Сенбі, 23 Қараша 2024
9827 0 пікір 3 Ақпан, 2017 сағат 09:45

АЗАТТЫҚ ҮШІН КҮРЕСКЕНДЕРГЕ НЕГЕ МЕМЛЕКЕТТІК АКТ ҚАБЫЛДАМАДЫҚ?

Тәуелсіз Қазақстан елдің азаттығы мен аумақтық тұтастығы үшін күрескендердің  ерлігін тануы тиіс!

 

Әлемнің барлық дерлік мемлекеттері тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін бірінші кезекті мемлекеттік шара ретінде өз халқының азаттығы, өз жерінің біртұтастығы мен бүтіндігі, өз елінің тәуелсіздігі жолындакүрескен ұл-қыздарының (қаза тапқан және көзі тірі) тағдыры, көрсеткен ерлігі жөнінде шешім қабылдады. Олар өз Отанын, өз жерін қорғаушыларды ұлттық батыр дәрежесіне көтеріп, ұлықтады.

Барлық уақытта барлық құрлықтағы елдер мен халықтардың көпшілігі: Азия, Еуропа, Америка, Африка елдеріжоғары мемлекеттік актілер қабылдаған. Бұл – әлемнің заңдылығы, әлемдік практика, жаңадан құрылған барлық мемлекеттер осы жолды ұстанады. Бірқатар елдерде, тіпті, мемлекеттік саясатты, қоғамдық өмірді және өз азаматтарының санасын отарсыздандыру жөнінде арнайы мемлекеттік бағдарламалар қабылданды.

Осы табиғи процесс ешбір елде тарихты қайта жазу болып саналмады. Керісінше, бұл ақиқат пен әділдікті қалпына келтіру болып есептелді, өйткені, біріншіден, метрополия-елдер және олардың жылнамашылары мен ғалымдары ешқашан да, ешбір жерде де өздері отарлаған елдің шынайы тарихын жазбай, әрдайым өздерінің өркениет таратушы рөлін асыра көтермелеп, өздері жүргізген зорлық-зомбылықты ақтады, екіншіден, отаршыл-тоталитарлық саясат пен идеология өз боданындағы халықтың азаттығы мен тәуелсіздігі жолындағы күрескерлерді қылмыскер деп көрсетті, ал отаршыл билік олардың күресін қатыгездікпен басып-жаншып, оларды жүйелі түрде қудалап отырды. Сондықтан да жас мемлекеттер өздерінің азаттығымен тәуелсіздігі үшінкүрескен батырларын ақтап, олардың есімін қайта жаңғыртып, сіңірген қызметтерін лайықты түрде тануды өздерінің борышы мен міндеті санады.

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін қалыптасқан жаңа мемлекеттер мен «социалистік лагерь» елдерінде де осындайпрактика орнықты. Шығыс Еуропа мемлекеттері, бұрынғы КСРО-ның одақтас республикаларының барлығы дерлік, өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында, өздерінің  нақты жағдайларын негізге ала отырып, қажетті мемлекеттік шешімдер қабылдады.

Мәселен, Литва Республикасы кеңестік отарлауға қарсы небары 50 жыл күрескен тұлғаларды ақтап алу, олардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру бойынша 29 жоғары мемлекеттік акт (10 заң, 19 Үкімет қаулысын) қабылдады. Литвада, тіпті, жаңа Мемлекеттік орталық құрылып, ел Сеймінде тұрақты жұмыс істейтін комиссия ұйымдастырылды, олар қабылданған заңнамалық актілерді іске асырып, олардың орындалу барысын бақылап отырды.

Грузин Республикасы Ел тәуелсіздігі жолында күрескен және ұлт-азаттық күреске қатысқаны үшін қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғалардың ерліктеріне қатысты әділеттілікті қалпына келтіру туралы мемлекеттік декрет қабылдады. Тіпті, жаңа, демократиялық Ресейдің өзінде «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң, «Негізсіз қуғын-сүргін құрбаны болған діни қызметшілер мен діндарларды ақтау туралы» Президент актісі, «Қаза тапқан отан қорғаушылары туралы», «Қуғын-сүргінге ұшыратылған халықтарды ақтау туралы» заңдар мен басқа да актілер секілді заңнамалық актілер қабылданды. Сол арқылы Ресей Федерациясы КСРО-ның құқықтық мирасқоры ретінде, біріншіден, тіпті, олардың ресейлік Отанының өзінде жүйелі саяси қуғын-сүргін фактілері мен қорғаушылардыңбатырлығын ұмыту орын алғанын, екіншіден, өз аумағында тұтас халықтардың қуғын-сүргінге ұшыратылғанын мойындады.

