Бейсенбі, 22 Қаңтар 2026
Ақмылтық 188 0 пікір 22 Қаңтар, 2026 сағат 13:03

Құрылтай «мінезді» бола ма?!.

Сурет: Sputnik Қазақстан сайтынан алынды.

Мен Қазақстан республикасы Жоғарға Кеңесінің XIII - шақырылымында Қазақ телевизиясының парламенттегі аккредитацияланған тілшісі болдым. "Қазақстан" телеарнасынан "Парламент жаршысы" деген 10 минуттық хабар орыс-қазақ тілінде күн сайын көрсетілді. Парламенттің ішкі өмірін сырттай емес, ішінен көрдім.

Сол кезеңдегі (Мұртаза, Зиманов, Сартаев, Шайкенов, Қуанышалин, т.с.с.) депутаттар бүгінгілермен салыстырғанда әлдеқайда "асау" да еркін, қатқыл еді. Мінберден сөйлеуден қорықпайтын, атқарушы билікке тік сұрақ қоятын, кейде ашуға да берілетін. Ең бастысы, үнсіз қалмайтын.

Журналистер де "Осы мәселені көтермей не бітіріп отырсыз?" деген сұрақты депутатқа батыл қоя алатын.

Қызылордада өткен Құрылтайда Президент ұсынған өзгерістерді тыңдай отырып, бей-жай қала алмадым. Зейнеттегі журналистің саясатта не шаруасы бар демеңіздер. Саяси көзқарасы қалыптасқан, еркін ойлы азамат ретінде қоғамдық маңызы бар мәселеде үнсіз қалу өзіме жасаған опасыздық деп білемін.

Мәселе саясатта емес.

Мәселе – парламенттің мінезінде.

Бүгінгі парламентте саяси мәдениет қалыптаса қоймаған. Үні әлсіз.

Сұрақ қоюдан сақтанатын, қатты айтудан қашатын, келіспеушілігін ішінде бүгіп қалатын депутаттар көп... шеттерінен батыл дей аласыз ба? Маған олай болып көрінбейді.

Бұл жағдайды жекелеген депутаттардың әлсіздігі дегеннен көрі ЖҮЙЕНІҢ МІНЕЗІ деген дұрыс болар.

Ал енді сол жүйені бір палаталы етіп, депутаттарды тек партиялық тізіммен сайлап, «Құрылтай» деп атап жіберсек, парламенттің мінезі өзгере ме? Күмәнім бар.

Құрылтай – қазақ тарихындағы ең салмақты саяси ұғымдардың бірі. Онда ел тағдыры шешілген.

Үнсіздік болмаған. Бірақ тарихи атау қазіргі парламентке автоматты түрде батылдық қоспайды.

Егер «Құрылтай» деп аталатын орган үкіметке батыл сұрақ қоя алмаса, қоғамдағы қайшылықты ашық талқылай алмаса, халықтың мұң-мұқтажын, ашу-ызасын залға кіргізе алмаса, онда "Құрылтай" деген атау парламентті күшейтпейді, керісінше атаудың өзін әлсіретеді, қадірін қашырады.

Кейбіреулер Түркияны мысалға келтіреді.

Рас, Türkiye Büyük Millet Meclisi – бір палаталы, толық партиялық жүйемен сайланатын парламент.

Бірақ түрік парламентінің сөйлей алуы атауынан емес, регламентінен де емес, құрылымынан да емес. Ол – бір ғасырлық саяси күрестің нәтижесі.

Түркияда депутат президентті ашық сынайды. Министрмен айтысады. Партия ішінде де бір-бірімен сөз таластырып жатады.

Бұл МІНЕЗ оларға дайын күйінде берілген жоқ. Бұл МІНЕЗ қоғамдық сұраныстың, саяси бәсекенің нәтижесінде қалыптасты.

Қазақстанда жағдай басқа.

Біз әлі өтпелі кезеңдеміз. Парламентте саяси мінез қалыптаса қоймаған.

Партия бар, бірақ партия ішіндегі демократия әлсіз. Тізімді элита жасайды. Депутат көбіне партия басшылығына тәуелді.

Осындай ортада парламент депутаттарын тек партиялық тізіммен сайлап, бір палаталы «Құрылтайға» айналдырғаннан парламенттің "сайрап" кетуі екіталай. Керісінше, оны тіптен момақан қылып жіберу қаупі бар.

Тек партиялық тізіммен сайлау ұсынысының парадоксі де осында жатыр.

Мұндай кезеңде радикалды модель емес, тепе-теңдікке құрылған модель дұрыс болар еді деп ойлаймын. Сол тепе-теңдіктің аты – аралас модель - 50/50.

Аралас модель ПАРТИЯЛЫҚ тізім арқылы ұлттық саясатты сақтайды. БІРМАНДАТТЫҚ округ арқылы парламентке тірі дауыс әкеледі.

Мұндай жүйеде бір депутат партиядан қорықса, екіншісі сайлаушыдан қорқады.

Ал екі жақтан жауапты депутат үнсіз отыра алмайды. Қысқасы, бізге атауы тарихи, құрылымы әдемі, рәсімі мінсіз МОМАҚАН парламент емес, үнінде жаңғырық бар, МІНЕЗДІ парламент керек. Ондай парламент әділ сайлаудан, батыл депутаттан, пікір қақтығысынан туады.

Парламент момақан болған жерде қоғамның сөзі көшеге және әлеуметтік желілерге шығады. Ал мұны жақсылықтың белгісі деп айта алмаймын.

Гүлмәрия Барманбекова

Abai.kz

0 пікір