Жексенбі, 8 Желтоқсан 2019
46 - сөз 5305 1 пікір 19 Тамыз, 2014 сағат 12:52

«МҰҢДЫ» СТУДИЯ

...Студияда жүрегіңді бүлк еткізер ойнақы саз ойнай жөнелді. Оны сахнаның оң жақ бұрышында орналасқан вокалды-аспапты ансамбль шабыттана шарықтатып жатыр. Ұрмалы саз аспаптарын сабалаған әдемі қыз орнында байыз тауып отыра алмай, қос бүйіріне кезек қопаңдайды. Көңілді әуеннің ырғағымен әлденеге ынтыға түскен көрермен қауым ысқырып-қышқырып, ызы-қиқу жасап, құлақ тұндырар у-шу сәт сайын үдей барады. Бүкіл назар – сахна төріндегі... еңселі есікте. Елдің есі кете ентелескеніне қарағанда, әлгі дарбазадан қазір бүкіл халықтың ыстық ықыласына бөленген бөлекше дарын ба, ерекше қабілет иесі ме, тіпті, зеңгір көктің сырын зерттеген ғажайып ғарышкер ме...  сондай бір тұлға шыға келетін тәрізді.

Расында да, есік ептеп ашыла бастады! Көптен күткен қуанышты сәттің туғанын сезген жүректердің дүрсілімен үндесіп, жер тепкілеген музыканттар қарқынын тіптен үдете түсті. Ақыры, міне, Ол да көрінді! Қадамын нық басып, сахна ортасына баппен шықты да, бақыттан басы айналған жұрттың қошемет-қолпашына әбден еті үйренген аңыз-адамның кейпімен күлімсірей қол бұлғап, халқына сәлем мезіретін жасады. Тынымсыз зікір салып, зар күйіне әбден жеткен ансамбль мүшелерінің бірі кенет айрықша айғаймен Әлгі Кісінің есімін атап жібергенде, жаңағы – жаңағы ма, кеудесін шаттық кернеген ел есінен танып қала жаздады!

Құлшына соғылған қырғын шапалақты, аса ризашылықпен күлімсірей тұрып, оң қолын жоғары көтере әрең саябырлатқан Әлгі Кісі енді бүгінгі кеште өзінің өте құрметті де күрделі қызметіне қол ұшын созар көмекшілерін таныстыруға кірісті. Әлден уақтан бері әбігерленіп, әбден қара терге түскен музыканттардың еңбегі әйтеуір еш кетпей, ең алдымен солар аталды. Сосын ноутбугын тізесіне қойып алып, қалың бұқарадан толассыз келіп жатқан сұрақтарды сұрыптап отыратын қағілез қара баланың да кім екенін ел білді. Басқа да барыпкел-шауыпкел, ойыншы-тәспіршілер де түгел тәптіштелді. Содан кейін барып Әлгі Кісі студияға... келген қонақты шақырды!

Бағанадан бері осы кештің басты жұлдызы, осы сахнаның сәні, осы мерекенің мәні – Әлгі Кісі деп отырғанымызда, оның ойда жоқта қонақ шақырғаны қалай? Е, мейлі, ештеңе етпес. «Әлгі Кісінің мейманы – біздің де мейманымыз ғой» деді ме, әйтеуір көрермен қауым қонақ бейшараны да онша қошеметсіз қалдырған жоқ...

«Ойнасақ та біраз жерге бардық», білем, енді барынша байсалды әңгімеге көшейік. «Әлгі Кісіміздің» тіпті де қиялдан құрастырылған кейіпкер емес, «Қазақстан» ұлттық телеарнасындағы «Түнгі студияда – Нұрлан Қоянбаев» атты көшірме бағдарламаның кәдуілгі жүргізушісі екенін өздеріңіз бағана-ақ байқап қойған шығарсыздар (бұ күнде көшірмеге ренжімейміз, тек «дұрыстап көшірсе екен» деп қана тілейтін болдық қой). Бәлкім, жоғарыдағы сипаттама барысында біз аз-кем әсірелеуге жол беріп алған да болармыз, алайда, негізінен бағдарламаның дәл осындай парықсыз пафоспен басталатынын жоққа шығара қоймассыздар деп ойлаймын.

