Әбілқайыр хан қазақ үшін кемеңгер стратег пе, әлде сатқын ба?
Құрметті оқырман!
Бұл мақаланы Айтқали Ерман атты өлкетанушы порталымыздың электронды почтасына жіберген екен. Жалпы, қазақта хандар, билер, батырлар тақырыбына келгенде ақиқат пен шынайы көзқарасты ысырып тастап, тек рушылдықпен сыңарезулеп кететініміз бар. Бұл ретте дұрысы: барды - бар, жоқты - жоқ деп айту. Әрине, шындық пікір алуандығы болған жерде ғана төбе көрсетеді. Авторға қарсы айтылар уәж болса, оны да портал бетінде жариялайтын боламыз!
Abai.kz ақпараттық порталы
Кіші жүздің ханы Әбілқайыр тұлғасының қазақ тарихынан алар орны туралы пікірлер ортақ бір арнаға әлі тоғыспай келеді. Ол қандай пікірлер. Бірінші – Ресей империясының құрамына өз еркімен кіруі арқылы қазақтарды жойылудан сақтап қалған кемеңгер саясаткер, көреген стратег. Екінші – Ресейдің бодандық қамытын өз еркімен мойнына киген ұлт сатқыны, жеке мүддесін мемлекет мүддесінен жоғары қойған жікшіл (сепаратист). Ұлтымыздың егемендіктен айырылу мәселесін қаузап жүрген зерттеуші ретінде осы мәселеге үн қосуды азаматтық парызымызға баладық.
Осыған байланысты, ең әуелі баянымызға тікелей қатысты ескертпелерге келейік. Алғашқысы, бодандық (подданство) – қуатты елдің атынан біртұтас басқаруды жүзеге асыратын билеушіге (монархқа) мойынсұну, оған басыбайлы тиесілі болу дегенді білдіретін ұғым. Классикалық анықтамалардың тұжырымы бұл.
Келесі ескертпе Әбілқайырдың Ресейдің бодандығын қабылдау фактісін жоққа шығарушылар туралы. Соңғы жылдары көрініп жүрген бұл көзқарастағылар ханның орыс билігіне ант бергенін жоққа шығарып, оны дәлелдейтін архивтік құжаттардың растығына сенбейді. Олар тек қана ханның қолбасшылық дарынын дәріптеп, жеңістерін жалаулатуды қалайды. Біз олардың негізсіз ұстанымдарына әрі қарай тоқталып жатпаймыз.
Соңғысы, мақаланы дайындау барысында пайдаланылған материалдар қоғамға жақсы таныс әрі іздегенге қолжетімді болғандықтан мәтінде оларға сілтеме жасауды артық санадық.
Енді негізгі тақырып бойынша ой-пайымдарымызды ортаға салайық. Империялық пиғыл-санадан ада мемлекеттердің дені іргелес елдермен тату-тәтті тұруға мүдделілік танытатыны әлемнің арғы-бергі тарихының шындығы. Осылай болған, жалғаса да бермек. Қазақ хандығының да күш алып келе жатқан көрші Ресеймен ынтымақтастық орнатуға немесе өз дамуының бұралаңды белестерінде одақтасуға ұмтылып отырғанын әлемдік тәжірибеге толық сай келетін қарым-қатынас деп қабылдауымыз қажет.
1729-1730 жылдары Кіші және Орта жүз жерлеріне Ресей бодандығына түскен Еділ қалмақтары мен башқұрттардың шабуылдары жиілеп кетті. Осынау сындарлы сәт қандай оқиғалардың себеп-салдарынан туындады деген сұраққа: Ресейдің империялық саясатының себебінен және Кіші жүздің ханы Әбілқайырдың аға хан лауазымына жосықсыз қол созуы салдарынан деген жауап аламыз.
