Сәрсенбі, 22 Қаңтар 2020
Жаңалықтар 1613 0 пікір 26 Қыркүйек, 2012 сағат 06:36

Қажығұмар Шабданұлы. СОЦИАЛИЗМ САМАЛЫ (жалғасы)

Құдіретті тергеушім, өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз!

«Жекеге табынуға қарсы науқанның» аяқталмай қалғандығы жөнінде қытай зиялылары арасында талас-тартыс қозғала берді. Жекеге табынуға ғана емес, табындырушыға қарсы аттанғандықтан Хупыңның өзіне қарсы науқан жүргізілген ғой. Оның өзіне төнген қаһарлы тауқыметтің қорқынышы алдыңғы науқанды ұмыттыра алмады.

«Бізде табындырушы жоқ па?», «Хупың компартия басшыларына жала жапты ма?».

«Біздің елде жекеге табынушылық расымен-ақ болмағаны ма?» деп өндіршектейді.

«Жоқ!» дейді белсенділер. «Маужуши өзіне қашан табындырыпты, «халық үшін істейік»- деп әр күні ұрандап отырған көсемді халқы құрметтемей ме, мұндай құрметтеуді табынушылық қатарына қосуға бола ма! Біздің елде жекеге табынушылық жоқ!»

«Әрқандай жеке коммунист, өзін бүкіл партия коллективінің деңгейінде, тіпті үстінде атауға жол қойса, табындырушы деген сол болмақ. Өйткені, ондай шектелусіз жеке бара-бара шексіз құқықты тәңірге айналып кетеді. Сталин де солай дамып келіп, жалғыз тәңірге айналған!».

«Міне, дұрыс тұжырым осы. Хрущевтің бұл бастамасы, тіл тигізуге болмайтын зор демократия!»- дегенге саяды көпшілігі.

Үрімжідегі оқығандар арасындағы айтыс та осылай басталады....

Мектеп құралдарының ықтияжы мені меңгермеге қайта сүйреп, отбасыма жақсы үйде сыйлады.

Құдіретті тергеушім, өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз!

«Жекеге табынуға қарсы науқанның» аяқталмай қалғандығы жөнінде қытай зиялылары арасында талас-тартыс қозғала берді. Жекеге табынуға ғана емес, табындырушыға қарсы аттанғандықтан Хупыңның өзіне қарсы науқан жүргізілген ғой. Оның өзіне төнген қаһарлы тауқыметтің қорқынышы алдыңғы науқанды ұмыттыра алмады.

«Бізде табындырушы жоқ па?», «Хупың компартия басшыларына жала жапты ма?».

«Біздің елде жекеге табынушылық расымен-ақ болмағаны ма?» деп өндіршектейді.

«Жоқ!» дейді белсенділер. «Маужуши өзіне қашан табындырыпты, «халық үшін істейік»- деп әр күні ұрандап отырған көсемді халқы құрметтемей ме, мұндай құрметтеуді табынушылық қатарына қосуға бола ма! Біздің елде жекеге табынушылық жоқ!»

«Әрқандай жеке коммунист, өзін бүкіл партия коллективінің деңгейінде, тіпті үстінде атауға жол қойса, табындырушы деген сол болмақ. Өйткені, ондай шектелусіз жеке бара-бара шексіз құқықты тәңірге айналып кетеді. Сталин де солай дамып келіп, жалғыз тәңірге айналған!».

«Міне, дұрыс тұжырым осы. Хрущевтің бұл бастамасы, тіл тигізуге болмайтын зор демократия!»- дегенге саяды көпшілігі.

Үрімжідегі оқығандар арасындағы айтыс та осылай басталады....

Мектеп құралдарының ықтияжы мені меңгермеге қайта сүйреп, отбасыма жақсы үйде сыйлады.

Күндіз мектептерге ұлттық оқу құрал құрастырып, кешке дейін жазумен болатын менің үйіме де осы айтыс күн батысымен баса көктеп кіріп, дуылдатып жүрді. Демалыс уақытымда әңгіме-күлкіні жақсы көретіндігім үшін жақын қызметтес-жолдастар кеш бата мені іздейтін болды. Бір жерге қыдыра шықса да менімен бірге болуды көксейтіндер көбейді.

Мектебінен әр сембі кештерінде ғана қайтатын Мақпал босанғаннан бері қолғабысшы әйел тауып, ұлымыздың жағдайы үшін үйден тамақтанып, мектепке үйден баратын болған. Оның әр кеште үйде болуы мен меймандостығы «шақырылмаған қонақты» тіпті көбейте түскен шақ.

Алтын тісті байын ертіп әр жексенбіде «төркіншілеп» келіп тұратын Әлия күздің бір сембі күні түстен кейін жалғыз жетті. Кеш түсе келген Асылқан ақын қалжыңдай кірді оған:

- Қарындас күйлімісің? Бұл амандасуға Әлия жымия амандасты да мен күліп жібердім:

- Ағасы қарындасының алдымен күйін сұрай ма екен?

- Күйеуі жоқта күйін біле қойғым келгені ғой, бұл қарындасымның сонысынан басқасын сұрағым келмейді!

Әлия үй жұмысына көмектесу жөнімен ауыз үйге шыға күлді де, Асылқан маған ойлана қарап күбірледі:

- Биғаш, жағдай тынысы кеңіп қалды ғой, сөйтсе де «сақтықта қорлық жоқ», айтып қояйын, ерлі-зайыпты осы екеуі де бай саудагер балалары емес пе, орайшыл қулар көрінді. Пролетарият партиясына да алдымен кіріп ала қоюларын көрмеймісің. Көзің енді ғана ашылып келе жатқанда қырсық болып, кезеңнен тосып жүрмесін!

- Дұрыс. Мына өлекшіні тіпті сатымпаз болатын. Бірақ қазір екеуі де партия мектебінде істейді. Көкіректеріне аз да болса Марксизм сәулесі түспесе, аса сезімтал таразының бұл орны партия қызметіне қалай қабылдайды. Ал, қалай болғанда да енді маған не қылмақ! «Өз аяқтарымен келген соң жүрсін» деп, Мақпал да қорғаштай береді,- дедім.

Дастарқанымыз Әлияның қолымен жайылып, Әлияның қолымен ұсынылған шәй шынысын Асылқан қол-молымен қоса уыстап, түгел тартты өзіне қарай:

- Алыстан келген қонақсың ғой, отыр мұнда, шәйді келінімнің өзі-ақ құяды!

- Мен де бөтеніңіз емес шығармын!- дегенінде Әлияның жүйрік көзі маған жарқ етіп өте шығып, Мақпалға барып түсті. Оқудағы сіңілім... жұмыс басты болған соң тым болмаса сембілігіне көмектесейін деп келгенім!..

- Отыра ғой әпкетай, шаршап келдіңіз!- деген Мақпалдың жауабы айтылғанша Асылқанның жуантұғыр қолы қызыл түлкіні жамбасына басып үлгіріп еді. Рақымқан атты көне сабақтас төрт-бес жігіт ертіп кіріп келгенде тыпырлай түскен Әлияны тіпті бүрді.

- Маған деген құштарлығыңды сарт күйеуің келіп көргенше жібермеймін!

- Одан қорыққаным емес, жұмысым бар, қоя беріңізші!

- Жоқ, саған жұмыс артылмайды, қорықпайтының рас болса, қозғалма!- деп Асылқан мытып-мытып жіберді бір жерлерін.

- Үйбай-и-и  не бетімді айтайын!

-                   Ей кәрі ит, қоя бер баланы!- Рақымқан күшпен айырды да Әлияның орнына отыра қалды өзі.

-                   Қалқам, мына аюдан құтқарушың мен болғанымды ұмыта көрме!

- Рахмет ағай! Әлия ауыз үйге шығып кеткен соң күбірледі Асылқан:

- Сартын шамдандырып, Биғабілді осы жабысқақтардан құтқарайын деп отырсам!...

- Қуын өзінің!- қарқылдай күлді Рақымқан. - Бір елді мешеулік пен кедейліктен құтқарамын, жарылқаймын деп келіп жанын суыратын отаршылардың сөзі ғой мынауың! Бәйбішесіне жабысуың, Биғабілға жаның ашығаны екен-ау!

