Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 12170 12 пікір 10 Қаңтар, 2017 сағат 10:38

АУЫЗДАН АЛТЫ, ЖЕТЕДЕН ЖЕТІ ҚҰБЫЛҒАН СӨЗ

немесе Мүсірәлі қожа Сопы әзиз баяны

 Біздің айтпағымызды тақырыбымыздың өзі де айқындап тұр. Оны анықтаңқырап түсіндірер болсақ, мына әфсана-шежіреге құлақ қоярсыз.

Қазақтың руға бөліну мәнінде жеті атаға дейін қыз алыспай қанды таза сақтау, ұрпақты өз тегінен ажыратпау, ата-баба рухын құрметтеп, оларға Алладан жарылқау тілеу секілді ізгі ниеттің жатқанын түсіндірудің өзі артық. Арғы тегі асыл Пайғамбарымыздан (с.а.с.) бастау алатын Қожалар тарихы да осы бірізділікке негізделген.

Бүгінгі күні ру ішінде «Керейт қожа» деген рулық атау бар. Ол әсіресе Қызылорда облысында көбірек кездеседі. Осындағы түсініксіз нәрсе, сонда олар Қожа ма, Керейт пе? Ешкім де өзін «қожа найманмын» немесе «қожа қыпшақпын» демейді ғой. Ал, Керейтке келгенде Қожаның қосақталып жүру сыры неде?

Өткен тарихтың өн-бойын “тінтіп” өмірлік ақиқатты өшірмей келген көп ғұламалардың сөзін алдымызға жайып тастап біз осы сұраққа жауап іздеп отырмыз. Ғұламалардың қайсысынікі хақ?

Әңгіменің әлқиссасы, үш жүздің пірі Мүсірәлі қожа Сопы әзиздің әфсанасы жайында.

“Қазақ КСР энциклопедиясында”  Мүсірәлі баба жайлы былай дейді: “Пір, діндар, азан шақырып қойған аты Мүсірәлі. Руы керейт болғанымен, дінге шын берілген сопылығы мен тақуалығына орай Әжіқожа, ал, оның ұрпақтары Керейтқожа атанып кеткен...” (1-том, 644-б).

Тәуелсіздігімізді алып, шаң басқан мұрағаттардағы, күмән басқан жадымыздағы жауһарларымызды аршып, арыстарымыз бен аяулы халық ұлдарының тарих еншілеген мәртебелерін өздеріне қайтара бастаған тұсымызда, сөз жоқ, сол тұғыры биік тұлғалардың бірегейі Мүсірәлі қожа Сопы әзиз жөнінде де зерттеулер мен зейінді әңгімелер аз болған жоқ. Бірақ соның дені “Энциклопедия” айтып отырғандай иіні түсіп, қиюы кеткен мазмұнға барып тіреледі.

Бірде маған Қызылордада тұратын туысым Жетес есімді елшіл азамат келіп:

– Сансызбай, “қожа” сөзі ататек пе, атақ па? – деп сұрады.

Бұл өзі естіген адам ә дегеннен түсініңкірей қалатын, бірақ ой астары терең сұрақ еді. Ол кісінің айтып отырғаны “Энциклопедиядағы” “... Руы керейт болғанмен, дінге шын берілген сопылығы мен тақуалығына орай Әжіқожа, ал, оның ұрпақтары Керейтқожа атанып кеткен” деген дерек екенін біле қойдым. Шын мәнінде “қожа” – ататек.

Асыл пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с.) қайынатасы халиф Әбу Бакір Сыддықтың және тұтас түркі жұртын ислам дініне кіргізуші әулие Баба Түкті Шашты Әзиз ұрпақтарының “қожа”  аталғанын, оның мың жылдан аса тарихы бар тұтас әулетке айналғанын мен тәптіштеп айтпасам да, күллі қазақ біледі.

