Жексенбі, 24 Қараша 2024
Алаш арысы 3604 3 пікір 21 Қазан, 2019 сағат 13:15

Ақ Байсейіт

Совет өкіметінің жете ойластырылмаған солақай реформаларының бірі болып табылатын 1928 жылғы «жартылай феодалдар мен байларды тәркілеу» науқанының артынша  қазақ ұлт-азаттық қозғалысына қатысы барлар саяси қуғын-сүргінге түсірілді. Солардың «алашордашылар», яғни «ұлтшылдар» деп таңбаланған алғашқы легінің төртеуін 1930 жылы атып, басқасын түрлі мерзімге соттап жібергені белгілі. Мәскеудегі Біріккен мемлекеттік саяси бас басқарма (ОГПУ)  бүгінде «Алаш ісі» деп аталатын № 78754 іс бойынша шығарған Айыптау қорытындысымен 44 адам жауапқа тартылған. Олардың мынандай «контрреволюциялық қызметтері» дәлелденді деп тұжырымдалды: біріншіден, 1921–1922 жж. астыртын ұйым құрған, кейіннен, сол ұйымға жататындық белгілері бойынша олар өзара қарым-қатынаста болып, антисоветтік қызметтер жүргізген; екіншіден, шекара сыртында жүрген Зәки Валидовпен байланыс орнатқан, үшіншіден, антисоветтік күштер даярлау (жастардың басын айналдыру, «Алқа» үйірмесін құру, байлармен байланыс орнату, т.б.) жұмыстарын жасаған; төртіншіден, совет өкіметін құлату мақсатымен қарулы көтеріліс жасауға әзірленген-міс. Тергеу материалдарында Қазақстанда қамалып, Мәскеу түрмесіне әкелінген әлгі 44 тұтқынның осы төрт тармақ бойынша айыпты екендіктері көрсетіліп, «дәлелденген».    

Алаш көсемдері Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов бастаған осы топқа жасалған айыптау қорытындысында «Әділов бандасы» деп аталған тарау бар. Онда «алашордашылардың» басқарушы тобы Әділовтің алыс Сарысу ауданында жатқан бандасына да үлкен міндеттер артты» делініпті. «Банданың» басында «...саяси қауіпті және қылмыс жасаған қылмыскер төртеу – Байсейіт, Мұқыш, Асқар және Әбуәлі Әділовтер» тұрған екен. Олар «тәркілеуге қарулы қарсылық көрсету үшін Сарысу ауданындағы барлық бандиттік элементтерді өздерінің маңына топтастырған» көрінеді. «1928 жылдың жазында  олар жекелеген шайкалардың бастықтары Кеншімов Мәдібек, Тоқманбаев Бақай және Әбдікеев Битімбаймен жиналыс өткізді». Бұлардың бәрі Байсейіт және Мұқыш Әділовтермен бірге «1922 жылы милиционерлер жасағын қарусыздандыруға және жасақ бастығы Әбубәкіровты атуға қатысқан» деп көрсетілген. Алайда, 1928 жылғы тәркілеу науқанына (конфискацияға) қайсысының және жалпы «банданың» нақты не істегені, «банда» мүшелерінің не бірігіп, не жекелей қандай қарсылық көрсеткендері айтылмайды. 

Аталған «Алаш ісі» бойынша 1930 жылғы 4 сәуірде шығарған ОГПУ алқасының үкімімен Мұқыш (Дінше, Дінмұхамед)  Әділов ату жазасына, ағайынды Асқар, Әбуәлі, Әбубәкір Әділовтер Байсейіт-Мұқыш «бандасымен» қатысы, яки байланысы болған ауылдастары мен таныстары Әкпар Ыбраев, Нұрлан Кәрібаев, Ағабек Байдуллаев, Мұхамедия Арғынбаев, Артықбай Әлин, Мәдібек Кеншімов, Тәжібай Құлмұратовпен бірге,  барлығы 16 адам, түрлі мерзімге кесілді. Байқалып тұрғандай, Бутырка тұтқындарын жазалаған репрессияға ағайынды төрт Әділов іліктірілген. Олардың үлкен ағасы Байсейіт Әділов жазаланушылар тізімінде жоқ. Неге? Себебі ол ОГПУ жасағы жүргізген тұтқындау операциясы кезінде 1928 жылғы 17 желтоқсанда оққа ұшқан болатын. 