Енді аталған екі жайтқа қысқаша тоқталайық. Империясына жаңа табиғи байлықтар кеніші мен мол материалдық ресурстар көзін іздеген Бірінші Петр XVIII ғасырдың басында назарын Шығысқа аудара бастады. Ол жаққа барар қолайлы маршруттарға барлау жүргізу мақсатында: 1717 жылдың көктемінде Каспий теңізінен Хиуаға дейін, 1715 жылы шілде айында Оңтүстік Сібірден Бұхараға дейін экспедициялар жасақтағанын, 1716 жылы Омбы, 1718 жылы Семей, 1720 жылы Павлодар мен Өскемен әскери бекіністерін салдырғанын бүгінде білмейтін адам сирек.
Империя стартегиясының сол кезеңде айқындалған көкжиектеріне тоқталатын болсақ. Қазақстан территориясы Хиуа, Бұхар, Ауғанстан, Қытай, Үндістан сынды елдерге апаратын бірден бір алтын көпір саналды. Сондықтан, Азия құрлығына қарай тереңдеген империя армиясының ту сыртынан қазақтар соққы жасамауы үшін орыс билігі отаршыларды көптеп қоныстандырып, қазақ жерінің үсті мен астының байлықтарын өз мақсаттарына есепсіз пайдалануды, сонымен қатар орыс өркениеті қазанында қайнату арқылы байырғы халықтың руханиятын өзгертуді көздеді. Әбілқайырдың қанша көреген болса да, империяның ұзақмерзімді стратегиясынан да, оның жай-жапсарынан да бейхабар болғаны анық.
Қазақтың аға ханы Сырдақұлы Қайып хан (Есім ханның немересі) 1718 жылы қайтыс болған соң орнына Әз Тәуке ханның (ол Жәңгір Есімханұлының баласы еді) ұлы Болат сайланады. Сол тұста қазақ әскерінің бас сардары ретінде жоңғарларға қарсы шайқастарды табысты басқарған Әбілқайыр Абдоллаұлының (1710 жылдан Кіші жүз ханы) халық арасындағы беделі нығая түседі. Балқаш көлінің маңайында 1729 жылы жоңғарлармен болған бір ұрыста Болат хан қаза тауып, орнына баласы Әбілмәмбет қолданыстағы ережеге сай хан сайланады. Аға хан тағына үміткер Әбілқайырдың кандидатурасы билер кеңесі тарапынан қолдау таппайды. Себебі ол, Әз-Жәнібектен тарайтын қазақ сұлтандарының кіші буыны – Өсеке сұлтанның ұрпағы еді.
Қазақ халқына заңды жолмен аға хан бола алмайтынын анық түсінген Әбілқайыр біртұтас қазақ әскерінен Кіші жүз қолын бөліп әкетіп, ендігі жерде мұратына Ресейге бодан болу жолымен жетуді ойластырады. Бірлігі бұзылған елге іргелес орналасқан Ресей бодандары қауіп төндіре бастады. Аталған мәселеге арналып 1730 жылы мамыр айында өткізілген Кіші және Орта жүз қазақтарының құрылтайында Әбілқайырға Ресей өкіметімен келісімге келу тапсырылды. Алайда хан өз өкілеттілігі шеңберінен асып, Ресей патшайымына бодан болу туралы жасырын түрде өтініш түсірді. Өтініші, көп кешікпей, қабылданды да. Көпшілікке тосын болған осы қадамы арқылы ол патша өкіметінің сеніміне кіруді ойлады. Сөйтіп қана жымысқы жоспарларын (аға хан болу; хандық билікті ұрпағына мирас ету) жүзеге асыра алатынына сенді. Бір айдан анық ақиқат – Кіші және Орта жүз старшындарының басым бөлігі оның Ресеймен тығыз жақындасу саясатын қолдаған жоқ. Ашық қарсы шықты.
