Жадыра Жұмакүлбай. Абайдың атымен туризмді дамыту айып па?
Қазақ атын әлемге паш еткен Абайдай алыптың туған топырағын басу, тұтынған заттары мен «Абай жолында» суреттелген тарихи жерлерді көру әркімге арман. Тіпті алыс шетелден анталап келетін ағайын да Қазақстанға ат басын тіреген соң, Жидебайға бір соқпай кетпейді. Аудан орталығы Қарауылдан - 25, Семейден 184 шақырым жердегі Жидебайда Абайдың мұражайы мен 1995 жылы ақынның 150 жылдығына орай салынған Абай, Шәкәрімнің кесенесі бар. Тарихи орынға келген меймандар ас ішіп, аяқ суытатын орынға зәру. Сол үшін Жидебайдағы мұражайдың дәл қасынан заманауи қонақүй салынған болатын. Қанша жылдан бері қаңырап, бос күйінде желдің өтінде тұрып-ақ мүжілуге шақ қалған қонақүй қолданысқа беріле ме, жоқ па? Талайды зар қақсатқан мәселеге не себеп?
Қазақ атын әлемге паш еткен Абайдай алыптың туған топырағын басу, тұтынған заттары мен «Абай жолында» суреттелген тарихи жерлерді көру әркімге арман. Тіпті алыс шетелден анталап келетін ағайын да Қазақстанға ат басын тіреген соң, Жидебайға бір соқпай кетпейді. Аудан орталығы Қарауылдан - 25, Семейден 184 шақырым жердегі Жидебайда Абайдың мұражайы мен 1995 жылы ақынның 150 жылдығына орай салынған Абай, Шәкәрімнің кесенесі бар. Тарихи орынға келген меймандар ас ішіп, аяқ суытатын орынға зәру. Сол үшін Жидебайдағы мұражайдың дәл қасынан заманауи қонақүй салынған болатын. Қанша жылдан бері қаңырап, бос күйінде желдің өтінде тұрып-ақ мүжілуге шақ қалған қонақүй қолданысқа беріле ме, жоқ па? Талайды зар қақсатқан мәселеге не себеп?
Қонақүйді бұзу не іске қоспау - біткен іске қиянат
2007 жылы бой көтеріп, 2008 жылы тұсауы кесілген қонақүйді Жидебайға барған сайын көзім көрді. Бірақ үнемі жабық. Неге? Сұраққа жауап алмақ мақсатпен Абай ауданы әкімі мен Жидебайдағы қорыққа жауапты Семейдегі Абай мұражайының басшысына барып, жай-жапсарды сұрадым. Мәселе мынада екен. Қонақүй 2008 жылы Шығыс Қазақстан облыстық бюджет бойынша Кәріпжановтың кезінде басталып, Бергенов тұсында аяқталған. Бірақ ешқандай министрліктің рұқсатынсыз. Заң бойынша Мәдениет министрлігіне қарайтын қорық жеріне облыс бюджеті ешқандай құрылыс салуға тиіс емес. Қазіргі аудан әкімі 114 млн теңге қаражат жұмсалған кешенді «бұзып тастау не мүлдем іске қоспау қиянат болады, мұны пайдалануға беру керек» деген мәселемен ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Ержан Рахметовке хат жолдаған екен.
Хатта көтерілген мәселелер: «1. Абай мұражайы мен Абай-Шәкәрім мемориалдық кешенін толық жөндеу. Жылма-жыл Мәдениет министрлігі тарапынан мардымсыз қаражат бөлініп, атқарылатын істердің созыла бергенінен еш нәтиже жоқ. Министрлік арқылы «Қазреставрация» мекемесіне кешенді жөндеу үшін мемлекеттен 18 млн теңге бөлінген дейді, бірақ ол қаржыға қандай жұмыс, қанша жыл істелетінін әкімдік сұраныс жасағанда, ешқандай мәлімет ала алмауы. Мұражайды жөндеу келешекте қандай бағытта болатынын да білмеуі аудан ақсақалдары мен барша жұртшылықты алаңдатады. 2. Мәдениет министрлігінің рұқсатынсыз салынған мәдени-тұрмыстық кешеннің ары қарай жұмыс істеу-істемеу мәселесі. Салынған ғимараттың мәселесін шешетін - тікелей министрлік. Мемлекеттік қаржымен жұмсалып, халық игілігі үшін салынған тарихи орынға келіп-кетуші қонақтар аса мұқтаж болып отырған дайын кешен бұзылса, бұл біткен іске қиянат жасау».
Тұрсынғазы МҮСӘПІРБЕКОВ, Абай ауданының әкімі:
- Тұрмыстық кешенді бұзып, басқа жерге алып кету не мүлдем жауып тастау бәленбай млн қаражат жұмсалған соң, қиянат болады. Облыс басшысы да, мен де осында қалдыруды жөн санап отырмыз. Осыған байланысты Семейдегі мұражайдың басшысын шақырттық. Ол кісі «бұзып алып кетсін» деп көнбей отыр. Шынын айтқанда, мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхамедке де хат жазып қойдым. Алдымен Парламент Мәжілісінің депутаты, жерлесіміз Ержан Оразұлына жазған хаттан жауап келуін күтіп отырмыз. Менің жеке ойым мемориалдық кешен Абай музейінен бөлінсе екен деймін. Жидебайда 17 адам жұмыс істейді. Музейдің сыртындағы сылақ мәселесін айтпағанда, былайғы тозық мәселесі басшылық Семейде отырған соң, мына жақта немқұрайдылық бар секілді. Қонақүйді кешенді балансқа алу мәселесіне министрлік те қарсы болып отыр. Тығырыққа тірелген мәселе болды. Бірақ бұл мәселені бұлай қалдыруға болмайды. Тұрмыстық кешенді бұзып, қайта құруға келмейді.