Неліктен бұлай болды? Оны тұтқынға алу үшін артынан арнайы қарулы жасақ неге іздеп шыққан? Жалпы, Байсейіт Әділов кім еді? Байсейіт – қазақтың азаттық қозғалысына қатысушы, қоғам   қайраткері болған тұлға. Кезінде он жыл аттан түспей, империя әскерімен соғысып, ұлт-азаттық күрес көсемі болған Кенесары ханның ту ұстаушыларының бірі болған Мыңжасар батырдың немересі. Көтеріліс жеңіліс тапқаннан кейін Мыңжасар батыр отарлаушылардың жаңа тәртібіне көндіге бастаған. Оның ел-жұрты мекендейтін аумақтағы орыс қаласы, кезінде хан жасағы құрамында шабуылдауға өзі де қатысқан Ақмола бекінісі біртіндеп бейбіт өмірге бейімделген еді. Мұнда Ресейдің сауда капиталы бірте-бірте бекем орын теуіп келе жатты. Ұзамай үлкен жәрмеңкелер ашылып, Ақмола ірі сауда орталығына айналды. Мал бағушы қазақтар ірі қаралары мен ұсақ тұяқтарын осында айдап кеп, империяның фабрика-зауыт бұйымдарына айырбас жасап жүрген.  Отарлаушылар мен көшпенділер арасындағы сауда-саттықтан басталған қарым-қатынас біртіндеп жекелеген адамдардың өзара араласуына, бір-бірімен «тамыр» болуына ұласқан. Сондай достыққа икем, еті тірі жандардың бірі – Мыңжасар батырдың үйездегі алыс ауылдан шаруа ыңғайымен, қалаға келгіштеп жүретін ұлы Әділ еді. Ол Ақмоладан «тамыр» тапқан да, 1887 жылы туған үлкен ұлы Байсейітті сол «тамырының» көмегімен қаладағы бастауыш училищеге түсірген болатын. 

Байсейіт әке еңбегін ақтайды: оқуға жақсы ынта танытады, Ақмола мектебінен кейін Омбыда мұғалімдер семинариясын бітіреді. Болыстық кеңселерде хатшылық қызмет атқарады, тілмәш боп істейді.  Ел-жұрт ішінде беделді болады, жерлестері оны сүйіспеншілікпен «Ақ Байсейіт» деп атайды. Байсейітті үлгі тұтқан өз інісі Дінмұхамед (Дінше, Мұқыш) Әділов пен немере інісі Жанайдар Садуақасов және өзге де ауыл балалары оның ақылымен Ақмолаға оқуға баруға құмартады. Қатар ауылда өсіп, Нілді мектебінен сауат ашқан Сәкен Сейфуллин де Ақмолада бұлармен бірге оқыған еді. Ақмоладан кейін Дінмұхамед, Жанайдар, Сәкен үшеуі де Байсейіт көрсеткен үлгімен оқуларын Дала уәлаятының астанасы Омбыда жалғастырды. Сонда алғашқы саяси мектептерінен өтті. Төртеуі де қазақ ұлт-азаттық қозғалысына белсене қатысты. Азаттық қайраткерлері сапындағы осы азаматтардың бәрі де қазақ елінде совет өкіметін орнатушылар қатарында жүрді. Байсейіт Әділов, Сәкен Сейфуллин, Дінмұхамед Әділов үшеуі 1920 жылы Автономиялық Қазақ Советтік Социалистік Республикасының алғашқы орталық өкіметі (Қазатком, ҚазЦИК) құрамына   мүше болып сайланды. Жанайдар Садуақасов бұл кезде үйездік буында жауапты қызмет атқаратын (ол Орталық Аткомға 1922 жылы сайланып, Қазаткомның жауапты хатшысы лауазымында істеген). Сөйтіп, бәрі де жас республиканың алғашқы мемлекеттік қайраткерлері қатарында жүрді. Осы төрт тұлғаның үлкені Байсейіт Әділов пен оның інісі Дінмұхамед Әділов ұлт зиялыларына қарсы бағытталған саяси репрессияның алғашқы толқынында (бірі – 1928, екіншісі 1930 жылы) құрбан болған. Ал Сәкен Сейфуллин мен Жанайдар Садуақасов 1938 жылы Үлкен террор құрбанына айналды. Қайғылы тағдырлар.  