Әбілқайыр жақтастары мен Ресей өкіметінің бодандық туралы түсінігі екі бөлек болғанын уақыт көрсетті. Ханмен бірге ант қабылдаған сұлтандар мен старшындар бодандықты ресми құжатталған: өз жерлері тұсындағы орыс шекарасын қорғау; өз жерлері үстінен өтетін орыс көпестерінің керуендерін қорғау; патша өкіметінің талабы бойынша әскерге адам беру; аң терісінен алым төлеу сынды шарттарды орындаумен ғана шектеледі деп түсінді, ал басқа барлық жағдайларда іс-қимылдарының шектелмей, дербес болып қалатынына шек келтірмеді. Әрине, бұлары бос қиял еді.
Керісінше, Ресей билігі ант қабылдағандарды империяның құрамындағы халықтармен жақындасуға түбегейлі бетбұрған жаңа бодандар деп есептеді. Және олар мекендеген аймақты Ресей империясының ажырамас бөлігі санап, жаңа әкімшілік басқару жүйесін ендіруді қолға алды. Бодандыққа қол қою кезеңінен басталған отарлау саясаты XIX ғасырдың бас кезіне дейін мысықтабандап жүргізіліп, оң нәтижесін берген соң Кіші жүзде және Орта жүзде хандық билік жойылып, XIX ғасырдың ортасына дейін тікелей аймақтық әкімшілік басқару элементтері батыл енгізілді. Қазақ даласын ресейдің саяси-құқтық жүйесіне бейімдеу 1867 жылы толықтай аяқталды. Қазақ жерлерін отарлау үдерісінде Ресей әкімшілігінің башқұрттар мен қалмақтарды отарлаудан жинақтаған тәжірибесін кеңінен пайдаланғаны тарихи шындық.
Мақала тақырыбын ашу мақсатында Қазақтың бодандық тарихы туралы советтік мифтердің кейбіріне байланысты ойларымызды ортаға салайық. Өміршеңдігін жоймай келе жатқан тезистің бірі - «XVIII ғасырдың 20 жылдарының аяқ кезеңінде кіші жүз қазақтарына жоңғарлар, Еділ қалмақтары, оралдық казактар, башқұрттар, түрікмендер, бұхарлықтар, хиуалықтар, қарақалпақтар қауіп төндірді» - деген мазмұнда айтылады.
Сол кезеңдегі орыс деректерінде Әбілқайырдың жоңғарлармен және Еділ қалмақтарымен татулықта тұрғаны, ал башқұрттармен қырғи-қабақ болғаны айтылады. Өйткені: жоңғарлар Әбілқайыр бастаған қазақтың біртұтас армиясының сұрапыл соққыларынан әлі есін жия қоймаған болатын. Жоңғария Цин империясымен бейбіт келісімге келіп, тылын бекітіп алған соң 1739-1742 жылдар аралығында Орта жүз жеріне үш дүркін жорық жасады.
Түрікмендер, бұхарлықтар, хиуалықтар, қарақалпақтарға келетін болсақ, бұлар қазақпен ежелден етене араласқан түбі бір, діні ортақ түркі халықтары. Жоғарыда аталған халықтардың қай-қайсысынан да біртұтас қазақтың саны көп болды. Әбілқайырдың аға хан тағына таласуы үш жүздің бірлігін бұзса, оның бодандыққа қадамы Кіші жүзді екіге айырды. Соның салдарынан хан мен оның жақтастарының (шамамен қазақ халқының 15-20 пайыздайы) Кіші жүзде азшылыққа айналғаны тарихи нақтылық. Мұның барлығын жақсы біліп, белсенді қимылға көшкен сыртқы жаулардың, оның қол астындағы ел басына «бөлінгенді бөрі жейді, жарылғанды жау жейді» деген заман тудыра бастауы заңды құбылыс.
