Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Күбіртке 26949 30 пікір 29 Наурыз, 2017 сағат 13:17

Чукчалар мен қазақтар ғана орысша сөйлегеніне мақтанады

Христиандардың 31-ші желтоқсандағы жаңа жылын қазақтар үш айдай тойлайды ғой, қасиетті Наурызды қалай өткеріп жатыр екен деп 23 наурыз күні тысқа шықтым. Бұрын «Сарыарқа» деп аталатын қазір аты-жөні беймәлім базардан өтіп Абай мен Алтынсариннің қиылысына бет алдым. Не базарда, не бірде-бір көшеде «Ұлыстың ұлы күні құтты болсын», «Наурыз құтты болсын!» деген бір ауыз сөз жазылмаған.

 

Ет дүкеніне кірдім. Қазақтың өзі бағып-қағып өсірген жылқы етінің үстінде «Конина», қазақтың ақбас сиырының етінің үстінде «Говядина», Еділбай тұқымды  қой етінің үстінде «Баранина» деген орысша жазулар ғана жатыр. Тауығымның еті «окорочкаға» айналып кетіпті. Ортан жілік, тоқпан жілік, асықты жіліктер – «лытка» деген «атақ» алыпты. Қаным басыма шауып шыға жөнелдім де көрші нан дүкенге бет алдым. Есігінде «открыто» деген жазу! Қазақ даласында егіліп, орылып бастырылған астық нандарының үстінде де «Московский», «Бородинский», «Полтавский», «Лепешка», ал сүт пен айранның үсті толған «Мое молоко», «Зорькин луг», «Мумуня», «Коровье», «Кефир», «Сливочное» т.б. Шашын сап-сары қып бояп алған сатушы қазақ әйелі «Здравствуйте! Что желаете?» деді. «Біз бір жарым миллиард қытайдың ішінде жүріп бір-бірімізбен қытайша араластырмай сөйлейміз, Қазақстанда тұрып сіздерге не болған» дедім. Ол бетіме бажырая қарап «Какая разница?» деді. Шығып баратып: «Чукчалар мен қазақтар ғана орысша сөйлегеніне мақтанады» дедім анаған әдейі есіттіріп. «Сам ты чукча!» деді ол. Қарным аша бастады. Абайдың бойындағы «Қағанатқа» кірдім.

 

- Біріншіге не бар? - дедім аспаз қызға.

 

– Говяжий, сосын курийный суп!

 

– Маған говяжий емес, сиыр сорпасын беріңіз.

 

– Полный ма, половина ма? - дейді қыз.

 

– Половина емес, жарты, - дедім.

 

– Күріш ботқа бар ма?

 

– А-а, каша рисовая ма? - дейді қарындасым.

 

– Рис керек емес, күріш бер, - деймін. Даусым дірілдей бастады.

 

– Бір кесе шәй!

 

– С молоком ба, без молока ма? - дейді қыз.

 

– Ойбай, сүт қатқан, ойбай, - деймін күйік көтеріп.

 

 

Асханадан шығып Алтынсариннің бойындағы аялдамаға кеп отырғаным сол еді жасы біразға келген әйел келіп: – Осы Абая ма, Алтынсарина ма? - деді.

 

– Екеуі де емес, - деп теріс қарадым жыным қозып. Ол кетісімен бір қазақ жігіті маған қарап: «Братан сағатыңыз неше болды? - деді. «Братаныңнан» сұра деп тағы теріс айналдым. Қасыма екі қазақ қызы келіп отыра қалып темекілерін тұтатты.

 

– Әһ! Мұрындарыңды құрт жеп бара ма, анау жаққа барып шегіңдер, - дедім. Орындарынан тұрып бара жатып біреуі маған есіттіріп «Вот ауылбай» - деді. «Что поделаешь, мамбет есть мамбет» деді екіншісі. «О-о, шешеңді!.. - дедім мен де есіттіріп.

 

Шашын қып-қызыл қып бояп алған қазақ кемпір немересімен келіп «Идем, Абулхаир! Посидим!» - деді. Жүрегім атқақтай жөнелді. Автобус келді. Бақылаушы жігіт «По Абая прямо!» По Абая прямо!» деп бақыра жөнелді. Кіре бергенім сол еді ол да «Брат, за проезд төлеңіз!» - деді.

 

– Жолақы ма?

 

– Да, да жолақы! Какая разница!-дейді ол да.

 

– 12-13 жасар орыс баласына жақындадым: Орныңды берші, отырайын!

 

– Я не понимаю по казахский!

 

– А что, в школе не изучаете казахский язык?-деймін.

 

– Изучаем! Но я не хожу на урок казахского языка.

 

– Почему? - деймін мен.

 

– А не каждому он нужен, - деді беті бүлк етпестен.

 

«Да, ты прав, пацан!» - дедім ішімнен ғана. Оған қарап «Сен Қазақстанда туып-өстің, қазақ жерінің дәм-тұзын татып келесің. Егер сен  мәдениетті, өзгені сыйлай білетін ұлттың өкілі болсаң, бұл елде қазақ тілін білуге міндеттісің. Анау, неміс, поляк тағы басқа ұлттар қазақшаны тез-ақ үйреніп алады ғой, - деп біраз сөйлегім келіп тұрды да Елбасымның «Орысша сөйлеген адамға қазақша жауап бергендер жазаға тартылады, жұмыстан шығарылады» деген ескертуі есіме түсіп аузымды қос қолыммен баса қойдым.

 

Үйге келдім. Сырт  киімімді шешіп жатып: "Шынымен біткеніміз бе? Қазақтың жойылып бітуіне көп қалмағаны ма?" деппін даусымды шығарып.

 

Зайыбым (қазіргі қазақтар «жолдасым» дейді):

 

- Ауруың тағы басталды ма, - деді.

 

– Иә, мен аурумын! Ауруы меңдеген қазақ деген ұлттың ұрпағымын, - дедім оған есіттірмей. Сосын өлең жазып, соңғы шумағын:

 

Базарбайлар бас тартса сүре, аяттан

 

Атанам ба мен дағы «Құдай атқан!»

 

Қазақ емес «жаңа ұлт» боп

 

Беймәлімге

 

Ағып барам құбырмен мұнай аққан

 

 

Құр сағымды қуғандай құрық алып,

 

Мәңгі ел ұлт, ұлы халық

 

Дінсіз, тілсіз жағаға қазақ жетер

 

Ескегі жоқ қайыққа мініп алып, - деп аяқтадым.

 

Мырзан КЕНЖЕБАЙ, ақын

Abai.kz    

30 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1984