Сәкеннің атақты «Тар жол, тайғақ кешуінде» ағайынды Әділовтер жайында көп айтылған. Онда Байсейіт Әділов пен оның тағдырындағы қасіретті таңбаға айналған Ғалым Әбубәкіров туралы да танымды деректер бар. Бұл екеуі жайында жазушы алғашында, романның «Революцияның алдыңғы жылдарында» тарауында айта кетеді. Ақмоланың Атбасар үйезімен шектес жердегі Әупілдек көлі маңындағы «бір ауылда ел жігіттері ойын жасады». Ұйымдастырушылар – «старшындар, болыстың тілмәші Байсейіт және басқа пысық жігіттер». Ойынға Байсейітпен бірге осы өңірге  ауыл шаруашылығының санақ жұмысын жүргізуге келген Сәкен мен «Ғалымжан, Ақмоладағы қалалық ноғай мектебінің мұғалімі» барады. «Ішін жөндеген, жағалай кестелі тұскиіз ұстап, кілем төсеген, безеген, оңаша отау үй. Лық толы қыз, келіншек пен бозбала. ...Байсейіт, Ғалымжан үшеуімізді де бірыңғай қатар, қыздардың араларына отырғызған, – дейді Сәкен әйгілі мемуарында. – Жағалай қымыз беріп жатыр. ...Қыз-келіншектер барын киген. Қозғалса, шаштарына таққан күміс шолпылары, білезіктері сылдырлайды. Жібек киімдері көлдің қозғалған көк құрағындай судырлайды. ...Ғалымжан екеуіміздің арамыздағы қыз жеке ән салды. ...Бір кезде Байсейіт екеуіміздің арамыздағы қыз ән салды. ...Сылдыраған әдемі дауыспен Қабиба шырқады. ...Ойын қызды. Жұрт Қабиба әнінің әсерімен әуеленіп алды. Менің қасымдағы Ғалымжан туғалы қазақтың мұндай ойынын, мұндай әнін естіген жоқ екен. Енді Ғалымжанның есі шығып кетті... ...Үйге келіп жатып ұйқыға кіргенше, Ғалымжанның ақыл-есі кіріп жеткен жоқ еді. ... – Но, Сәкен, қазақты мен жаңа ғана білдім. Шарық музыкасының не екенін жаңа ғана аңладым. Мен, уаллаһи, қазақ болмағаныма өкінемін. Қазақ ішінде өспегеніме өкінемін! – деді. Және: «үйленбей тұрған кезімде қазақтың мұндай екенін білсем, міні, уаллаһи, қаладан безіп, қазақ арасына сіңіп кетер едім!» – деді. Осыны Ғалымжан көпке шейін аузынан тастамай жүрді». Бұл 1916 жылдың жазы болатын. Ал  1922–1923 жылдың қысында ол бірнеше ай қазақ ішінде тұрады... Оның мән-жайын кейінірек айтамыз.

Патшаны тақтан құлатқан Ақпан революциясы халықтың айрықша белсенділігін тудырды. Азаттық қозғалысына қатысушылар, ішінде Байсейіт Әділов те бар, монархияның жойылуын бостандыққа балап, өздерін-өздері басқаруды көздейтін  жиналыстар, съездер өткізе бастады. Байсейіт Ақмола үйезі қазақтарының делегаты ретінде, Омбыда 1917 жылғы 25 сәуір – 7 мамыр аралығында өткен облыстық қазақ съезіне қатысты. «Тар жол, тайғақ кешуде» Сәкен бұл жайында: «Жиылысқа біз Ақмоладан Құсайын фельдшер мен Байсейітті жібердік. Бұлармен бірге өз беттерімен қырдың бір-екі жуандары да кетті. Бірі Тама Жантөре, бірі ...Қоржынкөлдің Олжабай болысы. Сол жиылыста Облыстық қазақ комитеті сайланды», – деп жазды. 

