Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Анық 12948 58 пікір 30 Қазан, 2017 сағат 09:14

Түбі «Bailatyn» нұсқасын қабылдауға мәжбүр боламыз

Осы уақытқа дейін латын алфавитінің жүздеген нұсқасы жасалды. Басым көпшілігін әуесқойлар, біршамасын тіл мамандары, қалғанын ресми институттар ұсынды. Бір жағынан бұл жақсы тенденция. Азаматтық қоғамның шағын бір көрінісі. Алайда алфавит нұсқаларының көп болуы сапаға әсер еткен жоқ. Тіпті бұл іспен кәнігі филологтардың айналысуы да керемет нәтиже көрсетпеді. Мейлі бұл менің субъективті көзқарасым болсын, бірақ осы уақытқа дейін ұсынылған алфавиттердің денін шала дер едім. Қай нұсқаны қарасаң да авторлар мәселеге тар фокуспен қараған. Бірі тек графикалық тұрғыдан келсе, екіншісі сыртқы көркемдігіне ғана мән береді. Үшіншісі өзінің саяси көзқарасына сай, төртіншісі өзінің мамандығына ғана ыңғайлы алфавит жасайды. Енді бірі мүлде жеке басының абыройын күйттеп кеткен. Арасында тіпті діни көзқарасымен араб тілінің тәжірибесіне салып, кейбір дауысты дыбыстарды мүлде алып тастайтын жобалар болды. Қысқасы, тіл табиғатына икемді, уақыт талабына сай, экономикалық сұранысқа лайық, технологиялық қажеттіліктерін өтей алатын кешенді жобаны көре алмадық. Көбі алфавит құраумен емес, транслитерациямен айналысты.

Негізі мұндай қисынсыз, жосықсыз алфавиттің қабылдануына билікті ғана кінәлаудың қажеті жоқ. Себебі алғашында үкімет бұл шаруаны нағыз тіл мамандарына тапсырған болатын. Бірақ олардың, «шымшықты қасапшыға сойдырамын» деген үміті ақталған жоқ. Алфавит таңдау міндеті жүктелген  мамандар бұл тапсырманың жауапкершілігін толық сезіне алмады.
Латын графикасын құрастыру алдымен Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтына тапсырылды. Олар біраз жыл бойы жұмыс жасап, соңында азды-көпті өзгерістермен Түркияның алфавитін ұсынады. Негізгі айтатын уәждері, «бізге түркі бірлігі керек»,-дейді. Түркі бірлігі, әрине, керек. Бірақ біздің одан да басқа қажеттіліктеріміз бар емес пе? Алфавит мәдени түлеумен қатар, экономикалық дамуға да тікелей әсер етеді. Әлемдік технологиялық жетістіктерді пайдалану, IT технологияны игеру, сауатты жазып, сауатты сөйлеу, шет тілдерін оңай игеру, одан да басқа көптеген қажеттіліктеріміз бар.

Түркияның латынға қай ғасырда өткенін ұмытпау керек. Олардың қандай саяси жағдайда, қандай мерзімде, қандай талаптармен өткенін білеміз. Ататүріктің кезінде бүгінгі технологияның қайсысы болды? Оның үстіне латынның классикалық үлгісін қабылдасақ түркі бірлігі орнамай қояды деп кім айтты? Керісінше, бәріне ортақ платформа болар еді. Түріктің де, өзбектің, татардың жастары  классикалық латынмен оңай түсініседі. Тіпті сол Түркияда алфавитті қайта реформалап, 26 әріпке өткізу мәселесі ауық-ауық көтеріліп тұрады. Ертең олар 26-ға өтіп кетсе бізге ілеспе реформа жасауға тура келе ме?

Q мен K-нің теке-тіресі

Ең қызығы, сол Ататүрігің алфавитін бір ғасыр бұрын жасаса да, кейбір мәселеде тиімді шешім жасай білген. Q әріпінің жағымсыз қалыптасқан иммидждін сол кезде сезіп, одан бас алып қашқан. Себебі сол кездері мұсылман елдері Q-ді «Қ» дыбысы ретінде жаппай айналымға енгізіп жатты. Әйтпесе ежелгі латында ондай таңба болған емес, кейіннен келіп қосылған. Алғашында оның нақты қандай дыбысты бергені белгісіз, әйтеуір к-ге жақын көмекейлі ларингал дауыссыз болғаны ғана белгілі. Ал оны қ-ға араб елдері бейімдеді. Қазір әлемде атауы Q қалдық әрпімен келетін елдер бірден «мұсылмандық мемлекет» деген ұғыммен ассоцацияланады. Iraq, Qatar, Al-Qaeda. Яғни шариғатпен басқарылатын ел деп түсінеді. Ал бізге «зайырлы мемлекет» деп қабылдағаны керек. "Стан"-нан қалай құтыламыз деп жүргенде мемлекеттің атауын қалдық әріппен беру саяси тұрғыдан қателік болады. Ол өзі "стан" болса, еще оны баттыйтып Q-мен беріп қойсаң осы уақытқа дейінгі миллиардтардарды шығындап жинаған азғантай имиджіңнен не қалады?