ЖАҢА ЗАМАНҒЫ КЕШЕННЕН ҚҰНАНБАЙДЫҢ ҚҰДЫҒЫ МЫҢ ЕСЕ АРТЫҚ
Семейдегі Абай мұражайының директоры Жандос Әубәкірдің құрылысқа қарсылығы - оны мүлдем бұзып, көзін құртуда емес, қонақүйдің Жидебайдың тарихи бейнесін бұзып тұруымен байланысты екен.
Жандос ӘУБӘКІР, Абай қорық-мұражайының директоры:
- Мәскеудегі Толстойдың мекені «Ясная Полянаға» бардым. Барлық дүние Толстой дәуіріндегі өз қалпын сақтап қалған. Жидебайды да сол заман қалпымен тарихи келбетін сақтап қалуымыз керек. Бұл - мен басшылыққа келгенге дейін көтерілген мәселе. Жидебай - қорық аймағы, тікелей мемлекеттің қарауындағы жер. Аталған құрылыстың бізге қатысы жоқ. Тұрмыстық кешен неге қараусыз болды? Біріншіден, заңсыз салынған. Екіншіден, Жидебайдың табиғи келбетін бұзып тастаған. Біз қорықтың рельефін сақтап, ұстауымыз керек. Жидебайға келген адамға «Шыңғыстаудың биігі анау - Хан тауы» деп көрсете аласыз ба, көрсете алмайсыз. Тұрмыстық кешенді жауып тастаған. Құнанбайдың құдығы бұрышта қалып қойған. Бұл - тарихи ескерткішке жасаған қиянатымыз. Мұражай қызметкерлері Ақбаз ауылынан келіп жұмыс істейді. Егер кешен қолданысқа берілсе, онда істейтін адамдар қайда тұрады? Әлбетте, ішінде тұрып істейді. Онда кафе болса, қалдық тамақ, жуынған су қайда кетеді? Ескі бағыттағы сипатта болса бір жөн. Заманауи сипат бұрынғы ғимараттармен сай емес. Шын сапалы, жақсы құрылыс болса, ешкім дау айтпас еді. Сапасыз материалдан, жазғы үлгідегі шыныдан жасалған. Арғы-бергі жағы көрініп тұрады. Қыста жата алмайсың. Қай жағынан келсе де, қате салынған құрылыс. Әрине, кісілер келіп қонатын, тамақ ішетін кешен керек. Жидебай қасында бұрын үйлер болған, оның барлығын Ақбаздың басына көшіртіп тастады. Қазір қайтадан бір үйді арнайы бөліп, сол жерде шай-тамақ ішуге жағдай жасап қойдық. Тіпті арнайы тамақ дайындайтын, күтетін адамдар да бар. Білген адамға Абай-Шәкәрім кесенесінің төрт бұрышындағы шошақта арнайы жататын орын бар. Оның үстіне, қонақүй құрастырмалы. Демек, оны Ақбаз ауылына көшіруге болады. Маған Құнанбайдың құдығы мың есе артық. Тарихи орынды қазіргі заманғы бизнес жолына айналдырудан қорқамын.
Әкімдік пен мұражай жақтың да ойлары ойға қонымды. Шындығында, салынып қойған қонақүйді біржола бұзып, күресінге тастай алмайсың. Онда мемлекет қазынасынан алынған қанша қаржыға қиянат болады. Жидебайға келген қонақтарға қызмет көрсететін бір орынның қажеттілігі де көрініп тұр. Жандос мырзаның айтуынша, қонақүй кешенін арнайы комиссия келіп тексергенде, оның толық бітпегендігі мен сапасыздығы анықталған екен. Шын мәнінде, құрастырмалы дүние болса, расында, екі-үш шақырым жердегі Ақбазға неге көшірмеске?! Не де болса, бұл жағдайды аяқсыз қалдырмай, екі тарап таласқа бара бермей, бірігіп шешкен жөн сынды. Қай-қайсысы болса да Шыңғыстауға шын жанашыр азаматтар. Бұл аймаққа екеуі де бөтен емес. Әйткенмен қонақүй мәселесі тек әкім мен мұражай директорының ғана шашын ағартпауы тиіс. Құзырлы органдар ұлылар мекеніне деген қамқорлықты сезінуі қажет. Әйтпесе тарихи келбет те, қомақты қаржы да құрдымға кетпек. Абай-Шәкәрім атағы туризмге азық емес, ең алдымен, рухани азық екенін естен әсте шығармаған жөн...
Автор: Жадыра Жұмакүлбай
http://www.alashainasy.kz/culture/26378/