Байсейіт Әділов Ақмола облыстық қазақ атқару комитетінің мүшесі болып сайланды да, біраз уақыт облыстық Қазақ комитеті аппаратында қызмет атқаруға Омбыда қалды. Қазақ аткомы басқару шаруаларын қаладағы өзге де облыстық ұйымдармен үйлестіру мәселесін қарастырды, сондай-ақ жер-жерде жаңа жағдайға байланысты ұйымдастыру және насихат  жұмыстарын жүргізу үшін жастардың «Бірлік» ұйымына мүше, белсенді оқушылар ішінен комиссарлар жасақтады. Осы орайда еске түсіре кетейік, «Тар жол, тайғақ кешуде» Ақмолаға Омбыдан казақ комитетінің комиссарлары ретінде Дінмұхамед (Дінше) Әділов пен Қошмұхамед (Қошке) Кемеңгеров келгені айтылады. «Олар келген соң уездік қазақ комитетін енді аштық. Қазақ комитеті қазақ істерін басқаратын болды. Бірақ күш, үкімет, дегенмен, уездік комиссардың билігінде. ...Қазақ комитетінің төрағасы – Дүйсенбайұлы деген қазақ адвокаты, оның орынбасары – мен, мүшелері: Әділұлы, Кемеңгерұлы, Шегеұлы, біраздан соң Айбасұлы және тағы басқалар». Қазақ комитетінің төрт мүшесі: Дінше, Қошке, Бірке (Бірмұхамед) және Сәкен төртеуі бір бөлмеде жатады, ел ішіндегі даулы істерді қарайды, күрделі мәселелер бойынша облыстық комитетке қатынас қағаздар жібереді, орыс үйездік комитеті мүшелерімен пікір таластырады. «Халық арасында заң, білім тарату, жаңа саясат істеріне қатысу» жұмыстарын жандандыру мақсатымен «Жас қазақ» жастар ұйымын ашады. «Төрағасы – Сәкен Сейфуллин, мүшелері: Әділұлы, Айбасұлы, Асылбекұлы, Серікбайұлы, Нұркенұлы. ...Жақсы болсын, жаман болсын, қазандай қайнап, қазақ комитеті мен «Жас қазақ» істері жүре бастады». Ұзамай  «Жас қазақ» ұйымының басшылары мен мүшелері: Сәкен, Дінше, Бірке, «Нұркеұлы, Асылбекұлы... Серікпайұлы, Дөнентайұлы және басқалар» иін тіресіп отырған ұйымның жиылысы үстіне «...Ақмола уезінің атақты молдалары, «әулиелері», Ғалауетдин қалпе, Омар молда, тағы да басқа молдалар» «кие-жара, омыраулап, біз отырған төрге келді» де, жиналыста отырғандардың бәрін кешкі намазға шақырды. Содан айтыс туды. «Быт-шыт болып молдалар кетті. Молдалар мен болыстардың, барлық жуандардың беті, ниеті бір. Бәрінің шабуылы да бір», – деп түйді Сәкен. 

1917 жылғы шілде айында Орынборда бірінші жалпықазақ съезі болды. Тамызда Ақмолада үйездік қазақ съезі өтті. «Комитет сайлауы болды. Комитетке «Жас қазақтың» бастықтарынан ешкімді кіргізбеді. Сүйтіп, біз комитеттен шығып қалдық», – деп ағынан жарылады Сәкен «Тар жол, тайғақ кешуде». Ақмоладан Қошке мен Дінше Омбыға оқуына, Бірке Атбасарға, өз еліне кетті. Ал күзде Омбыдан Ақмолаға Байсейіт Әділов оралды. Сәкенмен бірге «Жас қазақ» ұйымының жұмысына белсене атсалысты. Ұйым жиналысына Сәкен төраға, Байсейіт хатшы болып, қазақ комитетін қууға қаулы алды. «Базардағы жиылған бұқараға Рақымжан Дүйсенбайұлы барып, комитет байдікі, болыстікі екенін айтып сөз сөйледі, – дейді Сәкен осыған байланысты. – ...Комитет мүшелері қорқып, комитетті құлыптап кетіп қалған екен»...  Әйгілі мемуарында Сәкен: «Октябрь төңкерісінен кейін әлеумет, саясат майданындағы күресіміз бұрынғыдан да екпінді болды», – деп хабарлайды. Бұл күрестің бел ортасында Сәкенмен бірге Байсейіт те жүрді, «орыс және қазақ жолдастармен бәріміз бір ыңғай Ақмолаға Совет орнату жолында талас-тартыс майданына шықтық». 1918 жылғы ақпанда үйездік өкілдер жиналысы ашылды. «Жиылысқа келген өкілдердің көбі майданнан қайтқан мұжық солдаттар. Кедей мұжықтар, кедей бұқара қазақтар және Спасскі заводының жұмыскер өкілдері. ...Жиылыс өкілдері бір ауыздан Совет үкіметін «өз үкіметіміз» деп жариялады. ...Уездік қалалық Совдеп сайланды». Совдептің 45 мүшесі ішінде Сәкен, Байсейіт, Ғалым Әубәкірұлы (Әбубәкіров болу керек – Б.Қ.) кірген. Басқарма құрамы алты адам, ішінде Сәкен Сейфуллин мен Байсейіт Әділов бар. Байсейіт үйездік милиция бастығы лауазымына тағайындалды. 

