Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 7776 0 пікір 27 Мамыр, 2013 сағат 09:21

Қуантқан Ырзаұлы. Латын әліпбиі: И мен У-дың емлесі

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев 2012 жылдың 14 желтоқсанындағы «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын әрпіне көшіру жөнінде айтқан-ды. Олай болса, енді күн тәртібіне латын графикасына көшу керек пе, жоқ па деген сұрақ емес, қандай  нұсқаны қабылдаймыз деген мәселе қойылып отыр.

Бірақ бұл мәселе әліпбиімізге әріптер таңдаумен ғана шешіле салайын деп тұрған жоқ. Себебі орыс тіліндегі сөздерді өз күйінше жазу үшін бұрынырақта әліпбиімізге ана тілімізде жоқ дыбыстарды белгілейтін әріптердің алынғаны және орфографиямызға қазақ тілі табиғатына сәйкес келмейтін ережелердің енгізілгені белгілі. Тіпті емлемізде у мен и-дің жазылуы сияқты 70 жыл бойы даулы болып келе жатқан  мәселелер де бар. Біз бұл мақаламызда осы и мен у-ға қатысты көзқарасымызды баяндамақшымыз.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев 2012 жылдың 14 желтоқсанындағы «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын әрпіне көшіру жөнінде айтқан-ды. Олай болса, енді күн тәртібіне латын графикасына көшу керек пе, жоқ па деген сұрақ емес, қандай  нұсқаны қабылдаймыз деген мәселе қойылып отыр.

Бірақ бұл мәселе әліпбиімізге әріптер таңдаумен ғана шешіле салайын деп тұрған жоқ. Себебі орыс тіліндегі сөздерді өз күйінше жазу үшін бұрынырақта әліпбиімізге ана тілімізде жоқ дыбыстарды белгілейтін әріптердің алынғаны және орфографиямызға қазақ тілі табиғатына сәйкес келмейтін ережелердің енгізілгені белгілі. Тіпті емлемізде у мен и-дің жазылуы сияқты 70 жыл бойы даулы болып келе жатқан  мәселелер де бар. Біз бұл мақаламызда осы и мен у-ға қатысты көзқарасымызды баяндамақшымыз.

Қазіргі кезде емле ережелері мен оқулықтарда  дауыссыз й, ў-лармен қатар қолданылып келе жатқан и, у әріптерінің әуелгі кезде ый, ій және ұў, үў қосарларын белгілеу үшін енгізілгені белгілі. Бірақ уақыт өте келе олар оқулықтарда қосар дауыстылар немесе дауыстылар деп аталып кетті. Олардың қосар дауысты деп аталуына басқа елдерде дауыстыдан кейін келген й мен ў-дың буын құрамайтын дауысты деп аталуы себепші болған-ау деп ойлаймыз. Бұл арадағы қиындық и мен у-дың дауысты деп аталуы қазақ тіліндегі бірнеше заңдылыққа нұқсан келтіруде. Мысалы, су, би деген сөздерге тәуелдік жалғауын жалғасақ, суы, биі деп жазылады да, қазақ тілінің үш заңдылығы орындалмайды. Біріншіден, дауысты дыбысқа тәуелдік жалғауы сы, сі түрінде жалғанудың орнына ы, і болып жалғанады. Екіншіден, екі дауысты (у мен ы, и мен і) қатар келіп тұр. Үшіншіден, бірінші буыннан басқалары дауыстыдан басталмауы керек еді, бұлардағы екінші буын ы мен і-ден басталады. Осыған байланысты көрнекті ғалым Әлімхан Жүнісбек ағамыз «Қазақ тілінде дауысты и мен дауысты у деген болмайды, дауыссыз й мен дауыссыз ў ғана болады. Оларды ұў, үў және ый, ій қосар дыбыстары ретінде қарастырайық, сонда барлық қайшылықтан құтыламыз», –  дейді. Бұған біз де қосыламыз.