Егер, “қожа” сөзі ахун, әулие, пір деген секілді атақ-дәрежені білдірер болса, онда дін мұсылманнан шыққан небір ілімдарларға “қожа” атағы неге берілмей қалған. Айталық, 362 әулиенің басы саналатын Бекет атаға да “пір” атағы берілген, бірақ, оның есіміне “қожа” сөзін қосақтап тұрған ешкім жоқ қой. Атақ болса, бұл халық Оқшы қожа, Есабыз қожа, Қалжан қожа деп дін әлемінде өзіндік қолтаңба қалдырған ахун, әулиелерді де атамас па еді? Демек, “қожа” атауы атақ емес, ататек. Сондықтан, Қожа Ахмет Яссауи, Мүсірәлі қожа, Қосым қожа деп бұл әулие, пірлердің есіміне өз тегі қосыла айтылып тұр. Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Қаракерей Қабанбай есімдеріне де осы секілді өз ататектерінің қосарлана айтылып, кісі есіміне тегі тұтаса айналғанын айтудың өзі артық.

Қате жазылса да күллі елдің қаперіне еніп, санасына сіңісе бастаған тағы бір шежіре баянына барайық.

 “... Мүсірәлінің шығу тегі кіші жүздің “Жеті ру” тайпасының “Керейт” руынан шығады. Ертеде Керейт елінде Қабылбек деген батырдың екінші әйелі Рабиғадан бір баласы болыпты. Қабылбек батыр бір жаугершілікте баласымен екеуі бірдей қайтыс болып, 23 жастағы Рабиға жалғысбасты болып қалады. Бірде Рабиғаның түсіне әулиелер енеді. Олар Мекке-Мәдинеге баруға жол сілтейді. Барған соң Қағбаға кіріп, зиярат етпек болады, бірақ бұған жесір болғандықтан рұқсат етілмейді. Сондықтан, ол сол жердегі имамның көмекшісіне неке салдырады. Сөйтіп, мұсылманшылық сапардан оралған соң керейт елінің бегі Арғымақ баһадүрмен бас қосады. Олардан Күрзіхан туады. Күрзіханнан Бозаншер, одан Еспенбет (Ойық), одан Досманбет (Тілік), Досмамбеттен Сандауыл, одан Көне би, мұнан Дулат, Дулаттан Таз, Таздан Жәдік, Жәдіктен Мүсірәлі туады...”

Қазіргі керейт ағайындардың басшылыққа алып жүрген бір дерегі осы. Сонда қалай? Мұсылманда жесірін қиянға жалғыз жіберіп, артынан қарап қала беретін дәстүрді көрген кім бар?

Бұл шежіре жазбаның жалғасында мынадай бір оқиға кездеседі. Сол ұзақ жолда Рабиға құдықтың қасында шөлдеп жатқан итті көріп, мәсісін шелек қылып, көйлегін жыртып қауғажіп қылып, құдықтан су алып, оны екі аяғын қосып, сол қосылысқа құйып, итке су ішкізеді. Әрине, қайырым, мейірім қасиеттеріне негізделіп айтылған әңгіме. Алайда, қисынға келмейді. Біріншіден, бет-аузын итке жалататын еуропалықтар емес, мұсылман ит тілі тиген жерді арам деп жеті рет жуады. Бұл қазақта да берік қалыстасқан әдет. Ендеше Рабиғаның итке аяғын жалатып отыруы қалай? Екіншіден, көйлегін жыртып, онан әрі байғұс келіншек қай күйде қалды? Үшіншіден, тағысын, тағы...

Демек, бұл ойдан құрастырылған аңыз. Үш жүздің пірі сайланған Мүсірәлінің арғы анасы осындай болған деген шежіреге оны шығарушы адам  бүгінгі ұрпақтарының жүрек наразылығымен қарайтынын, тіпті, күпірлікке санайтынын білмеген.

Әңгіме - әфсаның ақиқаты Рабиға ешқашан күйеуге тимеген, 9-ғасырда өмір сүрген, 23 жасында дүниеден пәк болып өткен ханның қызы. Сүйегі Бұқарада жатыр. Мұны Бұқараға өз аяғымызбен барып келген біз сондағы барлық құлыптастардың құпия сырларын бес саусағындай білетін ғалымдардан сұрап білдік.

Біз айтып отырған оқиғаларды өзінің «Керейт шежіресі» деп аталатын кітабында теріс келтірген жалағаштық  Майдан Түйімбет сонда әлгі деректерді қай жерден алған? Біз алған жерімізді айттық.

«Күнәға белшеңнен батқың келмесе, білімің болмай ешкімнің ата тек шежіресіне, тарихына жолама. Шын ғалымның қаламын періште, надан соқыр ғалымның қаламын шайтан лағна сүйрейді» депті ғұламалар.

