Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Жөн-ақ 6997 15 пікір 19 Қыркүйек, 2017 сағат 11:35

Ол жақта 1,5 миллион қазақ, бізде 400 мың өзбек тұрады

Өткенде Қазақстан Президенті ресми іс-сапармен Өзбекстанда болып қайтты. Бұл жолы Президент Назарбаев өзбек басшысы Шавкат  Мирзиёевтің арнайы шақыруымен барған еді.

Біздің білуімізше, Өзбекстанның екінші президенті мен Қазақстанның бірінші президенті осымен бесінші мәрте жүздесіп отыр. Өзбекстан сапары қалай болды? Қандай келісімдерге қол жеткіздік? Қазақ-өзбек қарым-қатынасы қалай? Бұл туралы саясаттанушы Камал Бұрханов  пікір білдірді.

Қазақ-өзбек арасындағы сауда-саттық 35 пайызға өсті

- Бір жылға жетпейтін уақыт ішінде Өзбекстан мен Қазақстанның экономикалық қарым-қатынасы 35 пайызға өскен. Бұл өте жоғары көрсеткіш, - дейді екі елдің тығыз қарым-қатынасы жайлы айтқан саясаттанушы Камал Бұрханов.

(Саясаттанушы Камал Бұрханов. ҚР Парламенті Мәжілісінің V-шақырылымында "Нұр Отан" партиясынан депутат болып сайланды)

«Өзбекстан мен Қазақстан Орта Азиядағы ең үлкен іргелес екі мемлекет қана емес, туысқан ұлт ретінде қатар дамып келеді. Екі елдің экономикасы бәсекелес емес, бірін-бірі толықтырады деп есептеймін», - деген саясаттанушы Жібек жолының бойындағы екі елдің болашақтағы қарым-қатынасы нығая түсетініне сенімді.

«Біздің президентпен Өзбекстанның бұрынғы  президенті, марқұм Ислам Кәрімовпен қарым-қатынасы өте жақсы болды. Басқаны айтпағанда, Елбасымыз бір жылға жетпейтін уақыт ішінде қазіргі президент Шавкат Мирзиёевпен 5 рет кездескен. Сол кездесулерде қаншама құжаттарға қол қойылды. Осы аз уақыт ішінде екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынас 35 пайызға ұлғайыпты. Енді екі мемлекет сауда-саттық қатынасын 5 млрд АҚШ долларына жеткізуді көздеп отыр», - дейді Камал мырза.

Өзбек марапаты

Орта Азиядағы мемлекет басшыларының ақсақалы Назарбаевтың Халықаралық саяси аренада беделі зор. Әсіресе оны жұрт мәмілегер басшы деп таниды. Ресей-Грузия, Сирия-Ресей-АҚШ-Түркия, Ресей-Түркия, Әзірбайжан-Армения арасында болған дауды шешуде Президент Назарбаевтың ықпалы болғандығын күллі дүние жұрты біледі.

Ал көршілес қоныстанған Қазақстан мен Өзбекстанның қарым-қатынасы Құдайға шүкір дерлік.

Өзбекстанның бұрынғы премьер-министрі, қазіргі президенті Шавкат мырза Мирзиёев сол үшін де болар, Қазақстан басшысына ерекше ықыласпен қарайды. Аға тұтады. Ақыл сұрайды.

Ел басқарған 30 жылда Президент Назарбаевтың Халықаралық ұйымдар мен өзге мемлекет басшыларынан алған атақ,марапаты күні бүгінде төсінен тобығына жетердей болғаны рас.

Десе де, Шавкат мырза Өзбекстанның ең жоғарғы марапатын өзінің аға досы Назарбаевтың мойынына тақты.

Бұл марапат ресми протоколда болмаса керек, Президент Назарбаев өзбек әріптесі көрсеткен ілтипатқа деген шынайы ризашылығын жасыра алмады. Бұл шынында күтпеген сыйлық болды.

Өзбекстанның "Ел-жұрт құрметі" ордені 1998 жылы қабылданып, бекітілген. Өзбекстанмен қарым-қатынасқа үлес қосқан  азаматтар марапатталады.

"Ел-жұрт құрметі" орденімен бүгінге дейін өзбек мәдениетінінің, спортынының, ғылымы мен әдебиетінің майталмандары марапатталып келген. Әзірге 26 адам аталған марапатқа ие болса, олардың ішінде Президент Назарбаев жалғыз мемлекет басшысы.

Кейін өзі де айтты. "Құрметті Шавкат Мейриманович, құрметті өзбек бауырлар! Мен өмірімде көп марапат алдым. Дүниенің көп мемлекетінен, өзімнің елімнен. Бұл марапат маған аса қымбат. Себебі, көрші елдің, бір туған елдің құрметіне бөлену, ол басқа. Білмейтін, алыстағы елдердікі ол - саяси. Сондықтан мен бұл марапатты өте жоғары бағалаймын. Ойламап едім, ойламаған жерден беріп отырсыз маған" (Елбасының тебіреніске толы сөзін редакцияламай ұсынып отырмыз), - деді Президент Назарбаев.

1,5 миллион қазақ пен 400 мың өзбек

Өзбекстанның бірінші Президенті Ислам Каримов қайтыс болғалы Назарбаев пен Мирзиёевтің кездесуі жиілеп кетті дейді көп жұрт. Ал саясаттанушылар, екі ел басшыларының лидерлікке таласы енді экономикалық бәсекелестікке жалғасты дейді.

Расында, Назарбаев та, Каримов те кеңестік жүйе кадрлары еді. Үлкен саясатта үзеңгі қағыстырып, Орталық Азиядағы лидерлікті өзара бөлісіп жүрді.  Екеуінің де лидерлік амбициясы бір-бірінен асып түспесе, кем түспейтін.

Ал жаңа Президент Шавкат Мирзиёев Каримов емес.

(Дос Көшім, саясаттанушы)

 

- Мирзиёев Каримов секілді емес, өзін іні, туысқан ретінде ұстай алады. Бұл саясатқа да, экономикаға да әсер етеді. Өзбекстанда нарықтық реформалар басталса, Қазақстан іргесінен бәсекелес пайда болады деген қауіп айтылып жүр. Меніңше, одан екі ел де ұтады. Ол бір жағынан Қазақстан экономикасы дайындығын тексеруге де себеп, - дейді саясаттанушы Дос Көшім.

Біздің елдерді байланыстыратын ең маңызды фактор - ол экономикалық өсім де емес, бәсекелестік те емес, тіпті марапат пен мадақ та емес. Ол адам.

Бізге мәлім бір дерек. Қазіргі таңда Өзбекстанда 1,5 жарым млн. қазақ, Қазақстанда 400 мың өзбек тұрады. Кейбір деректер бойынша Өзбекстандағы қазақтың саны 2,5 миллион деп көрсетіледі. Міне, ел мен елді байланыстыратын негізгі фактор - осы жұрт болса керек.

Нұрзат Тоғжан

Abai.kz

15 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3530