Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Сараптама 9132 28 пікір 28 Қыркүйек, 2017 сағат 09:35

Елімізде саяси тұтқындаулар басталып, біраз «акулалар» торға түседі

Билік ауысады-мыс. Қазір белгілері байқалуда. Таяуда, саяси тұтқындаулар басталып, біраз «акулалар» торға түседі-міс. «Үлкен кісінің» қасында жүрген олигархтардың біразы «құрбан» болуы мүмкін. Осындай әдүң-гүдің әңгімелер «асханада» емес, бас қалада жиі айтылатын болып жүр.

Оны қойшы, пендеге уақыты келгенде ажал оғы да жетер. Оның қасында билік деген не тәйірі! Әлемді уысымда ұстаймын деген Шыңғыс ханның да дәурені өткен.

Айтайын дегенім бұл емес. Тағдырлы сәтте ел, «әлдебір» топқа кіріптар болып, бас сауғалап кетпесе екен деген қауіп біздікі. Есті адамның есін кетірген сұрақ та осы. Расында, билік трансформациясы үшін әзірленген сценарий жарамсыз болып, төтеннен «бөтен» \Пөтен\ адам шыға келсе, елдің есі сонда шығады. Құдай бетін әрмен қылсын!

Сонымен, сындарлы сәтте «ұлтшылдар», миссиясын (өзі) атқара ала ма, әлде бұғып қала ма?.. Осы мәселе елді мазалайды. «Ұлтқа қызмет ету-мінезден» деген Әлекең – Әлихан Бөкейханның ұрпақтарына немесе бізге сол сәтте артылар жүк ауыр. Ең тағдырлы аманат – сол мезетте сыналады. Егер, осы сәтте бір-бірін сатпай, бір мақсатқа жұмылып, ұлт болып бірлікке ұйысса, жаңа сатыға көтерілгеніміз. Миссия орындалды дей беріңіз.

Алайда, бетін аулақ қылсын, қазіргі «ұлтшылдардан» мұндай сипат көріп тұрғаным жоқ. «Домбырашы-жыраулардан» құралған ұлтшылдар, «Алаш» ұғымын «патенттеп» алған псевдоұлтшылдар, «әсіредіншілдерден» жасақталған және ақынсымақтар тобы бар. Арасында діннен безгендері де жоқ емес. Әрі қарай өзіңіз жалғаңыз… Бұларға ел тағдырын сеніп тапсыруға болмайды! Ал, оппозицияда жүрген «ұлтшылдардың» сықпыты қандай деген сұрақ тууы мүмкін. Бұлар, бүгінгі биліктегілерден де қауіпті дер едім. Себебі, бұлар – аш. Кез-келген «азықты» қорек етіп, күн көруге даяр (әлде, сізде басқа ой бар ма?).

Тым жағымсыздау пікір болуы мүмкін. Бірақ, ақиқаты осы. Қараңыз, елдің алдында жүрген ұлтшыл-саясаткерлерге: әлеуметтік желіде «өзгешелеу» сұрақ қойып, сынап көріңіз, «банға» тығады. Не «Демал» деп шорт кеседі. Сонда пікір айтып, талқыламау керек пе?! Билікке бұлар барса, диктатордың көкесін сонда көресің!

Билік эстафетасын алып жатып, «құлатып» алатын жағдайлар да болады

Әріге бармай-ақ, Қырғыз еліндегі саяси жағдайларға баға берсек, көп нәрсеге көзіміз жетеді. Айыр қалпақты ағайындар бізге қарағанда, ширақтау. Мүмкін, тым белсенді. Бірақ, мүдделі топтардың «жемтігі» болып кете жаздады. Ақаев, Бакиев дегендерден маза қашып, ақыр соңында жан бағып, бас сауғалап кетті. Осылайша, саяси биліктен береке қашты. «Бөтендерге» жем бола жаздады. Бірақ, дер кезінде ес жиып, «туралау» жолға түсті. Бірақ, даңғыл емес. Алайда, Президент бір рет қана сайлана алады деген халықтық талап-тілек, қағида Ата Заңға алтын әріппен жазылды! Бұл, енді Ерлік еді! Алайда, қазандағы сайлауды ың-шыңсыз өтеді деп ойламаймын.

