Қостанай Қазақстанның астықты облысы ма, әлде РФ-ның бір губерниясы ма?
Заманауи Тәуелсіз ел болып өмір сүріп жатқанымызға ширек ғасырдан асса да біздің Қостанайдың өзге тілді халықтарының санасынан Кеңес Одағының қатып-семіп-қалған идеологиясы мүлдем өшер емес. Өшкені былай тұрсын, жыл өткен сайын осы өткенді аңсаушылық синдромы тым күшейіп бара жатқан сыңайлы. Мұны, әсіресе, облысымыздағы елді-мекендер мен көше аттарын бүгінгі уақыт талабына сай өзгерту жайлы сөз еткенде өте-мөте байқалады. Олардың еңбектеген баласынан, еңкейген кәрісіне дейін жаңағыдай жаңалық атаулыға қарсы тайлы-таяғы қалмай өре түрегеледі. Асу алмас мұндай қиындыққа бір кездері облыс орталығындағы Герцень көшесіне Қобыланды батыр атын беруге келгенде, болмаса, орталықтағы Таран көшесін Тәуелсіздік көшесіне ауыстыруға келгенде осындай жаулыққа бергісіз қарсылыққа тап болғанымызды қостанайлықтардың бәрі де біледі. Қала маңындағы белгісіз бір келімсек Давыденовка селосын Еңбек деген елеусіздеу ат беруге келгенде де оларды оңайшылықпен жеңе алмадық. Осы бір келеңсіз жағдай қазір облысымыздағы Жітіқара қаласында да анық байқалып отыр. Жақында осында атаулары ескірген 40 лет Октября, Аэродромная және Степная секілді жалпылама ат пен Шевченко, Щорс және Карл Маркс секілді нақты тұлғалардың аттарын өзгертуге белсене кірісіп, арнайы комиссия құрып, шешім қабылдауға тырысқан. Алайда мұнда жиналған қазаққа онша бүйрегі бұра қоймайтын аса белсенді топ жаңағы 40 лет Октября, Аэродромная және Степная деген аттарды өзгертуге ерекше кең пейілділік білдірген де, ал Шевченко, Щорс және Карл Маркс секілді облысымызға ешбір қатысы жоқ адамдардың аттарын өзгертуге келгенде үзілді-кесілді қарсы болып,тістеніп тұрып алған. Бейне бір Карл Маркс аталары осы Жітіқараға келіп көз майын таусып «Капиталды» жазғандай-ақ, немесе, Щорс атасы келіп Жітіқараны талқандауға тап берген жауды қирата жеңіп, азаттық әпергендей-ақ, ешбір уәжге көнбей қойды. Тіпті, Шевченко жайлы сөз қозғаудың өзі артық екенінін айтып, табандап тұрып алды. Ол кісінің Жітіқара халқына нендей еңбек сіңіргендігін есімізге түсіре алмадық.Еліміздің батыс өлкесіне келіп, қазақты әбден азып-тозған етіп бейнелеген суреттерінен басқа артында қандай із қалдырғандығынан да бейхабармыз.
Әрине, жоғарыда аталған жандардың Жітіқараның ғана емес, бүкіл Қазақстанға титімдей де еңбек сіңірмегендігіңнің, олардың Қазақастан секілді тәуелсіз елдің тарихында бәрібір қалмайтынын олар сезбейді емес, сезеді. Бәрін де біледі. Алайда «не болса да, қазаққа тимесін» деген мысық тілеу үнемі үстемдік алып кете беретіндігін қайтерсің.
Айтпақшы, бізде аудан аттарының да оңып тұрғаны шамалы. Таран деген большевикті қаламыздан аластағанымызбен үлкен бір аудандағы есіміне тисуге жүрегіміз дауаламады. Ал енді осындағы аудан аттарының Денисов, Федоров секілді ешкім білмейтін жандарға не себепті берілгендігін жергілікті биліктің өздері де білмейді десек, шындықтан алыстай қоймаспыз. Кішкентай ғана ауыл мен шағын ғана қаладағы көше аттарын әупіріммен өзгертіп жатқанда, білдей бір аудан аттарына тісіміз бата қоймайтын сияқты. Әйтсе де, бір кездері облысымызды Өмірзақ Шөкеев басқарып тұрғанда ешкімнің де қарсылығына қарамастан, белден баса отырып облыс орталығындағы және өте әсем даңғылға қасиетті бабамыз Әл-Фараби есімін бергізген. Бұл өзгерсті ұнатпағандар күңікілдеген де қойған. Тіпті, орыстың бір қариясы жаңа талбичканы ескісімен ауыстырамын деп тыраштанып жатқанда, мұның заңсыз екендігін, егер осылай істесеңіз заң алдында қатаң түрде жауап беретіндігін бетіне айтқан. Мәселе сонымен біржолата тынған.
Бұл енді облысымыздың қазіргі әкімі Архимед Мүқамбетовтың құлағына құйып жатқан сөзіміз ғой. Өмірзақ сияқты өзгерістер әкелмесе, Архимедтер Қазақстанның астықты облысын емес, Ресейдің бір губерниясын басқарып отырған қуыршақ әкім болып қала бермек.
Жайберген Болатов
Қостанай
Abai.kz