 Алайда ол кісінің у мен и-ді қысқартып, орнына ұў, үў және ый, ій деп екі әріп жазу жөніндегі ұсынысын құптай алмаймыз. Өйткені, қазақ тілінде бұлай жазғанмен, бионика, Тула сияқты ғылыми-техникалық терминдер мен халықаралық атауларды бійөнійка, Тұўла деп жаза алмаймыз ғой. Мұндай сөздерді халықаралық стандартқа сай жазу жұрт үшін емес, өзіміз үшін керек емес пе? Осындай қиыншылыққа байланысты қазақ сөзі мен халықаралық сөздерге екі түрлі ереже қолдану жөнінде ой туады. Бірақ одан не ұтамыз? Мұнымыз қолайлы бола қоя ма? Мысалы, «бит» деп жаз десе, қай битті жазайын, информатика терминін бе, жәндікті ме деп сұраймыз ба? Ал, жақсы сұрай қояйық, информатика терминін бит деп, жәндікті бійт деп жаза қояйық. Бірақ онда и қысқармай, й-ге қоса пайдаланылмай ма? Бұл и-ді қалай оқимыз? Сондай-ақ Әли, Муса деген қазақ есімдері дәл осылай дыбысталатын татар есімдерінен басқаша жазыла ма? Біздің Дұулат деп жазғанымызды ұ-сы жоқ елдердің Дуулат не Дувлат деп оқығаны біздің өз айтуымызға қаншалықты жақын? Егер кісі есімі мен жер-су аттарын халықаралық ережеге сай жазатын болсақ, Шиелі деген жер аты мен шиесі бар дегенді білдіретін шиелі сөздерін екі түрлі жазамыз ба? Бұл сияқты сұрақтар қазақ сөзі мен халықаралық сөздер үшін екі түрлі ереже қолданудың да қиыншылықтары бар екенін байқатады. Оның үстіне қазіргі емлеміздің кемшілігі қазақ сөзі мен кірме сөздерге екі түрлі ереже қолдануымыз деп жүрген жоқпыз ба?

Осы айтылғандарға байланысты біз у мен и-ді дыбыс емес, «я» әрпі сияқты қосар дыбысты белгілейтін әріп ретінде ғана пайдалануды ұсынамыз. Яғни, су мен би сөздерін қазіргі күйінше жаза отырып, мұндағы у мен и-ді ұў, ій қосар дыбысы ретінде қарастырамыз. Сонда бұлар дауыссызбен аяқталатын сөздер (сұў, бій) болып табылады. Демек, оған тәуелдік жалғауының ы, і болып жалғануы заңды. Сондай-ақ суы, биі сөздері сұўы, бійі деп оқылатындықтан сұ-ўы, бі-йі деп буындалады, мұнда екінші буын дауыстыдан емес, дауыссыздан басталып тұр және екі дауысты дыбыс қатар келіп тұрған жоқ. Демек, суы, биі деп жазу қазақ тілі заңдарына кереғар емес.

Олай болса, и мен у -дың бір әріппен жазылуында тұрған ештеңе жоқ, дау туғызатын әңгімелердің шығуына себепкер болып отырған дауысты, қосар дауысты деген атаулардан құтылып, қосар дыбыс деп қана атау керек те, қосар дыбыс ретінде оқу керек. (И мен у-дың қосар дауысты делінбей, қосар дыбыс деп қана аталуы заңды да. Өйткені бұлардың екінші дыбыстары й мен ў бізде дауыссыз дыбыстар ғой.) Сонда ғылыми-техникалық терминдер мен халықаралық атауларды стандартқа сай жазумен қатар оларды қазақы дыбыстауымызға да мүмкіндік туады. Мысалы, бионика, Тула сөздеріндегі и мен у-ды бір әріппен жаза отырып, өз алдына бөлек ереже қолданбай-ақ, қазақ ережесімен ій, ұў деп дыбыстау арқылы бійөнійка, Тұўла деп қазақша оқимыз. Сондай-ақ қазақ сөздеріне и мен у-ды қолданғанда оның басқа тілдердегі оқылуы да өзіміздің айтуымызға жақындайды.