«Ашынғаннан шығады ащы терім» демекші, сол жазушы Майданның үйіне барып көргендер оның ащысумен әуестігі барын айтып келді. Есігі мен төрінің арасындағы  қоқыстан аттап өткен әлгі кісі «Баба шежіресін бұрмалап жазуға лайықты-ақ адам екен» деп ашынып келді.

Міне, әлгіндей негізсіз әңгімелер желісіне жаңалық тапқандай қаламын қайрай жөнелген  осы Майдан сияқты “жазғыштар” тарихқа қиянат жасап келеді.

Мүсірәлі бабамыздың 1639 жылы дүниеге келіп, балиғат жасынан исламның інжу-маржаны төгілген ілімін бойға тоқыған, өмірін осы асыл дінімізді уағыздауға, оның кең таралуына сарп еткен сара да дара тұлға екенін ешқандай қисынсыздыққа көнбейтін әділетті тарихтың өзі айтсын.

Бабамыз әуелі Шарип, Көкілташ медреселерінде 12 жыл, сосын Мирараб медресесінде 8 жыл оқып, Шам шаһарында тағы 5 жыл дін дәрісін алған. 38 жасында Бұхар Шарипке қайтып келіп, Мирараб медресесіндегі ұстазының тапсырмасымен халықты дін жолына тарту және шәкірт тәрбиелеу мақсатында Түркістандағы Қазірет сұлтанға келеді. Сөйтіп, Түркістандағы түбі бір түркі мұсылманға 1677-1679 жылдары Ислам философиясы мен тарихынан, Құран кәрім, хадис, фих ілімдерінен дәріс оқыған.

Жалпы, Мүсірәлі бабамыз ладуни ілімін, яғни, Аллатағала тарапынан  келетін ілімді білген. Бұл құпияны ішіне бүккен ілімді білген кісі мұғжиза, яғни, кереметтерді жасай алу артықшылығына ие болған. Демек, бабамыздың атына “Жеті өлікке жан берген Мүсірәлі” деген дәріп бекер айтылмаған.

Құранның “Бақара” сүресінде “Алла хикметті қалаған құлына береді. Ал, кімге білім берілсе, оған көптеген игілік берілген болады. Мұны ақыл иелері ғана түсіне алады” деп көрсетілген. Яғни, біз, жай пенделер Мүсірәлі секілді жаратылысы айрықша кісілерге тиісті болған ілімді түсіне бермейміз. Оның өлілермен, “тірі ғайыптармен” қалай сөйлескені, оған жұртты куә қылғаны, өлікті қалай тірілткені жұмбақ, Аллаға ғана аян. Бұл – Мүсірәлі бабаның ілім-біліміне қатысты сөз.

Ендігі сөзді бабаның асатаяғына қатысты айтып өтейік. Мүсірәлі баба қолына үш мұсылман перісінің аты жазылған асатаяқ ұстаған. Бабадан балаға аманат болып келе жатқан осы киелі асатаяқты Қосым қожа баласы Сәдір қожаға берген. Мұнан әрі ол Сәдір қожа ұрпағы Шабақ әжейдің қолына тиген. Жасы сексенге келіп отырған осы кейуанадан Елбасы мұражайына қоямыз деп алдап алған біз айтып отырған «шежіреші» Майдан Түйімбетті алдына салған кісілер киелі жәдігерді әлі күнге өз қолдарында қалдырып отыр. Керейт ағайындардың бұл ісіне не жорық? Күнім үшін емес, дінім үшін дейтін адам осылай істер ме еді? Осыны істеп отырған кісілер кеңестік заманда облыстық, аудандық партия комитетерінде қызмет істеп, қожа-молданы қудалап еді. Енді оларға асатаяқ неге керек болып қалды екен?.. Мүмкін дін алдындағы қылмыстарын жасыру мақсаттары шығар. 

Енді қызмет жағына келсек, 1680 жылы алты алаштың игі жақсылары жиылып, Күлтөбеде Тәукені хан көтергенін де тарихтан білеміз. Міне, осыдан соң абыз ақсақалдар ақылдасып, хандықты діни басқаруды ойластырып, ілімі де, беделі де биік Мүсірәліні үш жүзге пір етіп сайлаған, яғни, бабамыз қырық жылдай хандықтың бас хазіреті болған. Оған “сопы әзиз” атағы осы тұста берілген. Осы аттың өзі айтып тұрғандай, бабамыз сопылық ілімді терең меңгерген.

