Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Әдебиет 6414 5 пікір 16 Сәуір, 2018 сағат 11:18

Шоқтай қызыл белбеу

Жазушы-аудармашы Қуандық Шамахайұлының тәржімалауымен жапон әдебиетінің көрнекті өкілі А. Рёоидың қызықты әңгімесін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Асаи РЁОИ,

жапон жазушысы.


Эчизан өлкесінің порты Цүрүга қаласында Хамада-но Чёохачи деген бай кісі тұратын. Сол байдың екі қызы бар. Олармен іргелес Вакабаяши Чёомонның туысы Хигаки-но Хэйта деген кісінің иелігінде жер болды. Ол әскери қызметін тастап, сауда-саттықпен айналысып, молшылыққа кенелгелі көп уақыт өткен. Хэйтаның  ұлы бар, онысы Чёохачидің қызымен жасты. Аты Хэйжи. Балалар кішкентай кездерінен бірге ойнап, бір біріне бауыр басып өскендіктен Хэйта ұлының ер жетуін күтпей-ақ көршісімен құда болуды жөн көріп, араға кісі салып еді, Чёохачи де құптады. Көршілер бұл оқиғаны лайықты атап өтіп, саке ішімдігі мен өзара дәм-тұз алмасқан, Хэйта болашақ келініне ұлының атынан ал қызыл түсті белбеу сыйлаған.

Тэншионың үшінші (1914) жылы күзде Асакүра армиясының тірі қалған әскерлері бас көтеріп, Итадори қаласын, Киномэ, Хачифүсэ, Имажио, Хиүчи, Сүизү кезеңдері мен Рюүмонжи ғибадатханасын иеленіп алады. Асакүра жағында соғысқан Вакабаяши Конодағы жаңа бекіністі басып алған. Көтерілісшілерді басу үшін сексен мың әскерге қолбасшы болған Ода Нобүнага ұлымен бірге Цүрүгаға келеді. Оның пәрменімен Киношита Конадағы бекіністі қоршауға алады.

Жағдайдың осылайша құбылуы Хэйта үшін мұнда тұруға қолайсыз екенін ұқтырды. Ол үй-жайын тастап, Кёотода сенімді бір үйге бас сауғалаған, кейін бақандай бес жыл хабар-ошарсыз кетеді. Осы аралықта   Чёохачидің тұңғыш қызы 19 жасқа толады, көрікті бойжеткен болады. Оған сөз салған жігіттер маза бермесе де, қыз тұрмысқа шығуға үзілді-кесілді қарсы болады. Ол әкесіне былай дейді:

-Уыздай жас бала кезімде сіз мені Хэйжиге атастырып едіңіз ғой. Ол осы күндері мені ұмытса да, мен қалай өзгенің зайыбы боламын. Әгараки, ол есен-сау жүріп, қайта оралса қызарған бетімді қайда жасырмақпын?

Қыз бөлмесінен сыртқа аттап баспайды. Хэйжиді сағына-сарғайып, оңашада жылап-сықтап күн өткізеді. Қайғы мен құсалыққа қатты берілген ол кешікпей айықпас дертке шалдығып, жарты жылдан кейін о дүниеге аттанады.

Оны Оско маңындағы шіркеудің қасына жерлейтін болады. Ата-анасының шеккен қасіретін айтудың өзі ауыр. Анасы сонау жылы Хэйжидің әкесі сыйға тартқан ал қызыл белбеуді қолына алып, қызының жансыз денесіне еңкейіп бетіп сипап тұрып «Бұл айттырылған жігітіңнің сыйы еді. О дүниеге барғанда мауқыңды басарсың. Ала кетші, қызым» - деп, беліне тағып жерлеген екен.

Бір айдан кейін Хэйжи аяқ астынан жетіп келеді.  Чёохачи оны үйіне ертіп келіп, қайда болғанын, неге хабар-ошарсыз ғайып болғанын сұрағанда Хэйжи былай дейді:

-Коно бекінісі әскерилерге өткен соң әкем Вакабаяшимен туыс болғандықтан үй-жайды тастап, Кёотоға босып кеткенбіз. Осыған дейін онда әкемнің адал досының үйінде бас сауғаладық. Әке-шешем екеуі де өмірден өтті. Ал, сіздің қызыңызбен атастырылғанымды еске алып, қайта оралған бетім осы.

Хэйжидің әңгімесін естіген Чёохачи мен зайыбы екеуі көз жастарына ерік бере отырып:

-Сендер аяқ астынан жоғалып кеткеннен кейін қызым сені сағынып, сағы сынды, айықпас дертке шалдығып өткен айдың басында қайтыс болды. Осыншама жылдардың ішінде бір хабардың болмауы қызыма қаншалықты ауыр болғанын несін айтайын. Мынаны көрші! – деп, екі қария оған қаламның сия сауытын ұсынады. Оның қақпағына марқұм мынандай жолдарды жазған еді:

Танымас таудың қойнауында өскен,

Таңғажайып көркем өрік ағашы!

