Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 3162 0 пікір 4 Тамыз, 2011 сағат 08:12

Беркін Әкебаев. ҚАЗАҚТЫҢ АЛҒАШҚЫ МЕМЛЕКЕТІ ҚАЙ КЕЗДЕН БАСТАЛАДЫ?

«Ана тілі» газетінің №22 (1070) 2-8 маусым, 2011 жылы шыққан нөмірінде «Керей мен Жәнібек хандар Қазақ мемлекетінің негізін қалаушылар болды» деген атпен тарихшы Берекет Кәрібаевтың көлемді мақаласы шықты. Керей мен Жәнібекті зерттеген құнды мақаласына, сөз жоқ, разы болдық. Алайда тақырыбы бізді қанағаттандыра алмады. Жалғыз Берекет Кәрібаев қана емес, көп жерде осындай тұжырымдар жазылып жүр. Ақиқаттың анығы қалай, соны бағамдап көрелік.

«Ана тілі» газетінің №22 (1070) 2-8 маусым, 2011 жылы шыққан нөмірінде «Керей мен Жәнібек хандар Қазақ мемлекетінің негізін қалаушылар болды» деген атпен тарихшы Берекет Кәрібаевтың көлемді мақаласы шықты. Керей мен Жәнібекті зерттеген құнды мақаласына, сөз жоқ, разы болдық. Алайда тақырыбы бізді қанағаттандыра алмады. Жалғыз Берекет Кәрібаев қана емес, көп жерде осындай тұжырымдар жазылып жүр. Ақиқаттың анығы қалай, соны бағамдап көрелік.

