Сейсенбі, 5 Қараша 2024
Ақмылтық 9913 8 пікір 15 Желтоқсан, 2017 сағат 11:31

«Қазақстандық ұлт» - қандай ұлт?

Біз, бәріміз мына бір әдепкі жағдайды бір ауыздан мойындаймыз: Шетелге Қазақстаннан барған қай ұлт өкілі болсын өзін «қазақстандықпын»  («казахстанец») деп, таныстырады. Ешкім да бірден «қазақпын», «орыспын» яки «кәріспін»  т.б.-мын деп жатпайды. Олай деудің жөні де жоқ. Баяғыдан қалыптасқан үрдіс  солай. Қай елдің, қай жердің  адамысың соның атауы сенің де жалпы атың болады. Мысалы, «ресейлік», «қытайлық», «семейлік», «ирандық», «түркиялық» деген секілді. Мақсат – оны  дәлелдеу емес еді, тек соның мәнісін ашудың  жөні келіп тұр.

Елбасымыздың аузынан «Қазақстандық ұлт боламыз» деген сөз шығуы мұң екен, осы сөздің төңірегінде айтыс-тартыс бұрқ ете түсті. Пікір таластырушылардың  көбі атаудың мәнін емес, атын сынап жатыр. Газет беттерінде «...дық,... дік», деген ұлт болмайды» деген  тақырыптарда мақалалар шықты, сауалнамаларда елге белгілі адамдар, біреу келіп қазір-ақ  төл ұлттық атауын  тартып алғалы жатқандай «мен өз ұлтымның атында қаламын» деп, шегелеп тұрып айтып жатыр. Бірақ, осындай эмоцияға түскен кезде ең негізгі нәрсені бәрі ұмытып кетеміз. Төлқұжатында «қазақ» деп жазыла тұра бірауыз қазақша білмейтін қандастарымыз аз емес қой. Сонда, мәселе атында емес, затында екені, егер орыс отандасымыз «қазақстандық» деп жазыла тұра, қазақша судай сөйлейтін болса, ондай атаудың қандай айыбы бар!?

Бірақ  қаласақ та қаламасақ та біз тіпті өз-өзімізге де «қазақстандықпыз» деп айтып жүр емеспіз бе?!  Оның еш сөкеттігі жоқ табиғи жағдай. Еліміздің  жалпы атауымен аталғанымызға шамдану емес, қуануымыз керек. Ал сол «қазақстандық» деген сөзге  «ұлт» деген анықтама қосылса, әрине басқаша  мағына  туады. Ондай атау  біртұтас  ұлт  яғни  бір ұлт деген ұғым береді. Бізде ондай ұлт болудың жөні бар ма?  Әбден мүмкін!

Себебі,  ол жеке адамдардың  яки  Елбасының қалауымен болатын нәрсе емес. Қоғамның  өз заңы. Яғни,  ел болу деген сөз ұлт  болудың  алғы шарты. Елді дамыту деген сөз, ұлтты жетілдіру  деген сөз. Мемлекет құрудағы  мақсаттың өзі жаңа ұлт қалыптастыру емес пе? Мемлекет  - қоғамдық жүйенің ең жоғарғы көрінісі болса,  ұлт -  оның жемісі. Ендеше  Қазақстан атты ел  тәуелсіздік алған сәттен бастап-ақ, «жаңа ұлттың»  тұқымы ел «топырағына»  егілгені  шүбәсіз.

Міне, ол 13-14 жылдан бері көктеп те келеді. Бірақ  әлі оның  түр-түсі белгісіз. Себебі,  себілген «тұқымның» түрі көп.  Жарыса өсіп келеді. Қайсысы гүл жарып бой түзейді, қайсысы тамырын  тереңге жіберуге бейім, қайбірі көктей солып  табанға тапталып қалады? Ол әлі мәлім емес.

