Ғалым СҮЛЕЙМЕН. Қазақ жігіттері жекпе-жекте жеңілмеуге тиіс
Қазақтардың оң жамбасына келетін спорт түрлері аз емес. Солардың арасындағы негізгісі - бокс пен күрес. Осы өнерді серік еткен қандастарымыз әр жылдары Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарында атой салды. Талай боксшылар мен балуандарымыз байрақты бәсекелерде жеңіс тұғырынан қол бұлғады. Сондай толағай табыстардың арқасында әлем жұртшылығы Алтай мен Атырау аралығын алып жатқан кең-байтақ жерде қазақ деген халықтың мекендейтінін білді. Сол себепті біз бүгінгі мақаламызда осы спорт түрлеріне ерекше тоқталғанды жөн көрдік.
Биылғы жылдың басты бәсекесі - төрткүл дүниенің әр қиырында өтетін әлем чемпионаттары. Боксшылар 29 тамыз бен 17 қыркүйек аралығында Аппенин түбегінде шеберлік байқасады. Грек-рим, еркін және әйелдер күресінің өкілдері 21-27 қыркүйек аралығында Данияда бас қосады. 25-30 тамызда дзюдошылар Голландия татамиінде күш сынасады. Осы бәсекелерде бізді не күтіп тұр? Қазақстан спортшылары өз жанкүйерлеріне қуаныш сыйлай ала ма? Әлде «әттеген-ай» дегеннен басқа айтар уәжіміз болмай, жанарымызбен жер шұқып қаламыз ба? Осы және өзге де сауалдарға жауап алу үшін спортшыларымыздың соңғы кездері көрсеткен нәтижелеріне үңілген жөн.
Қазақтардың оң жамбасына келетін спорт түрлері аз емес. Солардың арасындағы негізгісі - бокс пен күрес. Осы өнерді серік еткен қандастарымыз әр жылдары Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарында атой салды. Талай боксшылар мен балуандарымыз байрақты бәсекелерде жеңіс тұғырынан қол бұлғады. Сондай толағай табыстардың арқасында әлем жұртшылығы Алтай мен Атырау аралығын алып жатқан кең-байтақ жерде қазақ деген халықтың мекендейтінін білді. Сол себепті біз бүгінгі мақаламызда осы спорт түрлеріне ерекше тоқталғанды жөн көрдік.
Биылғы жылдың басты бәсекесі - төрткүл дүниенің әр қиырында өтетін әлем чемпионаттары. Боксшылар 29 тамыз бен 17 қыркүйек аралығында Аппенин түбегінде шеберлік байқасады. Грек-рим, еркін және әйелдер күресінің өкілдері 21-27 қыркүйек аралығында Данияда бас қосады. 25-30 тамызда дзюдошылар Голландия татамиінде күш сынасады. Осы бәсекелерде бізді не күтіп тұр? Қазақстан спортшылары өз жанкүйерлеріне қуаныш сыйлай ала ма? Әлде «әттеген-ай» дегеннен басқа айтар уәжіміз болмай, жанарымызбен жер шұқып қаламыз ба? Осы және өзге де сауалдарға жауап алу үшін спортшыларымыздың соңғы кездері көрсеткен нәтижелеріне үңілген жөн.
Жоғарыда аталған спорт түрлері бойынша Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Бірақ «бәрі керемет» деп айта алмаймыз. Жеңіс пен жеңіліс қатар жүрді. Бірде қуаныштан бөрікімізді аспанға атсақ, енді бірде өкініштен өзегіміз өртенді. Енді соларға жеке-жеке тоқталайық.
Грек-рим күресі шеберлері Тай елінен алты бірдей медальмен оралды. Бақ сынаған жеті спортшының арасынан тек Геннадий Лященко елге құралақан қайтты. Қалғандары өз жанкүйерлеріне медальдің сыңғырын есітті. Бір қарағанда, тәп-тәуір көрсеткіш. Бірақ бізді абыржытатыны - алтынның аздығы. Құрлықтың басты додасында Дархан Баяхметовтің әнұранымызды шырқатуға күш-жігері жетті. Жалпы, сол азаматты Алла тағалла тіл-көзден сақтаса, ол қазақтың абыройын әлі талай мәрте асқақтатады. Бейжің Олимпиадасында Дарханның жүлде алатындай жөні бар еді. Алайда айлаға жүгінген қарсыласы қандасымыздың аяғынан ұстап қалып, грек-рим күресі ережесінде жоқ әдісті қолданды. Арамза төреші байқамағансып, жұмған аузын ашпады. Әйтпегенде Дархан да дараланатын еді.