Әбілқайырдың бодандыққа бастаған қадамын кейбір тарихшылардың «Бодандыққа қол қою-сол тұс үшін қазақ тарихындағы ең ұлы шешім еді. Онсыз қазақ халқының болу-болмауы белгісіз еді» деп бағалауы, қоғам санасында көмескілене бастаған бұрынғы советтік-кеңестік мифті қайта жаңғыртуға бағытталған әрекеттер қатарына жатады. Ел ішіне іріткі салған хан халінің мүшкілдігін бүкіл қазақ халқына телу, оны суреттегенде жалқыны жалпылау әдісін қолдану - түбегейлі қате.
Тағы айтарымыз: «Қазақ халқының болу-болмауы белгісіз болса», яғни Қазақ құлдыраған халық болса, онда Ор қаласынан 1000 километрдей жерден (бір-екі айлық жол) Арал бекінісін (1847 ж.) салу үшін орыстар неліктен арада 112 жыл жіберді? Желдей есіп бірер жылда жетпеді ме? Шымкент қаласын неге 1865 жылы ғана алды? Кедергі келтіргендер кімдер сонда? Жауап біреу – 130 жылдан астам уақыт Ресей экспансиясына тосқауыл болып жолында тұрған, атамекені үшін жан беріп, жан алысқан біздің бабаларымыз. Биліктегілер божырағанмен, рухы тозғындамаған халық сындарлы сәттерде өз арасынан көшбасшы тұлғаларын көптеп шығарып отырды. Олардың әрқайсысы өз жеріне қорған болуы, азаттыққа деген ұмтылысы арқылы елдің намысын бермеді, ұлттық рухымыздың өміршеңдігін паш етті.
Тарихтың тегершігін кері айналдыруға жатпайтын нақтылық екені баршаға аян. Деседе бодандық қамытын кимегенде еліміз өркениет өрісінен тыс қалар еді деген тұжырымға келісе алмаймыз. Өйткені, Еуразия кіндігі және тоғыз жолдың торабында орналасқан Қазақ жері - аумағында тоғысқан бірнеше әлемдік өркениеттердің мұрагері, Ұлы Дала Елі. Кертартпа ой иелері бодандықты ұлтымызды әлемдік өркениетке бастаған жалғыз әрі бірден-бір жол болды деп сендіруде. Іс жүзінде солай көрінгенмен орыс руханиятының өзі әлемдік білім мен ғылым саласында шоқтығы биік Еуропадан нәрленген болатын. Осы себептен де бүгінде әлемдік озық білім мен ғылымға ешбір жасанды кедергісіз, тікелей қол жеткізу мақсатында қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру, балаларды мектеп қабырғасында ағылшыншаға үйрету сынды шараларымыздың тарихи қисыны терең. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев жариялаған «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру түптеп келгенде халқымыздың кезінде санасына күштеп сіңірілген шағын ұлтқа тән күйреуік психологиядан арылып, әлемдік өркениеттің бел баласындай - жасампаз ұлт деңгейіне көтерілуіне қызмет етеді.
«... батыс және солтүстік территориялар проблемаларының жария түрде қазақтың пайдасына шешілуі Әбілқайыр мен оның жақын достары болған белгілі батырлардың ең басты саяси табыстары...» деген тезис те сын көтермейді.
Әбілқайырға тәуелсіз шешім қабылдауға қабілетті билеуші ретінде ішкі және сыртқы қарсыластарына өзін таныту өте қажет болды. 1738 жылы башқұрттардың отаршыларға қарсы бас көтеруі белең алған тұста ол Орынбор экспедициясының басшысы В.Н. Татищевтің рұқсатымен көтерілісті қатаң басып-жаншыды. Хан 1743-1746 жылдар аралығында көрші көшпелілер мен қалмақтарға және орыс селоларына оқтын-оқтын шабуыл ұйымдастырды. Ақиқатына жүгінсек, ол осылайша бұлқынған сайын өз еркімен таңдаған бодандықтың шылбыры (орыс билігінің қарсы әрекеттері) мойнын қыса түсті. Отаршыл тарап ханның тынысын біртіндеп тарылта отыра, өз билігіне толықтай бағындырды.