 

Филологтар тұйық шеңберге түсіп қалды

Сонымен, Тіл білімі институты заманауи алфавит құрай алған жоқ. Еріктілер ұсынған өзге алфавиттерді де зерттеп қарастырған жоқ. Әлемдегі технологиялық өзгерістен бейхабар болып шықты. Тым болмаса, гаджет пайдаланатын мектеп оқушысының деңгейіндей түсінігі болса "Тіл технологияға емес, технология тілге бейімделу керек" деген сыңаржақ түсінікке байланып қалмас еді. Технология дегеніңіз «қайтсем қазақ тілінің құтын қашырамын» деп торуылдап жүргендей дүлей күш емес. Әлемдегі технологиялық прогресті тіліме бағындарымын деу диірменмен күрескен рыцардің тірлігіне көп ұқсайды. Менің түсінгенім, бұл жолы тіл мамандары догмаға ұрынды. Былайғы кезде «Тіл –дамушы организм» деген әдемі сөзді жиі қолданатын ғалымдар сол организмді тұншықтырмақ болып жатқанын түсінбейді. Жарайды, технологиясын да, басқасын да былай қоя тұрайық, тым болмаса өздері ұран етіп жүргендей қазақ тілінің табиғатын сақтап қалуға қолайлы алфавит жасай алса да түсіністікпен қарар едік. Оны да көрмейсің.

Көне түркі дәуірінде біздің бүгінгі төл дауыс деп жүрген жіңішке дауыстылардың болмағанын айтсам, тағы бір даудың шеті шығып, сын-пікірдің астында қалармын. Мәселен, «ә» «і» дыбыстары бізге арап-парсы тілдерінің ықпалы арқылы келген. Жарайды, бояуы сіңген бұл мәселені жауып қояйық. Бұл дыбыстар тіліміздің табиғатына біржола сіңіп кеткендіктен оны сақтап қалу да біз үшін маңызды. Алайда оған бір әріпіне реформа жасауға болмайтын құран секілді қарауға тағы болмайды. «Таңбаны тілге емес, тілді таңбаға икемдеу керек» дегенді айтқан Байтұрсынов 28 дыбысты 24-ке сыйдырғанын да ұмытпайық. (Қалай догмаға ұрынбай, еркін ойлаған деймін) Ол «қазақ тілінде 5 дауысты дыбыс бар, а, о, ұ, у, ы. Қалған төртеуі (ә, ө, ү, і) сыңар дыбыстар»,- дейді. Тіпті оның практикасы да бар. Қытайдағы қандастар ғасырға жуық уақыт төте жазуын қолданып келеді. Онда біздің төл дыбысымыз деп жүрген ә, ө, ү, і аллофондарының жеке дара таңбасы жоқ. Бірақ қытайдағы қазақтардың сөздерді дыбыстауында гәп бар деп кім айта алады? Артық болмаса, кем жері жоқ. Ешқандай дыбыстан айырылып қалған емес. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты осы әліпбиді ары қарай дамытып әкетсе, өліміз де тіріміз де бірдей ырза болмас па едік?

 

Bailatyn жобасы туралы

Осыдан бес-алты жылдай бұрын Арман Байқадам бастаған бір топ жігіт маған өздері құрап жатқан «Bailatyn» қазақ алфавитінің нұсқасымен таныстырды. Ұнады, пікір алмастық, ой қостық, талқыладық, жастар арасында апробациядан өткіздік. Бірақ мен ол кезде латын алфавиті мәселесіне жеңіл қарадым. Қазақстанда не көп, тіл маманы, профессорлар көп. Іргелі институттар, университеттер бар. Солар жан-жақты зерттеп, бір тәуір жоба ұсынар деп ойладым. Бірақ біресе бір дыбыс бір таңба принціпінен шыға алмай, біресе диграф, біресе апострафқа ұрынып, мұндай пұшайман күйге түсерімізді кім білген?

