Жұма, 29 Наурыз 2024
Өз сөзі 6356 3 пікір 25 Сәуір, 2017 сағат 13:49

Ата заңымыздың 93-бабын неге ескермейміз?

 

 

2016 жылғы 3 шілде күні Матрица.kz. порталында жарияланған «Кто ответит за трехязычие» деген менің мақаламды 19 мыңға жуық адам оқыпты.

Бұл мақалада мен білім берудегі «үштілділік модельдің» біздің Ата заңымызға сәйкес келмейтініне назар  аударған болатынмын. Ол мақалаға 30-ға жуық пікір білдіріліпті. Менің ойымды толық жоққа шығарудан  бастап онымен  толық келісуге дейінгі осы пікірлер спектрі өте кең, әрі ауқымды болды.

Әрине, бұл жағдай мені одан ары қарай да іргелі түрде ақиқат іздеуге итермеледі. Ал ақиқаттың барлық уақытта да «жақын маңайда» жүретіні белгілі. Менің маңайымда да, сіздің айналаңызда да, соның ішінде министрлердің, депутаттардың және әртүрлі лауазым иелерінің маңы мен маңайында да ақиқаттың жүрері анық. Ал ақиқат іздеуді мен өзімнің ғалым ретіндегі, әрі азамат ретіндегі қасиетті борышым деп білемін. Сондықтан біздің қоғамдағы осы мәселе туралы бірқатар ойларыммен бөліссем деп едім. Ал қоғамда бұл проблеманың орын алып отырғаны рас. Сондықтан да Ата-заңымыз – Конституцияны ұлықтауға арналған осы мақаланың «Қазақ тілі мен лингвистикасының логистикасы – ҚР Конституциясының талабы және Қазақстан ғылымының инновациясы» - деп аталуын қалар едім. Осындай аталуынан көрініп тұрғандай мұндағы өзекті кілт сөздер мен ұғымдар – ЛОГИСТИКА, ЛИНГВИСТИКА, ИННОВАЦИЯ және КОНСТИТУЦИЯ. Сондықтан интернет пен Википедияның ақпарат қоржынына сүңгіп осы сөздер туралы бірқатар тезистерді сүзіп алуға тура келді. Орыс тіліндегі осы ақпараттарды қазақшалап беруге тырыстым. Азды-көпті олқылықтар болса, алдын-ала кешірім сұраймын.

Сонымен – ЛОГИСТИКА:

1-тезис. Логистика дегеніміз – оңтайландыру (шығындарды азайту) негізінде материалдық, ақпараттық және адамдық ағындарды басқару;

          2-тезис. Ғылымның көзқарасы тұрғысынан алғанда Логистика дегеніміз – оңтайландыруға бағытталған материалдық және ақпараттық ағындарды басқарудың тиімді әдістерін жасаудың қағидалары мен әдіснамасы;

          3-тезис. Логистиканы ұйымдастыру менеджменті тұрғысынан – бұл ақпараттық және қаржылық тиісті ағындарды стратегиялық басқару;

          4-тезис. Ақпараттық логистика дегеніміз – дәстүрлі және сандық (цифрлық) ақпарат тасымалдаушылардағы ақпараттық ағындарды тиімді тарату жөніндегі іс-әрекеттер жиынтығы;

          Ал енді Википедиядан алыынған ЛИНГВИСТИКА туралы бірер тезистер:

1-тезис: Лингвистика – тілдерді зерттейтін ғылым;

          2-тезис:  Бұл адамның табиғи тілі туралы, жалпы әлемдегі барлық тілдер туралы және оның жекеленген өкілдері туралы ғылым;

          3-тезис: Қолданбалы лингвистиканың дәстүрлі бағыттарының бірі – мемлекеттің тіл саясатына атсалысу;

          4-тезис: қолданбалы лингвистика – терминология қалыптастыру.

          ИННОВАЦИЯ туралы интернеттегі ізденістер мынадай тезистер берді:

1-тезис: Инновация (Жаңарту) дегеніміз адамның интеллектуалдық еңбегінің, оның қиялының, творчестволық үрдісінің, ашқан жаңалықтарының нәтижесі;

          2-тезис. Жаңалықтың барлығы инновация емес, Инновация дегеніміз қолдағы бар жүйенің тиімділігін артыратын жаңартулар мен жаңалықтар;

          3-тезис. Инновация ұтымды ендіріліп пайда әкеле бастағанша инновация болып саналмайды. Инновацияның ерекшелігі сол – ол арқылы қосымша құндылықтар жасалынады.

 Ал қосымша құндылықтар дегеніміз – бұл пайда, алға озу, көшбасшылық, басты бағыт, түбегейлі жақсару, сапалық артықшылық, алға басу (прогресс), креативтілік.