Әбілқайыр, кейбіреулер айтқандай, кемеңгер саясаткер болса, күштінің қашанда өз мүддесіне сәйкес келген жағдайда ғана әлсізбен санасатын тактикасын жақсы білуі тиіс еді ғой. Сөзіміз жалаң болмас үшін ойымызды әрі қарай жалғастырайық.
Бірінші, бодандық шарттарын орындауға міндеттеме алған Әбілқайыр патша үкіметінен Ор өзенінің Жайық өзеніне құяр тұсынан қарсыластарынан қорғануға арналған бекініс салып беруді өтінді. Осыны күтіп отырған олар 1735 жылы 15 тамызда Орынбор бекінісінің (1739 жылдан Ор бекінісі) негізін қалады. 1742 жылы Сақмар және Жайық өзендерінің қиылысында жаңа бекініс тұрғызылып, Орынбор аталды. Жаңа бекініс Қазақ даласын отарлаудың стратегиялық орталығына айналды. Қазақ билеушілерімен іс-әрекетке жауапты билік органы әуел баста Орынбор экспедициясы, кейін Орынбор шекаралық комиссиясы деп аталды. Енді Ресейдің орталық билік органдарына тікелей шығу құқынан айрылған Қазақ хандары мен сұлтандары барлық сұрақтарын аталған шекаралық әкімшілікпен шешуі тиіс болды. Бұрын Ресей билігі өкілдерінің хан ставкасына келіп өткізетін ант қабылдау рәсімін де Орынборда өткізу міндеттелді.
Ең маңыздысы, Әбілқайырдың Орынборға ордамды тіксем деген жоспары орындалмады. Мемлекет басшысы деңгейіндегі Қазақ хандары Ресейдің көп генералының немесе губернаторының біріне кіріптар болып қалды. Бодандық зардаптарын суреттеуге осының өзі жеткілікті.
Патша үкіметі мұнымен шектелмей, 1734 жылы қазақтардың Жайықтың оң жағына көшіп-қонуына қатаң тиым салып, өзеннің жоғары және орта ағыстарына бекіністер салуға қызу кірісті. 1742 жылы қазақтардың Жайық өзеніне, оның бойындағы бекіністерге жақын келуіне қатаң тиым салды. Бұрын Еділден айрылған қазақтар осының салдарынан Орынбор өңіріндегі жерлеріне қоныстануға зар болып қалды. Іргелес Сарытау, Самар, Селебе, Қорған, Омбы, т.б. жерлер де заманында алашқа атақоныс болатын.
Екінші, Ресей империясының әкімшілік ресурстарын пайдаланып үш жүздің қазақтары мен көрші көшпелілерді өзіне бағындыруға үміттенген Әбілқайыр хан Ресейге бодандық идеясын әріптестері арасында уағыздау, насихаттау ісін белсенді әрі табанды жүргізді. Ал, Ресей шенеуніктері діттеген мақсатқа жету үшін үгіттеу, сый-сияпат жасау, орыс қалаларына кіруге және сауда жасауға қолайлы жағдай тудыруға кепілдік беру, қорқыту-үркіту, дұшпандарын айдап салу сынды амалдарды кеңінен қолданды. Осынау бірлескен жұмыстар нәтижесіз болған жоқ. Мұны байқау үшін Әбілқайыр ұйымдастыруға ат салысқан Ресей билігіне ант беру рәсімдеріне қысқаша тоқталсақ та жеткілікті.
1731 жылғы 10 қазанда Әбілқайыр бастаған 13 рудың батыр-билері (барлығы 29 адам) Ырғыз бен Торғай өзендерінің арасындағы Майтөбе шатқалында ант қабылдады. Ал, Кіші жүзде 30 шақты ру-тайпа бары белгілі. Әбілқайыр Орта жүз ханы Сәмекені де ант беруге көндірді. Осы жерде де, кейін де ант беру рәсімдері бүкілхалықтық сипат алмағанына назар аударғанымыз абзал.