Бұл жаныстыруға келгенде Мақпал маған қарап қойып сықылықтады да, бір жағымда отырған Ынтықбай әдейі жани түсті оны:

- Нұрияш, мыналар сені тоқал дегісі келіп отыр ма, қалай өздері?

- Дегісі келгенді қойып, деп болмады ма!... Іштері күйсе тұз жаласын, шақырып келейінші өзін!- деп күле түрегелді Мақпал. Ауыз үйден Әлияны қолтықтап, тартып әкеліп, менің қатарыма отырғызды да өзі төменгі жағынан шәй құйды. - Ал, енді не демексіздер?

Әлия ештеңе ұқпағансып, жан-жағына жалтақтай түсті:

- Не болды, не болды, күлесіздер ғой?

-  «Бәйбіше-тоқал» деп мыналар екеуіміздің татулығымызды көре алмай отыр!- деп Мақпал әшкерелей салды. - Бәйбіше болып-ақ отыршы қане, қайтер екен!

Әлия орнынан ыршып тұрды:

- Жоқ-жоқ, Құдай сақтасын, өзімнің ерім тұрғанда!.. Ол естісе бұл қалжыңдарыңызды... Арамызға от салмаңыздаршы!

Қалжыңнан ұтылмау ойымен «отыр, бәйбіше!» деп, Әлияның қолынан тартып едім, бір саусағымды байқатпай қысып қалып, отыра кетті.

- Ал, абысын болсақ несі бар екен?- деп күлді Мақпал. Әлия шегіне отырып қызарақтай сөйледі:

- Бұл қалжыңды қойшы Нұрияш, ерім келіп қалады!

Қонақтар дуылдап күле алқалады Мақпалды:

- Жарадың Нұрияш, жарадың!

- Өз күшіне сенімі толық-ақ екен!

- Мұндай мінезі болмаса, Биған «Нұрияш» атай ма!- деп Тоқбай атты жас ақын сүйінші айтты да, Құлжан ашық көпшікшіл әдетімен көкке бір-ақ шығарды.

- Биғандай ғалымымызға екі әйел түгіл төрт әйел әперсек те көп болмас!

Бұл ұшырмаға, қынжыла қарағанымды сезбей қалыппын. Құлжанға Рақымқан тойтарыс айтты:

- Биғабілдің халыққа сіңірген еңбегі үшін халықтың жауы етіп, феодалға айналдырсаң, сыйлайды-ақ екенсің! «Төрт қатының» не айтып отырған?

- Қалжың ғой! - дей салды Құлжан. Бәріміз күлдік.

- Ондай қыз-келіншек өндіретін зауытың болса, алдымен өзіңе бір сұлуын... Сонан соң үйлене алмай жүрген бізді де есіркерсің!- деп Ясынәмәт атты ұйғыр қызметтесім қарқылдады. - Бірақ, «қазақ байыса қатын алады» деп бәрін Биғабілге беретін ұқсайсың ғой!

- Ұлы Сталинді де аздырған осындай жарамсақтық-ау!- күңк ете түсті Есқали. Оған жауапты Рақымқан ашық қайырды:

- Мына Биғабілға төрт қатын әпермек болғанда, ондай көсемдерге дүниедегі барлық қыз-келіншекті түгел жиып беруді де көпсінбеген шығар!

- Өзім Хрущевтің жекеге табынуға қарсы әрекет қозғауының туралығын енді толық түсініп отырмын!- деген күңкілмен Асылқан тұқырды.

Мақұлбек дәу жалт қарады оған:

- Бірақ, ол науқан дұрыс болса, Маужуши қарсылық мәлімдер ме еді!

Құлжан енді өзінің жаңағы жарамсақтығының қарсы жағынан шыға келді:

- Маужушидың өзі де табындырушы жағында екендігін осы қарсылығы-ақ дәлелдеп отырмай ма!

Негізгі айтыс тақырыбына осылай толқып-толықсып келіп тағы көшті қонақтарым. Қып-қызыл Есқали күреңіте қалып Құлжанның бұл дәлеліне қарсы дәлел қойды:

- Туған күнін мерекелеуге де тиым салған Маужуши, «маған табыныңдар» деді ме саған!

- Тарихта қай мемлекет басшысы маған табыныңдар деп табындырып еді!- деп Тоқбай оған қарсы түсінік айтты. - Бәрі де емеурінмен табындырып келмеді ме! «Жасасын» демей қойсаң жағаттаушылары жағаңнан ала түспеуші ме еді. Қазір жағдай біраз кеңіген соң ғана тіліміз шығып отыр ғой. Бұдан сәл бұрынырақ «табындырма» десең өзіңді тамұқтан көрер едің!

Тоқбай өзін осылай жақтай қалғанда шарға денелі Құлжан кердиіп шалқалай қалды:

- Менікі қалжың ғой, әншейін!

- Біле білсеңдер Маужушидың жекеге табынуға қарсы үлесі көп!- деп Есқалиды Рақымқан қуаттады. - Қала, қалашықтарға, өндіріс орындарына Совет одағындағы сияқты жеке адамдардың атын қоймау жөніндегі бұйрығын да ұмытып қалдыңдар ма!... Шындығында мәселе көсемдерде емес, көпшілдерде. «Данышпан көсем», «күн көсем» деп көкке сонау тәңірдің орнына отырғызып қойып, қайтадан орнына түсіре алмай кердитіп қоятын осындай қос құйрықты жағымпаздар ғана!.. Жаңағы Құлжанның Биғабілді қолпаштауы дәл соның мысалы емес пе!

- Сіз менің сол сөзімді жағымпаздық санап қалдыңыз ба? - кеңкілдей күлді Құлжан. - Оным Биғанды жақсы көргендігімнен ғана айтылып қалды ғой!

- Құлжан, сенің сол «жақсы көруіңнің» өзі, басқаға да кесірі бар жағаттау!- деп қалған Асылқан сөзді бұл «қорқынышты» тақырыптан бұрып, жәй қалжыңға ауыстырмақ болды. Мына сұлулары жетпей отырғандай, Биғабілға бәрін үйіп-төгіп, арық кемпірлерге бізді мәңгі матамақсың ғой тегі! Менің де бір жас иісті иіскейін деген үмітімді ескерсеңші ит-ау!

Рақымқанның тігіл сөгісіне қызынып қалған Құлжан бұл қалжыңды естімей де қалғандай сөйлеп кетті:

- Мен тағы бір шындықты айтайыншы! Жекеге табынушылық жоқ деп мені ғана жаманатты жағымпаз етпек болдыңдар ғой, қане айтыңдаршы, ұлы көсеміміз Маужуши түгіл жай ғана бір аудан шужилеріне[1] де жалбарақтап иіліп-бүгіле қаласыздар ғой, бұл, табынушылық емес пе?

- Секретарлар - партияның өкілі, Маужуши - партияның көсемі. Біздің оларды құрметтеуіміз - партияға арналған құрмет. Ондай құрмет пен табынудың парқын айырмай, бәрін жалбарыну-табыну десеңдер, қателесесіңдер жолдастар! - деп Ынтықбай Құлжанға қаратып тоқтау айтты.

- Әрқандай әрекеттің шегі болады,- дедім мен. Ынтықбайдың пікірін бас изеп қуаттай сала қосымша қостым. Көпшілік жым бола қалды. - Шегінен асыра жеген бал да у. Ал, «жақсы көру», «құрметтеу» дейтін адамзатта ғана болатын ізгі қасиеттің белгісін өз шегінен асырып жіберсе, құлшылық пен табынушылық келіп шықпақ. Мұны біле тұрып, қасақана істесе, қастық-шіріткіш бактерия шашқандық болады!

- Міне, міне дәл айттыңыз, ой айналайын Биғаным-ай!- деп Құлжан алдыма түсіп, жорғақтай жөнелді. - Дәл өлшем, дарулы қортынды болды! Ал енді партияға арналған осы құрметімізді шегінен асырып, табынушылыққа айналдырып отырған кім, соны ұқтырыңызшы!

- Шегінен асырған сен. Және сендейлер шығар!- деп жымия қарағанымда, ду күлді көпшілік. Күлкі тоқтаған соң күрсіне жалғастырдым сөзімді. - Жаңа ғана көз ашып отырған пәк сәби мешеу халықтың арасына тасаланып алып, адам аулайтын арамза аз ба!