Ал енді Ата заңымыз – Конституцияның жалпы ережелерінен бірнеше цитата келтірейік:

1-Цитата. 2-бап, 1 тармақ: «Қазақстан Республикасы – президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет»;

         2-Цитата. 3-бап, 1 тармақ: «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық».

         3-Цитата. 4-бап, 2 тармақ .: «Конституцияның ең жоғарғы заңды күші бар және  Республиканың бүкіл аумағында ол тікелей қолданылады».

         4-Цитата. 7-бап, 1 тармақ : «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – ҚАЗАҚ ТІЛІ».

         5-Цитата. 93-бап: «Конституцияның 7-бабын жүзеге асыру мақсатында Үкімет, жергілікті өкілді және атқарушы органдар арнаулы заңға сәйкес Қазақстан Республикасының барлық азаматтары мемлекеттік тілді еркін әрі тегін меңгеруі үшін қажетті ұйымдастырушылық, материалдық және техникалық жағдайдың бәрін жасауға МІНДЕТТІ.

         Ақиқат іздеу үшін қажетті  тезистер мен цитаталардың ұзын-ырғасы осындай. Менің ойымша осы тезистер мен цитаталардың барлығы іргелі тұғырнамалық қағидаттарға негізделген. Десек те біздің ары қарайғы ой-толғауларымыз үшін маңыздырақ деп мынау тезистер мен цитаталарды ерекше атап өткенді жөн санап отырмын: Логистикада – ақпараттық және қаржылық тиісті ағындарды стратегиялық басқару туралы 3-тезис. Мәселе мемлекеттік тіл туралы болғандықтан мен бұл тезисті мемлекеттік Қазақ тілін лайықты, һәм жеткілікті материалдық базамен және де оның дамуын ұйымдастырушылық, техникалық ресурстармен қамтамасыз ету қажеттілігімен толықтырып, күшейтер ем.

Лингвистикада – Қолданбалы лингиствиканың дәстүрлі бағыттарының бірі-мемлекеттің тіл саясатына атсалысып қатысу туралы 3-тезис. Басқаша айтқанда Қазақстан ғылымы қазақ тілі мен лингвистикасымен айналысуға міндетті. Себебі, Лингвистика – бұл адамның табиғи тілі тұралы ғылым. Ал біздің мемлекетімізде – бұл қазақ тілі – ҚАЗАҚ ТІЛІ! Бұл ретте, барлық кафедраларда, ҒЗИ мен басқа да ғылыми ұйымдарда қазақ тіліндегі салалық лингвистика бөлімдерін міндетті түрде ұйымдастырып, құратын кез келгенін түсініп-түйсінетін кез болды. Сонда ғана қаржылық лингвистика, есеп-қисап лингвистикасы, биолингвистика, геолингвистика, банк лингвистикасы, техникалық лингвистика және т.с.с. дамып, қазақ тіліндегі терминологиялық номенклатура қалыптасып, дамитын еді. Тек қана ғылыми ұйымдарда ғана емес, мұндай арнайы салалық қазақ лингвистикасы бөлімдерін барлық мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелер мен кәсіпорындарда ашу қажет. Қажет емес-ау, тіпті Міндетті, әрі ақылға сыяды. Себебі, Ата заңымыздың 93-бабы бойынша Үкімет, жергілікті өкілді және атқарушы органдар мемлекеттік қазақ тілінің дамуы үшін барлық ұйымдастырушылық, материалдық (оның ішінде қаржы да бар болуы керек) және техникалық жағдайлар жасауға міндетті. Астын сызып, ерекше атап өтейік – МІНДЕТТІ.

Инновацияда басты тезис етіп 3-тезисті алдыңғы орынға қояр едім: «Инновацияның ерекшілігі сол – ол арқылы пайда, алға озу, көшбасшылық, басты бағыт, түбегейлі жақсару, сапалық артықшылық, алға басу (прогресс), креативтілік сияқты қосымша құндылықтарға қол жеткізу». Инновацияны ғылымсыз көзге елестету мүмкін емес. Сондықтан, мемлекеттік тілді дамыту саласында инновацияға қол жеткізу үшін ғылыми гранттардың 95% -ын қазақ тіліндегі салалық лингвистиканың дамуына жұмсау қажет. Басқаша айтқанда, ғылымның барлық саласындағы қазақ тілінде орындалатын ғылыми жобаларға қаржылай және ұйымдастырушылық қолдау білдіру керек. Үкімет пен басқа да мемлекеттік органдардың іс-жүзіндегі нақты қадамдары ғана мемлекеттік тіл саласындағы инновация мен қосымша құндылықтардың кепілі бола алады. Ал мемлекеттік тілдің инновациялылығының кепілі – Конституциямыздың 93-бабы.