Талай құқайды көрген Марғұлан Әсембековтің ақтық айқаста сүрінуі көпшілік үшін тосын жайт болды. Осыдан екі-үш жыл бұрын ғана Азияны «ойнап-күліп» ұтатын Марғұлан күмісті қанағат тұтты. Тәжірибелі Роман Мелешин бар қабілеті қола медаль алуға ғана жетті. Ал Алмат Кебісбаев, Андрей Самохин және Асхат Құдайбергеновтер үшін дәл қазір әлемдік деңгейдегі жарыстардың бас жүлдесін болжау - арман. Азия чемпионатында медаль алғандары үшін оларға алғыс айтсақ артық етпес.
Грек-рим күресі бойынша Қазақстанда жақсы дәстүр қалыптасқан. Алдындағы ағаларының жеңісті жолын былтыр Бейжіңде Нұрбақыт Теңізбаев пен Әсет Мәмбетов мақтанарлықтай жалғастырды. Олардың ізін басып Дархан Баяхметов, Нұрмұхан Тінәлиев, Елдар Қайратов сынды сайыпқырандар өсіп келеді. Алдағы әлем чемпионатында Қазақстан балуандарының қос медаль алуға қауқары жетеді деп ойлаймыз. Соның бірі алтын болса, нұр үстіне нұр болар еді.
Грек-рим күресі өкілдеріне қарағанда еркін күрес шеберлерінің табысы біршама төмен. Десек те, тәуелсіздік алғалы бері Олимпиада ойындарында қазақстандықтардың жүлдесіз қайтқан кезі жоқ. Атланта, Сидней, Афиныда бір-бір медальға иелік етсе, Бейжіңде екі мәрте туымыз көкте желбіреді. Бұл, әрине, қуанышты жайт. Бірақ бізді бір қынжылтатыны - медаль алғандардың дені легионерлер. 2004 жылы күміске қол созған Геннадий Лалиев, 2008 жылы жүлдегер атанған Таймұраз Тигиев пен Марид Муталимов Ресей күрес мектебінің түлектері. Қазақстанда туып-өскендер арасынан Мәулен Мамыров пен Ислам Байрамуковтың бағы жанды. Алайда бұл біздің елде ғана орын алып отырған жағдай емес. Қап тауының қырандары күллі әлемді мойындатқан. Алысқа бармай-ақ, аспанасты еліндегі ойындарды мысалға алайық. Бейжіңде жеті салмақ бойынша жеңімпаздар анықталса, соның біреуінде АҚШ азаматы озды. Ол - 55 келі салмақта белдескен Хенри Кежудо. Ал 60 және 96 келіде салмақ дәрежелерінде күресіп, Ресейге алтын сыйлаған Мавлет Батыров пен Ширвани Мұрадовтың тегі - дағыстандық. 66 және 74 келі салмақта шешеннің қос өрені бас жүлдені олжалады. Олар - Түркия туы астында өнер көрсеткен Рамазан Шахин мен Ресейдің атынан сынға түскен Бувайсар Сайтиев. 84 келі салмақта грузиялық Ревази Миндорашвили қарсылас шыдатпады. 120 келі салмақта чемпион атанған өзбекстандық Артур Таймазовтың ұлты - осетин. Сөйтіп, жеті салмақтың алатауында Қап тауының балуандары үстемдік құрды. Ал жүлдегер атанғаны қаншама?...