Құлжан шамданайын деп оқталды да әлдене ойға келгендей, қосыла күліп алды.

- Мен енді шыныма келмесем болмады,- деді сонан соң. - Алдымен бір мәселені айқындап алайын, табынушыларды түгел арамза дедіңіз бе?

- Жоқ, бәрі арамза емес, қашан да мақсатсыз аңқау, пәк мешеу ерушілер көп болады ғой. Мәселен сен атамасаң, мен қашан «ғалым» аталып едім? Ал, институт бітірген Құлжан молла «ғалымымыз» деп жалбарақтағанда сені оқымысты санайтындар маған рас ғұлама екен -деп табынбай ма!... Ғалым екенмін деп менің де кеселдене түспесіме кім кепіл!... Шапағат тигізерлік ешқандай лауазымы жоқ мені өтіріктен өтірік осылай қауқитып ұшыратқаныңда үкімет басшыларын, партия көсемдерін не оңдырмақсыңдар!...

- Аллай, Аллай, жазықсыз бүрдіңіз-ау!... Енді шынымды айтып құтылайын, шынын айтқанға сот жоқ шығар. Мен өзім ғой, сізді ғалым деп танитыным рас. Оған шығарып отырған кітаптарыңыз - оқулықтарыңыз куә! Бұл, сізден бір шапағат-мәнпағат іздеп, жалған жағымпазданғаным емес!

- Шын табынғаным десеңші онан да!

- Қалжыңды қоя тұршы Рақа, сөйлеп болайын!... Ал, жағымпаздар аз емес дегеніңіз ып-рас, бостандықтан кейін тіпті көбейді. Қазір Маузыдұң жушиға, компартияға жағынғысы келмейтін ешкім жоқ. «Компартия дегеніміз Маужуши, Маужуши дегеніміз - компартия» деп оқымадық па! Партия қатарына өтуді талап етушілерге қойылатын шарт біреу ғана. Төңкерісші болу ғой. Ал, төңкерісші болудың белгісі - партия жақта тұру. Яғни Маужуши жақта, әр дәрежелі шужилер жақта болу ғана. Демек, партияға кірудің шарты, сайып келгенде соларға жалбарақтау, соларға табыну екен. «Ақиқатты амалияттан іздейміз» дегендегі іздеп таңдайтын амалияты бастан өткізген тұрмыс-тарихымыз емес, табымыз емес, санамыз емес, тек нақ майданда қолма-қол табыну ғана болып қалды. Олардың көпшілігін көтермей, жағынбай-табынбай партия қатарына өту қайда? Қане, жекеге табыну біздің елде жоқ деушілер енді дәлелдеп көріңіздерші! Және жекеге әркім өздігінен табынғысы келіп табынып отыр ма, жоқ, коммунизмге бастаушының өзі табынуымызды шарт етіп табындырып отыр ма?

Бұл сөзге келгенде Рақымқанның қақшиып отырған басы сылқ түсті де мен жасыра күрсініп алдым. Ынтықбай мен Асылқан тұқыра түсті. Құлжан сиқырдың бұл сөзінде белгілі мөлшерде шындық бар еді. Ал, мұның көмескі қолдаушысы Мақұлбек төмен қарап ыржыңдай берді. Есқалидың көзі жүзінше қызарып, шекшірейе қалды да тұтығып-түтеп шығарды сөзін:

- Жа-жа-жаппа жалаңды, п-п-партия қатарына солай табынып алдайтын орайшылдар ғана өтіп жатыр ма?

- Көргенді к...деп жеңуге болмайды ғой,- Құлжан мүләйімсінген бәсең үнмен жыпылықтата сөйлеп кетті. - «Кім төңкерісшілер жақтан көрінсе сол төңкерісші. Кім жиянгерлік, феодализм, бюрократ капитализм жақтан көрінсе, сол кері төңкерісші»[2] емес пе, тек өздерің мендей шынын сөйлеушіні арамза қатарына қоса көрмеңіздер! Осы отырған достардың өзімен-ақ дәлелдеп берейін мысалын: пролетарияттың осы партиясына Ауыл пролетарынан шыққан ғалым төңкерісші Биғабіл қабылданды ма? Кедей шаруа баласы, төңкеріс сабында өскен Рақаң қабылданды ма? Пролетар баласы мына мен қабылдандым ба? Мына ақ жүрек Тоқбай қабылданды ма? Қаршадайынан жетім қалып, төңкерістің жасырын қызметінде өскен Күлән жеңгем қабылданды ма? Ынтекең ғой, төңкеріс армиясының саяси қызметінде жүріп, жазатайымда өтіп қалыпты. Менің Мақпал жеңгем мал иесі зәңгінің қызы болса да феодализмнің теперішін қатты көргендіктен партия мектебіндегі ханзу «шешесінің» көмегімен өтіпті. Ал Асекеңнің гомендан сақшы мектебінен оқыған жазығы бар болсын. Мына Мақұлбек дәу атақты алпауыттың баласы, бұл да асықпай тұра тұрсын, өту алдында ғой. Ал осындай достардан компартия мен комсомолға өткендер кімдер екеніне қараңдаршы: панатик молланың мына Есқали мырзасы комсомолға қалай өте қойған? Идеясыз, жалтақойлығы үшін бе? - Бұл сөзге келгенде Есқали түтігіп, тістене түсті. Мен ишаралап басу айттым. Әріптесінен кегін осылай алып жіберген Құлжан, сөзін бейғам жалғастыра берді. - Мына Әлия ханым партияға не істеп беріп өткен? Компрадордың қызы болғандығы үшін бе? Капиталистің ұлы алтын тіс ағай не қасиетімен өткен?

- Құлжан аға, бізді де күндедіңіз бе енді?- деп Әлия қызарақтап шыға жөнелді.

- Құлжан өзіңнің еркектен шыққан нұсқаласың ғой, сені күндей қоймас! - Ынтықбай сүзе қарап күлді де, бұл мысқылды Тоқбай толықтады:

- Тірі болса Құлжан ағаң да партияның бір тесігін тауып кіріп ала қояр әлі!

Құлжан олардың қағытпасын естімегенсіп, жалғастыра берді сөзін:

- Дабырламаңдар ағайындар, сөзімді бітіріп алайын!.. Осындай шебер жағымпаз жаулардан партия қатарын толтыра қойғандар аз ба! Мәселен Ақыметқан бай, Асқар ұры, Мәметжан көпес, Дәуіт молла, Далжын келең, Тұрды шаңя, Тоқты шаңзұң...

- Болды, болды!- деді Ясынәмәт қызыныңқырап. - Шешесінің батегінен тақсы[3] құшақтай туған ондай тақсыпаздарды санап тауыса алмайсың! Компартияға мұндайлар қалай-қалай өтіп алды дейсің, қане, соныңды айтшы онан да!

- Айтқамын ғой жаңа! - Екі жағына көзін ойнақтата қараған Құлжан енді бір түрлі артистік кейіпке кіре қалды. - По-по-по, партия үстінен ғайбат айтқаныма қыптарың қанып-ақ қалған екен-ау!... Қайтер екен деп қалжыңдасам...

Құлжан осы құбылысымен орындық арқалығына сылық түсіп қарқылдай күлді. Сұм шарғының жылп етіп енді былай шыға қалуына мен жирене қарадым да өзі тұрғылас бірнешеу түлкі көрген көп тазша ұтылап қуа жөнелердей төніп еді. Есік жақтан бастап екі-үш жігіт түрегелгенде жалт қарасам, Күлән кірген екен. Орын кеңітіп, өзінің «ынтасының» қасына отырғыздым. Мақпал "әпкесінің" сырт киімін шештіріп апарып, киім ілгішке ілді. Іші шығыңқырап қалған Күлән, екіқабат болғалы толықсып, тіпті ажарлана түсіп еді. Зымыстан қыста да, жайдары жазда да бір қалыпты, ащыға да, тұщыға да ортақ, бірге өсіп-біте қайнасқан, өмірдегі ең жақын сырлас досыма күлімсірей қарадым.

- Танымай қалдың ба, Биғаш?- деп ол да күлімсірей сұрады да жауап күтпей-ақ көпшілікке жағалата қарап, бірнешеуіне ауыз жыбырлатып амандасты. - Әңгімелеріңізді бөліп қойдым ба, жалғастыра беріңіздер!