Біздің қоғамызда қазақ тілінің барлық салада кеңінен қолданылуы мен оның ғылыми қамтамасыз етілуін түйсінудің маңызды екенін ерекше атап өткен жөн. Қоғамда қазақ тілінің логистикасының, лингвистикасының және инновациялылығының біркелкі сақталуының өте маңызды екенін ұмытуға болмайды. «Тілдер туралы» заңды іске асырудағы «іркілістер» мен «шегіністер» осы біркелкілік пен теңдіктердің сақталмауынан туындап отыр деуге болатындай. Мысал ретінде «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының нәтижесіне көз салсақ та жеткілікті. Осы бағдарламаның аясында Қазақтың болмысы мен руханиятының философиясы ііспеттес ұлттық эпостар, батырлар жыры, ертегілер, аңыздар, нақыл сөздер, поэма-жырлар, классиктердің туындылары 100 том-кітап болып жинақталып, баспадан шықты. Менің өз басым осы 100 том қоғамдық кітапханаларда, мектептер мен ЖОО кітапханаларында, кітап дүкендерінде пайда болса, сөйтіп көптеген азаматтар оларды алып, тұтынып қазақ тілінің сапалық артықшылығы орын алатын шығар деп күткенмін. Қатты үміт артқаным да рас. Бірақ ол үмітім ақталмады. Бұл құндылық тек 2000 ғана заңды және жеке тұлғаларға бұйырды. Себебі, осындай келелі жұмыстың тиражы өте шектеулі болып шықты. «Қазақстан» Ұлттық энциклопедиясы да, көптомдық сөздіктер, анықтамалықтар және т.б. шығарылымы аз, шектеулі болды. Қазақ тілінің мүддесінде, өкінішке орай, «Семіз сөйлеп, арық шықтық». Қайдағы логистика? 17 млн. халыққа арнап 2000 дана кітап шығарсақ, қандай Логистика туралы сөз қозғаймыз?

Мемлекеттік тілдің материалдық базасын қалыптастыру туралы мәселелерде Конституция  талаптарын орындауға толық мүмкіншілік беретін ең төменгі көрсеткіш анықталып, нақтылануы тиіс. ҚР Конституциясының талаптарына сәйкес тегін орта білім МІНДЕТТІ (30-бап). Яғни, Үкімет пен жергілікті өкілеттілік және басқару органдары азаматтар тегін орта білім алуға материалдық-техникалық ұйымдастырушылық жұмыстарын атқаруға міндетті. Ал Конституциямыздың 93-бабының талаптары да азаматтарды  мемлекеттік Қазақ тілін тегін оқып білуге міндеттейді.  Өз кезегінде Үкімет пен  мемлекеттік органдар Қазақ тілінің өркендеп-өсуінің, дамуының материалдық-техникалық қамтамасыз етілуіне жауапты. Жауапты ғана емес-ау, міндетті.  Ерекше атап өтейік – МІНДЕТТІ.

Тілдің дамуы туралы сөз қозғағанда оны инновация деп түсінгеніміз абзал. Себебі, тек осы жағдайда ғана қосымша құндылықтар түзелетінің есте сақтауымыз керек. Қазақ тілінің дамуына қажетті материалдық базаның ең төменгі көрсеткіші мен санын анықтауда еліміздегі мектептердің колледждердің, ЖОО, кітапханалар мен кітап дүкендерінің ж/е т.с.с. жалпы санына арқа сүйесек те жеткілікті. Қазақстанда 8 мыңға жуық мектеп бар екен. Егер әр мектепке «Мәдени мұра» бағдарламасының нәтижесі болып табылатын 100 томның 2 данасын алуға міндеттегеннің өзінде оған деген қажеттілік 16 мың дана кітап болады екен. Мектептердегі әр томына деген қажеттілік 16 мың дана болса, колледждерді, ЖОО, кітапханаларды ескергенде жалпы Ұлттық, мемлекеттік деңгейдегі ең төменгі қажеттілік 30 мыңдай дана болмақ. Қазақстанда қазақ тіліндегі әрбір іргелі ғылыми еңбек, анықтамалық, энциклопедия 30 мың дана болып шығуы керек. Бұл – қазақ тілін дамытуға қажетті материалдық базасының ең төменгі көрсеткіші және мемлекеттік тіл логистикасының мәселелерін шешудің негізі, һәм бастауы. Ең бастысы, ең маңыздысы – бұл еркелік немесе қыңырлық пен қиқарлық емес. Бұл – Конституция талабы. Тағы да атап өтейік – КОНСТИТУЦИЯ талабы.  Сондықтан, қазақ тіліндегі ақпарат тасымалдаушылардың ең төменгі көрсеткішін міндеттейтін арнайы Үкімет қаулысы болса, бұл мәселе реттеліп, өз шешімін табар еді.