Ресей Президенті Б. Ельциннің «Ұлы Отан соғысы кезеңінде және соғыстан кейінгі кезеңде қуғын-сүргінге ұшыратылған, бұрын әскери тұтқын және азаматтық тұлға болған Ресей азаматтарының заңды құқықтарын қалпына келтіру туралы» 1995 жылғы 24 қаңтардағы Жарлығын атап өтпеуге болмайды. Бұл Жарлық Ресей аумағында, негізінен алғанда, кеңес қолбасшылығының кінәсінен тұтқынға түскен, тоталитарлық режимнің жүздеген мың және миллиондаған құрбандарын ақтап, олардың ардақты атын қалпына келтіруге жол ашты. Сталиннің өзі Гитлермен Германиядағы сыртқы басқыншылық пен фашизмді жуып-шаятын шарттар жасасса да, бұл адамдардың өмірі қосарлы қасіретпен қоса өрілді: олар тұтқында фашистердің қорлап-кемсітуі мен қуғын-сүргініне душар болса, өз Отанында оларды Сталин сатқын және мемлекеттік қылмыскер деп жариялап, содан туындайтын барлық ащы салдардың азабын тартқызды.  

Қазақстан Республикасында да тәуелсіздік алғаннан кейін бірқатар маңызды мемлекеттік шешімдер қабылданғанын айту керек. Атап айтқанда, негізінен алғанда, тарихи және мәдени ескерткіштерді қалпына келтіруге, қазақ тілін, сәулет құрылыстарын қайта түлетуге бағытталған «Тарихи сананы қалпына келтіру тұжырымдамасы», «Мәдени мұра» бағдарламасы қабылданды.

Жекелеген тарихи оқиғалар мен даңқты (негізінен алғанда жоңғарлармен болған соғыстар кезінде) тарихи тұлғаларға арналған ғылыми-практикалық конференциялар өткізіліп, ескерткіштер қойылды, олардың аты көшелерге беріліп, мемлекет басшыларының баяндамаларына арқау болды, олар туралы кітаптар шығарылып, мақалалар жазылды, бірқатар көркем және деректі фильмдер түсірілді.

Дегенмен, мұның барлығы академиялық әрі біржолғы сипатта болып, жалпы тәсілдер мен ұсынымдарға, сондай-ақ мерейтойлық даталарға арналып, салтанатты іс-шаралар – тойлар форматында өткізіліп жүр. Осындай іс-шараларға мемлекеттік билік органдары бастамашы болмайды. Олар, әдетте, қоғамдық ұйымдардың, ғалымдардың, сол тұлғалардан тараған ұрпақтардың табанды бастама жасауы арқасында өткізіледі. Орталықтағы, сондай-ақ жергілікті жерлердегі мемлекеттік органдар бұл мәселелермен арнайы түрде айналыспайды, өйткені олардың алдына мұндай міндет қойылмаған, бұл үшін қажетті заңдар қабылданбаған. Жергілікті билік органдары, негізінен алғанда, әртүрлі деңгейдегі шенеуніктердің корпорациялық, конъюнктуралық, кейде трайбалистік, жершілдік пайымдарына сүйене отырып, мұндай шараларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуіне көңілінің хошына қарай келісім білдіреді немесе одан бас тартады.

Өкінішке орай, біздің елімізде басқа мемлекеттердегідей мемлекеттік деңгейде тұжырымдалған қағидаттар мен саяси-құқықтық стандарттардың жоқтығы салдарынан, кей-кейде отаршыл саясат пен идеологияға қызмет етіп, осындай саясаттың, мысалы, сталинизмнің жаршысы мен таратушысы болған адамдар (жазушылар, ақындар, республикалық және өңірлік деңгейдегі басшылар, ғалымдар) дәріптеліп, мадақталып жатады. Олардың ішінде халық пен ел мүддесін қорғаған патриоттарды өз мансабы үшін, жеке басының игілігі үшін қудалап, қуғын-сүргінге ұшыратқан адамдар да бар. Мұндай практиканың оң тұстарымен қатар, теріс тұстары да көп, ол кейде өскелең ұрпаққа азғындату тұрғысынан даәсер етеді.

Басқа бұрынғы одақтас республикалардан бір ерекшелігі – біз әлі күнге дейін Қазақстанның азаттығы, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы үшін күрескендерге қатысты ешбір арнайы мемлекеттік акт қабылдамадық. Бұл біздің өз тәуелсіздігімізді оншалықты қадірлеп-қастерлей бермейтінімізді, сондай-ақ Отанымызды қорғау жолында ерлік жасаған ата-бабамыз туралы естелікті тиісті түрде бағалап, қайта жаңғыртуды қаламайтынымызды білдіреді.

Қазір тәуелсіздік алған басқа мемлекеттер аумағында қуғын-сүргінге ұшыраса да, Қазақстанға жер аударылған барлық кәрістерді, шешендерді, ингуштер мен басқа да халықтарды ақтап алғанымыз дұрыс болды.