Осында отырғандар түгел құрметтейтіндігі мен қыран қаршығадай іліп түсетін ашық тілділігінен жасқанатындықтары қосылып, Күлән кірген соң жым-жырт болып қалып еді. Оның әйелдер ұйымындағы қызметіне байланыстыра қалжыңдап Рақымқан жол ашты:

- Көбі бойдақ қулар ғой, сенің алдыңда сыпайылық сақтап сырбазсымаса «шүйке бас» ала алмайтындықтарын да біледі!

- Орынсыз сыпайыси қалатын жігіттерге біздің қыздардың жер сипатып кететінін де білетін шығар! - деп Күлән күлгенде бойдақтардың бәрі күлді. Мұндайда күлкі үшін өзін де қосақтап көсіп жіберетін қу тілді Нұралы әдеттегі тәуекеліне басып қалды:

- Жеңешетай, әйтеуір бас жібін қолымызға бір ұстатыңызшы, айрылсақ обалымыз өзімізге!

- Ондай бас жіпті-ноқталыларды лайық көрсеңіздер, оның жөні басқа ғой!

- Япырай, көзсіз әңгі неме-ай, қалай домалап кеткеніңді өзің де сезбей қалдың-ау!- деп Асылқан Нұралыға қарап күңіренгенде күлкі тіпті үдеп, кең үйді көтере жөнелгендей сезілді.

- Асеке, менен қам жемеңіз!- деді Нұралы күңгірлеп. Қысыңқы көзі күлкімен жұмыла түсті. Бұйра қоңыр шашын уқалап жіберіп жалғастырды сөзін. - Мені енді бойдақ қатарына қосып домалатпайтын бір құшынаш үйімде отырғанын өзіңіз де білесіз ғой. Күләш жеңешеме бұл өтінішті мына кәрі бойдақ Құлжан айтқызып, домалап жатыр!

- Ей, өзің түскен орға бізді де ала түспекпісің, қашан айт деппін саған,- деп Құлжан қызарақтағанда Нұралы үстемелеп соқты:

- Басқаларды ала жығылу өзіңмен кетсін, сенің халың айтқызды дедім ғой, бетіңдегі ұятты шешек жеп кеткен бейшара-ау, ұялған не теңің сенің! Сондай басы жіпті, төрт аяқты «сұлулар» болмаса, екі аяқтылары жуыр ма саған!...

- Әлгіндегі егесті айтыста қызынып, шатақтасып қалмасын деген сақтанумен ішімдік шығартпай отыр едім. Мынадай таза қалжың тебіренісіне келгенде шыдай алмадым, ым қақтым Мақпалға. Ол ымның не сұраған ым екенін есік жақта тұрып Әлия қағып әкетті: қуырып қойған көк азықтарын тәрелке-тәрелкесімен кіргізіп, дастарқанға тізе қойды. Әйелдер жаққа сыра, шарап, ерлер жаққа мөлдіреп ақ арақ келгенде Құлжан жайнаңдап сала берді де, бірер жұтып алған соң тағы да сайрай жөнелді:

- Ағалар, достар, күлкі үшін әртүрлі сөз болады ғой, артық-ауыс кеткенін кешіріселік! Өзара кешіріспесек, бізді қай жан кешірмек!... Өзімсініп сөйлейміз, еркіндеп бір отырыста бір жасап қалғымыз келеді. Жасасын қалжың-күлкі! Жоғалсын ашу-ыза! Жасасын ұйытқымыз, жас та болса бас болып, жас отауын біз үшін қара шаңыраққа айналдырып отырған Биған аға!...

- Ей, енді шұп-шұбар құйрығыңды бұлғаңдата бермей қысыңқырап отырсаң қайтер еді!- еп Есқали күбірлей түйілгенде Құлжан қарқ-қарқ күлді.

- Өзім де ескеріп отырмын бауырым, бағанағы бір сөзім ауырырақ тиді саған, бір-екі жас кішілігің бар ғой, кешір! «Жаны күйген тәңірін қарғайды», сенен басқамызда жекеге табынушылық жоқ деп тышатанған соң қайтейін енді, тамырларыңды түгел қазып шықпасыма болмады! Ал, мен өзім осы дүниеде Биғаннан басқа ешкімге де табынған емеспін. Айттым ғой, оным қате емес, талантқа кім табынбайды! Дарынға табынуымыз қате емес, табыну қажет болса, осыған ғана табыналық!...

Ішімдікке қосылмай, жәй әңгімемен шәй ішіп отырған Күлән жатырқай қарады Құлжанға. Менің де көзіме иектеген албастыдай көрініп, түйіліп қалып едім, қолым дір қаққандай болды.

- Сабыр ет Биғаш!- деп күбірледі Күлән. - Сен тиіссең үйінен қуды дер!

- Құлжан-ей!- деп Асылқан да, Рақымқан да, Ынтықбай да оған қой дегендей бас шайқап тоқтата алмады. Өршелене түсті Құлжан:

- ...Бірақ қазірше ешкімге де зорлық өтпейді ғой,-  дей түрегелді де рюмкасын көтере айланып мен жаққа беттеді.  - Әркімнің сенетін өз тәңірі өзінде. Мен өзім толық сенетін Биғаныммен ғана бір рюмка қағыстырайыншы!

- Қағыстыр, қағыстыра сал, нең кетеді!- деп төр жағымнан Күлән күбірледі де мен Құлжанның рюмкасын алып, столға қоя сала түрегелдім:

- Сен осында арақ ішіп келгенбісің?... Маспысың, жағың сенер емес қой?

- Жо-жо-жоқ, ішкенім жаңа ғана!

- Олай болса, бері келші! - Жетектей жөнелдім сыртқа қарай. Жаутаң қағып Нұрияшым, жымси күліп Әлия ере шықты.

- Жә, партия мүшелері сенің неңді алды?... «Өзіне табынғанды ғана таңдайды» деп бүтіндей қаралайтындай партия басшылары неңді алды?.. Уыңды бүркіп-бүркіп алып, қалжыңым дей салатындай кімді ақымақ көресің сонша!

- Пәле, сіз де... сіз де осындай... қалжыңды сіздің де шын көргеніңіз бе?

- Қалжыңдайтындай партия сенің құрдасың ба еді, иә, мұншалық ажуалайтын жауың ба еді?... Партияға табынбай осы үйге бас сұғушы болма мұнан соң! Бұл үй партияның үйі, мен - компартияның құлы, мені құтқарған, өсірген коммунистік партия ғана!... Бар, қайт!

- Сіз де... Сіз де сондай ма едіңіз! - Құлжан нық-нық басып жүріп кетті де, мен Әлияның көзінше Нұрияшымды құшақтап құшырлана сүйдім.

- «Үмматымды» қуып жібердім!- деп қонақтарымды күлдіре кірдім үйге. Рюмка көтере сөйледім. - Жолдастар, біз, жекеге табынуға қарсы тұрсақ та партияға табынуымыз ақаусыз сақталуға тиісті. Себебі, бұл, пролетарияттың, жалпы еңбекшілердің партиясы. Дүниені жаратқан еңбек. Бізді адам қатарына қосып, еңбегімізді жандырған осы партия. Біреуге паразитша жабысып-сүйеніп өсуді ғана мақсат етіп кәукелектейтін екі жүзді ең улы шіріткіш-жағымпаздық бактериясы жоғалсын!

Қонақтарым қопарыла түрегеліп, пікірімді құптап-қуаттай көтерді ыдыстарын. Бар жайымды білетін Күлән, көз жасын ыршытып жіберіп күлді.

- Жеңешетай, Құлжанға енді ұрғашы көрсете көрмеңіз,- деп ду күлдірді Нұралы. Асылқан ептей қосымшалап, Құлжанға одан да дөрекірек «қастық» сайлады:

- Қисынын тауып, өзіндей көк бетке қосқан жөн шығар!... Мұнымыз талап емес, пікір ғой, өзіңіз біліңіз! Біздікі тек әйтеуір екеуі теңдікпен тілдессін деген ғана халыстық қой...

- Көк бет еркі-алдына қояр ма бұл қортықты!-Нұралының бұл күңкілі де естіліп қалды.

- Жә, қойыңдар енді!- деп сақылдап күлді Күлән. Әзілді-жарасымды отырыс қалпына келе қалды...

