Ертең жаңғыруға бөлінген ақшаны да жеп қоюы мүмкін
Мурат Бақтиярұлы өзінің ФБ парақшасында төмендегідей ой тастапты.
«Қазақстан территория көлемі жағынан әлемде 9-орынды иеленеді. Бұл жермен 300 млн халықты азық-түлікпен толық қамтамассыз етуге болады. Алайда осындай жерден жылына небары 2млрд доллар көлемінде ғана азық-түлік өнімін алады. Ал жер көлемі жапырқтай Голландия мемлекеті шетелдерге 100 млрд доллар азық-түлік өнімдерін сатады. Оның басым бөлігі гүлдер мен ірімшіктер. Осындай үлкен айырмашылықтың басты себебі жұмысты дұрыс ұйымдастыра алмаушылық пен осы саланы жаулап, шырмап алған жемқорлық деп білемін. Осыдан тез арада арылуымыз керек» депті.
Осыған орай көптен ойда жүрген пікірлерімді ортаға салуға түрткі болды.
Рухани жаңғыру, сананы жаңа сапаға көтеру туралы көп айтылды. Алайда ескіден арылмай, жаңаны сіңіре алмаймыз. Сондықтан ұлттың дамуына бірінші кезекте кері әсері бар әдеттерден арылу қажет. Онсыз азық-түлік өндірісі болсын, басқа қай сала болсын адымы ашылмайтын болады.
Сол арылуға тиіс әдеттің бірі - ЖЕМҚОРЛЫҚ!
Егер ұлттық жаңғыруға, дамыған елдер қатарына ене алмауымызға бір кедергі алдымыздан шығар болса, ол – жемқорлық. Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде жемқорлар мемлекеттің неше миллиондаған ақшасын жеп қойды, талан-таражға салды. Алды шет елге қашып кетті. Қалғандары әлемнің ең бай адамдары қатарында жүр. Қаншасы ұсталып, сотталды. Бірақ жемқорлық тоқтар емес. Мемлекетті тонауы былай тұрсын, мүгедектердің, жетімдер мен қарттар үйінің несібесін жегендер, зейнетақы қорына қол салғандар да бар. Халықтың, сіз бен біз сияқты салық төлеушілердің есебінен жалақы алып отырғандар қалай миллионерлер қатарынан көрініп жүр? Олар халықтың несібесін қай кезде, қалай, кімнің көмегімен ұрлап үлгерді? Осының сұрауы болуы тиіс.
Ертең ұлттық жаңғыруға бөлінген ақшаны да жеріне жеткізбей жеп қоюы да мүмкін ғой.
Әрине, біз қай бір елдер сияқты жемқорлықпен ұсталғандарға ату, ұрлық жасағандардың қолын кесу сияқты жазалар қолдана алмаймыз. Жастардың санасында «үлкен қызметке қол жеткізсем, үлкен ақша ұрлап, баюыма болады екен-ау» деген ой сүйексіңді болып барады.
Егер ұлт санасын жаңғыртамыз десек, ең алдымен жемқорлықты түп тамырымен жоюдың ең қатал әрі ымырасыз жолын таңдауымыз және бала-бақшадан бастап жемқорлықты жек көріп өсетіндей тәрбие беруіміз қажет.
Әділбек Қаба
Abai.kz