Соңғы Азия чемпионатында еркін күрес шеберлері бір күміс және екі қола медаль еншіледі. 74 келі салмақта белдескен Абдулхакім Шәпиев екінші орын алса, 96 келі салмақта күш сынасқан Дәулет Шабанбай мен аса ауыр салмақтағы Марид Муталимов үшінші тұғырға табан тіреді. Бұл жігіттің үшеуінің де әлем чемпионатында жүлде алуға әлеуеті жетеді. Әсіресе, біз Дәулет Шабанбайдың жолына зор үмітпен қарап отырмыз. Шынтуайтына келсек, тоқсаныншы жылдардың бел ортасында атой салған Мәулен Мамыровтан кейін әлемдік деңгейдегі жарыстарда оза шапқан қазақтың ұлын кезіктірген жоқпыз. Осы жағы бізді қынжылтады. Енді сол олқылықтың орнын толтыратын кез жетті. Дәулет Шабанбай шабысынан жаңылмаса, Ақжүрек Таңатаров пен Жасұлан Мұхтарбекұлы намысын қамшыласа, қазақтың еркін күресі еңсе тіктейтін еді.
Әйелдер күресі бойынша табысымыз қомақты. Соңғы жылдары әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарынан қанжығамыз майланып қайтты. Биыл Азия чемпионатында Татьяна Бакатюк пен Елена Шалыгина бас жүлдені олжаласа, Жұлдыз Ишимова күміске қол созды. Айым Әбділдина үшінші сатыға табан тіреді. Бұйыртса, әлем чемпионатында да асығымыз алшысынан түсуге тиіс.
Ұзақ жылдар бойы ресми аса ірі додалардан құр қол қайтып жүрген дзюдошылардың жаңа ғасыр табалдырықтан аттағаннан соң жағдайы жақсарды. 2001 жылы қос Асхат - Житкеев пен Шахаров әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Арада жеті жыл өткенде Олимпиада ойындарында медальдің сыңғырын естідік. Ақтық бәсекеде ғана қарсыласына жол берген Асхат Житкеев күміс медальді еншіледі. Таяуда Тайпейде өткен Азия чемпионатында татами шеберлері екі алтын және төрт қолаға қол жеткізді. Жерлестеріміз арасынан Максим Раков пен Гүлжан Исанова топ жарды. Қола медаль Ұлан Рысқұл, Тимур Болат, Зарина Әлдікова және Ленария Мингазоваға бұйырды. Енді әлем чемпионатында кемінде бір медальға қол жеткізуді мақсат тұтып отырмыз.
Қазақстанның даңқын шарықтатқан спорт түрі бокс екені даусыз. Әр Олимпиада, әр әлем чемпионатынан мол олжамен оралып жүрміз. Тек соңғы жылдардағы көрсеткіштеріміз кеудемізде күмән тудырды. Бейжіңде екі-ақ медаль алдық. Күні кеше Қытайда аяқталған Азия чемпионатында екі алтын және үш қоланы иемдендік. Бір қарағанда, жаман нәтиже емес. Алайда кезінде Азияның алды болған ұжымның қазір командалық есепте үшінші орынды місе тұтуы, әрине, мақтаныш емес. Алдымызды Қытай мен Өзбекстан орап кетті. Аталмыш мемлекеттің өрендері біздің жігіттерден алымды көрінді. Былғары қолғаптың бауын байлауды кеше ғана үйренген үнділермен болған жекпе-жектің көбінде жерлестеріміздің жанарларымен жер шұқып қалғанын қайтерсіз. Осы жайттар көңілге кірбің түсірді. Енді боксшыларымыз барын салуға тиіс. Серік Сәпиев бастаған сарбаздар сара жол салса, Әділбек Ниязымбетов, Біржан Жақыпов, Олжас Сәттібаев, Данияр Үстембаев, Ғани Жайлауов сынды жастар жасындай жарқырайды. Ал олардың ізін басып өсіп келе жатқан жас буын қаншама... Бір сөзбен айтсақ, алдағы әлем чемпионатында Алаштың абыройы асқақтауы тиіс.
Қазақ намысқой халық. Елдің елдігі сынға түсетін сәтте арамыздан «жаным - арымның садағасы» дейтін жігіттер табылады. Шешуші тұста ширатылған арқандай шиыршық ататын азаматтарымыз да аз емес. Міне, сондай қасиеттерге ие қазақ жігіттері, Қазақстанның спортшылары енді бірер айдан кейін жалауын көтеретін әлемдік додадаларда да дараланатынына сенімдіміз.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН
"Айқын" газеті 18 маусым 2009 жыл