Мына бір жайдың өзі осы тереңдігін дәлелдейді. Үш жүзге пір сайларда үш жүздің данагөйлерін сыннан өткізіпті. Сонда бабамыз мақтаны үрлеп жандырып, жалындаған оттан өзі күймей шығады.

Қазақ хандығының көп жыл қалмақ елімен жаугершілікте өмір сүргенін  де жақсы білеміз. Осы мезгілдерде біраз білгір Тәукеге қалмақпен ашық айқасқа шығу керек деген ақыл қосады. Ал, хан бұл жайында Мүсірәліден сұрағанда: “Жиырма жылдай ашық айқасқа шығуға болмайды. Ол халқымызға қауіп. Оның орнына елші жіберіп, келісімге келу орынды” деп басу айтады. Хан осыған тоқтап, қалмаққа он-онбес кісіні елшілікке жібереді. Осы кезде Мүсірәлі елшілердің біріне түюлі шүберек ұстатып: “Егер бейбіт келісім жасалмағандай болса, мұны қалмақтың ханына бер” – дейді. Шынында қалмақ келісімге келмей, шабысатынын айтады. Сонда қазақ қазақ елшісі Мүсірәлінің сәлемін береді. Қалмақ ханы түюлі шүберекті ашып қараса, ішінде бір уыс мақта, бір уыс мұз, бір уыс шоқ бар екен. Хан таңғалып, билер мен уәзірлерінен шешімін сұрайды. Оны ешкім айта алмайды. Сонда ханның бойжеткен қызы: “Әке, мен айтайын. Қазақ елі үш жүзден тұрады. Келісімге келсең, достығымыз ақ мақтадай, келмесең мұздай қарып, шоқтай жандырамыз дегені”.

Хан қызының сөзіне қатты ойланып, әрі бір ораулы шүберекке шоқтың мақтаны күйдірмей, мұздың шоқты өшірмей қатар келуіне таңырқап, тағы да қызына қарайды. Қызы: “Бұл сәлемдемені жіберген тегін адам емес. Бұл тек пайғамбар әулетінің қолынан келетін іс. Мені сол адамға қосыңыз” дейді. Хан осы сөзді қабылдап, қалмақ қызы мұсылмандыққа кіріп, Мүсірәліге жар болған.

Осы қыздың өзі де тегін емес-ті. Біздің болжауымызша, кейін Қосым қожа секілді аса ірі ілім иесінің анасы болған кісіге Алланың аяны келген. Оның мақта, мұз, шоқтың сырын ұғып, өзі көрмеген адамның Пайғамбар әулетінен екенін анық білуі осындай ойға бастайды.

Сонымен, Мүсірәлі баба жайында тағы да тарихи нақтылықты айтып өтейік. Мүсірәлі Сопы әзиз бүгінгілер жаңсақ танып жүргендей, Жеті ру керейт те емес, Бақсайыс та емес.

Мүсірәлі бабамыздың арғы ата-бабалары арабтың Құрайш тайпасынан еді. Мұсылман әлемінің айнасы Мұхаммед (с.ғ.с) Пайғамбарымыздың  қайынатасы,  сенімді сахабаларының бірегейі, Пайғамбарымыздан кейінгі ел басқару тізгінін қолына алған алғашқы халифа Әбу Бакир Сыддық болған. Бұл кісі кейінгі табылған шежіре нұсқаларында да Мүсірәлі пірдің түп атасы деп саналады. Бұл шежіре былай тарқатылады.