«Қазақстанның ұлттық энциклопедия­сының» 5-томында «Қазақ халқының тұңғыш мемлекеттік құрылымы шамамен 1456-1847 жылдар», - деп көрсетілген. Демек, Керей мен Жәнібек Әбілхайыр хандығынан бөлініп, Шу өңіріне көшіп келген жылдан басталып отыр. Сонда осы кезеңге дейін қазақ деген ұлт және қазақ мемлекеті болмаған ба?» деген заңды сұрақ туады. Егер мемлекетіміз бен қазақ болмаса, біз кім болдық? Жоқ әлде орыстың тарихшылары айтқандай, көшпенді «киргиз-кайсак» болып, «ұшарымызды жел, қонарымызды сай біліп» жүре бердік пе? Ал тарихты қарап отырсаң, біздің жерде әу бастан-ақ түркілердің мемлекеттері болған. Рас, ол кезде қазақ деген сөз болмады, бірақ олар қазақтың арғы бабалары емес пе? Оған ешкім таласпас, сірә.
Кеңес дәуірі кезінде орыс тарихшылары орта ғасырдағы «ХI-ХII ғасырлардағы Қыпшақ хандығының өзін қазаққа қоспай қойды емес пе? Ал қыпшақты қазақ емес деп кім айтады? Кезінде қазақ деген атау аталмай тұрған заманда біздің халқымыз «қыпшақ» деп аталғаны өтірік пе? Кезінде дүркіреп тұрған Түрік қағанатының билеуші тайпасы, осы қағанатты құрушы қыпшақтар екені тарихтан белгілі. Б.з.753 жылдары біріккен түрік қағанатын, оның ішінде үшінші Түрік қағанатын құрушы бүгінгі қазақ деп аталатын халықты құрған наймандар мен керейлер болды ғой. Әлде олар қазақ емес пе? Неге біздің тарихшылар кейін шыққан қазақ деген сөзге ғана байланып, одан арғы қазақ бабаларымызға барғысы келмейді? Кезінде кеңестік саясаттан жасқанды десек, енді неге батыл қимылдамасқа?! Менің сөзімді тарихшы Талас Омарбеков те растайды. Осы «Ана тілі» газетінде шыққан «Найман хандығы» атты мақаласында: «...Наймандар болашақ алты Алаш (Жалайыр, Алшын, Қоңырат, Арғын, Найман, Қыпшақ) қауымдастығын ұйыстырушы белді тайпалардың біріне айналды. Яғни тарихи деректерді баяндағанда бұрынғы Наймандар мен кейінгі Алаш қауымдастығына қосылған Найман рулары арасындағы тарихи этникалық сабақтастықты теріске шығару негізсіз. Кейінгі Наймандар - алғашқы Наймандардың тікелей жалғасы» дейді. Демек, бұрынғы Найман да, кейінгі Найман да қазақтар ғой. Бұрынғы Наймандарды түркілер деп бөлу тарихқа қиянат болады. Тағы да «Қазақстан ұлттық энциклопедияға» көз салайық. 8-томында «Түргеш қағандығы» Жетісу маңындағы ежелгі мемлекет (704-766 ж.) 6-ғасырдан бастап түргештер Шу-Іле өзендері аралығын мекендеп, Жетісудағы керуен жолының негізгі бөлігін бақылауға алды. Түргештердің алғашқы қағаны болған Үшлік, қағандықты басқаруды бір жүйеге келтіру мақсатында әкімшілік реформаларды жүзеге асырды. Ол әрқайсысында жеті мың тұрғыны бар 20 әкімшілік округ құрды. Қаған өзінің Шу өзенінің солтүстік бағытындағы ордасын Суяб қаласына көшіріп, оған «Ұлы»деген ат берді. Күнгірт қаласына (Іле өзенінің бойы) Кіші ордасын орналастырды» делінген. Сонда өзіміздің атақонысымыз Жетісу жерінде құрылған мемлекет неге біздің мемлекет болмайды. Оның алғашқы қағаны Үшліктің жасаған реформасы осы күнге дейін сақталып, әкімшілік округтар құрылып келеді. Демек, Үшлік қағанды біздің жеріміздегі қазақтардың алғашқы мемлекет басқарушысы деп айтсақ қателеспейміз. Жалпы, мемлекет басқарушының атаулары (президент, патша, хан, қаған, король) әртүрлі болғанымен мағынасы бір, ол - мемлекет басқарушы тұлғаның лауазымы. Сонда біздің алғашқы қазақ мемлекетінің құрылғанына 1300 жылдан асты деп толық айта аламыз. Осындай деректерге сүйене отырып, ерте орта ғасырда Қазақстан жерінде орнаған бірінші, екінші, үшінші Түрік қағанаттары қазақ мемлекетінің негізі болды деп сенімді түрде айтсақ, бізді ешкім сотқа бере қоймас.
Мәселен, қазақтың белгілі түркологы Қаржаубай Сартқожаұлы осы мәселе жайлы зерттеп, құнды деректер тапты. «...Бұл қағанаттың қоластында аса үлкен аймақ болды. Еуразияның шығыс-солтүстігі Хянған жотасынан батысы Қара теңізге дейінгі, шығысы Қытай қорғанынан, солтүстігі Түн еліне (Якутия) дейін, оңтүстігі Тибет, Кушан империясынан қазар теңізіне дейінгі аймақта тек қана түркі халықтары өмір сүрді» деп жазады ол. Демек, кезінде бабаларымыз күшті мемлекет құра білген. Олардың құрамында тағы сол біздердің арғы бабаларымыз Найман, Қаңлы, Сіргелі, Керей және тағы басқа да тайпалар болған. Кеңес билігінің заманында түркітектес ғалымдарымызға түркологиямен айналысуына шектеу қойылғаны жасырын емес. Бұл саясат шындықтың бетін ашуға көп кедергі келтірді.