Біздің үйден Құлжан қуылған сол отырыстан кейінгі бір күні газеттерге Совет компартиясының бас секретары Хрущевтің бір съезде сөйлеген сөзі шықты. Онда Жұңго компартиясы арнаулы мысал ретінде аталып мадақталыпты: «Социализм жаулары марксизм дағдарысқа тап болды, тоқырады деседі. Егер марксизмнің өміршеңдігі болмаса, дамымаса, Маузыдұң басшылығындағы қытай компартиясының қазіргі жетістіктерін, дүниені дүр сілкіндіріп жатқан жаңалық табыстарын қайда жасырмақ!» деген сөзі менің көзімді жарық еткізді. Бадырая түсті сол абзац. Құлжанның көзін (егер сол көркөкірек дұрыс түсіне алса) тіпті бадырайтып, шығарып жібере жаздаған шығар деген оймен жымидым.

Іле-шала көсеміміздің бүкіл әлемнің көзін бадырайтуға кіріскені байқалды. Жаңа демократизмнен социализмге өтудің «сара жолын» белгілепті:

«Дүниені дүр сілкіндіретін зор күшпен көп, тез, жақсы және үнемшілдікпен істеп социализм құрайық!» деген бір ғана ұранмен тұлғаланыпты бұл «бас жол». Кедей де мешеу бір елде капитализмнен аттап өтіп, социализмді осындай тез іске асыра қоюдың кепілдігі ретінде «зор секіріп ілгерілеу» мен «Халық коммунасының» жобасын да жариялады. Өнеркәсіпте «зор секіріп ілгерілеу» арқылы капитализмнің ең озбыр мыстаны аталған Англияны «он-ақ жылда басып озамыз» да, ауылшаруашылығындағы «Халық коммуналары» арқылы шаруашылық және тұрмыстық салт-сана жағынан басқа социалистік елдерден де оза заулатып коммунизмнің табалдырығында бір-ақ тынықпақ екенбіз. Олай болатыны, біздің  ауылшаруашылық коллективінің атының өзі де «Коммуна» емес пе. Бір-бір район халқын бір-бір ғана тайқазаннан тамақтандырып, кербақпа жекешілдікке кіретін қуыс қалдырмаған соң, көкірегімізге коммунизм идеялогиясынан басқа не орнамақ!

Партияның орталық комитеті жағынан «үш қызыл ту» аталған осы «бас жол», «зор секіріп ілгерілеу», «Халық коммунасы» туралы жобаларды үлкенді-кішілі әр-бір орындар талқылап үйренуге кірісті. Талқыға салып пікір сұрау емес, миымызға қайткенде де сіңіріп, санамызға орнату ғана талап етілгендей нысай бар. Көпшілік қызметкерлер қатарында да, өздігімнен де шұқшиып оқып, тауекелге секіруден басқа қисын іздеумен болдым. Қадалған көзімнен кер үтір, нүктелерінің бірде-бірі қағыс қалмады. Бірақ, тергеушім кешіре көр, сол шақта «үш қызыл тудың» миыма кірген-кірмегенін қазірге дейін сезе алғаным жоқ. Санамда тек бір ғана, бір болса да бірегей, тоқ қызыл-зор қызыл ту бар еді. Ол: «Шынайы коммунизмші партия нендей тақырыпта нұсқау шығарса да өзінің бағыныстыларына зиянды оймен шығармайды» деген сенім. Осы ту - қазірге дейін менің бірден-бір үкімшім. Санамның ең биік шоқысында әлі де өз салтанатымен желбіреп тұр. Бұл үкімшім сол шақта бір ескертуін минут сайын қайталап айтып тұрғандай сезілген: «Миыңа сіңбесе де ұғып ал, коммунистік партия - зәулығалам жаңсақ нұсқап жаңыла қалса да өз қателігін өзі түзетіп алатын партия. Өзін-өзі ашық сындап түзететін партия шын ниетті коммунизмшілдіктің мүкіссіз таразысы да осы қасиеті»,- деп тұрғанын анық ұғып отырғаны әлі де есімде. Ендігі жүрер жолымыз - істер қызметіміз жөніндегі зор кезеңдік мәні бар бұл үйренісіміз талқысыз-талассыз жоба мақалаларды қайталап-қайталап сыдыртып оқумен ғана өте берді, сөйтіп. «Не түсіндің, қате ме, дұрыс па, сізше қалай, қандай пікірің бар? Бұған қызметіңді қалай байланыстырмақсың?» деп сұраған да ешкім болмады.

«Үш қызыл туды» көкейге қондырып, санаға көтеретін қуаттаушы пікір емес, қудалап қыжыртатын қитұрқы пікірлер шыға бастады: «көсеміміздің мақтанпаздыққа қаншалық жат екенін», «жекеге табынуға қаншалық қарсы екенін» осынысының өзі-ақ көрсетер-ау әлі, Хрущевті мадақ лебізімен аспанға бір-ақ ыршымады ма! - деген дұспандық күлкі естілді. Мұның кімнен шыққанын біле алмай жүргенімде «өзі жүйрік, өзі жорға, өзі шаршамайтын, дем алмайтын, су ішіп, шөп жемейтін көлік болсын деген бұйрық таратылыпты, мұндай ат қайда бар!... Машина болса да бензин ішпей ме!»- дейтін шенеме сөз шығыпты. «Бас жолға» қаратылған сын екені белгілі болса да, мұның да қайдан шыққанын білмедік. (Партия орталығында бұл жобаға қарсы пікірлер туылып, ондай пікірдегілерге «Оңшыл оппортунизм» деген қалпақ жасалып жатқанын ол шақта естімегенбіз). Тек, «Тап жауларының былжырағы шығар» дей салды достарым. Бірақ, «Тап жауларының былжырағына» қарсы қолданатын соққылы жауаптарын бұл сынға ешқайсысы қолдана алмады. Өйтетіні, мұнда социализмді сүйетін идея, халыққа жаны ашитын жүрек, аз да болса маркстік ғылыми қисын, логика бары байқалады. Бұған мен де тиісе алмай, «мұндай қарсы пікірлерді қазірше таратушы болмайық. Партияның өзі бірдеме дер!» деп қана қойдым.

Бір күні кешкі қонаққа шақырған Асылқанның үйіне Құлжан өз әдетінше бізден бұрын жетіп, шақырылмаса да төрлетіп отыра қалыпты. Мен кіргенде далбыр қағып тұра жүгіріп шляпам мен пальтомды ілді. Сүйемелдеп апарып төрге отырғызды да қолтығыма кіре түсті. Жолбасшымызбен «Бас жолға» қарсы әлгі қағытпа сындарды маған жаңа хабар ретінде әңгімелеп, «шағына» тілдеді:

- ... Қанша тәрбиелесек те қорс етерін қоймаған бұл доңыз жау бас жолымызды былай қойып, Маужуши мен партияны әлдеқалай бір мақтаншақ-ұшқалақ, ақымақ етіп масқаралағанына қалай шыдармыз!... Дәл осы өсектеріне қарсы бір үлкен мақала жазуға дайындалып жатырмын!- дегенінде бізбен бірге келіп отырған Ақия оған бір түрлі жиренішпен қарап, мырс ете түсті. Құлжан оған нығыздана, асқақтай қарап қойып жалғастырды сөзін. - Езуші таптарды түп-тұқиянымен құрытпай бұл иттер партияның балағынан алуын қоймайды екен!... Ойлаңызшы Биға, партия Жұңго халқын бастап, социализм мен коммунизмге тез жеткізетін осындай айқын жол жасай алғанда соған лайық көлік жасай алмай ма!.. Феодализмнің құдайлары жаратты делінетін жүйрік тұлпарлардан капитализмнің өнермендері жаратқан аэропландары қаншалық жүйрік болса, одан әлде қайда жүйрік жер серігін социялистік Совет Одағы ұшырағанын сол кертартпа топ соқырлары көрмеді ме!... Ал, солардың бәрін таңдандырып отырған ұлы Маужуши басшылығындағы біздің коммунизмші партиямыз олардың бәрінен жүйрік көлік жарата алатындығына көзі жетпей ме!... Жетеді, бірақ көргісі келмейді. Тек жаулығымен көре алмастығымен ғана шығарып отыр бұл өсектерді! Халықтың партияға сенген ыстық ықыласын суыту үшін шығарып отыр! Олардың осыншалық қара жүректерін, өсіп кеткен арам бездерімен қосып жұлып тастамай партияға қарсы мұндай өсек тоқтамайды!...

