Лениннге неге өшпіз?
Аbai.kz ақпараттық порталының электронды почтасына Дамир Әбішев деген азаматтан "Ленинге неге өшпіз?" деген мақала келіп түсті. Автор кешегі коммунистер билігі мен советтік идеологияның көсемі Лениннің жақсылықтарын жіпке тізіпті. Тіпті, қазақтың тәуелсіз елге айналуына Лениннің септігі тиді деген ой айтқан. Біз әркімнің ой-пікіріне құрметпен қараймыз. Сол себепті де, мақаланы толығымен оқырман назарына ұсынуды жөн санадық. Оның үстіне қазір "Советтік өмір салтын" сағынып жүргендер Ленин мен Сталиннің есімін ел есіне салып, қоғамдық пікірлердің талқысына сыналап енгізуге еп қылып жүр. Осы және басқа да жайттарды ескере отырып, автордың мақаласын көпшілік назарына ұсынғанды жөн көрдік. Ескерту: бұл мақалада айтылған ойлар мен пікірлер Abai.kz ақпараттық порталының ұстанымы болып есептелмейді.
Аbai.kz ақпараттық порталы
Жекелеген республикалық басылымдарда В.И.Ленинді жамандаған мақалалар жарық көріп тұрады. «Пәленше» деген қалада Лениннің ескерткіші әлі тұр, Ленин атындағы көшелер әлі бар. Олар неге жойылмайды дегенге саяды. Сонда мұны жазып отырған авторлар патшалық Ресей заманын аңсап отыр ма деген ойға келесің.
Патша заманында қазақ кім еді? Қазақты адам деп санады ма? Қазақтың ол кезде не нәрсеге құқы болды? Хандығын жойып, шұрайлы жерлерін тартып алып, қарсы келгендерін атып-асып, итжеккенге айдаған жоқ па еді? Казак орыстарының қазаққа істемеген қорлығы жоқ қой. Қылыштарын қыстырып, мылтықтарын шошайтып, үш казак-орысы келе жатыр дегенді естіген қазақ ауылдары, зәрелері ұшып, жас қыз-келіншектерін жасырып, беттеріне күйе жағып, әуре-сарсаңға түспейтін бе еді. Өйткені олар қыз-келіншектерін зорлап, ойларына келгенін істеп кететін. «Орыс келе жатыр десе, емшектегі бала жылағанын қоя қояды» деген сөз сол заманда шыққан жоқ па? Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуін» оқып көріңіз. 12 казак-орыс милициясы қазақ ауылдарына шығып, әр үйге кіріп, ешқандай себепсіз ақшаларын, малдарын тартып алып, қарсы келгендерін дүренің астына алған. Кітапта зорлық-қорлық көргендердің ұзын-сонар тізімдері келтіріледі. Ол байғұстар жәбірлеушілердің үстерінен арыздануға да қорыққан. Аты-жөнін ұмыттым, бір жазушы өз кітабында аңға шыққан казактардың далада шауып жүрген қазақты аң сияқты атып алатынын да жазған. Бұл үшін олар ешкімнің алдында жауап бермеген. Бір деректер бойынша, Лениннің қазан төңкерісі алдында ақ патша жарлығы бойынша қазақтарды зорлап шоқындыру басталған.
Біраз қазақ шоқынып та кеткен.
Ал мына фактіге не айтамыз? «Дат» газетінің биылғы 31 тамыздағы санында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің запастағы полковнигі Амантай Кәкеннің «Қазақтар құлдыққа сатылған тарихты білеміз бе?» атты мақаласы жарық көрді. Мақалаға қосымша берілген «Дерек пен дәйекте» мынадай фактілер келтіріледі: «Қазақ даласын зерттеуші Г.Н. Потанин бір жазбасында: «Сібір орыс-казак жасағы Ірбітке құл сату үшін қазақ даласына жиі-жиі жорық жасап тұрған. 1743 жылы қара-шада жүзбасы Дороховтың 280 адамдық қарулы отряды қазақ даласына шабуыл жасап, 42 ер адамды құлдыққа сату үшін тұтқынға алып, 812 бас мал айдап кетті»,- дейді.
Екінші дерек: «Қазақ қыздарын сатып алып күң ретінде ұстау 19 ғасырдың ортасына дейін жалғасып келді. Саудаға түскен қазақтардың (1737 жылғы дерек) құны:
40 жастағы қазақ әйелі — 12 сомға, 30 жастағы жігіт әйелімен бірге — 1 ат, 1 құлын және 16 сомға, 16 жастағы бозбала — 12 сомға, 20 жастағы жігіт — 15 сомға сатылған.
Сол заманда құр аттың құны — 91,5 тиын болған.
