Жұма, 22 Қараша 2024
«Соқыр» Фемида 17378 36 пікір 24 Шілде, 2017 сағат 01:08

Қытайдағы қазақтарды кім құтқарады?

Әлемдік өркениет пен ғылым-техниканың ұшқан құстай дамыған, адамзат санасының ұшар биікке көтеріліп ақиқат айдынында самғаған  осынау демократия қанат қаққан бейбіт заманда, сол өрелі өркениет пен тетікті техниканың ордалы отаны болып отырған алып Қытай мемлекетінде адамдық құқық пен қоғамдық демократияны табанға таптаған, біз біле бермейтін ессіз ережелері мен ақылға сиымсыз  заңсыздықтарының кері әсері, қоғамның дамуына жағымсыз ықпалын тигізіп қана қоймай солқылдатқан жарақаттай күннен күнге қоздап, ышқына  күшейіп келеді.

Қытай мемлекеті мен Қазақ мемлекеті ежелден іргесі сөгілмеген тату-тәтті көрші, сенімді серіктес дос ел. Екі ел арасындағы әлемдік деңгейдегі бірлескен ірілі-ұсақты іс-шаралар, сыртқы сауда-саттық байланыстар, өңірлік саясат салалары  күннен күнге қарқынды дамып, нығыздалып, нығайып келеді.  Қазақстан жері география жағынан айтқанда Қытайдың Еуропаға шығатын жалғыз да сенімді көпірі, әрі еш кедергісіз келетін энергия көзі екенін анық білген Аспан асты елі өз мақсатына жету үшін Қазақстан билігімен жиі-жиі бас қосып маңызды да мазұнды жиналыстар өткізіп, Қазақстанның мемлекеттік жоба жоспарларына өзінше көмек берген сыңай танытып, жан сала жақындай түсіп, жыбырлап жылжып та  келеді.

Қытай ақпарат көздері көбінесе «дүниедегі ең сенімді әріптесіміз, досымыз – Қазақстан» - деп, жар салады. Егер шынымен де Қазақстанды сондай адал дос деп санаса, онда сол мемлекетті құрап отырған негізгі халық - қазақ ұлтын да сондай дос көреді деген сөз. Қазіргі таңда, Қытайда бейресми санақ бойынша 2 милиондаған, ал Қытайдың сандық мәліметі  бойынша 1 миллион 600 мың этникалық қазақ өмір сүруде. Қорыта айтсақ Қытай біздің бүге-шігемізді анық та қанық біледі. Олай болса, осы жерде қытайлар шынында да қазақ ұлтын жақсы көре ме, шынымен жанашырлық істей ме деген  заңды сұрақ туындайды? Себебі қазіргі Қытайда болып жатқан жайсыз жағдайлармен құбылмалы құйтұрқылықтар, жаңадан шығарып жатқан «қисынсыз ереже-тәртіптер» бұл сұраққа тек қана «жоқ» деп жауап бере алады.

Қытайда жалпы Шыңжаң өлкесі жер көлемінің жартысына жуық бөлегін ұстайтын «Іле Қазақ автономиялы облысы» болып, мұнда ұзын саны  4 қала, 24 аудан 150-ге тарта ауыл бар, бәрі дерлік қазақтар жиі қоныстанған, 1 миллион 600 мың қазақ негізінен осы облыста тұрады. Біз білетін Қытай 2000-жылға дейін осы қазақтарға ерекше үңіліп, құрмет көзқараспен қарап тіс-тырнағын аса батыра қоймаған еді, тіпті сол қазақтардың Қазақстанға емін-еркін кіріп-шығуына, туысшылауына, оқуына,  көшіп-қонуына еш кедергі жасамаған болатын.

2000-жылдардан бастап мыңға тарта қазақ тілді мектептер аяқ астынан бірден қытай тілді мектептерге қосылып жіберілді. Осы осқырынған одағай саясаттың кесірінен қытай елінде, өз «ана тілін» білмейтін, ұлттық сезімнен жұрдай, дүр мінезді, дүбара ұрпақ өсіп келеді. Бұрын қазақша іс-қағаздармен жүретін өкіметтік органдар мен мекемелерді түгел дерлік қытай тіліне ауыстырды. Осының салдарынан, қазіргі таңда, тіпті қазақы болмысы да өзгешеленіп кеткені сондай, өз баласын өз ана тілінде сөйлете алмай, ата-ана мен бала арасындағы ортақ тілдік, отбасылық тәрбие, тәртіп бұзыла бастады. Осыны көрген әр қазақ келер ұрпағының болашағына алаңдап, «ұлт болып қаламыз ба, жоқ па?» деген қорқынышты сауалды өздеріне қоя бастады.