Өкінішке орай, мұның әзірге ешқайсысы болмай тұр. Сол себепті де мемлекеттік органдарға сұрау салуға мәжбүрміз және жүйелі үнсіздікке ұрынып жатқанымыз рас. Бұл өзі кішкентай балалардың «Мушкетерлер ойынына» (қылыштасып ойнау) ұқсайды. Бір кинофильмнің кейіпкері айтқандай – «Мушкетерлер ойынына» қану мүмкін емес ...

Қазақстан Республикасының Үкіметі, әсіресе Білім және Ғылым, Мәдениет және спорт, Ақпарат және коммуникация министрліктерінің қазақ тілі мәселелерімен айналысу  керектігін түсінетін кез келді. Конституция талаптарына сәйкес – қазақ тілімен айналысуға міндетті. МІНДЕТТІ. Міндетті дегеніміз – жауапты деген сөз. Әсіресе, сапалық жағына жауапты. Бүгінгі қазақ тілінің сапасы туралы айтып тұрмын.

Бүгінгі күні білім мен ғылым, мәдениет пен спорт, ақпарат пен коммуникация саласында Конституцияның 93-бабы тіпті ескерілмей отыр десе де болады. Өкінішті-ақ! Ескерілмейді дегеніңіз – Конституцияның бұл нормасына ешкім арқа сүймейді деген сөз. Өз кезегінде бұл-министрлер мен депутаттар Конституцияның 93-бабын білмейді деген сөз. Білмеген соң қорықпайды деген сөз. Тағы да кинофильм кейіпкерінің сөзі еске түсіп тұр – «Қорқуды қойған кезде саған бәрібір болады» - деген. «Үштілді білім беру» Моделін Ата заңымыздың 93-бабын білмеудің нәтижесі деп қана түсіндіруге болатын сияқты. Менің түсінгенім – «Үштілді білім беру» Моделінің нәтижесінде Қазақстан мектептерінен ағылшын тілін білетін «креативті» Қазақ ұлдары мен қыздары түлек болып шығуы керек. Ал енді Сіз Үстірттің шөлдерінде, Бетбақдала мен Торғайдың, Ұлытау мен Алтайдың ортасындағы ұлан-асыр Сарыарқаның далаларында, Оңтүстік Алтайдың таулы ормандарының ішіндегі тек тікұшақпен, атпен және жаяу ғана баруға болатын Шанақатқан ауылында мал бағып жүрген ағылшын тілді «креативті» Қазақты көз алдыңызға елестете аласыз ба? «Ағылшын тілді қазақ Қазақ қоғамы үшін қаншалықты құнды?» - деп өзімізден өзіміз сұрайтын кез келген сияқты. Бірақ, мұндай сұраққа әзірге жауап болмай тұр, себебі Үкімет пен мемлекеттік органдар «үнсіздік режимінде».

Басқа жағынан алып қарасақ, бала кезімде көрген бір мультфильмнің кейіпкері айтқандай – «Қорықпайды дегенің сыйламағаны ғой»... «Бұл біз үшін өкінішті-ақ» - деп сол мультфильмдегі екінші кейіпкер жауап бергендей болып тұр.

Бұл тығырықтан шығу жолы біреу-ақ. Менің ойымша, Конституцияның нормаларына деген Құрметті жас-кәрі демей барлық азаматтардың есіне салуға міндеттіміз. Еліміздің Конституциясына деген Құрметті қайтару үрдісі «Білмесең-үйретеміз, білгің келмесе-мәжбүрлейміз» деген қағидаға сүйеніп жүргізілуі тиіс. Әсіресе, Ата Заңымыздың 7 және 93 баптарына деген Құрмет ерекше болуы керек-ау деп ойлаймын. Басқаша болуы мүмкін емес, себебі Конституцияның мызғымастығының кепілі – Елбасымыз, Республиканың Президенті.

Нұғыман Аралбай. Биология ғылылмдарының докторы, профессор

 

P.S. 90-жылдары менің досымның кеңсесінде, қабырғада жадынама (Памятка) ілулі тұратын. Ол жадынама 2 тармақтан тұратын:

«1. Есіңде болсын, бастықтікі әрқашан да, барлық уақытта да ДҰРЫС; Егер бастықпен келіспесең, 1-тармақты қара!».

Барлық министрлердің, депутаттардың және барлық деңгейдегі басшылардың кеңселеріне мазмұны төмендегідей Жадынама іліп қоюды ұсынамын:

«1. Есіңізде болсын, Ата заңымыз – Конституцияныкі әрқашан да, барлық уақытта да ДҰРЫС; Егер келіспесеңіз, 1-тармақты қараңыз!».

Себебі Конституцияны білмеу ешкімді де халық пен Ұлт көшбасшысы – Елбасы, Президенттің алдындағы жауапкершіліктен босатпайды.

3 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1581
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3606