«Ескі Қазақстанды» аңсаушылар бас көтере бастады...
ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің төрағасы
Ермек Сағымбаевқа!
ҚР Ақпарат және мәдениет министрі
Аида Балаеваға!
Жуықта өткен Республикалық фермерлер форумында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былай деді (түпнұсқадан қаз-қалпында): «Сегодня красивая жизнь в соцсетях и агрессивная реклама так называемого «успешного успеха» создают у людей иллюзию, что добиться всего легко и просто. Какая-то часть молодежи в это верит и тратит свое драгоценное время впустую».
Міне, осы «успешный успех» бүгінде қоғамдық пікірге ықпал ету саясатына ауыз сала бастады. Президенттің пікір призмасы арқылы қоғамда орын алған жекелеген жәйттерге тоқталайын.
Жуықта әлеуметтік желілер арқылы Парламент Сенатының бұрынғы басшысы Дариға Назарбаеваны жер-көкке сыйғызбай мақтаған видео тарағаны мәлім. Әлбетте, тақырыпқа желеу болған персонаждың басқалардан адами «артықшылығы» болса, оған ешқандай дау жоқ. Бірақ бұл адам – Дариға ханым кеше ғана елдегі екінші басшы ретінде жоғары саяси лауазым иесі болғанын ұмытпаған жөн. Сондықтан бұны бұрынғы саяси режимнің «артықшылығын» дәріптеуге арналған, қоғамдық санаға сіңірілмек саяси манипуляция деп қабылдау керек.
Әсіресе қазақ қоғамына (қайталап айтам, қазақ қоғамына) іріткі салуға астыртын бағытталған осындай «ескіні аңсау» үрдісі бүгінде саяси сипат ала бастаған сияқты. Әлеуметтік желілер арқылы тарап жатқан мұндай манипуляция арқылы «жаңа Қазақстанды» саяси жік-жікке бөлу, өш алу, есе қайтару, «қайтып келу» әрекетінің әлпетін сезіну қиын болмаса керек.
Мәселен, тағы бір мысал: Қаңтар оқиғасына тікелей қатысы бар, қантөгіске себепші болды деп саналатын «теріс діни ағым» иелері ендігі жерде қоғамның саяси санасына «қиқым салуға» белсенді түрде кірісуде. Бұған тағы да сол «успешный успех»-қа жеткен бұрынғылар мұрындық болуда. Қаңтарда мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекеттеніп, ақырында шетелге қашып кеткендер біртіндеп елге орала бастады.
Енді олар ел ішіне ұлттық мұра мен салт-санаға қарсы идеологияны үйіріп, реваншистік саясатты қоғамға сіңіруге қам жасауда. Мақсат – әзірге онсыз да ала-құла қоғамда әлеуметтік-протестік теңселіс пен наразылық тұрғысында толқулар тудыру. Әлеуметтік желілер мен таралымы миллионға тақау жазылушысы бар танымал интернет ресурстарға қаржылай көмек беру арқылы оларды өз «бауырларына» басып, ашық платформалар арқылы саяси теңселістер тудыруға ниетті. Маған мұндай инсайдерлік ақпараттың бірнешеуі жетті.
«Бүгінгі билік отставкаға кетеді», «мерзімінен бұрын өтетін сайлауларға дайындық жүріп жатыр», «депутаттардан ұят кетті» (мен өзімді ұяттан кеттім деп айта алмаймын және өзгеге де айтқызбаймын) деген сияқты жалаң трендтердің әлемжеліге еркін тарауына сол реваншистік күштердің қолтыққа су бүрку әрекеттері себеп болуда. Бұның бәрі «бұрынғының кезінде мұндай болмаған» деген тезисті тарату арқылы қоғамдық санаға солақай саңылау салудың саяси технологиясы деп қабылдау керек.
Мен дәл осындай контрпропагандалық материалдардың бір парасын тиісті ведомстволардың жоғары лауазымгерлеріне жолдаған едім. Енді қоғамға іріткі салушы түпнұсқаларды анықтауды, ең бастысы – ел-жұртқа жік салу пиғылы бар осындай «ескішіл» астыртын күштерді анықтауды, олар жөнінде қоғамға толыққанды ақпарат беруді Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылығынан сұраймын.
Әлбетте, мен мүдделі мекемелерді мәні майысқан мәселенің анық-қанығын, мемлекттің діңі мен діңгегін солқылдатуға тырбанған реваншистік күштерді анықтауға шақырғанда, депутат Бапи сөз бостандығына нұқсан келтіруге әсер етуде деген ой болмауы керек. Ешқандай заңсыз қудалау болмауы тиіс. Бұл ұлттың, елдің, мемлекеттің тұтастығына тәнтіліктен туған әрекет деп қабылдануы керек.
Бірақ жеме-жемге келгенде, «ескішілдік» технологиясы ұлттық тұтастыққа қастық қылатын, қазақ қоғамын саяси лагерьлерге бөлшектеуге құштар «сөз бостандығы» біздің елдік болашағымызға қатер тудыруы әбден мүмкін. Қазақстанның қауіпсіздігіне, жуық болашақтағы елдік мұратына қаскүнем мұндай сөз бостандығы бізге қажет емес деп санаймын.
Сол сияқты «бұрынғы билікті» аңсаушылар ушықтырып, қазақтар мен жалпы мұсылмандар дүниесін «жаңа Қазақстанға» қарсы айдап салып жүрген діни-саяси әрекеттер де әшкереленуі керек. Қазақтың мың жылдық ұлттық мұраттары мен ұлттық салт-дәстүрі шариғатпен емес, тиісті заңнама нормаларымен реттелуі тиістігін ұмытпайық!
Ермұрат Бапи,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі
Abai.kz