Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Асқанға - тосқан 8016 7 пікір 3 Сәуір, 2017 сағат 12:33

Қайрат мырза, маған өзіңіз араша түссеңіз екен...

Біз әділдік іздеп шырылдаған Масипхан Қонайдың жанайқайын бұған дейін де жазған болатынбыз. Бұл жолы қандас бауырымыз кезекті хатын ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаровқа арнап жазған екен. Бұл хатты да жариялауды жөн санап отырмыз. 

Abai.kz порталы

ҚР Мемлекеттік қызмет істері

және сыбайлас жемқорлыққа қарсы

іс-қимыл агенттігінің төрағасы

 Қ.П. Қожамжаровқа

Құрметті Қайрат Пернешұлы!

Сізді қай кезде де Елбасымыздың қасынан табылатын азамат ретінде мақтаныш тұтамын. Екі жылға таяу уақыттан бергі өз басыма түскен қиын жағдай туралы Сізден көмек сұрамасқа еш амалым қалмады.

Мен Масипхан Конай 04.11.1969 жылы Қытай Халық Республикасы, Күнес ауданында туғанмын. Ұлтым қазақ. 2004 жылы, 5 мамырда Қазақстан Республикасына көшіп келдім. Қытай азаматымын. Тұрақты тіркеуге тұрып, ықтиярхатпен жүрмін. Қытай мен Қазақстан арасында жеке кәсіпкерлікпен айналысамын.

Асқар Алмабекұлы Тұтубаев

2004 жылы талдықорғандық Асқар Алмабекұлы Тұтубаев деген жігітпен танысып, біраз жыл сауда істедім. Алғашында бірлесіп, кірпіш зауытын аштық. 2007 жылы бұл зауыт Асқар Тұтубаевтың иелігіне өтіп кетті. Одан кейінгі жылдарда да біздің сауда жайындағы байланысымыз үзілген жоқ. Мен Асқар Тұтубаевтың берген тапсырысын Қытайдан тасып берумен айналыстым. Осы барыста арамызда қомақты ақшаның алыс-берісі жүргені рас. Бірақ, мен оның бар есебін уағында жауып отырдым. Бұл туралы сот алдында айтып, бұлтартпас дәлелдермен толық және ашық дәлелдеп бере аламын.

2015 жылы сәуір айында сол Асқар Тұтубаев және інісі Бақытбек Тұтубаев менің үстімнен, ақшамызды бермей жүр деп, Алматы облысы, Іле аудандық сотына арыз беріпті. Құқық қорғау органдары арқылы тұтқындатып, Іле ауданының уақытша қамау орталығына мені үш күн қаматты. Қамау орнында құқық қорғаушылар емес, Бақытбек Тұтубаев өзі сұраққа тартты. Олардың қолында менің «60 мың АҚШ долларын алдым» деп 2009 жылы берген қолхатым бар екен. Бірақ, бұл ақшаны мен сол жылы күзде Үрімжіде Асқар Тұтубаевтың атынан келген өз адамдарына (Баха деген үшаралдық рэкеттің адамдарына) бергенмін. Ақшаны бергенім туралы  Асқар Тұтубаевтың өзіне телефон шалып айтқан едім. Есеп сонымен жабылған болатын.

Сол жолы Асқар Алмабекұлының туған інісі Бақытбек Тұтубаев мені түрмеде ұрып-соғып, 60 мың АҚШ долларының үстіне және 32 мың АҚШ долларын қосып, жиыны «92 мың АҚШ долларына қарызбын» дегізіп, зорлықпен тағы қолхат жаздырып алды. Және үш адамды жәбірленуші ретінде және өздеріне қосып алыпты.

Міне, содан бері төрт рет сот отырысы болды. Мен Қытайда «Жаңа жазу» деп аталатын алфавитпен оқығанмын. Төте жазуды да дұрыс танымаймын. Ал, кириллица әрібін тіпті білмеймін. Орыс тілін мүлдем түсінбеймін. Соттың барлық отырысы қазақ тілінде өтіп келеді. Бірақ, мен жазу танымаймын. Адвокаттың көмегіне сүйеніп, жауап беріп келемін. Менің ақ екенімді сот түсініп, біліп отыр. Бірақ, әлі ақтап шешім шығара алған жоқ. Себебі, Асқар Тұтубаев Алматы облысында лауазымды қызметте екен. Ол менің үстімнен арызды туған інісі Бақытбек Тұтубаевтың атынан беріп қойып, өзі тасада отыр.

Мен көбінде Қазақстанда боламын. Сауда бабымен Қытайға да барып тұратынмын. Сол кезде. егер, мен шынымен оларға 60 мың АҚШ доллары қарыз болсам, Тұтубаевтар неге мені іздемеген. Олар Үкімет қызметіндегі лауазымды тұлға ғой, құқық қорғау орындарына арыз беріп, шекарадан өтіп жүргенде неге тұтқындатпайды? Тұтқындатуға мүмкіндіктері толық жетеді ғой!

Сот отырысы болған сайын Бақытбек Тұтубаев мені дәлелсіз айыптап, бәле-қазаны үйіп-төгумен келеді. Алаяқ деп, күш көрсетеді. Қытайда қылмысты болған деп, жала жабады. Әр сот тыңдауы сайын екі-үш адамды әкеліп, «Қонайдан алашақ ақшамыз бар!» дегізіп, қысым жасатады. Бірақ, бір де біреуінің түк дәлелі жоқ! Тіпті, азаматтық істің өзін қылмыстық іске айналдыртып жатыр.

Соңғы кезде бұл мәселеге БАҚ араласа бастап еді, Тұтубаевтар сотқа келуді қойды. Ұсақ-түйекті сылтауратып, тайып тұратынды шығарды. Асқар Тұтубаев сотқа қатыстым деп шылғи өтірік айтты. Ол өмірі сот тыңдауына келген емес, інісі Бақытбек Тұтубаевты салып қойып, тасада отыр.

2015 жылғы мамыр айынан бастап, менің бүкіл жұмысым тоқтады. Қытайдан Қазақстанға шақырған, қаржы салған қаншама инвесторларым осылардың кесірінен еліне қайтып кетті.

Төлқұжатым мен «Лексус-470» маркалы автокөлігім Іле аудандық құқық қорғау орындарының қолында екі жылдан бері кепілде тұр.

Құрметті Қайрат Пернешұлы!

Басыма қауіп төнуде. Баларым мен әйелім Қытайда қалды. Бармағаныма екі жыл болды. Тұтубаевтар нақақ соттатып жіберейін деп тұр. Егер, шынымен қарыз болсам, олар мені баяғыда соттатып тынар еді. Дәлелі болмаған соң, қорқытып, үркітіп мойындатқысы келеді...

Сізден маған араша түсуіңізді, осы қауіптен тезірек құтылуыма көмектесуіңізді өтіне сұраймын!

 

 

Құрметпен, Масипхан Конай

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1970