Сейсенбі, 24 Желтоқсан 2024
Әдебиет 1521 0 пікір 19 Қараша, 2024 сағат 16:29

Ер Тәнеке

Сурет 7-su.kz сайтынан алынды.

поэма

1

Түбінде мол қамыстың қозы жатқан,
Кезігіп қорқынышқа көзі батпан.
Сұм ажал жолбарыс боп ырылдайды,
Кетердей қан жоса боп қазір-ақ маң.

Жәудіреп, момын қозы мелшиеді,
Келер деп бір үміттің «елшілері».
Қол ұшын созбаса егер жанашыр жан,
Қалады жалғыз ғана бел сүйегі.

Жолбарыс – көзі қызыл, қанталаған,
Бойынан ашу-ыза тарқамаған.
Осқылап тырнағымен топырақты,
Қозыға аран оймен анталаған.

Жолбарыс – күшті, мықты дүлей желден,
Мысы ауыр, бара-бара үдей берген.
Іңір де қып-қызыл боп нұрын төкті,
Сезгендей қозы иісін үрейленген.

Бірақта жарылқапты Құдай мұны,
Құдай да күтетіндей, сірә, ойлыны.
Тап болды қапияда малшы жігіт,
Ешқашан басылмаған бір айбыны.

Жұлқысты жолбарыспен өмір үшін,
Құйын кеп долдатқандай көңіл ішін.
Топырақ көтереді, сонда-дағы,
Көкірек көтермейді жеңілісін.

Екі алып зор шайқаста барын салды,
Жаны мен таразыға қанын салды.
Алысты қапаш-құпаш, айқыш-ұйқыш,
Бағынбай адам бірақ, бағынса әлгі.

Осынау қызыл кекті арпалыста,
Тәнеке күшін салды ар-намысқа.
Ақыры пышағымен жүрек тұстан,
Салғанда сұлық түсті жолбарыс та.

2

Ер өскен, қолына оның билік келген,
Келеді ұлылықты ұғып белден.
Көзі өткір, құс аңдыған лашындай,
Құндырақ абыройы қырық төрден.

Болысы Жетісудың болса-дағы,
Қазақты азат ету – барша арманы.
Өткізіп өңірінен қырғыз жаққа,
Кенені кемел көріп, қарсы алғаны,

Есінде Алатаудың, шатқалдардың,
Есінде сәуле шашып атқан таңның.
Арасы алшақ-алшақ қойтастар мен,
Жарасы жамау-жамау жақпарлардың.

Көңілді тұман жапқан, мұнар жапқан,
«Келем» деп үкілі үміт мың алдатқан.
Бір сенім жылт етіп ед, ол да тынды,
Жүзі ашық, алқымына тұмар таққан.

3

«Тәнеке-е,
Ей, Тәнеке...»
Деген дауыс,
Қорқытты кенет шыққан шемен дабыс.
«Кененің басын алды қырғыз-манап,
Толады енді, Тәке, немен ағыс?».

«Кененің басын алды қырғыз бүгін,
Соңғы рет ағып түсті жұлдыз-нұрың.
Еріне зәру болып иен дала,
Түнекке айналыпты күндіз күнің».

«Кененің басын алды, Тәнекем-ай,
Кененің қосын алды, Тәнекем-ай...
Опасыз дүниеде ең сорлысы –
Ханы жоқ, батыры жоқ ел екен-ай».

Сол шақта Тәнекені намыс өртеп,
Тіс қайрап, қып-қызыл боп, жаны шерлеп.
Орнынан ойланбастан атып тұрды:
«Жиылсын жақын батыр, алыс еркек!».

«Жиылсын түгел Матай, Садыр елі,
Көз жұмды алты алашқа мәлім ері.
Батырлар келсін мұнда Қызайымнан,
Қырғыздар танымапты әлі мені!..».

4

Ер шапса, езіледі тас та, тау да,
Алқынса, бақ-ырысын ашқан Алла.
Батырдың жалғыз ғана бұйрығынан,
Бар ғалам сыйып кеткен тостағанға.