Әнеу күні ғана компартияның «балағынан алғандығы» үшін үйімнен қуылған Құлжанның өкпесі бұл жолы мені ыразы ету үшін ғана қабынып отырғанын сезіп, жымия түстім. «Партияға табынғандығымды осындай екпінмен жеткізбесем, бұл сұм сене қоймас» деген долбармен кереңге сөйлегендей, соқырдың көзіне түрткендей, тайыншаның мұрнын жұдырықпен тескендей жасаған мына «лекциясына» қарқылдап күлдім соңында. Сұлу мұрнын тыжыра тыңдаған Ақия, Құмарға бұған не дерсің дегендей бір қарап алып, Құлжанды кекесінді үнмен мысқылдады:

-  «Тап жауларының» сенбейтіні «шөп жемейтін, су ішпейтін ат» екен. Мұны жасау жөніндегі ғылымыңды да көрсетсеңші!- деп сыңқ ете түскен күлкісін тия жалғастырды сөзін. - Қазіргі жаратылып жатқан жүйріктердің бір ішкенде қанша тонна май ішіп, қаншалық уран жейтіндігін білетін шығарсың, ғылыми сынға ғылымиырақ жауап қайтарсаңшы, ерікті ауызбен бөрікті бас жұта беремін демей! - Ақияның соңғы сөзі тыңдаушыларын сүйіндіре түскендей жымыңдатты. Көп адам айта алмайтын болған тым алғыр ерліктің сөзі еді бұл.

- І...і...і... сұлуым, артың ашылып-ақ қалды-ау осы сөзіңнен!- деп қарқ-қарқ күлді Құлжан. Өзін менсінбей Құмарды сүйіп, қалыңдық болып кеткен бұрынғы сабақтасы Ақияны мықтап мұқатқандай, қасақана рахаттана күлді. - Жаудың жаулық өсегін «ғылыми» дедің бе ақырында!... Тап жауларына қаншалық ғылыми жауап қажет еді?

Тартысқа жиы қатынасып ашылып қалған мұғалім бойжеткен Құлжанның бұл жабайы қыжыртпасынан қысыла қояр емес, өзін бүре түсті:

- Өзің адам болсаң, жаудың бұл сынын жабайы көріп, жабайы жыртқышша қарсы атылмас едің! - дей салды. Көпшіліктің бұл жауапты да қуаттаған күлкісінен Құлжанның бетіндегі шұбары бөртіп-бөртіп шыға келгендей көрінді. Ашумен булыға тастады зілін:

- Кімнің жоғын жоқтап, сойылын соғып отырғаның белгілі болды ғой, көрерміз әлі!

- Көптен-ақ көрісіп жүрген жайың мәлім Құлжансың ғой, көріссек көрісерміз.

- Жауың жабайы, тағы аң болса да сол жабайылықты тек адамша ақыл-сана мәдениетімен ауласаң ғана толық жеңе аласың, Ақияның пікірі сол ғана ғой!- деп Күлән анықтады да, менің Нұрияшым мұның кері қатынасы арқылы тіпті айқындады:

- Жау тап адамдарын түгел жабайы аңға санап, істі сол «аңның» өздерінше жүргізсек, жер шарында арсыл мен күрсіл, ақыру мен бақыру ғана қалмай ма!

Үй толы адам дуылдай құптады бұл сөзді, «жөн-ақ-ау!» десіп күлді. Сөзі құпталса да жүзі қызара қалды Мақпалдың. Әйелдер столының төрінде отырған Күлән оған бас изей күлімсіреді де бір жағында отырған Ақия құшақтай күлді. Құлжан маған бір қарап алып, қосыла күлген болды да төмен қарап шұлғыды:

- Құрметті жеңгелерім де кірісіп кетті ғой, қойдым енді қойдым, жеңілдім!

- Сенің жеңілісің бұл сөзден ғана емес,- дедім мен, түсіндіре түскім келіп жалғастырдым сөзді. - Алғаш, «езуші таптарды тұқым-тұқиянымен құрту керек» дегеніңде-ақ жеңілгенсің де «Тап жауларына қаншалық ғылыми жауап керек» дегеніңде омақасқансың!... Төңкеріспен қотиындық үйлеспейді. Қотиындық бір мезет қанды соғыста істетілмесе, басқа істе бұзғыншылық-бүлдірушілік рөл атқарады. Төңкеріс қызметінде сана жағынан тәрбиелейтін ғылыми қызмет маңдай алды орында тұруы қажет. Ал, сенің ғылыми жауапты керексізге шығаруың, маркстік ғылыми социализмге мүлде жат, аса жабайы сөз.

- Мен сіздің пікіріңізге бұрыннан құлмын дегемін ғой Биға! - деп қолтығымның астынан ғана күбірлеген Құлжан, жеңілу жөніндегі екінші сөйлемін көтеріле, көпшілікке жариялай сөйледі. - Мен жеңілдім дегенде де әнеу сүзеген қатыннан... Астапыралла, сүзеген бойжеткеннен жеңілгенім емес, өзім қадірлейтін жеңгелерімнен жеңілгенімді ғана мойындаймын. Әйтпесе ғой...

Жаңылғансып «қатын» деген қастық сөзін қоса кеткеніне Ақия күреңіте қалды да, сүйгенін бұлай қорлағанына Құмар кектене қарады. Күлгендей жымиыса да күйгендей тыжырынды. Тоқпай мен Есқали қатар зекірді Құлжанға:

- Ей, жап дәретхана аузыңды.

- Кеше ғана аяғын құшып, табанын жалап жалынып жүр едің ғой, сайқал қортық!

- «Қолы жетпеген қорлаушы» болмай ма, Құлжанның жайын әлі білмейтін, өздерің шартықсыңдар ғой деймін!- деп Нұралы ду күлдірді де Мақұлбек Құлжанды құтқару үшін кінәні Ақияға да артуға тырысты:

- Ақияштың өзі де алдыңғы бір сөзінде қатал тиісіп қойды ғой, әйтпесе «самародный сары алтын» деп тамсанатын Құлжан, «қатын» дей салар ма, қойыңдар енді, бір жолға кешіріңдер!

- Аузымнан оқыс шығып кетті!- деп күмілжіді Құлжан. - Жаңылғанын «астапыралла» деп түзеткен күнәһәрді Құдай кешіреді дейді, кешіріңіздер!

- Ақияштың ол сөзі Құлжанның анайы танымына дәл тауып қайтарылған, ғылыми жауап болатын. - деді Қапас атты ұзын бойлы сида жігіт. - Құлжанның көкірегіндегі өзін тау деп көрсеткісі келетін тинамдай тас сол сөзден ғана домалап түскен болатын. Бірінші рет содан жеңілген. Жеңілгендігін Құлжан мойындаған ба! «Кімнің сойылын соғып отырсың» деп Ақияшқа саяси жұдырық түйген соң ғана кірісті жеңгелері. Ал, Құлжан ғой жұдырығын әлі түйіп отыр. «Қадірлі жеңгелерім кірісті ғой, әйтпесе...» дейді. «Әйтпесе» қайтпек екен, Ақияның сол сөзін қалай жеңбек екен, қане сонысын айтсыншы енді! Қасқыр болып тартып, аю болып жұлар ма едің? Көрсетші өнеріңді!

- Жеңілдім дедім ғой, жеңілдім, жаңылдым Қабеке! Сол сөзден-ақ жеңілгенмін, қойдым енді!

Бұл жалынышына көпшілік бір күліп алып, ол туралы сөз түгіл әзіл-қалжың әңгімені де саябырлатып еді. Қонақтар кешіргендей көрінгенімен көңілсіздік пайда болғанын қонақ иесі Асылқан байқап, тағы да көсемси бастаған Құлжанға қарағыштап қойып отырды. Өзінің ешқандай адам көңілін сындырғысы келмейтін көнімпаз мінезімен шыдайын деседе жайы болмай отырғанын байқадым. Құлжан қақ төрде нықырайып, мен жауапсыз-қақас қалдырған саяси сұрауларын бір жағындағы Ынтықбайға қоя шықылықтаған сайын Асылқанның кең жауырыны бүлік ете түсетінін, аяқ жақтағы Нұралы қуда байқап отырыпты:

- Асеке, жауырыңызға сауысқан қонғаннан сау ма?- деп монтаны үнмен күңгүр ете түсті.