«Bailatyn» нұсқасының авторлары Тіл білімі институтына талай мәрте тікелей байланысқа шықты. Бірақ олар қырық сылтау айтып, бұл нұсқаны өздерінен жоғары инстанцияларға жібермеудің амалын жасап бақты. «Bailatyn» тобы тіл институтын айналып өтпек болып, Тіл комитетіне хат жазған болатын. Бірақ тіл комитеті алфавит таңдау міндеті толықтай Тіл білімі институтына жүктелгенін айтып, қайтадан сол жаққа сілтейді. Яғни билік бұл институтқа сенді.
Ақыр соңында Институт жасаған алфавит үкімет қойған талаптардың ешбіріне сай келмей, олар бұл мәселеден шеттетілді. Сөйтіп бұл шаруа Шаяхметов атындағы Тілдерді дамыту орталығына тапсырылады. Ал «байланыттың» жігіттер әйтіп-бүйтіп аталған мекемеге байланысқа шығып, алфавит нұсқасын таныстырады. Сол кезде орталық директоры Ербол Тілешов «осы уақытқа дейін мұндай алфавитті ұсынбай қайда жүрдіңдер, ертерек көргенімізде, ұсынылуға әбден лайық нұсқа еді» дейді. Қысқасы, бұл алфавит үкіметке кеш таныстырылды. Саяси шешім қабылданып қойған.

 

Bailatyn қазақ латын алфавитінің ерекшеліктері

Біріншіден, әріптердің саны 26 таңбадан аспайды. Бұл талап бүгінгі IT технологияның сұранысынан шыққан талап. Үкіметтің алфавит авторларына қоятын басты шарты да осы болды. Сөйте тұра, бұл алфавит диграф пен апострафқа ұрынбайды. Себебі сингармонизмге заңдылығына негізделген.

Қазақ тілінде сөздің алғашқы буыны жуан болса, келесі буындары да жуан болады, немесе керісінше. Мысалы, «қа-ла-лар» деген сөзді «ka-la-lar» деп жазсаң жұрт шатасып «қә-ла-ләр» деп оқымайды. Сол сияқты жіңішке дауыстымен келетін «ән-ші-лер», «тү-бір-текті» де шатастыруы мүмкін емес. Сөздің жуан немесе жіңішке екені алғашқы буындағы дауыстыдан немесе екінші буында келетін езуліктен-ақ белгілі болады. «Urpak» дегенді ешкім «урпақ» деп оқып, шатаспайды. Ал шатасуы мүмкін сөздер табылып жатса, қазақ тілінің табиғи ережесіне бағынбайтын сөздер болып жатса оны контекспен-ақ түсіне береді.
Екіншіден, көпшілік уайымдап жүргендей төл әріптер жоғалмау үшін ағылшын тілінің тәжірибесімен сөздерге транскрипция беру жүйесі ұсынылады. Төте жазу төл әріптер жоғалып кетпейтінін анық көрсетсе, транскрипция жүйесі оны ары қарай шегелеп, қосымша сақтандыру қызметін атқарады.