Сөйтіп, Байсейіт Әділов Сейфуллинмен бірге, Ақмола өңірінде кеңес өкіметін орнатуға белсене кіріседі. Бұл кезде, 1918 жылғы сәуірде, «Алаш-Орда» Халық Кеңесінің мүшесі Жанша Досмұхамедов пен Орал облыстық земство бастығы Халел Досмұхамедов бастаған делегация «Мәскеуге барып, Совет үкіметінің бастықтарымен сөйлеседі, Досмұқамбетұлдары «Ленинмен, Сталинмен автономия туралы сөйлесіп жатырмыз»... деп Бөкейханұлына телеграмма соғады, – дейді Сәкен «Тар жол, тайғақ кешуде». – Совет үкіметінің бастықтары қазақ автономиясын  соларға береді. ...Бұл қалай? Тез «Жас қазақ» ұйымының жиылысын жасадық. Автономия туралы баяндама жасадық. ...Қарары мынау: «...Қазақ халқы оқымаған надан. Кедейлері, еңбекшілері әлі байлардың, төрелердің ықпалында. Кедейден шыққан, кедейді жақтайтын оқығандар аз. Қазақ оқығандарының көбі байларды, төрелерді бастап, «Алашорда» болды. «Алашшылдарды» бөлмей қазаққа қазір автономия берсе, «Алашордашылар» иеленіп кетеді. «Алашорда» алған автономияның қазақ еңбекшілеріне керегі жоқ...» 

Сәкен мен Байсейіт бастамашы боп, Ақмола үйезі қазақ кедейлерінің съезін шақырады. «Съезд де бірауыздан жаңағы «Жас қазақ» ұйымының қарарындағы қаулыға келді. – Сәкен мемуарында осылай дейді. – «Алашорданың» алған автономиясының қазақ еңбекшілеріне керегі жоқ. Автономияны өзімізден оқығандар көбейгенде аламыз» деп съезге қаулы шығарттық. Осыны айтып съездің атынан Сталинге телеграмма соқтық. Телеграмманы ақылдасып отырып жасасқан: мен, Байсейіт Әділұлы, Абдолла Асылбекұлы, Бәкен Серікбайұлы, Жұмабай Нұркеұлы, Нұрғайын Бекмұқамбетұлы бәріміз едік. Жазған Байсейіт Әділұлы еді. Жөндеп жазған мен едім». Азаттық аңсаған азаматтар жүрген екі  жолдың – жалпыұлттық және таптық жолдардың – біріндегілердің (Сәкендердің), екіншісін (алашордашыларды) ұнатпай, қаламағандықтан жасаған іс-әрекеті осындай болған еді... 

Советтік милиция бастығы Байсейіт Әділов үйездің оңтүстік жағындағы  ауылдарды аралап келеді де, Сәкенге: «...әлгі Қоқан автономиясының бастығы Мұқаметжан Тынышбайұлы мен Серікбай Ақайұлына кез болдым. ...Түркістан жағынан жылыстап қашып келеді екен», – дейді. Қалай кездескенін әңгімелейді. «Қостарына бардым. Екеуі де біртүрлі түстері бұзылып, сасып, менімен түрегеліп амандасты. Сонан соң амандасып, көңілдерін орнықтырдым. ...Тигем жоқ. Қайта, жүретін жөндерін туралап, жолдағы елдерін айтып жібердім...» Онысына Сәкен ашуланады: «Міні, саяси дұшпанына, «Алашорда» бастықтарына, Байсейіт бүйткен...» Дегенмен, «саяси дұшпандары» өздеріне жасалған жақсылықтың қарымын қайтарады: бір азаттық қозғалысында жүргендерін ойлағандықтан болар, Ақмолада совет өкіметін құлатып, совдепшілерді түрмеге салған ақтарға Семейдегі «Алашорда» үкіметінен Байсейітті босатуды сұраған жеделхат келеді. Алайда, ақтар оны абақтыдан шығармайды. «Тар жол, тайғақ кешудің» «Ақмола түрмесінде» атты тарауында бұл оқиға кеңірек әңгімеленеді. Түрмеге, баласына жолығуға келіп жүрген Байсейіттің әкесі Әділ обаға шалдығып, қайтыс болады. Сосын Байсейіт пен Сәкен түрмеден қашып шығу жоспарын құрады, бірақ ол жолы тек Байсейіт қана қаша алады...