Көрейін десем де, пешенем жетпес,

Құштарлыққа толы хош иісіңді,

Қанеки, маған жолдап жіберші!

Өлеңді оқыған соң Хэйжидің қайғырғанын сөзбен жеткізу мүмкін емес еді. Ол сүйіктісінің қабіріне гүл шоқтарын қойып, арша тұтатты, діни рәсімдер жасады, дұғалық оқылымдарын айтты. Қасындағы екі қария «Қызым, сезші, сүйікті Хэйжиің келді. Ниетін қабыл ал!» деп, егіліп жылап тұрды. Хэйжи де олармен бір көз жасына ерік берді. Соңында екі қария Хэйжиге айтты:

-Сен ата-анаңнан айырылып жетім қалдың. Қызымыз о дүниелік болып кетсе де сен бізге бөтен жан емессің. Біздің үйде бол. Қолайлы қызмет тауып, бізбен бірге өмір сүр.

Хамада үйінің артына бөлек баспана тұрғызып, Хэйжиді сонда тұрғызды. Марқұмның 49 тәулігі болғанда отбасындағылар діни дәстүр бойынша Оско жақтағы жеріне кеткенде Хэйжи үй қарауға қалады. Кешқұрым келген оларды Хэйжи дуалдың сыртында қарсы алады. Марқұмның сіңілісі күймеден түсерде әлде нені түсіріп алғандай көрінген соң ол жақындап барып қараса, жерде ал қызыл түсті белбеу жатқан еді. Хэйжи оны алып қойнына тығады да бөлмесіне асығып жетеді. Май шамның жарығына шығарып алып қарап, бала кезін еске алып қайғырады. Түн қараңғылық жамылып, айнала тынышталады. Кенет есік қағылған соң барып ашса, марқұмның сіңілісі тұр екен. Бойжеткен бөлмеге кірген соң ақырын сыбырлағандай үнмен:

-Әпкемді ажал айдап әкетті. Мұнан өткен қасірет жоқ шығар. Мен бағана қызыл түсті белбеу түсіріп алыппын, соны сіз алған жоқсыз ба? Егер алған болсаңыз, сіз екеуіміздің бас қосуымыз тағдырдың маңдайға жазғаны болады. Сол себептен сізге келіп тұрған жайым бар. Өмір бойы бір бірімізге адал болуға ант-су ішісейік!

Хэйжи өз құлағына өзі сенбеді.

-Сіз бұлай деуге қалай дәтіңіз барды? Әке-шешеңіз мені жетім қалды деп аяп, үйіне бас сауғалатып отыр. Екеуіміздің мына жайымызды білсе, мен олардың бетіне қалай қараймын? Садағаң кетейін, тезірек бара қойшы!

-Әкем сізді күйеубалам болсын деген ниетпен осында қалдырған. Егер сіз менің махаббатымды аяққа таптайтын болсаңыз мен суға кетіп өлемін, сосын, өкініштен өзегіңіз өртенсін. Менің аруағым осы дүниеде ғана емес, о дүниеде де маза бермесін ұмытпаңыз – деп қыз бұртияды.

Хэйжи шарасыздықтан қыздың ығына жығылып, сол түнді онымен бірге өткізеді, таң қылаң бергенде қыз кетіп жоқ болады. Содан кейін әр түн сайын қыз Хэйжиге келіп тұрады, таң ата бере кетіп қалады. Хэйжи де оған әбден бауыр басып, таңның атуын жек көретін халге жетеді.

Бір айдан кейін қыз әдеттегісінше келгенде былай дейді:

-Бүгінге дейін екеуіміздің осылай жүздесіп жүргенімізді ешкім білген жоқ. Бірақ, ерте ме, кеш пе, бір сәтте бұл құпиямыз әйтеуір бір ашылары анық. Бұл оқиғамен әшкере болсақ, екеуімізге де жақсылық әкелмес. Мені бұл жерден алып кет. Сонда екеуіміз үшін махаббатымызды жасырып-жабудың қажеті болмайды.

Хэйжи сүйіктісінің сөзіне иланып, әкесінің адал қызметшілерінің бірі болған адам тұратын Микокү портына қашып кетеді. Хэйжиден мән-жайды білген әкесінің қызметшісі қос ғашықты үйіне орналастырады.