Тек басталуы ғана осылай болса, қанеки. Жоқ, бағдарламаның тұтас бойында жүргізушінің өзін өте керемет жақсы көретіні, үнемі «өзіне көп алып қоятыны» айқын аңғарылып тұрады. Шын мәнінде тележүргізуші, журналист дегендер – сұхбат беруші тұлға мен көрермен (оқырман) арасын жалғап қана отыратын қарапайым дәнекер емес пе? Бұл міндетті атқарушылардың бар артықшылығы – телерадио эфирлері мен баспасөз беттерінде түр-түсі мен аты-жөнінің үнемі көрініп отыратынында ғана. Олардың бар мақсаты – сұхбат берушінің болмысын, мінезін, табиғатын ашу, ақтарыла сыр шерткізу, көкейіндегі ойын айтқызу болуы керек. Нұрлан Қоянбаевқа қатыстыра айтсақ, оның міндеті – студия қонағын жарасымды қалжыңдармен ақжарқын әңгімеге жетелеу, өзі азырақ сөйлеп, мейлінше мейманға маңыз беру, тапқыр сауалдар арқылы оны шешіле сырласуға мәжбүр ету, т.с.с. болуға тиіс қой. 

Бірақ, бізде осы телеэкранның қарама-қарсы бетіндегі қос тараптың арасындағы дәнекер рөлін қомсынып, өзінше тұлға дәрежесіне көтерілуге ұмтылатындар көбейді. Олар бірінші кезекте өзі сөйлеуге тырысады, студия қонақтары әдемі әңгіме айтып жатса да, араға себепсіз, орынсыз килігіп, өздерінің қандай керемет данышпан, білгір, көреген тележүргізуші екенін көрсеткісі келеді. Бұл – бейнелеп айтқанда, «қызмет бабын асыра пайдаланушылықтың» нақ өзі! Әрине, жүргізушінің өзіне сенімді болуы – керек-ақ қасиет. Бірақ, біріншіден, мұның соңы «әйтеуір өзімбілермендікке» ұласып кетпеуге тиіс, екіншіден, өзіңе сену үшін де ар жағыңда бірдеңе болуы керек емес пе? Жүрсін Ерманға: «Айтыс теледидарға қай жылдан бері түсіріліп келеді?» – деп сұрақ қоятын Н.Қоянбаевтың құр сенім, құрғақ мақтанынан не пайда? Сол сұрақтың жауабын Жүрсін ақынды әуре қылмастан, ғаламтордан-ақ қарай салса, бес минутта табар еді ғой. Ерінбей «гуглдай» қойса, Ж.Ерманның БАҚ-та жарияланған бүкіл сұхбаты алдынан шыға келер еді. Соларды түгел шолып шығып, бағдарламаға жан-жақты дайындалып келуге неге тырыспайды? «Түнгі студия» жүргізушісінің келген қонақтарға қойып жүрген сауалдары көрермен көңілін көтерудің орнына мұң ұялатады. Қалқаман Саринді студияға шақырып алып, «Осыған дейін қанша кітабың шықты?» деп сұрағанынан-ақ, Нұрлан Қоянбаевтың кім екенін аңғаруға болады. Өзі қолындағы қағаздан ақынның қай байқауда қандай атақ, жүлде алғанын көрерменге дауыстап оқып беріп алып: «Қазір жас ақындарды қолдайтын қандай байқаулар бар?» – деп сұрайтын жүргізушіге айтар сөз бар ма жалпы? Неге осы мәліметтің бәрін алдын ала біліп (бұ заманда ақпарат деген – пішен ғой!), студия қонағының өзін таң қалдыратын тосын сауалдар әзірлеуге болмайды? Кім біледі, бәлкім, Н.Қоянбаевтың дайындалуға онша уақыты да жоқ шығар. Олай болса, бағдарлама басындағы өзіне керемет қошемет-қолпаш дәмететін бес минутты тиімді пайдалансын: мына жақта жұрт улап-шулап жатқанда, ол грим бөлмесінен көрермен алдына шыққанға дейінгі аралықта қонағы туралы ақпаратпен танысып шығуға әбден үлгереді... 

Сәкен Сыбанбай

http://rgmedia.kz/

1 пікір