Әрине,  бұл бейнелей салыстыру ғана. Ауа райына, топырақтың құнарына қарап көктемгі себілген тұқымның күзгі дәнінің қандай боларына болжам  жасауға болады емес пе? Сол сықылды Қазақстанды  - егіс даласына, ондағы ұлт өкілдерін – тұқым түрлеріне, халықтың әлеуетін - құнарлы  топыраққа, әлеуметтік жағдайларды (ақпарат кеңістігін, құқық жағдайын, тұрмыс деңгейін т.б.) – ауа райына салыстырып көрейік.

Ықтималдық  қисыны бойынша 3 тұрпаттағы үлгі байқалады:  Басым, Орташа, Әлсіз. Қазіргі қалыптасқан  үрдістегі  Басым  үлгі мынау: Тілі орысша, әрекет-іс қимылы – батысша, американша, діні- алақұла,  түр-әлпеті – еуразиялық.

Орташа үлгі: Тілі - қазақша, салт-дәстүрі – далалық  мәдениеттен тамырланған жаңаша, діні – мұсылман,  түр-әлпеті – азиялық.

Әлсіз үлгі: Тілі – негізгісі орысша, қосалқысы  қазақша қос тілді және аздап басқа  тілдер, дәстүр-әрекеті -  әдетке айналған советтік тұрмыс салты, діні – коммунистік мораль, материалистік атеизм және тәуелсіздіктен кейінгі шала мұсылмандық, басқа  алақұла сенімдер , түр-пішіні қазіргідей әр  түрлі.

Басым үлгінің қазір қандай белгілері бар? Ұлттың басты  нышаны тілі десек, орыс тілі  барынша үстем, кең қолданыста тұр.  Мәртебесі – базардан бастап, билікке дейін тең дәрежеде. Ауқымы – ауылдан қалаға дейін кең таралған. Қолданылуы – көшеде, кеңседе, көпшілік көлік ішінде және  әркімнің өз үй-ішінде де іске жегілген. (Себебі, советтік ассимияциядан мәңгүрттенген қазақтар орысша сөйлеуді әлі мәртебе көретін бейшаралық пиғылда, өзінің ғажап шешен тілін менсінбейтін рухани сырқатқа ұшыраған) Осы үш межеден қарағанда   орысша бірауыз сөз білмейтін қазақстандықты тіпті, осы елде тұрып жатқан шетелдікті кезіктіре алмайсыз, бәрінің де орысша «шәйішерлігі» бар. Ал, қазақша «қақпайтын» қазақстандықтар басқару жүйесінде отырғандардан бастап, балабақша бақташысына дейін қаптап жүр...

Ал ұлттың санасын жетілдіретін, идеологиясын қалыптастыратын басты құрал БАҚ,  ол да осы  басым үлгіге  қызмет етеді. Мәселен, газет дүңгіршегінде орысша нөпір басылымдар арасынан, қазақша басылымның көзі әрең жылтырайды, ал теледидар орысша, қазақша елу де елу болады  деген «ертегімен»  әлі келеді...

Ұлттың келбетін келістіретін екінші әсерлі күш  –  салт-дәстүр. Басым үлгіні ұстанатындарда  американдық яки батыстық өмір салты етек алуда. Көшедегі адамдарға көз салыңыз. Киім киіс, жүріс-тұрыс,  ойын-күлкісі, той-тойланысы... тұрмыстағы  тағы не қилы іс-әрекет түгел «жаңаша жаhанданған» – еуроамерикандық кейіпкерлерден айырмасы аз. Осыны дәлелдегісі келгендей жуық жылдары  жасалып, теледидарда көрерменмен қауышқан «Саранча», «Перекресток» секілді отандық телесериалдардағы өмір кешіп  жүрген кейіпкерлер  осы біз  айтып отырған басым үлгінің жанды  туындылары  десек кім дау айтады? Тілі – орысша, ділі – батыстанған нағыз  жаңа «қазақстандықтар» емес пе?

Енді  осы БАСЫМ ҮЛГІНІҢ  түрі мен  діні қалай қалыптасады? Тілі мен ділі қауышып кеткен бір мемлекеттің ішіндегі алақұла   ұлт өкілдері  бір-бірімен өзара  үйленбей  тұрмайды. Орыс пен қазақ, кәріс пен орыс, түрік пен дүнген... Мұндай некеден  туғандардың  түрі қандай болмақ?  Талассыз еуразиялық кескін шағады: Көзі көк, өңі қоңыр не өңі сары, шашы қара...