Сондықтан да аттың басын елге бұрған қандастарымыз көбейді, әрине олар жан бағу үшін емес, ұрпағын сақтап қалу үшін келді және келгісі келеді. Ал Қазақстан өкіметі де осыған дейін де шеттен келген қандастарымызға ыстық құшағын ықыласпен жайып, қуана  қарсы алып, мемлекет бойынша тиісті заң-ережелер  шығарып, бағдарлама жасап, түрлі  тиімділіктер жасап жатыр.

Біз де осы қазақ елінің бір азаматы ретінде, Елбасының ұлы саясатын қолдап, «шеттегі қазақтың отанына оралуына тек мемлекет қана айналысады» - демей, өз үлесімізді қосу мақсатында, осындағы ұлт жанды біраз азаматтар мен азаматшалар бірігіп, қандастарымызды елге шақыру мақсатында Қытайдағы  4 қала, 24 аудан бойынша, WEICHAT  ақпараттық желісі арқылы топ (группа) құрып, қандастарымызға Қазақстанның қазіргі даму жағдайын, жер-су жағдайын таныстырып, Елбасы бекіткен солтүстік аймақтардағы 7 облыс бойынша жер жағдайы, кәсіппен айналысу, мал бағу, егін салу т.б. ақпараттарды үзбей беріп, оларды елімізге келіп еңбек етуге үгіт жүргізіп келеміз. Осының нәтижесінде көптеген қандастарымыз елге көшіп келуге ынталана дайындалып, кейбірі үйлерін сатып, жүгін буып-түйіп, алдағы мектептің жаздық демалысына қарай аттың басын Атажұртқа бұруды жоспарлап, тас-түйін дайын болған еді.

Өкінішке орай осы жылдың басынан бері Қытайдың жергілікті өкіметі шұғыл түрде  заңсыздықтарға көшті, яғни осы қандастарымыздың Қазақстанға еркін көшіп келуіне ашықтан ашық қарсы іс-қимылдар жасады және қазірге дейін жасап келеді, атап айтар болсақ, олар төмендегі бірнеше заңсыздықтарды қолдан жасап отыр.

