Жексенбі, 24 Қараша 2024
Не дейді?! 4886 0 пікір 4 Қазан, 2016 сағат 11:16

ЕСІМОВ ЕЛБАСЫҒА ЕСЕП БЕРДІ

Өткен жұмада Елбасы «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» АҚ басқармасының төрағасы Ахметжан Есімовті қабылдады, - деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты.

Ендігі жылы Елордада өтуі тиіс Халықаралық көрменің құрылысын ұйымдастыру жұмыстары жөнінде тәптіштеп тұрып айтып берген Ахметжан Есімов мырза құрылыс жұмыстарын биыл аяқтауға уәде берді.

Сөйтіп биылғы жылдың аяғына дейін құрылысы тап тұйнақтай болатын көрменің павильондары қазан айында қолданысқа ұсынылмақ. Жоспар бойынша, павильондар – халықаралық қатысушыларға, ал тұрғын-үйлер делегация мүшелеріне беріледі екен.

Делегация демекші, белгілі, белгісіз себептермен өтуі-өтпеуі екіталай болған көрмеге 103 ел мен 17 халықаралық ұйым қатысуға өтініш білдірген. Олардың 82-сі келісімшартқа қол қойып, нақты қатысатынын растаған.

Айтпақшы, Астанада өтетін Халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесі кезінде тағы 61 мемлекет өздерінің Ұлттық күндерін атап өткізу үшін күндерді белгіліп, тіпті өзара бөлісіп те үлгеріпті.

Сөйтіп, бір кездері бюджеті талан-таражға түскен «Астана ЭКСПО-2017» көрмесінің тізгінін ұстаған экс-әкім Ахметжан Есімов осылай деді.

Есімовке дейінгі төрт жылда жұмысы бір ілгері баспаған ЭКСПО-ның құрылысы биыл-ақ бітуге жақын екендігі мәлім болды. Сонымен қатар, Халықаралық көрменің құрылыс жұмыстарына еліміздің 296 компаниясы атсалысқан екен. Астанада және басқа да аймақтарда құрылысқа тікелей немесе жанама түрде 46 мың адам жұмыспен қамтылғаны да рас. Есеп берген Есімовтің сөздеріне сүйенсек, үптеп кеткен қаржыдан қалғанына қатырып салған қалашық қазан айында қатысушыларға беріле бастайды. Айтпақшы, осы жолы құрылыстан 131 миллиард теңге тағы үнемдеп қалған. Бұл бұл ма, алдағы уақытта үнемделген қаржы көлемі тағы өсуі мүмкін екен.

Рас, Ермегияев ісінен кейін Елордада өтетін көрменің келешегі бұлыңғыр тартқан еді. «Бұл көрме ел бюджеті үшін қып-қызыл шығын әкеледі» деп болжаған сарапшыларды да, кадрларының қымқырып-жымқырып кеткеніне қынжылған Елбасын да сендіре білген Есімовтің есебі осы болды. Сонымен Есімов Елбасының алдында «қаһарман» образын ойнап, еңсесі тік шықты.

Енді талдап көрейікші, егер Есімов айтқандай құрылыс жұмыстарынан үнемделген 131 миллиард (бұл уақытша ғана есеп) теңге бюджетке қайтарылғаны рас болса, «Астана ЭКСПО-2017» АҚ басқармасы ескі Үкіметтен жалынып-жалпайып, қазақстандықтардың зейнетақы қорынан 15 миллиард теңгені не үшін сұрап отыр? Қордан бөлінетін қаржының нақты қандай мақсатқа жұмсалатыны да айтылған еді?! ЭКСПО-2017 аумағында құрылыс нысандарына, нақтылап айтсақ, көрме территориясында салынып жатқан «МЕГА» сауда орталығының құрылысына... Егер ЭКСПО қаржыға мұқтаж болмаса, Смағұловтың сауда орталығын салу үшін қазақстандықтардың зейнетақы қорынан 15 миллиард теңгені неге бөлгізді? Кім? Есімов Елбасына өтірік есеп берген бе деген күдікті ойдың туатыны да рас.

Қалай болғанда да «афера» жасалды. Әзірге түсініксіз жайттар көп-ақ. 

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3263
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5592