- Одан да қиынырақ! - Күрсіне жымиған Асылқан, шердие теңселіп ауыз үйге шығып кетті. «Кемпіріне» шағым айтқалы шыққанын сезіп күлістік. Кешікпей Асылқан арақ бөтелкелерін көтере кірді де Қаныш «кемпір», тасылып жатқан қуырдақ тәрелкелерін столдарға бөліп орналастыру үшін кірді. Әйелдер жақтың дастарқанын жайғастыра сала біздің алдымызға келіп, ортамыздағы Құлжанға дүрсе қоя берді. Арықша ғана ақсұр Қаныш, шығыңқы үлкен көзін бізге күлімсірете келіп тасырайтты оған:

- Ей, шақырып келтірген сыйлы қонағым сенбе едің, бері шық былай!... Ынтықбай, жайланып жоғарырақ отыршы!

Көпшілік алдында өзін қара жерге қағып жіберген мына күрзіні Құлжан аэропланға айналдырып міне ұшқандай көтеріле күлді.

- Япыр-ау, рас!... Ха-ха-һа-һа... Байқамай араларына жалпиып отырып алыппын ғой!

- Байқамай емес, «жақсы ат өршіл, жаман адам төршіл», қай үйде де кәсібің осы!

Қаныш өз ісімен жүріп кетті де Құлжан біздің қарсымыздағы төменгі орындыққа шалқалай шіреніп алып құрды кісілігін:

- Осы жеңешем, үйреністі көнекөз болғандығынан ба екен, басқа жеңгелерімнің бәрінен жақын көрінеді көзіме. Қайындарына өзімсініп осылай зейіл тиісетіні қандай жарасымды!... Үрімжінің осы жоғарғы жарымы бір ғана коммуна болып коллективтескенде көремін әлі бұл кісіден, ха-ха-ха-һа-һа...а... қолыма түскен қалам ақымды коммунанікі деп қағып алып, қылар-ау әлі қылапатты!... Жә осы «зор секіріп ілгерілеу» ісі бұрын істеліп көрілмеген науқан ғой, Биға, қандай формамен жүргізілер екен?

Құлжанның сөзін де, бұл сұрауын да тыңдамағансып, Ынтықбаймен сөйлесіп отыр едім. Есқали қысқаша жауаппен тойтара салмақ болды оны:

- Секіріп ілгерілеуші тың науқан деп кім айтты саған, азаттықтың екінші жылынан бастап-ақ жүргізіліп келе жатпай ма!

- Мәселен?- бір қолын мықынына тірей сұрады Құлжан бұл сұрауын. Мықырдың саяси шалмасына тағы да оқыс ілініп қалғанын енді сезген Есқали опық жегендей, тұқырып алып қуырдаққа бас қойып еді, бұл сұрауды бүлк еткізіп Мақұлбек қайталады:

- Мәселен.. қай-қай әрекеттерде?

- Мәселен, жаңа демократизм өтпелі дәуір аталғанымен үш үлкен жауды жоя отырып, орнына мығым халық шаруашылығын құратын, мешеуліктен құтылып, әл-ауқатты көтеретін, машақаты көп те ең қажетті дәуір ғой. Осы тарихи зор міндетті жартылай феодал, жартылай отар болып келген елімізде бес-алты жылда ғана орындап шығу, оңай секіру ме!

- Осыны секіріп ілгерілеу деп кім айтты саған? - Құлжан тергеу сұрауын Есқалиға тағы да қойып қалғанда қонақтарына Асылқан ішімдіктің бастама сөзін сөйлеуге дайындалып, рюмкасын көтере түрегеліп еді.

- Құлжан сен... қоясың ба, жоқ па?- деп жіберді. - Бұл отырысымыз саяси кеңестің жиыны емес. Егер ... қысып отыра алмайтын болсаң, шығып кет!

Өзіне бұл тектес ең зор зобалаңның тағы да төне қалғанын білген Құлжан қыса қойды да Асылқан қонақас сөзін сөйлеп болған соң, пияла ыдыстар шықылдасып, сықылдасып сүзісе жөнелді. Қонақ құрсақтарына құтырық суы құйылысымен Құлжанның әлгі сұрауы басқа бір ауыздан қайталанып шыға келді.

- Расында да осы дәуірде секіріп ілгерілеу болды ма?

- Секіріп ілгерілеу болмағанда өгіз аяң ба еді!- деп Тоқбай күле жауап қатты. - Осы бес-алты ғана жылда істелген істі, басқан жолымызды ойлап көрші өзің, ғасырлық жол емес пе!

- Әсіресе егінші жұртшылығының аяғы жерге тиді ме!- деп Қапас үстемелеп еді.

- Мәселен делік?- деп Мақұлбек тағы да бүлк ете түсті. Бұл сұрауды тағы да Мақұлбектің төлдеткенін Есқали байқамай жұтынып алып, күшене шұбыртты.

- Мәселен дейсіздер ме? Мәселен, жер майын азайту, өсімқорларға соққы беру сынды Шынжиаң тарихында болып көрілмеген науқан жүрілгеніне бірер жыл өтпей-ақ ұлы жер реформасы бастала жөнелді. Егіншілер бұл төңкеріс арқылы помещиктерден жер бөліп ала сала мойынсерікке ұйымдастырылды. Ол мойынсеріктері қалыптасып үлгермей - бастаушы коллектив тәртібіне егіншілерді дағдыланып болмай жатып, кооперацияға ұйымдастырылды. Жай кооперацияға дағдыланып, коллективтік тұрмыс салтын игеріп болғанша жоғары дәрежелі кооперацияға тарта жөнелдік. Бұл үлкен қонысқа да екі-үш жыл байыздатпай, міне, ұлы коммуна ережесін үйретуге кірісіп кеттік. Осы науқандармен құрылған коллектив басқыштарының әрқайсысы коллективизмнің салт-санасын қалыптастыратын үлкен-үлкен мектептер емес пе!... Қараңғылық-надандық жайлап келген егіншілерге осы бес-алты институтты бес-алты-ақ жылда бітіргізу, секіріп ілгерілеу емей атаңның басы ма еді! - деп Есқали Құлжанға қызара бөрте қызынып қарады. Жан-жағына жалтақтап, жыпылықтай танды Құлжан.

- Мен емес, мен емес қой бұл жолы сұрау қойған!

Көпшілік ду күлді де Мақұлбек «қасиетті» атасының басын аяғандай, Әлжанның шағын ғана арқасына жуан басын далдалай сылқылдады. Есқали дәлел қоя төнді Құлжанға.

- Партияның ұлы қызметтерін жоққа шығарып жүрген, сен емей кім еді?

- Астапыраллау, пәлеңді жаба бермесеңші маған, Асекең аға қой деген соң қойғамын ғой! Биғаннан сұрашы, осында келгеннен бері партия жөнінде жаман сөз сөйледім бе екен!

- Жә, осы саяси қалжыңды қойыңдар енді!- деп Асылқан, стаканын тағы көтере сөйлеп қалды да «Саяси сөзді қойыңдар» дегеннен қорқып, осы тақырыпты қайта дәріптей жөнелді өзі. - «Қиялдан тұрмыс озды» деп жазушыларымыз бекерге жазып жүрген жоқ қой! Дүниеде қиялдан озған жүйрік болып па еді. Ал, секіріп ілгерілемеген тұрмыс қиялдан оза алар ма! Тағы да секіріп, бұдан да зор секіріп ілгерілей беруіміз үшін осы бір стаканды көтеріп жіберелік!

Бұл тостқа келгенде көпшілік бірінен-бірі қалмауға тырысып, лезде көтерісіп тастады. Мақұлбектің денесіне қарай, өз талабы бойынша ыдысы да үлкеннен таңдалып, арақ екі еседен артығырақ құйылатын. Өңешіне салқ еткізіп бәрінен бұрын құя сала, қасындағы Құлжанға күрсіне күбірледі.

- Япыр-ай, енді зор секіріп ілгерілеу болғанда не күн көрер екенсің!... Менің ғой, әйтеуір, бұтым ұзын ғой, сенің шатың айрылып кетер ме екен!

