Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 7325 0 пікір 16 Мамыр, 2016 сағат 19:29

ҮРЖАРДА... ҮПТЕП КЕТІПТІ

Жер реформасы жөнінде құрылған комиссияның алғашқы отырысына «Ұла Дала қырандары» қоғамдық қозғалысының мүшесі, шығысқазақстандық Айдын Егеубаев қатысып, Үржар ауданында жер қытай инвесторларына беріліп, ол жерлерді игеруге арналған қаражаттың қолды болып кеткендігі туралы айтып қалып еді. Әрине, Айдынның сөзі мемлекеттік арналардан толық берілген жоқ. Сондықтан Айдын мырзаның айтпақ болған ақиқатына Abai.kz ақпараттық порталының оқырмандары назар аударып көрсін дедік. Оның үстіне, Айдынның ақиқаты жерді шетелдіктерге жалға береміз деп отырған Үкіметті ойландырар деген үміттеміз.

Айдын Егеубаев, «Ұла Дала қырандары» қоғамдық қозғалысының мүшесі (суретте):

- 2010 жылы Қытай өкіметі ауыл шаруашылық саласы инвестициясына деп 2 млрд. 300 млн. АҚШ доллары көлемінде қаражат бөледі. 1974 жылы туған Бияділов Нұрлан Нуриович дейтін азаматқа Қытайдан «мистер Джеймс» (бүркеншек аты) дейді, Zhang Weidong деген Қазақстанға келіп, «Нұрлан, Қытай ауыл шаруашылығына инвестиция бөліп жатыр, бізге Қазақстаннан соя егетін жер керек» дейді. Нұрлан «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқыған кезде Zhang Weidong-пен қатар оқып, сол жақта таныс-тамыр болған.

Естеріңізде болса, 2010 жылы Шонжы, Жаркент жақтан Қытайға жер бергелі жатыр деп шу шықты.  Бұл жақтағы халық наразылық танытқан соң, бұлар Шығысқа, Үржарға барады. Үржар ауданының әкімі Бауыржан Жанақов оларға «Бізде бос жатқан жер жоқ. Игерілмей жатқан жерлердің иелерімен сөйлесіп көріңдер» деп жібереді.  Үржар ауданынан Ержан Тілемесов деген азаматтың атындағы «Ғани» ЖШС-на тиесілі 6080 гектар жерді келісім шартпен алады. Сөйтіп, жұмыс істеп жатады. Бұл – 2010 жылдың қазан айы. Ал, сол жылдың 2 желтоқсаны күні  Нұрлан Баяділов Тілемесов Ержанның атындағы «Ғани» ЖШС-на тиесілі 6080 гектар жерді «Дәремет» ЖШС-ның атына білдірмей аударып алады. Олар мұнымен тоқтамай, сол маңнан 7250 гектар жерді «Дәремет» ЖШС-ның атына тағы аударып алады. Бұлардың «Бәтуа» ЖШС деген фирмасы және бар. Сонымен, Таскескен жақтан, Қарабұта аулының маңынан,  жалпы аумағы 84 мың гектар жерді алып алады. Бұл жерлердің ар жағындағы инвестор – қытай азаматы. Бізге жеткен ақпарат бойынша, бұлар 2 млрд.300 млн доллар қытайдан бөлінген инвестицияны алып, оның 600-800 млн. қаражатын жерге салады да, қалған шамамен 1,5 млрд. доллар ақшаны жоғарыдағы қытай азаматы   Малайзиядан счет ашады да, сол жаққа аударып жібереді. Ал, қытай азаматынан ақша алған  Нұрлан Бияділовтың Игісінов Талғат Қазыбаевич деген кластасы бар. Талғат төрт жыл болды Швецарияда тұрады. Әлгі ақшаны осы Талғат, Нұрлан екеуі Швецарияда, Англияда игеріп жатыр. Осыған тексеріс жүргізу керек.

2011-2012 жылдары Солтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылық министрлігіне қарасты «Агросоюз «Мажико» деген мекеме болады. Оның сол кездегі бастығы Арман Евниев деген азамат болады. Сөйтіп, Арман Нұрланға келіп, «Шығысқа инвестор әкеліп жатыр екенсіз. Маған да инвестор тартуға көмектеспейсіз бе?» дейді. Нұрлан бұған: «Жақсы, көмектесейін, бірақ, «Агросоюз «Мажиконы» менің атыма жазасың да, президенті мен боламын» дейді. Қазіргі уақытта «Агросоюз «Мажиконың» президенті Бияділов Нұрлан. Бұлар инвестицияны былай алады да, оның үстіне жыл сайын субсидия тағы алады. Жаңағы Арман Евниев ауылшаруашлығы министрлігінде жауапты хатшы, Ауыл шаруашылығы министрлігінде қызмет атқаратын вице-министр Ермек Көшербаев деген тағы бір жігіт бар. Осылар жаңағы Нұрландарға мемлекеттік субсидияны бөліп беріп отырады. Субсидияны Шығыс Қазақстан бойынша «Бәтуа», «Дәремет», Солтүстік Қазақстан бойынша «Агросоюз «Мажико» ғана алады. Басқалар ала алмайды. Осындай топ құрып алған. Ақша жоғарыдағыдай схемамен кетіп жатыр. Инвестор қытай болған соң, олар не ақшаны, не жерді сұрайды ғой. Бұл бір ғана Үржар ауданындағы жағдай. Ал, Бесқарағай ауданында 14 мың гектар жерге қытайлар күнбағыс, Солтүстік Қазақстанда зығыр, соя дегенді әкеп егіп жатыр.

Жер реформасы туралы комиссия жиынында Үржардағы 84 мың гектар жердің мәселесі қауіпті деп мәселе көтергенім – осы. Міне, жерді Қазақстан азаматы сатып алғанымен, ертең Қытайға өтіп кету қаупі бар. Халықтың дүрлігіп отырған қаупі – осы. Осындай жолмен кетіп қалуы мүмкін.  Комиссияда Бақытжан Сағынтаевпен де, Мұхтар Құл-Мұхаммедпен де, Асқар Мырзахметовпен де жеке-жеке сөйлестім. Бірақ, комиссия Үкімет жанынан құрылғандықтан оның мұндай істерді шешуге құзіреті жетпейтін сықылды.

Қытай болсын, басқа болсын, жерге инвестиция салған шетелдік мол өнім алу үшін жерді аямай дәрілейді. Сөйтіп, біздің отандық ауыл шаруашылығы саласы оларға төтеп бере алмай қалады. Өйткені, отандық жер иленуші қарапайым тілмен айтсақ, бір қап картоптан он қап алады. Ал, қытайлар дәрінің күшімен бір қаптан жиырма қап алады. Отандық картоп өндіруші нарыққа 80 теңгемен шығарса, қытайлық 40 теңгемен шығарады. Сөйтеді де, отандық ауыл шаруашылығы тұралайды. Сондықтан, ешқандай шетелдік жерге кіргізілмеуі керек.

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5338