Қ.Сартқожаұлының 2007 жылы жарық көрген «Байырғы түрік жазуының генезисі» атты еңбегі - қазақ ғылымына қосқан баға жетпес тарихи дүние. Ғалымның айтуынша, байырғы түрік бітік «руна» жазулары бұрынырақта болып, 552-570 жылдары реформаланған. Ал қазақтың жазулары жайлы «Қазақстан жерін жайлаған көне ғұн, сақ тайпалары пайдаланған көне (Есік жазуы) жазу сол тайпаларға тән мәдениеттің тарихи мұрагері - қазақ халқының негізін құраушы үйсін, қаңлы, қыпшақ,тағы басқа тайпалардың ең көне жазуы болып саналады» деп жазылған «Ұлттық энциклопедияның» 5-томында. Демек, қазақ - үйсін, қаңлы, қыпшақтардың тарихи мұрагері. Ал түрік қағанаты кезінде осы руна таңбаларын пайдаланған. «738 жылы Сүлік қаған билік құрған, оның қоластында 200 мың адам болған. Ол Жетісу өңіріндегі белгілі саяси және әскери тұлғаға айналып, тибет билеушілерімен қарым-қатынас орнатты. Сауда дамыды, қағандықтағы экономикалық байланыстар тауарлы-ақшалы қатынас сипатына ие болды, теңге соғу ісі қолға алынды. Ежелгі түркі тілінде жазылған Талас жазбаларының пайда болу кезеңі осы уақытқа саяды» деп жазылған «Ұлттық энциклопедияның» 8-томында. Сонда өзінің жері бар, тілі бар, әскері бар, теңгесі және жазуы бар қазақ жеріндегі Түрік мемлекеті біздің алғашқы мемлекетіміз деп толық айта аламыз. Айтуға толық құқымыз бар. Аталған ғалым тағы бір сөзінде «Осы алып аймақтың шығысында, оңтүстігінде өмір сүрген түркілер егін шаруашылығымен айналысып, сол дәуірдің өзінде отырықшы бола бастаған. Нағыз көшпенді болған деген Көк түріктердің өзі сол дәуірде Орхон дариясының бойына Орда-балық атты қала тұрғызып, қағанатын асқақтатты. Ерте орта ғасыр дәуірінде бұл қаланың көлемі 55 шаршы километр болған екен. Міне, осы құндылықтардың барлығы қазақ халқынікі деп жеке-дара иемденуге бола ма? Әрине, аузың барса да арың бармайды» депті. Ал мен қазақтыкі деп айтар едім. Себебі осы мемлекеттің негізін салған қазақтың арғы бабалары емес пе? Оның несіне ұялып, арымыз бармауға тиіс. «Кейін түрлі тарихи жағдайларға байланысты әр ұлт өзінің тілдік, діндік дәстүрлік айырмашылықтарына байланысты бөлініп кетті» дейді ғалым. Дұрыс айтады, тарихта ондай бөлініп кеткендер аз ба? Мәселен, кешегі қылышынан қан тамып тұрған Кеңес өкіметінен тілі мен ділі және дәстүрлік жағдайына байланысты 16 мемлекет егемендік алып бөлініп кеткен жоқ па? Ал Ресей өз орнында сол орыс халқының мемлекеті болып қала берді. Себебі өз жері, өз елі екені анық.
Ғалым Қ.Сартқожаұлының тағы бір құнды дерегі - 2008 жылы Моңғол-Алтай сілемі Жарғалант-қайырқан тауынан табылған қазақтың домбырасы. Ғалымның дәлелдеуі бойын­ша, бұл саз аспабы б.з. бесінші ғасыр мұрасы болып табылады. Оның мойнындағы түрік бітік жазуының оқылуы, яғни аудармасы: «Жұпар күй әуені бізді сүйіспеншілікке бөлейді» болып оқылады екен. Осы домбыраның моңғолдың емес, түрік моласынан табылуы көп сұраққа жауап беріп отырған жоқ па? Ол мола мүмкін наймандікі немесе қыпшақтікі, тіптен басқа түркі тайпасынікі болуы мүмкін. Бірақ домбыра қазақтыкі екені түсінікті. Демек, домбыра иесі қандай түрік болса да ол - қазақ, яғни біздің ата-бабаларымыздыкі екені даусыз. Сол кезеңде қазақ деген ұлт айтылмаса да, қазақтың болғанын дәлелдеп отыр. Жоқ әлде кейбір оқымыстылар «ол кезде қазақ деген ұлт болған жоқ, сондықтан бұл домбыра біздікі емес» деп дау айта ма? Жоқ, айта алмайды, өйткені біздер - сол кездегі түркілердің тарихи мұрагеріміз.
Керей мен Жәнібек сұлтандар құрған қазақ хандығын ешкім жоққа шығара алмайды. Бұл да - тарихтың ағымына байланысты болған жағдай. Бірақ олар құрған хандықты «Қазақтың тұнғыш мемлекеттік құрылымын құрған» деп көрсетпей, керісінше, олар «Қазақтың мемлекеттік құрылымын жалғастырушылар» деп көрсеткен дұрыс болар еді. Өйткені қазақтың «бабатағы» бұлар құрған хандықтан әлдеқайда бұрын алтыншы ғасырда құрылған. Меніңше, бұл тұжырымды таласқа салудың қажеті шамалы. Мұның бәрі - тарихи шындық. Сондықтан алғашқы қазақ мемлекетінің құрылғанына 1300 жыл болған деп басқаларды мойындату керек. Бұл, әрине, менің жеке ұсынысым. Біздегі тарихшылар осы мәселеге тағы бір оралса деген ойым.

Беркін Әкебаев

http://anatili.kz/?p=7119

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2276
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3592