Жүз  түрлі  ұлттың  жүз мыңдаған некесінен  сомдалған  жаңа еуразиялық қазақстандықтар ұрпағын  елестетіп көріңіз! Ал бұлардың  діні ше? Әрине, неке араласқан соң дін араласпай тұра алмайды. Қазақстандағы не түрлі діндер бір отбасында  тоғысады. Осындай болып  мидай араласуға біздің елде құқықтық жағынан еш бөгет жоқ.

Жеке адам құқы -  ұлт мүддесінен жоғары. Демократиялық еркіндік -  халықтың тағдырынан  әлдеқайда құнды. Елімізде қалыптасқан осындай жан-жақты қолайлы жағдайдың нәтижесінде  Басым үлгінің   өмірге келуі күмәнсіз. Оның нәтижеге жетпей қалуы шүбәлі.  Міне, оның Басым үлгі болуы да осыдан. Басым үлгінің  формуласын еске салайық:

«Тілі – орысша, іс-әрекеті – батыстық, түрі – еуразиялық, діні – алақұла» Осындай  халық өзін «нация казахстанец» деп атауы айдан анық.

Енді  Орташа үлгіні саралап көрейік. Олардың басты  беделі -  қазақ тілі. Бірақ,  ол Қазақстанда  яғни  өзінің  төл  топырағында  адам түсінбейтін кереғарлыққа ұшыраған. Мемлекеттік  тіл бола тұра  мәртебеден жұрдай.  Елдегі  ауқымы соншама кең бола тұра, қазақ тілі ауылдан қалаға аттаса болды  бірден  ауызға ұрылады. Оқу орындарында  оқулық  түгел қазақша болса да  оқушылар  арасынан орысша  сөйлесу әдетке  айналған. Қалың қазақтың ішінде  жүрген қазақ емес қазақстандықтар тым құрығанда  қазақша «бар, жоқ»  деген ең қарапайым екі сөзді де білмейді.  Яғни, Қазақстанда қазақша білмеудің еш әбестігі де, еш айыбы да жоқ. Қазақтың өзі қазақша білмеуі  де  ұят емес.

Және, қазақ тілінің БАҚ- та да бағы да тайған. Орыс тілінен кейін сөз алу – заңдылыққа ұқсайды. Оны өзгерту заңсыздыққа саналады. Осындай заңсыз заңдылықтардың  кесірінен  қазіргі күнгі қазақ тілі, Қазақстанда тек қазақы  (қазақтанған басқа ұлт өкілдері де бар) отбасыларында   қолданылуы  ғана - табиғи жағдай  деп қабылданаған. Ол ауқымнан асу қажет болса, тек айтыс өнерінде ғана еркіндік берілген. Одан өзге ауқымды  жиындарда жаппай қазақша  сөйлеу мәдениетсіздік,  тіпті оғаштық, қиғаштық   болып саналады.  Алайда, Қазақстанда осыншалық шеттетілген тілдің әлеуеті өте жоғарғы  деңгейде. Тек  «Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ», «Алтын сандық» секілді бірнеше телебағдарламадан-ақ, қазақ тілінің  күшін, шешендігін, тереңдігін, қарт буын  мен жас буын арасындағы нық  жалғастығын аңдамау мүмкін емес. Қазақстанда  кемінде 7 млн қазақ жеттік білетін,  тағы да әлденеше  млн басқа қазақстандықтар толық және біршама  білетін, ғасырлар бойы қордаланған  бай тіл  - күндердің күнінде желек жайып  жеңіске жетпей қоймайды, үміт зор.

Қазақтың  салт-дәстүрінің тамыры  тіпті  тереңде. Ғұн, сақтан, көне түріктен  жалғасып  мұсылмандық мәдениетпен кемелденген далалық сан-қырлы ұлттық үрдістер топырақ астында жазғытұрғы ақжауынды күтіп жатқан асыл текті тұқымға ұқсайды. Уақыты келгенде  көзі барды  түгел таң-тамаша  етіп,  құлпырып жаңаша  түлемейді дегенге сенбеу парықсыздық дер едік.