Ресей билігі Әбілқайыр хан бастаған Кіші жүз, Орта жүз старшындарынан адалдық туралы түрлі себептермен қайталап ант алып отырған. 1738 жылғы 3 тамызда Ресейге бағынуға ант берген 56 адамның 28-і кіші жүздің 10 руынан болған: он екі ата Байұлының 4 руынан 10 адам, Жетірудың 4 руынан 16 адам, Шөмекейдің төрт руынан 1 адам, Кетенің 3 руынан 1 адам. Әлімнің алты руынан мүлдем болмаған.
Ел басындағы сындарлы сәтті жақсы пайдаланған Әбілқайырдың үгітімен 1740 жылы тамыз айында Әбілқайырдың ұлдары Нұралы, Ералы сұлтандар бастаған 180-ге жуық Кіші жүз өкілдері, Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтан бастаған Орта жүз өкілдері Орынборда генерал-лейтенант В. Урусовқа ант береді.
1742 жылы тамыз айында Елизавета Петровнаның Ресей тағына отыруына байланысты Орынбор комиссиясының басшысы И.И. Неплюев ұйымдастырған қайталап ант беру рәсіміне Ұлы жүздің 1 руынан - 4 адам, Орта жүздің 17 руынан - 141 адам, Кіші жүздің 3 руынан - 34 адам қатысқан. Әбілқайырдың үгітімен қарақалпақтар 1742 жылы ант қабылдады.
Қазақ даласына мықтап орнығып алған отаршыл билік хандар мен сұлтандарды уақыт өткен сайын айтқанын екі етпейтін шенеуніктерге айналдырды. Ру-тайпа басшыларының кейбіреулері қол астындағы жұрттың тірлігін сақтау бағытында отаршылар дәргейіне мойынсұнуға мәжбүр болса, енді біреулері жан-жақтан анталаған түрлі басқыншылармен өз бетінше арпалысты. Осы орайда, бодандыққа белсенді қарсылық білдіруі себепті еңбектері еленбей, әлі көлеңкеде қалып жүрген: Батыр сұлтан Қайыпұлы, Барақ сұлтан Тұрсынханұлы, Кенже абыз, Қарабай аталық, Көшім қожа, Бәйбек би, Баймұрат би, Сырлыбай би, Жолай жасауыл, Шыбынтай би, Бәби би, Жәдік би, Тілеміс би, Алман би, Батжан би, Тұма би, Есмәмбет би, Өтеғұл би, Байжан би, Малыбай би, Боранбай би, Қалубай би, Жаңбыршы би, Қарабас би, Тұттыбай би, Қаратоқа би, Көшебай би, Дәулет би, Сартай батыр, Өтеп батыр, Ақша батыр, Тәттімбет батыр, Дәдік батыр, Сырымбет батыр, Мырзакелді батыр, Жалтыр батыр сынды игі жақсыларымызды атай кеткім келеді. Бұлардың арасында ұлықталғаны некен-саяқ. Ұлт мүддесіне бар ғұмырын сарп еткен батыр бабаларымыздың жарқын істерін насихаттау, есімдерін тарих шаңынан аршып қатарға қосу қастерлі парызымыз.
Үшінші, Әбілқайырдың патша үкіметіне қойған хандық билігін ұрпағына мирас ету талабы ғана заңды мәресіне жетті. Ол өлтірілген соң орнына Кіші жүздің бірқатар ру-тайпа басшылары үлкен ұлы Нұралыны хан сайлады. Сайлау нәтижесі орыс патшайымы Елизавета Петровнаның жарлығымен 1749 жылы бекітілді. Бұл шешім Қазақстанның және оның билеушілерінің саяси-құқықтық мәртебесін түбегейлі өзгертті, анығына келсек, хан тағына отырғызу тетігі Ресей әкімшілігінің құзіретіне өтті. Ұлт тағдырына бұдан артық қастандықты ойлап табу қиын.
