Жұмекеннің бір шедеврі ұшты-күйлі жоғалып кетті ме?
Есіме түсіре алмай жүрмін, меніңше, өткен ғасырдың 70-ші жылдарының соңы болуы керек, Пакистанның ұлы ақыны Файз Ахмад Файзды Жұмекен Нәжімиденовтің тәржімасынан оқып, аң-таң қалып едім... Сол аударма Жұмекеннің 7 томдығында да бой көрсетпеді. Нәсіп апайға телефон шалып, соның жөнін сұрағанымда ол кісі де ештеңе айта алмай: "--Жеті томдықта жоқ па?.." деп, өзімнен сұрай берді...
Сол кітапты Қарағандының барлық кітапханаларынан қолыма шам алып іздеп, таба алмадым. Ұшты-күйлі жоқ! Қара кітап еді. Сыртында "Файз Ахмад Файз" деп, автордың аты-жөні жазылған...
Таяуда Жұмекеннің қазақша нұсқасын таба алмай,Файз Ахмад Файздың орысша басылымын ақтарып-теңкеріп шықтым, бірақ, содан Жұмекеннен алған ләззәтімді ала алмадым! Қайда екен сол кітап?!
Жұмекеннің Файзы-Абайдың Пушкині, Ғафудың "Менің Дағыстаным" (Расул Ғамзатов), Қуандық Шаңғытбаевтің Омар Хаямы мен Роберт Бернсі секілді ұлттық тәржімамыздың озық үлгісі еді!
Оны тауып алып, қайта жариялап, Шығармаларының Жеті Томдығына қосу керек!
Серік Ақсұңқардың facebook парақшасынан
Abai.kz