Сенбі, 28 Желтоқсан 2024
3250 0 пікір 18 Қыркүйек, 2019 сағат 14:12

Көпбалалы кәсіпкер ана: Мемлекеттік гранттың нәтижесінде тігін жабдығымды жаңартып алдым

Қазіргі таңда елімізде аналардың өз істерін дөңгелетіп, кәсіппен айналысуы үшін жан-жақты қолдаулар жасалып жатыр. Себебі, Қазақстанда Тәуелсіздік алған кезеңнен бері Елбасы, Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев гендерлік саясат туралы арнайы бағдарлама қабылдаған болатын. Нәтижесінде қоғамның әр саласында әйел адамдардың үлесі артқан. Олар қазір жеке кәсіпте де үлгілі еңбек етіп келеді. Солардың бірі – Гүлсара Жақубаева.

 Гүлсара - Қостанай облысы, Сарыкөл ауданы, Тимирязево ауылындағы жалғыз тігінші әйел. Ол қарапайым көрпеден бастап, сырт киім, жаңа жылдық түрлі костюмдерге дейін тігеді. Жақында, Гүлсара мемлекеттік грант арқылы “Бастау” жобасына қатысып, нәтижесінде өз тігін шеберханасына жаңа жабдық сатып алды.

Бүгінде тігін саласының шебері болған ол инемен жастайынан дос болған. Тігін өнерінің барлығын өз қызығушылығымен үйренген. Гүлсара сегіз жасында шалбарлардың балағын қысқартып, белдемше тігуді үйренген. Сөйтіп ол тігін тігу өнерін жанына серік етті. Есейе келе, бұл кәсіптен қол үзбей, тігін машинасын игереді.

Ол мектеп бітірген соң, шаштараз мамандығын оқыған. Алайда, өзінің сүйікті тігін өнерінен де қол үзбей, дамытып отырды. Ол өнері тұрмысқа шығып, ана атанғанда көп көмегін тигізді.

Қазір Гүлсараның төрт баласы бар. Олар да аналары тіккен киімдерді киіп өсті. Гүлсараның тігіншілік өнеріне қызыққан көршілері де кейіннен оған тапсырыс бере бастады. Ол кез-келген тапсырысты қабылдап, әр жұмысты  тыңғылықты әрі сапалы орындады.

Гүлсара Жақубаева, көп балалы ана, тігінші:

 -Кез келген қиындықтағы жұмысты аламын деп айта аламын. Мектеп оқушыларына жаңа жылдық костюмдер, сахналық костюмдер тігемін... ескі киімді қайта тігу бойынша тапсырыстар көп. Сонымен қоса шығармашылық жұмыс жақсы көремін. Көйлек фасондарын ойлап табу, олардың суретін салуды ұнатамын, – дейді ол.  

 Соңғы кезеңде Гүлсараның тігін машинасы бұзылып, істен шыққан. Ал, оның жаңасын сатып алуға Гүлсараның мүмкіндігі болмады. Сонда оған ауылдастары мемлекеттік “Бастау” бағдарламасына қатысып, бағын сынауға кеңес береді.

Сөйтіп ол алғаш рет мемлекеттік “Бастау” бағдарламасы туралы естиді. Тігіншілікті бизнес көзі деп ойламаған ол мемлекеттік бағдарлама нәтижесінде бірқатар игіліктерді көреді.

Тігіншілікті кәсіпкерлік көі деп ойламаппын. Ол мен үшін жай ғана қосымша дүние еді. Ал мемлекет тарапынан ұйымдастырылып жатқан тегін курстар мен кәсіпкерлік туралы тренингтерден өзіме пайдалы ақпараттар алдым.

Сонымен қатар, заңгерлік және бухгалтерлік білім алдым. Өзім жаңа клиенттер таптым. Курс аяқталған соң, 100 АЕК мөлшеріндегі мемлекеттік грантқа ие болдым. Осы гранттың нәтижесінде тігін жабдығымды жаңартып алдым. Енді көбірек тапсырыс алуға мүмкіндігім бар дейді көпбалалы кәсіпкер ана.

Түйін. Бүгінде мемлекет тарапынан көп балалы аналарға жасалып жатқан қамқорлық аз емес. Бүгінде мемлекет аналарға тек әлеуметтік жағынан ғана емес, сонымен қатар, олардың білім алып, жеке кәсібін сол біліммен ұштастыруға жағдай жасап отыр. Солардың бірі Гүлсара.

Қазір де еліміздің әр өңірінде Гүлсара секілді өз кәсібін дөңгелетіп, өзі ғана емес, айналасына пайдасын келтіріп отырған нәзік жандылар көбейіп келеді. Мәселен, өткен жылдың өзінде “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасының жанындағы Іскер әйелдер кеңесі де белсенді қолдап келеді. Өткен жылы әйелдердің кәсіпкерлікпен айналысуы үшін аталған палатадан 1 милрд теңге көлемінде қаржы бөлінген болатын. Ал, бір ғана Ақмола өңірінде он мыңнан астам қыз-келіншек өз кәсібін ашып, өзіне ғана емес, айналасындағы адамдарға да пайдасын келтіріп отыр.

Өткен бір жылда еліміздегі кәсіпкер әйелдердің үлесі 29,6 проценттен 30,1 пайызға дейін артқан. Ал, соңғы үш жылда Еуропалық даму банкінің өзінен 26 миллиард теңгені құрайтын жиырма мыңнан аса несие берілген. Бүгінде кәсіпкерлікпен айналысатын әйелдердің белсенділігі Алматы қаласында байқалған. Кәсіпкерлік саласында Солтүстік Қазақстан мен Батыс өңірлерінің белсенділігі бәсеңдеген.

Түйін. Қазіргі уақтағы қазақ ақпарат кеңістігіндегі ең актуалды мәселелердің бірі ана мен бала тақырыбы болса, соның ішінде көп балалы аналардың талап-уәждері мен оны шешуге бағытталған мемлекеттік саясаттың жай-жапсары жазу біздің міндет.

Мемлекет көп балалы аналарға қарайласпай отыр деп ауызды қу шөппен сүртуге және болмас. Өйткені, Үкіметтік масщтабта атқарылып жатқан көп балалы аналарды қолдауға бағытталған саясат бірте-бірте жемісін беріп келеді. Соның жарқын үлгісі, жоғарыдағы көп балалы ана - Гүлсара Жақубаева. Гүлсараның мемлекет қолдауының арқасында өз кәсібін дөңгеліп отырғаны жалғыз мысал емес. Abai.kz ақпараттық порталында Гүлсара секілді өз кәсібін бастап жатқан аналар туралы осының алдында жазылған еді.

Мемлекеттік қолдау арқасында ешкімге алақан жаймай, кәсіп бастап жатқан Гүлсараның мысалы өзге де қолдауға мұқтаж аналарға мотивация болады деп сенеміз...

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2063