Header Banner
Бейсенбі, 19 Наурыз 2026
Ақмылтық 184 0 пікір 19 Наурыз, 2026 сағат 14:39

Қарсылық һәм қарсылыққа қарсылық

Сурет: abai.kz, cmn.kz, check-point.kz сайттарынан алынды.

«Сақтансаң, сақтаймынның» саяси астары туралы

Санжар Боқаев пен Әсет Матаевқа байланысты әлеумет пен әлеуметтік желілерді шулатып жатқан оқиғаларға қатысты үш нәрсе есіме түскені.

Біріншісі сол: 1997 жылы үш жыл Қазақстан үкіметін басқарған Әкежан Қажыгелдин мені, баспасөз хатшысын, өзі емделіп жатқан шет елге шақырып, Назарбаевқа оппозицияға кетуі туралы ақылдасқан болатын.

«Тым ерте емес пе? Дайындық қандай?» дегеннен бастаған мен: «Өзіне қарсы шыққан адамды президент аямайды, қолында барлық күш бар, полиция, арнайы органдар, прокуратура, сот дегендей. Құйрығыңызға қоңырау байлап жібереді, соған дайынсыз ба? Артыңыз таза ма?» деген сыңайда ой айтқанмын.

Артынан экс-премьерісті болып, сотталғанын білесіздер.

Екіншісі сол: РНПК атты оппозициялық партияның атқару комитетінің төрағасы боп жүргенде Алматыда республикалық партиялық жиын өткізетін болғанбыз. Сонда Тараздан келе жатқанделегацияға қатысты құқықтық органдар: «Жамбыл облыстық партия филиалының төрағасының қол жүгінен есірткі табылды», - деп, ол азаматты Алматыға шыққан жолынан пойыздан ұстап, тұтқынға алған-ды.

Үшінші жайт өзіме қатысты: оппозиция қатарына енді өтіп, белсенділік таныта бастаған мені түн ортасында үйімнің қасында беттерінде маска, қолдарында шоқпарлары бар бір топ бандит соққыға жығып кеткен еді. Қасымда аяғы ауыр жолдасым болған. Қылмыстық іс қозғалды, алайда жауыздар сол бойы табыла қоймады. Кейін маған жанашыр, беделді азаматтар: «Бұл қорқыту, үркіту акциясын ұйымдастырған сол кездегі ҰҚК төрағасының орынбасары, Назарбаевтың үлкен күйеу баласы Рахат Әлиев пен мұнай ханзадасы, елбасының тағы бір күйеу баласы Тимур Құлыбаев» дегенді жеткізген еді...

Оппозициялық партияның атқару комитетін басқарып жүргенде маған қылмыстық іс қозғалып, сотталғанымды бұл жерде айтпай-ақ қояйын.

Мұның бәрін мен неге тәптіштеп жазып отырмын дейсіз ғой?

Оның себебі мынада.

Кез келген билік өзін сынайтын, өзіне қарсы шыққан адамды ең кемі – ұнатпайды, ең сорақысы – аямайды. Тырнақ астынан кір іздейді, және де біздің авторитарлық жағдайда ол мінді міндетті түрде табады! Яғни, қарсылық болса, қарсылыққа қарсылық та болады!

Сол себепті, билікке (ауыл әкімінен бастап басты мемлекеттік органдар басшыларына) сын айтқан адам бәріне, соның ішінде, қолдан жасалған айыптарға, қоқан-лоққы көрсетілуіне, тұрмыстық деңгейдегі арандатуға дайын болуы қажет. «Сақтансаң, сақтаймын» деп бекер айтылмаса керек

Сонымен бірге, билікке қарсы шығу деген автоматты түрде құқықтық иммунитетке ие болу дегенді білдірмейді. Жасыратын несі бар, кейде заңды бұзған немесе жемқорлыққа салынған шенеуніктер кенеттен қой терісін жамылып, «билікке қарсы шыққан соң, мені қудалап жатыр» дегенді айтып, қоғамнан қорғау мен қолдау іздеп жатады. Ол жағын да ескеруіміз керек.

Боқаев болса, нақты шенеуніктердің заңсыз қимыл-әрекеттерін әшкерелеп келген азамат. Сонысымен елге танымал болды. Оған тағылып жатқан айыптар төңірегінде у-шу көбейіп, бір күнде екі түрлі пікір айтылып, тіпті түсініксіз боп кетті, нағыз спектакль десе де болады. Ең бастысы - оған өзін ақтап алуға толық мүмкіндік берілуі тиіс. Мәселенің анық-қанығына жету ісі немесе тергеу амалдары ашық та жария түрде жүргізілуі тиіс деп санаймын.

Ал Матаевтарға қатысты әңгіме тіпті бөлек. Сейітқазы аға басқарған бұл әулет ескі Қазақстанның барлық тепкісін көрген, әділетсіз сотталған, әкесі мен баласы түрмеде отырып шыққан, сонда да мойымаған, тағылған жасанды айыптарды мойындамаған әулет. ҚазТАГ - классикалық үлгідегі тәуелсіз, объективті БАҚ. Қоғамда орын алған кемшіліктерді ашық жазған БАҚ билікке де, өзі сынаған тұлғаларға жақпайтыны рас. Сондықтан, Әсет Матаевқа қарсы жасалған арандатуды құзырлы органдар ғана емес (оларға, шынын айтайық, аса сенім де жоқ), азаматтық қоғам өкілдері, тәуелсіз заңгерлер мен журналистердің қатысуымен зерттеуі, тергеуі, сөйтіп, шындыққа қол жеткізуі тиіс деп санаймын.

Жаңа Конституция қабылданды. Елімізді бұрын-соңды боп көрмеген саяси өзгерістер күтіп тұр. Президент Тоқаев айтқандай, үш жылдан соң кезекті президент сайлауы өтеді, ол додаға өзі түспейді, яғни жаңа адам келеді.

Оның алдында Парламент сайлауы, вице-президенттің тағайындалуы болмақ. Президент, вице-президент, Құрылтай спикері, үкімет басшысы қызметтерінен дәмелілер арасында тақталас басталары анық. Кландар мен ықпалды топтар бір-бірін аямайды. Екі түйе сүйкенсе, кім өлетінін бәріміз білеміз. Сол себепті алда да дәл осындай оқыс оқиғалар боп тұрары айтпаса да түсінікті.

Қоғам соған дайын болуы керек.

Әміржан Қосан

Abai.kz

0 пікір