Әбу Бакир Сыддықтың төрт ұлы болған. Сол төрт ұлдың үшіншісінің есімі Мұхаммед еді. Ол Шам қаласында патша тағына отырған. Оның ұлы сұлтан Қағбі де Шам қаласына патша болған. Оның ұлы Хамид те, оның ұлы сұлтан Халид те,  оның ұлы Хайдар да,  оның ұлы сұлтан Маулуд та Сарсар патшалары болған. Оның ұлы Әбу Фана Антакиада патшалығын билеген. Оның ұлы сұлтан Сәлім де, оның ұлы сұлтан Садық та Антакиада патшасы болған. Оның ұлы сұлтан Осман Мединеде патша болған. Оның ұлы Жалаладдин Константинополде патша болған. Оның екі ұлы болыпты. Бірінің аты – Адхан, екіншіснің аты – Баба Туклас (Баба Түкті Шашты Әзиз). Баба Түкті Шашты Әзиздің үш ұлы бар еді. Олар: Аббас, Абдырахман және Тырма. Аббас пен Әбдірахман қожаның денесі Қағбада жатыр. Ал, Тырма – Еділ-Жайықта қаза болған. Тырманың бесінші ұрпағы әйгілі Едіге батыр еді. Баба Түкті Шашты Әзиздің Әбдірахманынан Әбдурахим туылған. Әбдурахимнен екі ұл болған. Олар: Зейнел және Абдулла. Абдулладан – Абдул Әзиз, Абдул Әзизден – Әзиз Карамад. Абдул Әзиз Керейт тайпасын ислам дініне кіргізген, керейттің қожасы атанған кісі.  Әзиз Кармадтан – Жәдік, одан үш жүздің пірі  Мүсірәлі Сопы әзиз туады.   

Бұл шежірені Дәрменқұл ишанның ұлы Орымбет ишан 1855 жылы Бұқар шарифте “Қожалар шежіресі” атты кітаптан өз қолымен жазып алған. Шежіре шағатай, парсы тілінде жазылған. Шежірені шағатай, парсы тілдерінен аудармалаған ишанның ұрпағы, имам Інияттуллаұлы Абдулла.

Бұл шежіре деректерінің Баба Түкті Шашты Әзизге дейінгі тұсы тағы бір шежіреде айнымай қайталанады. Бұл әйгілі Едіге би шежіресі.

Мүсірәлі баба қартайған шақта Әйтеке би оған: “Біздің елге барайық” деп қолқа салады. Сонда Мүсірәлі: “Жас ұлғайды, пірлікке жастығына қарамай мына Қосым да жарайды” деп кенже ұлын Әйтекенің қарамағына жібереді. Міне, осылайша Қосым өзінің ірі ілімі, көріпкелдігі, әулиелілігін таныта біліп, кіші жүз Жету рудың пірі болады.

Ал,  бабаның өзі жолын ұстанған Қожа Ахмет Иассауиға қарай емес, Баба Түкті Шашты Әзиздің басына қарай бұрылып, өмірінің ақырына дейін тікелей бабасының шарақшасы болуы оның осы тектен екенін тағы бір дәлелдей түседі.

Мүсірәлі бабаны өз кітабы арқылы кіші жүздің Керейт руынан еді деп дәлелдегісі келген Майдан Түйімбет осы дәйекті деректерді біле ме екен? Мынандай мысал ойға оралады.

Алты мың хадис жеткізуші Әл-Бұхари бірде мұнан да көп хадис біледі деп естіген бір ғұламаны іздеп келеді. Сөйтсе әлгі ғұлама қолындағы ішінде жемі жоқ дорбасымен атын алдап шақырып тұр екен. Сонда Әл-Бұхари жанындағы серігіне жемі жоқ дорбамен жануарды алдап тұрған адамның бізге сахиқ хадис айтуы мүмкін емес» депті де, теріс бұрылыпты. Қасиетті бабалар жөнінде шежіре жазамын деген  Майдан Түйімбеттің әрекеті де осыған ұқсас.