Үшінші дерек: 1808 жылы шыққан патша жарлығы: «Барлық ерікті орыс азаматтары қырғыз (қазақ) балаларын айырбастауға, сатуға мынадай жағдайда рұқсат беріледі. 1. Жасы 25-ке жетсе, 2. Айырбасшылар мен сатып алушылар бұл жөнінде Орынбор шекаралық комиссиясына мәлімдесе, 3. Әрбір сатып алушы тұтқынды басқа біреуге беруге ерікті» делінген.
Сонда деймін-ау, Ленинді жек көретіндер патша заманын аңсап, құлдықта болуды көксеп жүр ме? Патша қазақты адам қатарында санаған жоқ қой. Атам десе атты, асам десе асты. Қарсы келгендерді қынадай қырды. Бұл қорлықтан, бұл зорлықтан тек Ленин құтқарған жоқ па? Ленинді бүгінгі Жириновский, Лимонов сияқты орыс шовинистері не үшін жек көреді? Қазаққа, қазақ сияқты шағын халықтарға автономия бергені үшін, орыс және орыс-казактарының үстемдігін, қорлық-зорлығын тоқтатқаны үшін, шағын халықтардың құқығын орыспен теңестіргені үшін, қазақ зиялыларының уәжін мұқият ескеріп, қазақтың ұлан-байтақ жерін қайтарып бергені үшін, орыстың шовинистік және басқа да теріс пиғылдарын қатты сынағаны үшін. Биыл Мемлекеттік думада Жириновский Лениннің томдарындағы орыс халқының атына айтылған теріс пікірлерін тізіп тұрып айтып берген жоқ па?
Расында да Ленин ұлыорыстық шовинизмді қатты сынаған адам. Оның бұл ойы томдарында анық көрініс тапқан. Ленин орталықтың емес, шет аймақтағы қазақ сияқты шағын халықтардың мүддесін көбірек ойлады. Өйткені, шағын халықтар ғасырлар бойы патшалық Ресейдің қатты езгісінде болып, қорлық-зорлықты көп көрді. Біз оларды ондай зорлықтан құтқарып, еркін дамуларына жол ашуымыз қажет деген мағынада жазды. Лениннің мұндай ой-пікірлері шовинист Жириновский сияқтыларға әрине ұнамайды.
Бұл аузына келгенін сөйлейтін шовинист Ресей телеканалының біріндегі Руслан Құрбановпен жекпе-жегінде «Солтүстік Кавказ халықтарына екі баладан артық бала табуға тыйым салу керек, мен 60-шы жылдары Қазақстан астанасы Алматыдан қашып кеттім, өйткені онда орыстарға күн көрсетпейді, Кавказда да солай, мен сендердің бәріңді де жек көремін», - деп миллиондаған көрермені бар канал «аудиториясында» айқайды салған жоқ па. Құрбанов та білімді, шешен, батыл азамат екен. Әкесін танытты. Мемлекеттік думада сендей фашистер отыруға тиісті емес. Кетіңіз», - деуге дейін барды. Ал енді осы шовинист Жириновский келесі жылғы сайлауда Ресей Президентінің тағына таласқалы отыр. Патшалық Ресей заманын аңсап, патшалардың істеген істерін мақтап, мадақтап жүрген әпербақан Жириновский қару-жарағы ең мықты екі елдің бірі Ресей билігіне қол жеткізсе заман не болады?
Патшалық Ресей бүгінгі заманға дейін өмір сүріп тұрғанда қазақ елі бүгінгідей дәрежеге жетер ме еді? Жетпес еді. Патша қол астындағы ешқандай халыққа автономия бермейтін еді. Қорлық-зорлықта, езгіде ұстап тұра беретін еді. Қырғыз деген атыңнан да құтылмас едің.
Ленин автономия берді. Мәскеуге тәуелді болсақ та, одақтас республикалардың біріне айналдық. Қазақ зиялыларының өтініші бойынша қазақ деген атыңды, казак-орыстардың қатты қарсылығына қарамай, бүгінгі көлемдегі жеріңді қайтарып берді. Қазақ сияқты аз халықтардың құқын орыстармен теңестірді. Енді олар патша заманындағыдай қазаққа қорлық-зорлық, қиянат көрсете алмайтын болды.
Сол Ленин берген автономияның арқасында бүгін міне, тәуелсіз елге айналдық.