Азамат соғысы аяқталып, кеңес өкіметінің билігі нығайғаннан кейін,  1920 жылғы 26 тамызда Қазақ автономиясын құру жөніндегі лениндік декрет шығып, 4 қазанда Орынборда Қазақстан Кеңестерінің Құрылтайшы съезі ашылды.  Ресей Федерациясы құрамында Қазақ автономиялық республикасы шаңырақ көтерді. Съезде Сәкен, Байсейіт, Дінмұхамед Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Орталық Атқару Комитетінің (КирЦИК, ҚазЦИК, ҚазОАК, Қазатком) мүшесі, Сәкен Президиум (Төралқа) мүшесі болып сайланды. 1920 жылғы 16 қазанда өткен ҚазЦИК Президиумының  отырысында Қазатком мүшелеріне атқаратын міндеттерін бөліп беру мәселесі қарастырылды. Дінмұхамед Әділов ҚазЦИК-тің 6 мүшесі қатарында «халық комиссариаттары алқаларында жұмыс істеу және олардың бөлімдерін басқару үшін орталықта қалдырылсын», ал Байсейіт Әділов ҚазЦИК-тің өзге 7 мүшесімен бірге «Семей және Ақмола облыстарында ұйымдық-партиялық және әкімшілік жұмыстарын жүргізу үшін» Сібір ревкомындағы Қазатком өкіліне көмекке жіберілсін деген қаулы алынды.

Дінше (Дінмұхамед) Әділов 1917 жылғы қазан айының соңында Омбыда Әлихан Бөкейхановтың қатысуымен өткен қазақ белсенділері жиналысында құрылған «Алаш» партиясына кіріп, оның Ақмола облыстық комитетіне мүше болып сайланған. 1918 жылдың көктемі мен жазында Қиыр Шығыста азамат соғысы майдандарында шайқасқан. 1919 жылы Ташкентте Қазақ ағарту институтында оқытушы болған. 1920 жылы Алматыда Жетісу облыстық оқу бөлімінің меңгерушісі болып істеген. Сөйтіп, Қазақстан Кеңестерінің ұйысу құрылтайы өзін Республиканың Орталық Атқару Комитеті құрамына сайлағанға дейін, күрделі кезеңнің қилы сынақтарынан өткен болатын. Ол Орынборда Ішкі істер халық комиссариатының  алқа мүшесі, халық комиссарының орынбасары, біраз уақыт халық комиссарының міндетін атқарушы болып істеді. ҚР Президентінің Мұрағаты 2004 жылы шығарған «Қазақстанның халық комиссарлары. 1920–1946 жж.» атты өмірбаяндық анықтамалықтағы 82-бетте берілген Әділов Дінмұхамедтің өмірдеректерінде «1920 ж. желтоқсанынан 1921 ж. 12 қаңтарына дейін ҚАКСР ІІХК халкомы қызметін уақытша атқарған» деп жазылған. Бұдан кейін оның Түркістан Республикасының Сырдария және Әулиеата үйездерінде Қазаткомның өкілі болғаны айтылады. Осы қызметі кезінде, 1922–1923 жылдың қысында, Дінше (Мұқыш) ел ішінде совет өкіметі атынан жүгенсіздікке жол берген салық жинаушыларды ауыздықтауға қатысады. Бұл жәйт ОГПУ жүргізген № 78754 істегі айыптау қорытындысында «Әділовтер – Мұқыш пен Байсейіт «Қара Ноғай» деген лақап аты бар Әбубәкіровті және оның жолдасы Шаланы өлтіруді ұйымдастырды» деп көрсетілген. 

Оқиға былай болған. 1922 жылдың күзінде, Ақмола және Қарқаралы үйездері халықтарының арасында ірі барымташылық әрекеттер болып тұрғандықтан, соған байланысты, ел ішіндегі қарым-қатынасты ретке келтіру жөнінде Ақмола үйездік аткомы комиссия құрып, төрағалығына Ғалым Әбубәкіровті бекітеді. Комиссия елеулі нәтижеге қол жеткізе алмай, қайтып кетеді, ал Әбубәкіров қарамағындағы сегіз милиционермен салық жинауды желеу етіп, ел ішінде қалып қояды. Жасағын жаңа адамдармен тез ұлғайтады. Шала Жолдасбаев оң қолы (көмекшісі) болады, салық жинаушылар қатарын 1917 жылдың көктемінде Діншелермен бірге Ақмолада «Жас қазақ» ұйымын құрысқан Сапар Мұстафин де толықтырады. Жасақ Ақтау және Ортау болыстарында болып, жүгенсіздіктерге жол береді. Өкімет атынан келіп, бейбастақтықтар жасап жүрген Әбубәкіровтің іс-әрекетіне жұрт шағымданады, соған байланысты Ақмола өкімет орындары тәртіпсіздікті жөнге келтіру үшін коммунистік взвод жұмсайды, алайда қарулы текетіреспен де оң нәтижеге қол жеткізе алмай, кері қайтады. 