Үшіншіден, транскрипция беру арқылы біз қазақ тілінің ең бір ақсап тұрған саласы, орфоэпияны толық ретке келтіре аламыз. Байқасаңыз, қазақ тілінің қазіргі жас тұтынушылары ерін үндестігін мүлде сақтамайтын болған. Олар үнестік заңы мен аккомодациялық құбылыстардан хабарсыз. Өмір - өмүр, жүрек - жүрөк, өмілдірік - өмүлдүрік, үйрену - үйрөнүу, сипат – сыйпат, сиыр – сыйыр, шикі – шійкі, болып айтылатынын  білмейді. Болмаса, протеза принципінен хабарсыз. Лай - ылай, лақтыру - ылақтыру, рәсуә - ірәсуә, рет - ірет, рұқсат - ұрұқсат, Рүстөм - Үрүстөм боп айтылады. Тіл мамандары мұның бәрін жақсы біледі. Бірақ соны білім беру жүйесіне, қолданысқа енгізудің тиімді механизмін ұсына алмады. Ағылшын тілі осы транскрипцияның арқасында 44 дыбысын 26 таңбамен беріп, ғасыр емес, мың жылдықта ешбір дыбыстық шығынсыз дамып келеді. Ағылшындар бір ғана «а» әріпімен төрт дыбысты береді: «эй», «ә», «α», «æ». Неге шатаспайды, неге дыбыстарынан айырылып қалмайды?
Төртіншіден, «Bailatyn» терминология мен абревиатураны реттеудің сәтті жолын ұсынады. Қазіргі қазақ тіліндегі әлемдік терминдердің бәрі орыс тілінің артикулициялық шарттарымен қолданылады. Бұл мәселеге көзқарасымызды өзгертпесек терминдерді ары қарай да орыс тілі арқылы ғана ала беретін боламыз. Мысалы, информацияны – информейшн деп, инновацияны – инновейшн, модернизацияны – модернизейшн деп тікелей тартуға не кедергі? Әлемдік кең қолданыста «tion», «sion»-мен келетін қаншама термин бар. Соның бәріне қазақша шапан жауып, «шын», «жын» жұрнақтары арқылы сәтті қабылдауға болады. Мысал жетеді: құлақшын, қоржын,буыршын, құнажын.Бұдан бөлек орыс тілінен көрі қазақ тіліне жақын келетін қаншама терминдер бар. Орыс тіліне еріп әлемдік деңгейдегі қаншама бренд атауларды қате айтып жүрміз. «Ә» дыбысымен келетін брендтер қанша. Мысалы Canon-ды орысша кенон немесе кэнон демей, кәнән деп айтуға қазақ тілі мүмкіндік беріп тұр. Біз тіпті дыбысталуын да орыс тілінің заңдылығымен алып жүрміз. Орысша «пАлиция» демей-ақ, әлемдік стандартпен «пОлис» (Police) дей беру керек. Ақыры атамыздан қалған сөз емес. Жалпы орыс тілінде алғашқы буында кездескен о дыбысының а-ға айналып кетуі бізге қатысы жоқ ереже екенін түсініп, батыл түрде қолданыстан шығаратын уақыт жетті.

Бесіншіден, «Bailatyn» нұсқасындағы таңбалар ағылшын алфавитіне жақын келетіндіктен әлемдегі халықаралық терминдерді, бренд атауларын дұрыс айтатын боламыз.  Келтіре берсек, уәж көп. «Bailatyn» нұсқасының авторларының мақсаты таңба ауыстыру ғана емес, қазақ тілінің барлық қажеттіліктеріне жауап беретін кешенді дүние ұсыну болды. Белгілі бір деңгейде сол талабын орындап тұр. Ол графика ауыстырумен қатар қазақ тіліндегі барлық өзекті проблемаларды қатар шешу керек дейді. Лексикалық нормалар мен грамматикалық нормалардың бәрін қайта қарау қажет.

Al osy bastamany memlecettyc dengeide kabyldaw ushyn az qana turtcy cerec. Sebeby, bilyc jony tuzw reforma jasawqa sayasi eryc tanytyp otyr. Shala alfavit mangylyc bola almaidy. El yshynde kos standart paida bolyp, jastar jaqy ozyne yngqaily juiemen jaza bastaidy. Sonyng saldarynan sawatsyzdyk dengeiy artyp cetedy. Sosyn taqy reforma jasawqa majbur bolamyz. Kyskasy, tuptyng tubynde majburly turde «bailatyn» printsipteryne celemyz, byrak ol cezde shyqynymyz cop bolady.

Латын Кирилл Айтылуы Транскрипциясы     Терминдерде
1 Аа А, Ә А [ʌ], [ә]
2 Bb Б Бы [b]
3 Cc К Кі [k], [s]
4 Dd Д Ды [d]
5 Ee Е Е [e]
6 Ff Ф Фы [f]
7 Gg Г Гі [g] [ʤ]
8 Hh Х Хы [h]
9 Ii И и [і], [і:]
10 Jj Ж Жы [ʒ], [ʤ]
11 Kk Қ Қы [k:],[k]
12 Ll Л Лы [l]
13 Mm М Мы [m]
14 Nn Н Ны [n]
15 Oo О О [ɔ], [ɔ:],  [ou]
16 Pp П Пы [p]
17 Qq Ғ Ғы  [gh], [kw]
18 Rr Р Ры [r]
19 Ss С Сы [s]
20 Tt Т Ты [t]
21 Uu Ұ, Ү Ұ [ɛ], [ɛ:], [ju:], [ʌ]
22 Vv В Вы [v]
23 Ww У У [ɜu], [ɜː u], [u]
24 Xx - икс [ks]
25 Yy Ы, І Ы [ı], [ı:], [ai]
26 Zz З Зы [z]
Диграфтар немесе екі әріппен белгіленетін дыбыстар:

 

1 sh Ш Шы [ʃ]
2 ch Ч Чы [tʃ]
3 ng Ң Ң [ŋ]

Сәкен Нұрқабекұлы

Abai.kz

 

58 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2053