Отарлық жүйенің жымысқы әрекетіне ашық қарсы шыққан Аралдың оңтүстік-шығыс жағалауы мен Сыр бойындағы қазақ ру-тайпаларының басшылары 1748 жылғы 15 қазанда Қайыпұлы Батыр сұлтанды өздеріне хан көтереді. Ол XVIII ғасырдың 20 жылдары өткен ұлт тарихындағы тағдыршешті қазақ-жоңғар соғыстарында (Бұланты, Білеуті, Аңырақай сынды шайқастарда) ерекше қолбасшылық қабілеті және жеке басының батырлығының арқасында халық құрметіне бөленген тұлға. Жатжұрттықтардан тәуелсіз болу саясатын қастерлі ұстанымына айналдырған Батыр хан айналасындағы елдермен бейбіт қарым-қатынас орнатуға ұмтылды.
Әлі күнге бодандықтың игілігін айтып тауыса алмайтын ағайындар кездеседі арамызда. Отарлаушылар «жақсылық» жасағанда (оқытқанда, тілін үйреткенде, рухани-мәдени құндылықтарын сіңіргенде, әлеуметтік қорғағанда) өздерінің саясатын қапысыз жүргізетін қызметкерлер, қоғам санасына ықпал етуші зиялылар, пайдаланғанға көнбіс адамдар тәрбиелеуді мақсат тұтқанын естен шығармағанымыз жөн. Қалай қылғанда да азат ұлт ету мүддесін көздемегені анық. Стратегиялық есептері ақталды ма, жоқ па ол енді бөлек әңгіме.
Өз тарапымыздан бодандықтың зардабын қазақ ұлтындай тартқан ұлт жоқ десек, шындықтан алыстай қоймаспыз. Қазақтың ұлттық мүддесіне кереғар жүргізілген: мұжықтарды орналастыру; ұжымдастыру; нәубет-зобалаң; жер аударылған ұлттар мен ұлыстарды қоныстандыру; бас бостандығынан айрылғандар жазасын өтейтін лагерлер ашу; тың игеру сияқты саяси науқандар мен үдерістерден, сонымен қатар ашаршылықтар зұлматы мен тауқыметі, үркіншілік пен босқыншылық салдарынан, ұлт-азаттық көтерілістер, азаматтық және дүниежүзілік соғыстар нәтижесінде бірнеше миллион қандастарымыздан айрылып, өз жерімізде азшылыққа айналдық. 1931-1933 жылдардағы ашаршылық салдарынан 2 миллион 300 мың адам, яғни халқымыздың 40-пайыздан астамының көз жұмуы, 1959 жылғы санақ қорытындысы бойынша қазақтың үлесі өз жерінде 30-пайызға да жетпеуі, ана тіліміздің құлдыраудың соңғы шегіне тақалуы - жоғарыда айтылғандардың нақты мысалдары. Бодандық кезеңі және интернационализм дәуірінің халқымызға көрсеткен "жұмағының" нәтижесі - осы. Бұл тұрғыда біз ақ патшаға адалдыққа алғашқы ант бергендердің рөлін ұмытпауымыз керек. Олардың өрескел қадамдарын қайталамас үшін. Елім, жерім деп жүрегі соққан ардақты перзенттеріміздің жарқын істерінен тағылым алу үшін. Қазақ Елі мәңгілік болу үшін!
Жоғарыда зерделенген материалдар, айтылған ой-пікірлер негізінде қорытып айтарымыз:
- Өткен ғасырдың 40-жылдарының ортасынан бастап тарих ғылымында Ресейдің қазақ жерлеріне жүргізген отарлау саясатының теріс жақтарын олардың прогрессивті салдарымен ақтауға басымдық беріле бастаса, 50-жылдардың басында пайда болған Қазақстанның Ресейге қосылуының еркін сипатта жүзеге асқаны туралы миф бірнеше ұрпақтың санасына сіңірілді. 1980 жылдардың аяқ кезінен бұл тарихи оқиғаға қатысты зерттеулер жаңа серпін алып, сырттан таңылған идеологиялық штамптардан арылған ұлттың объективті тарихын жазу ісіне қызмет етуде.