Бұдан соң, Әбубәкіров жасағымен Тарақтыларға қарай жылжып, Шу өзені бойынан орын тебеді. Сонда өзіне қыстау салып алады. Қыстау маңына қыз-келіншектері бар үйлерді көшіртіп әкеліп, айнала қондырады, күніне кешкісін әйелдер мен қыздар алдыртып, сауық құрады. «Елдің қыз, келініне ойына келгенін істеген Қара ноғай мен Шаланың бар сұмдығын көрдік, білдік. ...Арқадан Шуға келіп, салық жинаймыз деп, қыстап қалды да, бейкүнә елдің арына тиді ғой... Ә, біздің көзіміз осындай қасіретті көрді. ...Байсейіт пен Мұқыш келді де, «Көп асқанға бір тосқан» жасап, екі нәлетіні ұстады. Шудың бойы шулап кетті», – дейді, Қарағанды облысының тұрғыны Зүкеш әжей (естелігін Илья Жақанов жазып алып, «Қарабура» жинағында жариялаған). Елдің  Қараноғай-Шала зорлығынан қалай ар-намысы тапталып, қорланғанын және оқиғаның қалай аяқталғанын Дулат Шалқарбаев көзі тірі куәлер естелігі негізінде жазған «Елім деп өткен ерлер-ай» атты мақаласында әңгімелейді. 

1928 жылдың соңына қарай Қызылордада ГПУ тергеушісіне берген көрсетуінде  Мұқыш (Дінше) Әділов Ғалым Әбубәкіров пен оның көмекшісі Шала Жолдасбаевты тұтқынға алуды өзінің ағасы Байсейіт, аудандық милицияның бастығы Байжанов, ел ішіндегі беделді кісі Мәдібек Кеншімов ұйымдастырғанын айтады. Шақыртуларына байланысты келіп жеткеннен кейін соларға қосылып, «төртеуіміз «басқарушы орталық» сияқты болдық» дейді.  Әбубәкіров жасағы елден зорлықпен тартып жинап алған дүние-мүлік иелеріне қайтарыла бастайды. Содан соң Мұқыш тергеушіге: «Халықтың көңіл-күйін ескеріп, әрі алдын ала тергегенімізде – Әбубәкіров пен Жолдасбаевтың барлық істеген қылмыстарын мойындағанын көріп, оларды атып тастауға ұйғардық. ...Үкімді орындау маған жүктелді, – деп көрсету береді. – Біз бәріміз кеңесіп, жазаның атқарылуын... Шу өзенінде жүзеге асыру керек деп шештік. ...Шу өзеніне жеткен соң мен тұтқындарды тоқтаттым да, Әбубәкіровпен тілдестім... ...менің өзім – халық үкімін орындаушы ғанамын, ал ол, Әбубәкіров, халыққа өте көп жауыздық жасады... Осыдан кейін, Әбубәкіров мұз үстіне шығарылды, оны аудандық милицияның милиционері Байларов Жайлаубай атты. Жолдасбаевты Әбубәкіровтің жасағында болған және оны ұсталар тұста жарақаттаған Жексен деген милиционер атты. Өліктерді мұз ойығына батырып жібердік те, біз жақын ауылға жүріп кеттік».  (Діншенің бұл айтқандары 1924 жылы Қазақ ОАК өкілі, республикалық милиция бастығы Дүйсебай Нысанбаев жинаған, мұрағаттағы өкімет қағаздары арасында «Салық жинауға кедергі келтірген ағайынды Байсейіт және Дінмұхамед Әділовтер туралы» деген атпен сақтаулы ісқағаздар ішіндегі куәлар баянхаттарымен де расталады). 