  1. Қытайдағы қандастарымыздың заңды төлқұжаттарын еш себепсіз жиып алып, қайтарып бермей немесе отбасындағы бір мүшесіне (баласына не әйеліне) төлқұжат бермей, олардың Қазақстанға отбасымен толық келуіне тиым салып отыр;
  2. Қазақстанға көшіп келу үшін төлқұжатқа жаңадан өтініш берген отбасына төлқұжат жасамай немесе отбасындағы бір мүшесіне (баласы не әйелі) құжат бермей, сол арқылы тұтас бір отбасын жіпсіз байлап отыр;
  3. ҚХР-да 30-40 жыл қызмет етіп, зейнетке шыққан соң, бала-шағасын ертіп, заңды түрде Қазақстан республикасына көшіп келген зейнеткерлерді Қытайға қайтадан шақырып алып, оларды Қазақстанда тұрақты тұруына рұқсат бермей, отбасынан айырып, тек ҚХР-да тұруға мәжбүрлеп отыр, егер де олар ҚХР-ға бармаса және ҚР азаматтығын қабылдаса, оларға «зейнетақыларыңды тоқтатамыз» деп қорқытып отыр. (ҚХР 1985 жылғы заңында, Шетел азаматтығын алған зейнеткерлердің зейнетақысын тоқтатпау туралы анық жазылған);
  4. Қытайдағы қандастарымыз ұрпағын сақтау үшін, балаларын Қазақстан республикасының бала-бақшаларында, мектептерінде, жоғары-оқу орындарына оқытып жатыр, ал Қытай өкіметі осы оқушыларды еш себепсіз шақыртып, Қазақстанда оқуына тиым салды, егер осы оқушылар Қытайға бармай қойса, ол жақтағы әке-шешесіне, туыс-туғанына ерекше қысым жасап, қорқытуда;
  5. ҚХР-дың Қазақстандағы елшілігі Қазақстан азаматтығын алған қандастарымызға, Қазақстанның жергілікті азаматтырымен тең дәрежеде қарамай, оларға Қытайда туылғаны үшін, «топтық виза», «электронды виза» түрлерін бермей отыр;
  6. Қазақстанға көшіп келіп, Қазақстан азаматтығын алған қандастарымызды ҚХР жергілікті өкіметі шақыртып алып, оларға өзі тұрған орнынан тіркеуін өшіруін талап етіп, осы арқылы көшіп келген қандастарымызды жаппай Қытайға шақырып, түрлі тексеруден, көптеген органдардан рұқсат сұратып, оларды қинауда, ал заң бойынша бұл тіркеден өшіру, Қазақстандағы ҚХР консулінің жұмысы.
  7. ҚХР-дағы қандастарымызға түрлі үрей тудыратын, ауызша заңдар жасап, оларға Қазақстандағы туыс-туғандарымен байланыс орнатпауға, Wechat, WhatsApp сияқты байланыс құралдарындағы топтардан шығуға мәжбүрлеп, ұлттық мерекелермен құттықтауға тиым салып, осы мәселелер бойынша жаппай сұраққа тартып жатыр;
  8. WeChat әлеуметтік желісінде Қазақстандағы туыстармен хабар алысып, әңгімелескені және бұрын Қазақстанға барып келгені үшін, 2017 жылдың 4 маусым күні ҚХР ШҰАР өкіметі жиналыс ашып, «Екібеткейлермен күресу» деген қаулы қабылдап, оларды жаппай тексеріп, сұраққа алып, «Саяси үйрену» деген атпен, арнайы орындарға алып кетіп, 1 айдан 1 жылға дейін қамап жатыр, осы «Саяси үйренуге» барған азаматтар ендігі жерде «сотталған адам» ретінде есепке алынып, олардың шетелге шығуға тиым салынады;
  9. Ең сорақысы Қазақстанды 26 тиым салынған, қауіпті мемлекеттер тізіміне енгізіп, Қазақстанға келіп-кетіп жүрген қандастарымызды негізсіз тергеп «саяси үйренуге» алып кетіп жатыр. Осыған байланысты Шыңжаң өкіметі жер-жерден жаппай ашық түрмелер салуда;
  10.  Қытайдағы ҚР Төлқұжат-виза қызмет орталығында тек көшіп келетіндерге арнайы көші-қон визасы кезексіз берілмеуіне байланысты, олар кез-келген уақытта визаларын ашып, көшіп келе алмайтын жағдайға тап болып отыр;
  11. ҚХР жергілікті өкіметі, азаматтардың шетелге соның ішінде Қазақстанға шықпауын қамтамасыз ету үшін, оларды жаппай партияға өтуге мәжбүрлеп, сол арқылы партияға өткендер шетелге шығуға болмайтынын заңмен ескертіп жатыр.
  12.  ҚХР осы уақытқа дейін әлемдік 4 үлкен дінді, соның ішінде Ислам дінін мойындап, жергілікті тұрғындардың дінге сену бостандығы туралы заң қабылдап, олардың ислам қағидаларымен жүріп-тұруына, мереке-мейрам өткізуіне, мешіт салуына, намаз оқуына заңмен рұқсат берген, бірақ осы соңғы бірнеше ай ішінде өмір бойы осы мешітте мемлекет жағынан белгіленген имамдарды жаппай түрмеге алып, алдын «түрмеде өз-өзіне қол салды» деп (нақты екі имам), мүрдесін тексеруге бергізбей, күштеп тез жерлеткен, ал әр мешітте әдеттегідей намаз оқитын ата-әжелерімізге дейін қатаң сұраққа алып, оразада ораза ұстамауға бұйрық берген, түнде үйлерді аралап, шамы жанғандарды «сәресі іштің» деп түрмеге алып кеткен.

Жоғарыдағы заңсыздықтар елімізге келуге дайын отырған қандастарымызды жіпсіз байлап, оларды үрейлендіріп тастады. Бұл заңсыздықтар Қытай заңына да, халықаралық заңдарға да қайшы екенін қаперге алып, Қазақстанның ресми билігі Қытай мемлекетіне наразылық нотасын жіберуі керек деп ойлаймыз.

Қыдырәлі Оразұлы 

Abai.kz

 

36 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1440
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3202
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5174