- Мен ғой, жеңілмін. Социализмге ұшып барармын. Ал, зілдей ауыр сен бишара орта жолда былш ете түсіп, қасқырға жем боларсың!

- Мол ет тауып қасқырлар қалай қуанар екен!- деп бір бүйіріндегі Тоқбай қарқылдағанда естіп отырған бәріміз күлдік. Бір жағымда отырған Рақымқан Құлжан мен Мақұлбекке зекіп жіберді.

- Саяси жолға қаратқан осы сайқы мазақтарыңды қоясыңдар ма, жоқ па! Ішіп отырғанда саясат сөйлейтін ағайындар енді тоқтатыңдар!

- Саяси жолды кім ысқақтапты!- деп Мақұлбек күңк ете түсті де, Тоқбай күле анықтады.

- Қалай секірер екенбіз деп мына сайтан мен дию уайымдап отыр!

- Дию мен сайтанға секіру мен жылп етіп өте шығу қиын болып па!- деп Құмар қағытқанда Құлжан өзінің «Саяси шоқпарын» көтеріп кеп алды.

- Саяси жолымызды әңгімелеуден - үйренуден тиюдың өзі қандай тенденция?

- Тұрмысымызды саясаттан айыруға бола ма!- деп оны Мақұлбек сүйемелдей қойды.

Рақымқан ашуға міне зекірді екеуіне.

- Саяси талқыны ыңғай арақ ішіп алып жүргізу мазақ емей немене!

«Саясатшылар» енді бірдеме десе, қызыл шеке төбелестің шарты толып қалған сияқты. Саяси әңгімені тиюдан қорқып қалған қонақ иесі маған ым қағып шыға берді. Сен бір ебін тапшы деген екенін түсіндім.

- Қане жолдастар, ән салалық, алдымыздағы зор секіріп ілгерілеу үлгісімен қосылып шырқаталықшы, қане!

Мақпал мен Ақия бастай жөнелді. Көпшілік бірден қосыла шырқатқанда егесушілер бір-біріне сөздерін естірте алмай, елең қағып отырып қалды. Әлгі Рақымқан да әнге қосыла кетті де Құлжанның көзі Ақия мен Құмарға өрттей төнді.

- Албасты басты сені! - Мақұлбек көзінің қырымен қарап күбірледі Құлжанға. Ақияның әні де басыңнан секіре жөнелмеді ме!... Аңқиған аузыңа әнші қыз саңғи өтер, байқа!

- Басқалар секіргенде саясат секірмей қала ма, көрерміз әлі!- деп Құлжан күңкілдей тістенді Ақияға. Естіп қойды ма екен дегендей маған жалт қарағанында басымды шайқап қалдым. Әнге ол да қосылған болды. «Осы сөзің расқа шығар-ау!» - деп ойландым әндете отырып. - «Зор секіріп ілгерілеу таптық күрес саясатының секіруінен от алмай ма!... Бірақ, аман болсам, Ақия мен Құмарды жұлмалата қоймаспын саған!..»

Сауық кеші ән мен биге ауысқан соң Құмар мен Ақия Құлжанның сайқал сөзінен құтылса да құтырған көзінен құтыла алмады. Бірге әндетіп, бірге билеген сайын Құлжанның езуі қисайды да отырды. Сауық тарағанда сол көз бен сол езу, екеуінің артынан қисая ерді....

Бас жол мен зор секіріп ілгерілеу жөніндегі үйрену қимылы басшылық жағынан қайта қузалмай аяқсыз тоқтай қалды да біздің саясатшылар арасындағы мұндай тартыс та демін ішіне тарта қойды. Газетке ойламаған жерден бүтіндей басқа бір науқанның, ғажаптанарлығы сол, «Зор ұлтшылдыққа қарсы» науқанның мақалалары шыға келіп еді. Бәрі де сол ұлттан шыққан авторлардың, партияның нанымды басшы кадрларының мақалалары.

Құлжандардың аузынан енді сол ғажап мақалалардың үзінділері түспейтін болды. Қай жаққа болмасын әйтеуір домалай беру ғана қажет қой, бұл тақырыпта тіпті сыпсыңдады. Әр үйге барып арақ ішетін бет жүздігіне, қыдыратын жорға-жүйрік көлігіне айналды бұл сөздер: «Еліміздегі шағын санды ұлт халықтары ханзулардан тарих бойына езіліп-жәбірленіп келді», «Бұрынғы үкіметтер ханзуларды қайрап салып, жаныштатуды бірінен-бірі мұраға айналдырып қалдырып отырды», «Шағын санды ұлт халықтарындағы ханзуларға қарсы өшпенділік тарих бойы сол рақымсыз жанышталудан қалған зардап», «Жерлік ұлттар қожайын ұлт пен оның үкіметінің қоса қабат езгісі, қомсыну-қорлауы, зұлмат қараңғылықта ұстау саясаттары салдарынан артта қалған», «Сол дәуірлерден қалған ұлы ханзу зор ұлтшылдығы салт-дәстүр ретінде әлі сақталып келе жатыр. Оны пролетарлық интернационализм рухымен түп тамырына дейін жұлып тастамасақ, ұлттардың теңдік-ынтымағы дегеніміз құрғақ сөз болып қала береді», «Барлық ханзу кадрларына ұмтылмас сабақ ету үшін зор ханзушылдыққа қарсы әрекет жүргізу, шағын санды ұлт зиялыларының пікірін тыңдау, Шинжиаңдағы барлық қызметіміздің кілті...»

Жерлік ұлт зиялыларының көпшілігін «Ағынан жарылды, жаса партия» дегізіп дуылдатқан осы мақалалар газеттерден кеңінен орын ала келе «Зор ханзу ұлтшылдығына қарсы науқан» басталғандығы жарияланды. Бұл науқанға жерлік ұлт азаматтары қатынастырылмаса да көпшілігі көңілденіп, кеңінен тыныстады. Шын мәніндегі еркіндік-теңдікке енді жеткендей жеңілдей қалды.

Жергілікті ұлт халықтарының жүрегін ғасырлар бойы сірестіріп қатып жатқан мұзды ерітетіндей ақиқат тілінің бұл мақалалары Маужушидың өз қолы болмаса, партия газетінен негізгі орынды қалай алған? - Бұл, әлгі аяқсыз қалған негізгі науқаны жөнінен қараған маған үлкен жұмбақ еді. «Бұл да зор секіріп ілгерілеу, марксизм-ленинизмнің секіріп ілгерілеуі» десті көпшілік.

«Жекеге табынуға қарсы тұру» жөніндегі жұртшылық талқысы мен өзінің социализм құру жөніндегі «Сара жолы» бір аз күңгірттендіріп қойған көсем абыройы көкке қайта ұшты. Шинжиаң зиялылары «Ұлы көсем», «Күн көсем», «Данышпан көсем» дейтін аттарымен, «жасасынға» он мың қабат орап, қызыл-жасылмен әлемдеп-үкілеп тұрып ұшырды.

Әділетті тергеушім, ұлы көсемімізді бұлай ұшыруға бұл жолы мен таңырқай қойған жоқпын. Өйтетінім, өлгенге жан салатындай осы бір кезеңде емес, тіпті, сонау малшыларды сойқан науқанда да, «Тарих тапсыру», «Үшке, беске қарсы әрекет» сынды қасапшылық науқандарда да көсемді жазбай-жаңылмай көкке көтеріп дағдалған өзім болған соң, алтынша жарқырай қалған бұл кезеңде қалай таңырқай қояйын...

"Әй кеттім-ау тағы да, сіздің алдыңызда төңкерісші едім" дегендей, осы «Ақталмақ-әнзі[4] аудармақ болуымның»[5] өзі зор қылмыс емес пе!

"Abai.kz"



[1] Шужи (ханзуша) - секретар.

[2] Маузыдұң сөзі.

[3] Тақсы (ұйғырша) - тарелке, жайпақ табақша, тақсыпаз - қошаметші, жағымпаз.

[4] Әнзі (қытайша) - дело (іс, жауапкердің қылмыс жинағы)

[5] Әнзі аудару - қылмыстының өзін ақтауы, мойындамау, қабылдамай қайтарып тастау да кері төңкеріс ретінде қаралады.

0 пікір