Олай болса, біз у мен и-ді қысқартпай, тек оған қатысты ережелерді кемшіліктерден арылтып, қайта тұжырымдаған жөн деп ойлаймыз.

Бұл үшін алдымен дауыссыз ў-дың алдында қандай дыбыстар келе алады деген сұраққа жауап беріп алайық. Өйткені дауыссыз й-дің алдындағы қысаң дыбыстар жөнінде пікір алалығы болмағанмен (ы мен і келеді), дауыссыз ў-дың алдында келетін қысаң дыбыстар жөнінде екі түрлі пікір айтылады. Оның біріншісінде ұ, ү, ы, і дыбыстары келеді десе, екіншісінде ұ мен ү ғана келеді делінеді. Соңғы шыққан орфоэпиялық сөздікте (Орфоэпиялық сөздік, «Арыс» баспасы, Алматы, 2007) екінші пікір негізге алынған. Соған орай «тасу», «жібу» сөздері «тасұў», «жібүў» деп айтылады  делінеді. Бұл сөздердің түбірі «тасы», «жібі» екені белгілі. Сонда ў дауыссыз жұрнағы жалғанғанда ы мен і дауыстылары ұ мен ү-ге өзгере ме? Егер ў еріндік дауыссызы ы мен і дыбыстарын еріндік ұ мен ү-ге өзгертіп тасұў, жібүў деп айтылатын болса, онда п еріндік дауыссызы жалғанғанда неге тасұп, жібүп болып өзгермейді? Сондықтан тасу, жібу сөздері тасұў, жібүў деп емес, тасыў, жібіў деп айтылады деп ойлаймыз. Бұған тасуы, жібуі деген сөздерді буындап айтқанда ешкімнің та-сұ-ўұ, жі-бү-ўү деп аузын шүртитіп тұрмайтыны, та-сы-ўы, жі-бі-ўі деп айтатындығы да дәлел бола алады. Демек, ў-дың алдында ұ, ү, ы, і қысаң дыбыстарының төртеуі де келе алады деген пікір орынды.

Осы ұў, үў, ыў, іў тіркестерін, сондай-ақ ый, ій тіркестерін қосар дыбыстар деп; жекелеп алғанда алғашқы төртеуін қосарлы ў, соңғы екеуін қосарлы й деп атаймыз.

Енді емле ережелері жөнінде сөз етелік. Қолданымдағы ережелерде «сөз басында дауысты дыбыстан бұрын келетін у үнді болады, ал дауыссыз й сөз басында келмейді» делінеді. Бұған сүйенсек, уа, уық, уыс сөздері бір буынды болуы керек. Уа сөзінің бір буынды екендігіне келісеміз, бірақ, соңғы екі сөз ұўық, ұўыс деп екі буынды сөз ретінде айтылады ғой. Сондай-ақ й сөз басында келмесе, «яғни» мен «япыр-ай» деген сөздерді қалай оқимыз? Яғни дегенді ыйағный дерміз, бірақ япыр-ай дегенді ыйапыр-ай деу келісе ме? Соған байланысты у мен и-дің дауыссыз не қосар болатын жағдайларын анықтайтын ережені төмендегіше тұжырымдадық:

У мен и дауысты дыбыстан кейінне сөздің басында а мен ә-нің алдында келсе дауыссыз болады, басқа жағдайларда қосарлы болып табылады. Қосарлы ў-ды у деп, қосарлы й-ді и деп ала отырып, бұған мысалдар келтірейік: таў, тай, Ўәли, ўақыт, йапыр-ай, йәки, уыз, тура, иек, киік.