Әрине, бір қоғамнан екінші қоғамға өту оңай емес. Әсіресе, капиталистік қоғамнан социалистік қоғамға өту — қиындығы мен қарама-қайшылығы көп күрделі процесс. Бұл жолда қиянат та, асыра сілтеушілік те, құрбандық та болмай қалмайды. Қазақстанда да сондайға жол берілді. Тәркілеу кезінде қазақ байлары, олардың соңынан ергендер басы ауған жаққа қашты. 1931-32-ші жылғы аштықтан қазақ қынадай қырылды. Бірақ бұған кім кінәлі еді? Қазақстанды басқарып тұрған Голошекин ғана ма? Сол Голошекинді Қазақстанға кім алып келді? Қазақтардың өздері емес пе? 1924-25 жылдары «Қазақстанды қазақ басқара алмайды» деп Сталинге хат жазған кім? Бұлардың Сәкен Сейфуллин мен Тұрар Рысқұлов болғандығын белгілі ғалым әрі жазушы Тұрсын Жұртбай мен басқалар да жазып жатқан жоқ па?
Олар бұларды ойдан шығарып жазып отырған жоқ. Бұлтартпайтын тиісті құжаттарға сүйеніп жазып отыр. Сәкен мен Тұрар Қазақстанды қазақ басқара алмайтындығын дәлелдеп, біреуі 30, екіншісі 40 беттен астам арыз жазған. Неге жазған? Өйткені республиканың бірінші басшылығын басқа қазақтарға қимай отыр. Яғни, қызғанып отыр. Өздерінің бір бақталасы болып кете ме деп қауіптенгеннен жазған. Ендеше аштық үшін Сталинді не үшін кінәлаймыз? Сталин қазақ басшыларының пікірлерімен санасқан, тыңдаған, солардың ұсынысына орай республиканы басқаруға басқа ұлт өкілін жіберген. Тыңдамаса, тыңдамады, қазақпен санаспады деп кінәлар едік. Ал енді не деп кінәлаймыз. Сталин Голошекинге Қазақстанда аштық орнат деп тапсырма бермеген шығар. Әрине, Қазақстанды қазақ басқарып тұрғанда аштық сияқты орасан зор апатқа жол бермеген болар ма еді. Бірақ қазақтың басқаруына өзіміз жол бермедік қой. Өз обалың өзіңе, қазақ.
1927 жылы қазақ халқын үлкен күйзеліске ұшыратқан тәркілеуді жеделдеттірген, қазақ малын ортаға салуға үгіттеген тағы Рысқұлов екен. 1932 жылы қазақ аштықтан қынадай қырылып жатқан кезде Үкімет мүшесі Құрамысов: « Елде ешқандай да аштық жоқ. Бұл — алашордашылардың шығарған өтірігі. Біз қажет болса, революция үшін барлық қазақ халқын құрбанға шалуға даярмыз» деп баяндама жасаған. Ал керек болса. Оған қазақ халқын құрбандыққа шалу құқығын кім беріпті? Бұл Шахановтың тілімен айтсақ, сол заманның туфли жалағышы...
Революцияға берілгендігімен Сталиннің көзіне түсу үшін өз халқын құрбандыққа шалмақ болып отыр. Сонда бұл аштық қырғынына ауруына байланысты 1922 жылдан бастап биліктен қалған, 1924 жылы о дүниелік болған Лениннің қандай қатысы бар? Халқымызды құрбандыққа шалуға өзіміз жұлқынып тұрған жоқпыз ба? Ақыры дегенімізге жеттік. 1937 жылы басталған қуғын-сүргінде де бірімізді біріміз құрбандыққа шалдық. Сталиннің «Социализм дамыған сайын таптық күрес шиеленісе береді» деген қағидасын жалау етіп, тіпті 1950 жылдардың бас кезінде де елімізде бірде-бір бай қалмаса да: «Кедейден шыққан жалғыз менмін, аналардың бәрі байдың балалары» деп Мұхтар Әуезовты да қуғынға ұшыраттық. Егер ол Мәскеуге қашып кетпегенде тағдыры не болатынын бір құдай ғана біледі.
Өзбекстанда репрессия кезінде бір-ақ адам қуғынға ұшырапты. Мұны қателеспесем, «Жас Алаштан» оқыдым ғой деймін. Сонда мавзолейде жатқан Ленин орнынан тұрып: «Өзбектерге тимеңдер, қазақтарды қуғындаңдар» деп нұсқау беріп пе? Құдай сақтасын дейік, сол репрессия заманы қайтып келер болса, бірімізді біріміз көрсетуден тағы да алдымызға жан салмас едік. Қызғаншақтық, көреалмаушылық, күндеу — қазақтың қанына әбден сіңген нәрсе. Енді оның емі жоқ. «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп Абай жарықтық текке айтпаған шығар. Бірақ сол Абайды кім тыңдап жатыр?
