10 евро
Араб теңізінен ескен жылымық желге бетімді тосып палубада отырмын. Кемеге міну ақысын төлеген барлық жолаушылар сияқты мен де өз еркіндігімді пайдаланып қалмақпын. Палубаның осы тұсында ішімдік ішуге арналған шағын бары бар. Сонда тұрып, келушілерге қызмет көрсететін филипиндік еркек пен қырғыз қызын кемеге мінген күннен білем. Иә, қалағаныңды сатып ішесің, тек евромен есеп айырысуға міндеттісіз. Ақшасын қимағандар шылымын ғана тартып, теңізді тамашалайды.
Мен палубаның жиегіндегі орынды әдейі таңдап алғам. Оқшаулау. Ешкіммен қатыспайсың.
Әр алуан тілде сөйлескен жолаушылардың дауысы кеме гүрілімен араласып түсініксіз сарынға ұласып, құлағыма келеді. Бар ойым теңізді тамашалап, кеменің бірқалыпты жүрісінен рахаттансам деймін. Толқынсыз теңіздің сұлулығына көзің тойып, ауадағы ыстық лептен тәніңнің балбырай балқығанын сезіну үшін де көңілің тыныш, алаңсыз болу керек қой.
Теңізді, әсіресе, біраз тәуекелге барып біршама ақшаға сатып алған - қазіргі қиялға бергісіз сәтімді сезінгім келген сайын үп еткен желден ұйпалана беретін шашым көзіме түсіп мазамды кетіре бастаған. Теңіз бетіндегі жылтыраған ұсақ сәулелер көзімді қарақтырып әкетіп барады. Әлгінде тартқан арзанқол араб шылымның ащы дәмі аузыма келіп жүрегімді лобытып жіберді. Ернім кеберсігендей. Көз алдыма мұз сауытқа салынған суық сыра елестейді. Өз-өзімнен жұтынып қоям. 10 евро төлеуге сараңдығым сонда да жібермейді. Негізі, каютамнан ішім пысқан соң шыққам жоқ-ты, арттағы шешімін күткен көп мәселелер мазалап, шылым тартып сергігім келген.
Ақыры толқынмен шағылысқан жарық шыдатпады да көзімді амалсыз палубаға қарай тайдырып әкеттім. Менен екі метрдей жерде бір ағылшын отыр екен. Оған бұлай түс тоқтатып қарамас та ем, егер оның қайта-қайта аузына апарған қоңыр құтыдағы сыра дәл менің көмейіме құйылып жатқандай әсер етпегенде. Қара да тұр, бұл мынаны бітіреді де алшаң басып бардағы қырғыз қызға өзіне тағы бір құты сыра керегін айтады. Қыз, әрине, «қандайы керек?» - деп сұрайды. Бұл болса еш ойланбастан 10 евроға тағы бір құтыны алады да орнына кеп жайғасады.
Елде жүргенде де әділетсіздіңтің не екенін білуші ем. Бірақ оның дүниенің бір бұрышында, теңізде жүрген жерімнен мені тауып алады деп ойламаппын. Қараңызшы, екеуіміз де өз елімізде тұрақты қызметі бар адамбыз. Ол жалақсын фунт стерлингпен, мен теңгемен алам. Ал екеуіміз осы кемеде кездесіп бірдей сыраға тапсырыс берсек ол 10 эвро тұратын сыраға шамамен 8,6 фунт стерлинг шығындайды. Енді менің жағдайымды елестете беріңіз. Әлгі шынашақтай құтының ішіндегі құрып кеткір пәлені құшырлана жұтуым үшін маған бақандай 5800 теңге төлеуге тура келмек. Құдайшылығын айтыңызшы, қай күнәм үшін осынша шығындалуым керек?
Ойлап отырмын, менімен салыстырғанда мына өзімсінген ағылшынның артықшылықтары, құдай біледі, кеше өзіміз тоқтаған жағажайдағы құмынан да көп шығар. Тіпті ол теңізге қарса- тек теңіздің өзін көреді. Жыбырлаған ұсақ толқынға шағылған жарық көзін қарықтырса да мазасы қашпайды. Ауыз қуысында арзанқол шылымның сасық иісі жоқ. Керек десең, қалтасының түбіндегі ақшаны есептеп жатқан жоқ. Кемеден түспей осы күйі сыра ішіп бір жыл жүрсе де бұл ақшасының үштен бірін де жұмсап бола алмайтын шығар. Барлық шаруаны қайрып қойып, референдум өткізумен-ақ кедейленіп біткен менің өкіметімді ол түсінде де көрген емес. Бұлардың шаруасын түп-тұқиянына дейін шешіп беретін премьері мен парламенті бар. Қамқоршы әкесі - каролі тұрғанда шайтанның өзі бұның мазасын алсын ба?! Жалпы ол өзі адам болып уайымдай ма екен?
Бұдан ары отыра берудің мәні болмады. Орнымнан көңілсіздеу тұрдым да сыраның шөлін кабинамдағы жартылай босаған құтыдағы сумен басудан басқа амалым қалмағанына көзім анық жетті.
Әмір Қабшықбай
Abai.kz