Дінше одан арғы көрсетуінде Әбубәкіров «жасағының басында Мұстафин тұрған бір бөлігі Шудың арғы бетінде, құмда болатын. ...бұл жасақты да ел өзі қарусыздандырыпты, – деп көрсетеді. – ...Әулиеата өкіметі де, бұл бейбастақ басбұзарлық жайын естіп-біліп, жасақты залалсыздандыруға, сөйтіп Әбубәкіровті тұтқынға алуға милиция жұмсаған екен. Біз құмда ұшырастық. Олар жасаққа қатысушыларды өздерімен алып кетті. ...Аудандық милиция бастығы ретінде Байжанов, және менің ағам Байсейіт қылмыс іздестіру бастығының атына Әбубәкіров жасағының жұмысы жөнінде баяндама жазып берді». Осыдан кейін, Мұқыш (Дінше) Әділов «бірнеше кісімен Әулиеатаға» барады. Онда «үйездік атқару комитеті мәжілісінде біз Әбубәкіров ісі және халықтың Сырдария облысына қосылғысы келетіні жайында толық баяндап бердік, – дейді. – Содан соң біз Ташкентке аттандық, онда да болған жәйттің бәрін баян еттік. ...Қожанов пен Рысқұловқа кірдім, оларға мән-жайдың бәрін баяндадым. Олар біздің әрекетімізді толығымен мақұлдады, мұндай адамдарға тап солай ету керектігін айтты. ...Рысқұлов ...әлгі елге ойран салған жасақта барлығы қанша адам болғанын сұрады. Мен шамамен 50-60 екенін айтқанымда, жартысын атып тастау керек еді деді, оған мен сол екеуі де жетер деп жауап қаттым». 

Совет өкіметі атына кір келтіріп жүрген шолақ белсенділерді халықтың өзі әшкерелеп, жазасын беруіне ағайынды Әділовтердің септесуін Ташкенттегі Сұлтанбек Қожанов пен Тұрар Рысқұлов сынды Түркреспублика басшылары түсіністікпен әділ бағалады, қорғады, ал Орынбордағы Қазреспублика басшы буындарында істейтін ынталы адамдар бұл жағдайға басқаша мән берді. «Айыпкерлерді» Түркістан басшылары жақтағандықтан, кезінде қолға түсіре алмағанмен, іштеріне кек түйіп, ұмыта қоймады. Бұлардың белсенділігі Орта Азиядағы қазақтар мекендейтін жер-су халқымен  Қазақ Республикасы құрамына қосылып, үлкен Қазақстанның астанасы Қызылордаға ауысқаннан кейін айрықша жанданды. Олар тарапынан қыспақ сезіне бастаған Дінше Әділов 1926 жылы Ұлт театрының директоры қызметінен кетеді (Дінше ғұмырының бұл маңызды белесі осы жолдар авторының «Ұлт театры шаңырағын көтеруші» атты зерттеу кітабында кеңірек ашылған). 1927 жылы іс ресми жаңғыртылып, Байсейіт Әділов тұтқынға алынады. Біраздан соң, тілеулестерінің септесуімен, ол түрмеден қолхатпен кепілдікке босатылады да, еліне аттанып кетеді. Алайда, мүдделілер тыныш жатпай, ағайынды Әділовтерді қолға түсірудің өзге де шараларын ойластыра береді. Ақыры, 1922–1923 жылдың қысында «Ақмола үйездік аткомының мүшесі Ғалым Әбубәкіров пен милиционер Шала Жолдасбаевты өлтірді» деп әсіреленген айып, 1928 жылы «тәркілеуге қарсылық ұйымдастырды» дейтін желеумен үстемеленеді де, 1928 жылдың желтоқсан айында оларды ГПУ-дің қарулы жасағы іздеп шығады...

Ағайынды Байсейіт және Мұқыш Әділовтерді ауылдастары қатты қадірлеген. Күні бүгінге дейін ел аузында жүрген Байсейіт-Мұқыш жырында, 1922–1923 жылдар қысында орын алған қасіретті Қараноғай-Шала оқиғасына орай халық намысын жыртқан осы ағайынды жігіттердің қаһармандықтары сүйіспеншілікпен баяндалады. Ел мүддесіне қызмет еткен, өз қолдарымен совет өкіметін орнатысқан Байсейіт пен Мұқыштың түбіне сол өздері құрған совет өкіметінің жетуі жерлестері үшін ақылға сыймас жәйт еді. Алайда солай болды. Бүгінде ол өкіметтің өз түбіне өзі жеткеніне де ширек ғасырдан асты. Ендігі міндет – арманда кеткен асылдар аруағын ардақтай білу. 

Бейбіт Қойшыбаев,
жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1496
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3267
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5618