- Бодандық қамыты – оны киген қай халықтың болмасын қасіреті. Бұл аксиоманы жоққа шығаруға кеңестік тарихшылар аянбай тер төкті. Еңбектері еш кеткен жоқ, оған бүгінгі тарихнамадағы тарихи фатализм идеясын уағыздаушылардың еңбектері дәлел. Алайда, өз отанының жатжұрттықтардың билігінде болуын мақұлдау сезімі ұлттық намысы жойылған халықтарға ғана тән. Тарлан тарихтың басы ашық мәселелерінің бірі осы. Зерделі қауым мұны жақсы біледі.
- Патша үкіметін өз мақсаттарына пайдаланғысы келген Әбілқайырдың саясатының қозғаушы күштерін, іс-әрекеттерінің қыр-сырын айла-шарғысының астарларын Ресей шенеуніктері жақсы біліп отырды. Отаршыл әкімшілік қажетті жағдайларда олардың алдын алып немесе қарсы әрекеттер ұйымдастырып, ақыры ханды жетегіне көндірді. Қуатты мемлекеттің стратегиясының басым бағыттары шағын халықтардың тіршілік жоспарымен сәйкес келмейтінін таразыламаған Әбілқайыр тығырыққа апаратын таяз саясатының құрбанына айналды.
- Біз өмір сүріп отырған тез өзгермелі заманда тарихтың ащы сабағынан алынған тағылымдардың ел келешегінің көкжиегін пайымдау үшін маңызы зор. Бұл тұрғыда Әбілқайыршылдық қауіпті феномендердің бірі десек қателеспейміз. Сондықтан, оның қадамын ақтап, насихаттау ісі – асыл мұратымызға, асқақ мақсаттарымызға жауап бермейді.
- Қазіргі қоғамымызда кеңестік кезеңдегі елдің санасына сіңірілген тұжырымдарды ақиқаттың ақ шыңына балап жүрген кейбір «оқымысты» азаматтар үшін тарихымызға, тіліміз бен дінімізге аяусыз соққы берген коммунистік дәуірдің өлшемдері әлі қымбат қазына іспетті. Осыдан болар, соңғы жылдары Ресейге бодандыққа басын өз еркімен байлаған Әбілқайыр хан көреген әрі кемеңгер саясаткер, ұлт мүддесі жолындағы жалынды күрескер, тұтас қазақтың мемлекет қайраткері ретінде дәріптеу жаңа қарқын алғандай.
- Қазақ халқының пассионарлық әлеуеті бодандық әкелген талайлы замандардың тәлкегіне түскенімен, жасампаздық қабілетін жоғалтқан жоқ. Ұлт-азаттық қозғалысының екі жарым ғасырдан астам тарихы, еліміз қол жеткізген тәуелсіздік, мемлекетіміздің бүгінгі жетістіктері, келешек даму стратегиялары осының айшықты айғағы.
Ойымызды қорытындыласақ. Әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылу – «Қазақстан-2050» стратегиясының басты межесі болса, Елбасының «Мәңгілік Ел» идеясының мұраты – Қазақ мемлекетін мыңжылдықтар белесіне өрістету. Олай болса, бүгінгі және келер ұрпақтың бойында ата-бабаларымыз армандап өткен тәуелсіздіктің қастерлі рухын тәрбиелеу, елімізге деген мақтаныш, жерімізге деген сүйіспеншілік сезімді, түптеп келгенде отаншылдықты ұялату – Ұлт мұраты іргетасының берік болуының кепілі.
Айтқали Ерман,
ҚР азаматы, өлкетанушы
Abai.kz