Сондай-ақ сөздердің оқылуы мен жазылуын реттейтін ережеде де кемшілік бар. Мысалы, й-дың алдына қысаң ы тек сый, тый деген сөздерде ғана жазылады деген ескертпе беріледі. Ал ми, жи сөздері қазақта мій, жій деген сөздер жоқ болғандықтан, мый, жый деп оқылады делінеді. Бірақ мій деп оқылатын ми нотасы, жій деп оқылатын жи әрпі оқушыларға кейбір пәндерді оқу барысында кездесетінін ескерсек, қазақ тіліндегі ми мен жи сөздерінің мій, жій деп оқылмайтындығына ешкім кепілдік бере алмайды.

Сондықтан қосар дыбыстарды қос әріппен не бір әріппен жазуда қолданылатын ережелерді төмендегідей етіп өзгерттік:

1.Ый мен үў қосар дыбыстары өзінен бұрын дауысты дыбыс болмаса, қос әріппен жазылады. Мысалы, мый, ыйық, түў, үўіл.

3.Қосар дыбыстың екеуі қатар келгенде, екіншісі қос әріп арқылы жазылады.  Мысалы, суұў, иій, суый, иіў.

3.Осы айтылғандардан басқа жағдайларда қосар дыбыстар бір әріппен жазылады. Мысалы, уық, биік, бөлу, Сағира.

Қосар дыбысты бір әріппен у, и деп жазғанда оны оқу мәселесі айрықша сөз етуді қажет етеді.

И-ді оқу үшін мына ережелерді қолданамыз:

1.И әрпі өзінен бұрын дауысты дыбыс болмаса, ій деп оқылады. Мысалы, кие –кійе, ине –ійне.

2. И әрпі өзінен бұрын дауысты дыбыс болса, сол дауыстының ықпалымен буын үндестігі сақталып оқылады. Мысалы, тани – таный, сергиді – сергійді, оқиды – оқыйды.

У-ды оқу үшін мына ережелерді қолданамыз:

1. У әрпі өзінен бұрын дауысты дыбыс болмаса, ұўдеп оқылады.  Мысалы, жуа – жұўа, удай – ұўдай.

2. У әрпі өзінен бұрын дауысты дыбыс болса, сол дауыстының ықпалымен буын және ерін үндестігі сақталып оқылады. Мысалы, асу – асыў, кесулі ­– кесіўлі, тұру – тұрұў, күту – күтүў.

У мен и-ді бір әріппен жазуға қарсылықтың туындауына себепші ережелердің бірі – «у, и әріптері бар сөздерді буындағанда келесі буын дауысты дыбыстан басталады» деген – қазақ тілі табиғатына қайшы ереже. Сондықтан сөзді буынға бөлгенде төмендегідей ережеге сүйенеміз:

1.Сөзде дауысты дыбыс пен қосар дыбыс саны қанша болса, сонша буын болады. Мысалы, биі және суұу сөздері екі буынды болса, тай, жу сөздері бір буынды.

2.Сөзді буынға бөлгенде буын жігі дауысты дыбыс пен қосар дыбыстың алдында тетелес тұрған дауыссыздың алдынан (Мысалы: қа-тал, сә-би, а-су) және дауысты дыбыстың алдындағы қосар дыбыстың екі дыбысының арасынан келеді. (Мысалы: шуақ  сөзі шұ-уақ  деп, ал бие сөзі бі-ие деп буындалады).

Сонымен, біздің ойымызша и, у қосар дыбыстарын екі әріппен белгілегеннен гөрі бір әріппен белгілеген пайдалырақ және ережелерді кемшіліктерден арылтсақ, ешқандай заңға қайшылық та болмайды.

Ванов Қуантқан Ырзаұлы,

 Маңғыстау облысы бойынша педагогикалық

қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты,

«Маңғыстау  мұғалімі» газетінің бас редакторы,

Ақтау қаласы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052