Лениннің қазан төңкерісі патшалық Ресейдің ғасырлар бойғы аяусыз езгісінде болған қазақты және қазақ сияқты шағын халықтарды теңдікке жеткізді. Оқуға, жаппай білім алуына, мәдениетін көтеруіне кеңінен жол ашты. Соның арқасында Қазақстан социализм жылдарында білімі, ғылымы, мәдениеті, экономикасы, ауылшаруашылығы құлпырған елдердің біріне айналды. Мен тұрған совхозда 10 мыңға жуық ірі қара малы, жүздеген асыл тұқымды малы, жылқысы болды.30 мың гектардан астам егістік жеріне бидай, арпа, сұлы, жүгері күнбағыс, қарақұмық секілді дақылдар егіп, мол өнім алып отырды. Халық қысы-жазы жұмыс істеді. Бұған толық жағдай болды.Совхоз үйлері бір орталықтан жылындырылды. Ауызсу құбырлар арқылы үйлеріне келіп тұрды. Газ балондарымен қамтамасыз етілді. Жыл сайын совхоздың есебінен 20 үй пайдалануға беріліп отырды. Ешкім ешқайда көшпеді. Мектеп, балабақшасы болды.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін капиталистер ақылымен совхоздар жаппай қиратылды. Олардың мал-мүлкі де, техникалары да, үлкен қажыр-қайратпен келген басқа да игіліктері талан-таражға түсті. Бұл үшін ешкім де жауапқа тартылмады. Халық басы ауған жаққа қашты. Көбі қалаларды паналады. Сонда бұларға да Ленин кінәлі ме?
Қазіргі билікте отырған шенеуніктердің көбі социализм заманының тумалары. Сол заманда тегін оқыды, білім алды, сол заманның адамдарға деген қамқорлығын, игіліктерін көрді. Сондай игілікті көрген адамның бірі — менмін. 1974 жылы сол кездегі КазГУ-дің журналистика факультетін бітіріп, Қостанайдың облыстық газетіне қызметке орналастым. Келесі жылы үйлендім, бірақ үйім жоқ. Қостанай қалалық атқару комитетінің төрағасына араға уақыт салып үй сұрап, екі рет кірдім. Екеуінде де «күте тұрыңыз, әзірге үй жоқ» - деді.Үшінші рет кіргенде өзіммен Қазақстан Үкіметінің жас мамандарды үймен қамтамасыз ету жөніндегі қаулысын ала кірдім. Төраға үшінші рет күте тұрыңыз дегенде: «Сіз немене Қазақстан Үкіметінің қаулысына бағынбайсыз ба? Олай болса, солай деп айтыңыз. Мен тиісті жерге шағымданамын» - деп қалтамдағы қаулыны алып, алдына қойдым. «Жас жігіт, қызбаланбаңыз, қызбаланбаңыз, үй болады, болады» деп әлгінің зәресі ұшты. Содан көп ұзамай үйленгеннен кейін екі жылға жетер-жетпес уақытта әйелім де, өзім де ешқандай тіркеуде болмасақ та қала орталығынан тегін төрт бөлмелі пәтерге ие болдық. Бұл кезде редакцияда пәтері жоқ адам жоқ еді. Бойдақтардың да пәтері болды. Міне, Ленин құрған совет үкіметінің маған, мен сияқты қарапайым адамдарға жасаған көп қамқорлықтарының бірі. Мұндай қамқорлықты әкем де жасай алмаған болар еді. Қазіргі жастарға осыны айтсаң, сенбейді. Өйткені, ол заман көзден бал-бұл ұшты. Орнына аяусыз, қатігез, әділетсіз капиталистік қоғам келді. Бұл қоғамда бәрі ақшамен өлшенеді. Жоғары білім алуың үшін де ақша қажет, емделуің үшін де ақша қажет, өлейін деп жатсаң да ақшасыз операция жасамайды. Кеңестік заманда 400-500 шақырымдай Торғайда бір әйел босана алмай жатса, Қостанайдан самолет барып, алып кететін. Бүгінгі адам сенбейтін жағдай. Әнеки, Ленин құрған советтік қоғамның адамдарға деген көп қамқорлығының тағы бірі. Осындай қоғам орнатқаны үшін Ленин жазықты ма? Не үшін жазғырамыз оны?
Ленин әділетсіздікті жою үшін күресті ғой. Адамды адам қанайтын капиталистік қоғамды төңкеріп, қазақ сияқты шағын халықтарды аяусыз езгіде ұстап отырған патшаны тақтан тайдырды. «Адам адамға — қасқыр» деген капиталистік қағиданы жойып, «Адам адамға - дос, бауыр, туысқан» деген социалистік қағиданы өмірге алып келді. Бір өкініштісі — өзі армандаған социалистік қоғамды тұғырына тиянақты қондыра алмай, өмірден ерте кетті. Енді оны орнына келген Сталиннің қателіктері, қатігездігі үшін кінәлаудың қажеті жоқ. Ленин болмағанда, оның қазан төңкерісі болмағанда біз құлдыққа сатылып, патша езгісінде әлі де жүретін бе едік, кім білсін.
Дамир Әбішев
Abai.kz