Алайда, бірнеше ғасыр бойы алуантүрлі мемлекеттік қудалауға ұшырап, жазалаушы жасақтар қырып-жойған, атажұрты Қазақстаннан қуылған, тұтас бір халықтың жартысын бір тістем нанға зар қылып, азапты ажал құштырған, қолдан жасалған зұлмат аштықтың құрбаны болған байырғы халық – қазақтардың өкілдеріне (халықтың өзіне де) қатысты бірде бір арнайы мемлекет акт қабылданбады.Өткен ғасырдың 90-шы жылдарындағы сыртқы және ішкі жағдай мұндай акт қабылдауға мүмкіндік бергенін атап өту керек. Мен бұған нық сеніммен айғақ бере аламын, себебі кезінде Қазақстандағы осы мәселелермен айналысып, бұрынғы одақтас республикалардағы саяси жағдайды мұқият зерделеп шықтым.

Қазақ халқының тағдыры жөнінде айтқанда, қазақ халқы көршілес мемлекеттердің басқыншыл саясаты салдарынан «бөлшектенген халық» кебін киген халықтар қатарынан орын алғанын айтпай кету мүмкін емес, өйткені қазір халықтың үштен бір бөлігі тарихи Отанынан тысқары жерде өмір сүріп жатыр. Бүгінгі күні, ресми деректер бойынша, жат жерге еріксізқоныс аударған 5 миллионнан астам отандасымыз Қазақстаннан тысқары жерде тұрып жатыр.Бұл, шамамен алғанда, қазақ халқының жалпы санының үштен біріне жуығы.

Қытайдың, Ресей мен Өзбекстанның Қазақстанмен шектес аудандарында қазақтар бұрыннан тұрады. Олар осы жерлердің автохтонды халқы болып табылады. Бірақ кеңес билігі Одақ ішінде әкімшілік шекараларды межелеп, белгілеген кезде, сондай-ақ аумақтарды империялар арасында бөлген тұста қазақ жерінің бір бөлігі сонда тұрып жатқан жергілікті қазақ халқының келісімінсіз, мысалы, Қытайға өтіп кетті. Сол себептіөз ата-бабаларының тарихи атажұртында тұрып жатқан қазақтар бір сәтте-ақ жат елдік болып шыға келді.

Ленин бастаған кеңес билігі бұдан гөрі әділірек әрекет жасады: олар, біріншіден, «Алаш Орда» басшыларының талаптарын қолдап, орталығы Орынбор болған Автономиялық республика түрінде қазақ ұлттық мемлекеттігін ішінара болса да қайта қалпына келтірді, екіншіден, Одақ ішінде әкімшілік шекараларды белгілеген кезде тарихи тұрғыдан қазақтікі болып табылатын жерлердің басым бөлігі «алашордалықтардың» табанды түрде талап етіп, дәлелдеуі арқасында Қазақстанға қайтарып берілді.

Теориялық тұрғыдан алғанда,лениндік ұлттық саясат (автор өмір сүрген кезеңде және практика жүзінде де) Ресей империясының оған дейінгі режимдері жүргізген саясатқа қарағанда анағұрлым прогрессивті болғанын мойындау керек. Сталин мен оның сыбайластары осы саясаттың іске асырылуын біртіндеп және толықтай бұрмалап, «кеңес халқын» қолдан жасамақ болған кеңес мемлекеті ұзақ жылдар бойы КСРО құрамына өз еркімен кірген деп саналатын одақтас республикалардың байырғы халықтарының ұлттық мүдделері мен құқықтарын, сондай-ақ осы республикалардың мәртебесі мен егемендігін аяққа басып, кемітіп-кемсітіп келді.

Лениндік ұлттық саясаттың оң тұстарын айтқан кезде әрбір ұлттың өзін-өзі айқындайтыны және кеңес федерациясын құратыны туралылениндік ілім, түптеп келгенде, КСРО ыдыраған кезде Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздік алуын алдын ала айқындап бергенін айту керек. Оны біз есте сақтап қана қоймай, тиісінше бағалай білуге тиіспіз. Мысалы, Финляндия жұрты өз үзеңгілестерінің қарсылығын еңсеріп, фин халқының мемлекеттік тәуелсіздігін алуына көмектескен Ленинге әлі күнге дейін риза.

Архив деректері көрсетіп отырғандай, өткен ғасырдың орта тұсында Н. Хрущев, К. Ворошилов, Қазақстанның басшылары И. Юсупов, Д. Қонаев және бірқатар басқа тұлғалар біздің бірнеше ауданымызды уақытша беру деген желеумен Өзбекстанға өткізіп жіберді. Кейіннен өз жеріміздің бір бөлігін ғана қайтарып ала алдық. Бірақ Қазақстан,осының барлығына қарамастан, Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың саясатына сәйкес, халықаралық құқықты құрметтейтін, көршілерімен қарым-қатынасты қадір тұтатын, бейбітшілік сүйгіш ел ретінде ешбір елге аумақтық талап қойған емес және қоймайды да.Белгіленген мемлекеттік шекаралар бұзылмауға тиіс.

(Жалғасы бар)

Сабыр Қасымов

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5385