Түрікменстан туралы бірдеңе деу тым «ерсілеу». Ел басқару ережесі бойынша бұл мемлекеттің өз құпиясы, өз әлемі бар. Марқұм С. Ниязовтың «бақыт кілті» тіс дәрігері Г.Бердімұхаммедовтің қолына түссімен, алапат өзгеріс жасамаса да, бұрынғы биліктің орнын санадан  «өшіруге» тырысты. Кезінде, Ниязовтың құрметіне қойылған «Алтын жалатылған» ескерткіштерді сүріп тастап, «рухани» шығармаларын айналымнан шығарды. Саяси оқиғалары тағы бар… Бұларды «жұмсақ» тәсіл демес едім…

Саяси ортада марқұм И. Кәрімов автократ басшы ретінде аталса да,  Өзбек елінің руханияты мен мемлекеттілігі жолында «принципшілдігін» жоғалтпаған Тұлға ретінде біршама абыройы болды. Бірақ, жаңа басшысы Ш.Мирзиеев өз саясатын жүргізуде. Томаға тұйық мемлекет — қазір «ашық» саясат қағидасын ұстанып жатыр. Алайда, саяси қарсыластары мен бұрынғы биліктің үрім-бұтағына шүйлігуін жалғастыруда. Шығыстың аты - Шығыс!

Солтүстік Корея мен Куба сында ультратоталитарлы мемлекеттер туралы сөз қозғаудың өзі қисынсыздау.

Біздің жағдайға келсек, меніңше, мұнымен күресетін стратегиялық тұрғыдан маңызды тактикалық шешімдер бар. Бұл - қоғамның саяси мәдениетін қалыптастыру (қазіргі кезеңі түсініксіздеу). Әрине, 30-40 мың теңгеге күн көріп жүрген әлеуметтік топтар үшін саяси мәдениет деген жат планеталықтар термині болып көрінуі мүмкін. Бірақ, саяси-ағарту жұмыстары арқылы бұл олқылықтың алдын алуға болады.

Осы жұмыстарды қазірден бастауға толық мүмкіндік бар. Құны 600 млн теңгеге жуық «Рухани жаңғыру» бағдарламасын осы үшін қабылдадық емес пе?.. Айтпақшы, ұлттың пайдасын Назарбаев тұсында түгендеп алу керек, қазақтың нағыз бақытты шағы осы кезең, ұлтшылдық тақырыбы осы тұста ұшар шыңына шығады дегенді айтып жүр. Шын мәнінде солай ма? Олай болған жағдайда, мына Божколар не деп «былжырақтатып» жүр? (!) Әлде, қазақ ауыл үшін жаралған, ауылдық «өркениеттен» шығып өмір сүре алмайды деген саяси «аңызды» қайта көтергені ме?

Ауыл демекші, ауылдық түсініктің жай-жапсарына қатысты марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлы былай деген еді:

«  «Ауыл» деген қазақ халқының қаймағы деген жалған ойды алып тастап, мемлекетке, бүгінгі үкіметке күш сала отырып, әртүрлі мүмкіншіліктерімізді пайдалана отырып, біздің ұлтты қала тұрғыны жасап, сол арқылы оны бүгінгі жаңа технологияларға іліндіріп, сол арқылы алдымен, Қазақстанның ішіндегі бізден басқа өнеркәсіптік шеберлігі дамыған ұлттың алдына шығарып, кейін, көрші аймақтардағы елдің алдына шығарып, сол арқылы ертең ғаламдық неміс, голландтық, американдық пен шведттен кем түспейтін кәсіпкер жасайтын біздің ұлттан ұлт жасасақ, міне, біздің ұлттық идеяның негізгі мақсатының бірі-ұлтты жетілдіру, ұлттың бәсекелестігін сақтауды біз қалыптастыратын едік».

Міне, дөп сөз! Алып-қосарымыз жоқ. Ауыл мәселесін неге қабаттастырды демеңіз. Шындығын айту керек, дәстүр мен тіл, дін мен діліміздің қайнар бастауы - ауылдың терең тамырынан нәр алып жатыр. Ал, сол ауылдағылар қалалық мәдениетті меңгермей, тұтастай ұлттық мемлекет болуымыз екіталай. Себебі, қалалық/ауылдық өркениет болып бөлінген елдің кедергісі ешқашан таусылмайды.

Сонымен, ауыс-түйіс басталарда қазақ ұпайсыз қалмас үшін, ұлттық идея, ұлттық бірлік мәселесі алға шығуы керек. Саяси билік санасатындай, елдің әрі қарай дамуының стратегиялық тетіктері жазылған ұлттық доктринаны қабылдау қажет. Бұл құжат адамзаттық құндылықтарға сүйене отырып, қазақ ұлтының жаңа биікке көтерілуіне кепіл бола алатындай әлеуетті сипатта жазылып, бекітілуі тиіс. Әйтпесе, ел тағдыры «бөтен» біреудің ойыншығына айналуы ғажап емес… Беті әрмен, мұндай жағдайда – тарихи мүмкіндігімізден айырыламыз деген сөз!

Құрманәлі Қалмахан,  ҚР Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

28 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1977