. Анау: «Тез шығып, жоғалыңдар, онсыз екеуiң де өлiп тынасыңдар», - дедi. Бiз тапырақтап жүгiрген бойы далаға атып шықтық. Сол кезде аулада аңдып тұрғаны соңымызға қайта түстi. Бiр кезде қара саныма сарт етiп тиген таяқтан шыбын жаным шығып кете жаздағанымен, құтылып кету үшiн жан ұшырдым. Жатақханаға жеткенше жарақатым iсiп, аяғым басқызбай қалды. Олардың қолындағысы маған темiр таяқ сияқты көрiндi» дедi Роза.
Таяқ тиген жерi талаурап көгерiп, күпсiне iсiп кетiптi. Розаның жұмысқа бармай қалғанынан сезiктенген комбинат басшылары оны тергеуге алыпты. Ол өтiрiк сылтау айтып әзер құтылдым дедi. (Кейiнiрек 1989-1990 жылдары мен комиссияға барған тұста осы қыздар жайлы да айтқан едiм. Алайда ол кезде алаңға барғандар әлi де қатты қорқатын. Комиссиядағылар «алдымен ол қыздарға өзiң барып жайлап түсiндiр. Содан соң бiз олармен сөйлесемiз» дедi. Солай болды да, алайда қыздар бойларына ұялаған үрейдi жеңе алмады).

 

* * *

Менi қамаудан босатқан күннiң ертесiнде аудандық милиция бөлiмiнен тергеушi келдi. Оған да бұрынғы жауабымды бердiм.
Содан қай күнi екенi дәл есiмде жоқ, «сенi төменде бiр жiгiт шақырып тұр» деген соң вахтаға түссем, ауылдан келген iнiм екен. Жүзi алаңдаулы. Маған көз шарасы кеңейе қарап: «Сенiң жағдайыңды бiлiп қайту үшiн мамам әдейi жiбердi. Осыған дейiн жол жабық болды, бүгiн ғана ашылды. Мамам сенi алаңға барып қойған жоқ па екен деп қатты уайымдап отыр» дедi. Көңiлi орнықсын деген оймен, «Жоқ, мен алаңға барғаным жоқ» дедiм. Iнiм бәрiбiр сөзiме сенбегендей бетiме жалтаңдап қарай бердi. Iшке кiргiзуге рұқсат етпегендiктен, сол арада тұрып бiраз сөйлестiк. Содан не болса да шындықты айтуға оқталдым.
- Сен қорықпа, қазiр бәрi өз орнына келдi. Мен алаңда қолға түсiп қалған едiм. Ақтап шығарды. Бұл туралы мамама сездiрушi болма. «Бармапты, қатыспапты» дей сал. Мамамның мұны бiлмей-ақ қойғаны жөн. Естiсе, жүрегi көтере алмайды, - деп қайта-қайта ескерттiм. Ол үнсiз тұрып тыңдады.
Қалай болғанмен де, сол тұста анамның бұл жайды бiлмегенi дұрыс болды.

 

Күлiмхан ЖҰМАБАЕВА,
Желтоқсан көтерiлiсiне қатысушы

http://anatili.kz/?p=7121

Жалғасы бар....

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5353