Қасиетті бабамыздың тегін біле тұра бұрмалап жүрген қызылордалық Керейт ағайындар  Қазақстанның бірнеше облысында, Өзбекстанда, Ресейдің Омбы, Челябі, Астрахан облыстарына тараған баба ұрпақтарының келісімін сұрамастан, елді мекендерде мешіттер тұрғызып, оған баба есімін телуді дәстүрге айналдырды. Әрине, мешіттің көбейе бергені ләзім. Бірақ біз әрбір салынған мешітті Мүсірәлі баба есімімен атауға қарсылық білдіреміз. Жұртшылық оны мына тұрғыдан түсінуі тиіс. Дін басқармасы (ҚМДБ) тарапынан бір кісінің есімін мешітке екі рет беруге тыйым салынғаны туралы пәтуа қайда , сонда? Әлде ол Керейт ағайындарға қатысты емес пе? Олардың бұл әрекеттері Мүсірәлі баба есімін Жетіру Керейтке біржола шегендеп тастаймыз деген пиғылдарын танытып-ақ тұр. Нақты мысал келтірейік: Қызылорда облысы  Жалағаш ауданының Еңбек аулындағы, Қармақшы ауданының Ақай аулындағы, жақында Еңбек Ері Абзал Ерәлиев салдырған Қызылорда қаласының орталығындағы – үш  мешіт Мүсірәлі баба есіміне берілген. Керейттердің ішіндегі кезінде таққа мініп, бүгінде аттан түскен кейбір кісілердің  баба есімін әрі тарт та, бері тарт қылып жүруі ұрпақ алдындағы жүзіміз жарқын болсын дейтін есептері емей, не? «Болмайын дейді қай кісі, болдырмайды тәңрісі» демекші, олар енді қанша жерден Мүсірәлі бабаның ұрпағы болғысы келгенімен бола ала ма? Өз тегінде дәл осы дәрежедегідей болмағанмен ел жақсылары аз ба еді? Соларды дәріптесе, Аллаға жақпай қаламын дей ме, бұл Керейт ағайындар. Осы уақытқа дейін бұлардан басқа өз тегін үш қайнаса қосылмайтын шежіреге әкеліп шатастырған біреуді естімеппіз.

Егер Керейт өзінің қайдан шыққанын білмесе, біз айтып берейік.

Сіздер, әсіресе  әсіреқызылға малынып, өзін шежіреші көрсетіп жүрген жалғаншы Майдан Түйімбет «Қазақстан тарихы туралы моңғол деректемелерінің» 1- томын түгел оқымасаңыздар да, бір көз салып өтіңіздер. Онда «Керейт» емес, «Керей» деп анықтама берілген. «Қазақ халқының Орта жүзі құрамындағы іргелі тайпа. Сондай-ақ, Кіші жүз құрамындағы Керейт тайпасы да осы ұлыстың жұрнағы».  Сонымен бірге тұрғылықты жері Орхон, Туыл өзені мен Қаңғай тауы жотасы деп көрсетілген. Осы кітапта көне моңғол тілінде «т», «д» жұрнақтарының көптік мағнаны білдіретінін айтқан. Сонда Керей+т сөзі Керейлер болып шығады.

Ал, шежіреші Майдан, өз руыныңыздың неліктен екі жүздің тобына бөлініп кеткенін зерттей беріңіз. Сонда ғана сіз ұрпақтан алғыс аларсыз деп ойлаймыз. Егер қиынсынсаңыз, бағыт берейік.

«...Содан кейін Керейттің Жиқа Қамбуы дарқаттардан бөлініп,  Шыңғыс қағанға нөкерлесуге келеді. Меркіттер оның бұл кеткенінен өш алу үшін соғыс бастайды, бірақ Шыңғыс қаған мен Жиқа Қамбу екеуі олармен соғысып, жеңеді. Содан кейін түмен түбеген олон тоғайт, бытыраған Керейт елі  Шыңғыс ханға келіп қосылады...» ( Бұл біз айтқан еңбектің 2- томындағы дерек) Ары қарай өзіңіз зерделерсіз.

Бұл жердегі дерек біздіңше 1200-ші жылдарғы уақиғаларға негізделген. Жазып отырған біз де емес, сіз де емес, ежелгі шежіре. Сонда сіздер өздеріңізді осы тарихтағыдан төрт жүз жылдан аса уақыттан кейін өмірге келетін Мүсірәлі бабадан қалай таратып отырсыздар, ағайындар-ау. Қисынға да бір шындық сыйсын да.

Соқырдың көзін ашып, мылқауды сөйлеттім дегендей, қанша бір қисынмен керейт болдыру Мүсірәлі Сопы әзиздің қожа әулетінен екенін құпиялап қала алмайды.

Ең абзалы, бабаны үш жүздің пірі деп таныған ұрпағымыздың ар-ожданына сызат түсіріп, танымын теріс бұрмағанымыз дұрыс. Тарих алдында да, ата-баба алдында да жүзіміздің жарқын, арымыздың таза болғанына не жетсін.

Біз бұл сын-зерделеуді жазған кезде, арғы тегімізден айрылып қалармыз деген күдікте емес, ақиқатқа араша түсу ниетінде болдық.

Сансызбай ҚҰРБАНҚОЖА НЫЗАНҰЛЫ, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, академик, шежіре зерттеушісі

Abai.kz 

 

 

 

 

12 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5485