Ал  дінге келсек, өзі  ғұмыр сүріп жатқан елінің  тілі мен діліне  адал ұл-қыздары  мұсылманшылықты  жан-тәнімен қабылдауы хақ.  Олар өзара  адал некемен ұрпақ өрбітуі сөзсіз. Алайда, осы  табиғи заңды жолға бөгет көп. Ұлттық жетілуді - ұлтшылдық  деп,  хақ  жолды  таңдауды – фундаменталдық  деп, іш-сырттан қатар аяқтан шалатындар  аз емес. Осындай өз топырағымызда  өзіміз өгей болудың  қырсығынан  Орташа үлгіні  толық  жеңіске  жетеді  деу  шүбәлі.  Мүлде  жеңіледі деу де күмәнді. Міне,  оның орташа үлгі болуы  да  осыдан. Формуласын еске түсірейік:

«Тілі - қазақша, салт-дәстүрі  далалық мәдениеттен тамырланған жаңаша, діні – мұсылман, түр-әлпеті азиялық»  Осы бағытты таңдаған қарасы мол, өсімі жоғары халықтың өзін-өзі  «қазақпын» деуден танбасы да анық.

Үшінші аталған әлсіз үлгіні Қазақстандағы «сәветтік  халықтың» соңғы қалдығы десе болады.  Яғни, бұрынғы  гүлдену  дәурені өткен, болашағы  бұлдыр тұманға  бет алған  бимағұлым  халге  түскен азғын қауым.  Өтпелі кезеңде  Қазақстанда  бұларды алдап-сулап  «ұлттар ассемблеясы»  етіп қанша құрметтесе де  олардың келер елу жылда  келмеске  кетері сөзсіз.  Келесі жүз жылдыққа  осы қалпымен жетеді деу өте шүбәлі.  Олар не басым үлгіге, не орташа үлгіге  айналып тынады. Олардың әлсіз үлгі болуы да осыдан. Формуласына көз қырын салып байқайық:

«Тілі – орысша-қазақша қос тілді, дәстүр-салты  -  интернационалдық, коммунистік  құрама  әдеттер, діні – атеистік, коммунистік мораль, түр-әлпеті  қазіргідей әр-қилы»

Осы үш  үлгінің  салтанат құруына  заманның әсері қандай?  Заман  олардың алдына талас пен бәсекені,  ақылдылық пен алғырлықты  қатар ұсынып тұр.  Үшеуінің алдынан да   не жеңіс не жеңіліс күтеді. Біреуі жеңбей қоймайды. Үшеуі қатар  өмір  сүретін  үшінші жол жоқ. Мәміле  жоқ, өйткені таңдалған заманның заңы солай. Өйткені «қазақстанадық» пен «қазақ ұлтының» бір қазанға басы симайды.  Тағдыр адамға екібасты болуды жазбаған.  (Шерағаң  Шерхан ағаша айтсақ «Жыланда ғана айыр тіл болады» ) Егер «қазақстандық ұлт» жеңіске жетсе оны ұлт деп атаудың өзі  алжасқандақ.  Олардың  табиғатында тобырлық басым.  Өйткені, онда тамыр жоқ, тек жоқ. Қазір осыған бүйрегі  бұратындар болса келешек ұрпағының тобыр болып   кететініне  ой жүгіртпей, осы пиғылдағылардың  қолындағы  уақытша билік пен байлыққа ғана сатылып жүр. Әйтпесе,  ұлттық санасы бар, иманы бар адам өз  ұрпағының  адам емес азғын болуын қалай ма?! Мұндай тобыр  Қазақстанды ел етіп  ұстайды  деп сенудің өзі ессіздік болар. Тобырлық  санада қашанда ұлттық  ұғым  болмаған,  құлқынның  құлы  болатындар осылар...

Абай  Мауқараұлы, журналист

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1058
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 1662
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 1625