Осылайша бір жыл өткен соң Хэйжидің ғашығы былай дейді:

-Әке-шешем айыпқа бұйрар деп қорқып, екеуіміз үйден бездік, бүтін бір жыл өтті. Әкем мен шешем мені сағынып жүргендері анық. Біраз уақытты артта қалдырған соң олар енді, бізді кешірген де шығар, үйге қайтайық.

Хэйжи бұл жолы да оның айтқанын екі етпеді. Олар кемеге отырып, Цүрүгаға келді. Хэйжи қызды кемеде қалдырып ата-анасына өзі барады:

-Мен сіздерден жылы сөзден басқа ештеңе естімеген жан едім. Кешірілмес іс жасап абыройымды төктім. Жасаған күнәм зіл батпан болса да, осыншама уақыт өткенде ашу-ызаларыңыз қайтып, сабаға түскен боларсыздар деген үмітпен қыздарыңызбен бірге келіп тұрмын. Бізді кешіре көріңіздер!

-Не деп кеттің қарағым, ештеңені түсініп жарытпадық.

Олар осылай деген соң Хэйжи болған оқиғаны бүге-шігесіне дейін айтып, қызыл түсті белбеуді көрсетеді.

Чёохачи таңданғанда  көзі шарасынан шығып кете жаздайды да:

-Бұл белбеуді марқұм әкең менімен құдаласқан кезде қызыма сыйға тартқан еді. Қыз о дүниеге қайтқанда мұны біз табытына салғанбыз. Кіші қызыма келсек, ол науқастанып төсек тартып жатқанына бір жыл толды. Орнынан тұра алмай жатқан адам неше жерден қаласа да, сенімен қалай бірге қаша алады? – дейді.

Сонда да Хэйжи қыздың кемеде күтіп отырғанын айтып қоймаған соң Чёохачи қызметшісін жібереді. Ол кемеде бағыттаушыдан өзге тірі жан жоқ деп келеді. Чёохачи мен зайыбы екеуі таң тамаша болып, тіпті аңырып қалады. Сол сәтте кіші қызы төсектен басын көтеріп, былай дейді:

-Құдаласу бойынша мен Хэйжидің әйелі болуға тиіс едім. Алайда, өмірден мезгілсіз өтуіме байланысты қабірді пана еттім. Соған қарамастан тағдырдың жазуы Хэйжимен тоғыстырған сабақтастық үзілмегендіктен алдарыңызда менің рухым тұр. Сіңілімді Хэйжимен некелестіріңіздер. Сонда ол дереу сауығып кетеді. Менің тілегім осы. Егер айтқанымды жасамасаңыздар ол да мен секілді төменгі құрлыққа еніп, біз бірге тұратын боламыз.

Бәрі абыржып қорыққаннан қыздың түріне қараса, оның түр келбеті сол күйі болғанымен дауысы дәл марқұмдікінен айнымайтын көрінеді.

-Қызым сен әлде қашан өліп қалсаң да неге рухың тынышталмай мына дүниеде айналсоқтап жүрсің? – деп, әкесі сұрағанда, рух:

-Ғұмырым қысқа болса да Хэйжиге деген махаббатым бәрінен ұлы алапат күшке айналыпты. Осы себептен, қараңғы құрлықтың патшайымы Эмма маған рұқсат беріп, өткен бір жылды Хэйжиіммен бірге ерлі-зайыптылардай ойнап-күліп өткіздім. Енді, көлеңке мен тұманнан өзге түгі жоқ мәңгілік мекеніме қайтар уақытым келді. Менің тілегімді орындаңыздар!

Осылай деп ол Хэйжидің қолынан қысып, көз жасын төгіп, қоштасу рәсімін жасады. Одан кейін әкесі мен шешесіне тағзым етті де, сіңілісіне былай деді:

-Хэйжидің зайыбы ретінде, перзенттік парызың бойынша ата-анаңа қамқор болғайсың. Менің кететін сәтім жетті. Мәңгілікке қоштасайық...

Аруақ сөзін аяқтамай жатып-ақ кіші қыздың тәні қалшылдап дірілдеді де еден үстіне гүрс етіп құлап, жан тапсырғандай болды.

Бәрі сасқалақтап, бетіне суық су бүркіп, шашқаннан кейін ғана қыз есін жиды. Ауруынан құлан таза айығып кетіпті. Бұдан бұрын не болғанын кенже қыз есіне түсіре алмай қойды.

Чёохачи қызын Хэйжимен некелестіріп, тұңғыш қызына дұға бағыштады.

Осы бір таңғажайып тарихты естіген әрбір адам «шынымен таңданарлықтай, көз көрмеген, құлақ естімеген оқиға» десетін көрінеді.

Аударған Қуандық Шамахайұлы

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052