Тірілді бүкіл дала жатқан ойлап,
Кете алмас Кене кегін жатқа байлап.
Ұлдары өр алаштың шапты қатты,
Ұрандап, «Бөрібайлап», «Қаптағайлап».

Сүйектен өтіп кетті сұмдар ісі,
Өшкен жоқ Тәнекенің шын намысы.
Баһадүр батыр үшін өліммен тең,
Шегінген артқа қарай бір қарысы.

Аруақ қолдағанда арғымақты,
Тауды да, төбені де қарғымақ-ты.
Алатау – тозаң болды батырларға,
Кешкенде аттап көлді, шалқып отты.

5

Жетіжал – Ханды өлтірген қоңыр жота,
Тәнеке келді сонда арындата.
Кеудеден шығып кете жаздайтындай,
Барады соққан жүрек сабырды ала.

Міңгірлеп тұрды қырғыз, кінәні ұғып,
Ішіне ұялаған жылан-бүлік.
Тәнеке топты бастап, тағат таппай,
Сөйледі Тәңірісін тұмар қылып:

Ей, қырғыз-ау, ей, қырғыз,
Елім деген сұлтанды,
Жұртым деген патшамды,
Мен жараттым, сен жұттың,
Мен ояттым, сен құрттың,
Мен көтердім, сен бастың,
Мен соғыстым, сен қаштың,
Күң қыламын қызыңды,
Құл қыламын еріңді,
Есесі кетсе басқада,
Азуын қадар тасқа да,
Кегін алар қасқырмын.
Қорықпайтын жалғанда,
Заһар шашқан бар маңға,
Көзі жанар қасқырмын.
Бекер еттің бұныңды,
Құлдыраттың құныңды,
Басқа шығып, басынба!
Қырда тұрып тауларға,
Жерде тұрып бауларға,
Сен өтірік тасынба!
Кемел еді Кенем-ай,
Сөз дегенде шебер-ай,
Адамдардың асылы.
Қазаққа бұлт төнгенше,
Ұмытылмас келгенше,
Алаштың соңғы ғасыры.

Сөйледі Ер Тәнеке осылай деп,
«Ерім» деп, хан Кенені «асыл-ай» деп.
Өкіріп, қашып-пысты Жантай манап,
«Өлтірген нендей жанды басым-ай» деп.

Шулады қатын-қалаш, бала-шаға,
Түсе алмай тендіректеп арашаға.
Үй құлап, төңкерілді қара қазан,
Қиямет орнағандай қарашаға.

Жасыды бегі менен манабы да,
Қарсы сөз айта алмастан манағыға.
Жетпеген шабысуға күш-қайраты,
Қазақтың сойыл-қылыш жарағына.

Тәнеке жауын ұстап, сүйреді алыс,
Шыңғырған шығып жатты үйде дауыс.
Өкініш өзекті өртеп, қалды сонда,
Алқынған, аңыраған күйде болыс.

Соқпаса тұтқиылдан, ары ілесіп,
Қырғыздар көрер ме еді әлі несіп?!
Тәнеке қайтты ақыры Жетісуға,
Ызасы жай отындай жанып-өшіп.

6

Жаз өтті, көктем мен күз, қысы керім,
Тәңірдің қарсы келер ісіне кім?
Тәнеке түнде жатса, Кенесары,
Кіреді жиі-жиі түсіне оның.

Жаралы жүрек бір сәт тыншымаған,
Осылай болады екен мұңшыл адам.
Қозы үшін жолбарысты өлтірген шақ,
Есіне түседі ердің, кім шыдаған?

Қызыл Күн батады әні, бұрынғыдай,
Мүмкін бе ұстап қалу ғұмырды ұдай?
Кісіне, кісіне сен, тау жаңғыртып,
Сайларда бұлқып жатқан құлын-жыр-ай..

Асылы, жігітті жау – ер етеді,
Намысын шапқан сайын өр етеді.
Ұмытсаң ұмыт бәрін, тек алайда,
Ұмытпа, Тәнеке мен Кенекені.

Тәуекел, бару керек ұлы сынға,
Ұлт үшін өлу керек, дұрысында!
Жалғанда кегін алмас тексіз ғана,
Обалы қалса жаудың уысында..

Біржан Ахмер

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1992