Жұма, 6 Желтоқсан 2024
Білгенге маржан 3504 2 пікір 1 Қараша, 2024 сағат 13:17

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Сурет Әлімжан Әшімұлының мұрағатынан алынды.

Марқұм Жағда Бабалықұлы 1917 жылдың 1-қарашасында Шынжаң Тарбағатай аймағының Жайыр тауы етігіндегі Құжыртай деген жерінде дүниеге келген. Ж.Бабалықұлы көрген, бiлген, көкейге түйгені  көп, қазақтың арғы-бергi тарихына жетiк, шежiрелi, қазыналы қарттарымыздың бiрi болатын. Әрқашан ұлттық құндылықтарымызға  жанашыр болып жүруші еді.

Ол өз ғұмырында Қытай мен Кеңес Одағы секiлдi алып екі державаның ең арпалысты, аласапыранды кезеңдерiн өз көзімен көрген тiрi куәгер болумен бірге, сол iрi оқиғалардың қақ ортасында жүріп лауазымды қызметтер атқарған адам. Басқасын былай қойғанда, арысы Шығыс Түркістан өкіметінің Тарбағатай аймағындағы партизан ұйымын құрып, оған жетекшілік еткенін, берісі ҚХР Iле қазақ автономиялы облысының бас әкімі болып, облысқа төте қарасты үш аймақты (Іле, Алтай, Тарбағатай) басқарғанын айтсақ та жетіп жатыр. Демек, Жағда қариямыз сол уақыттағы Шынжаңдағы қазақ, ұйғыр, қытайдың талай iрi тұлғаларымен үзеңгiлес, иықтас, тағдырлас күндердi бастан бірге өткерген.

Ж.Бабалықұлы 1961 жылы Қазақстанға оралады. Атажұртына оралысымен «Қытай тыңшысы болуы мүмкiн» деген қырағы көздiң ылғи да қырында, сұғында жүрсе де, ешкімге міндетін артпай, көптің бірі бола жүріп өз халқының асылын әспеттеп, жоғын жоқтаудан бiр танған емес. Әсiресе, қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүр, этнографиясына қатысты оның атқарған қызметi ұлан-ғайыр. Ол осылайша қазақ этнография ғылымының дамуына зор үлес қосты. Оның қаламынан туған «Қырандар», «Саят», «Мал ауруларының сырлары», «Қамшыгерлiк» атты этнографиялық кiтаптары осыған дәлел.

Жағда Бабалықұлы Қытайдағы қазақтың зар мұңын ақтарып жазған Қажығұмар Шабданұлының «Қылмыс» романына аты-жөні анық жазылған тағдырлы қазақтың бірі болып 2010 жылы 3-сәуірде 93 жасында өмірден өткен болатын.

Мына сұхбат, марқұм Жағда Бабалықұлының 90 жасқа толғанына орай жүргізілген болатын. Бүгін бірінші қараша күні Жағда қариямыздың туған күні болғандықтан, марқұмның аруағы разы болсын деген мақсатпен бұл сұхбатты жариялап отырмыз.

Сол кезде этнограф, тарихшы, шежіреші, ұлттық дәстүріміз бен мәдениетіміздің білгірі Жағда қария бұл жолы да қанына сіңген әдет бойынша өзінің жай-күйін сөз еткен жоқ. Екеуара әңгімізді ұлтымыздың тарихы мен тағдырына қарай бұра берген еді.


– Жағда аға! Бірақ, сізді «аға» деген ыңғайсыз екен. «Ата» десем қалай қарайсыз?

– Қалай айтсаң да өз еркіңде, Оған ренжіп отырған мен жоқпын, шырағым. «Ата» дегенің жөн ғой. 90-ға келген адамды қалай «ата» демейсің. Жасаған жасыңды жасыра алмайсың. Бұл да – Тәңірдің берген сыйы. Құдайға шүкірлік, көзімнің аздап көрмегені болмаса, денім сау. Тамағым жақсы, ұйқым да жаман емес. Шақырған жерден қалмаймын, өзім барып, өзім келемін. Ал шақырмаған жерге бармаймын.

– Ата, сіз Қытайдың өзінде екі мемлекет, екі жүйені көрдіңіз. Бірі – Гоминдаң өкіметі, екіншісі Мао Цзэдун (Мау Зыдұң) іргетасын қалаған Қытай коммунистік өкіметі. Шекараның бергі жағына өткеннен кейін де екі мемлекетте өмір сүрдіңіз. Бірі – Кеңес өкіметі, екіншісі – тәуелсіз Қазақстан. Өміріңіздің көбі қиыншылықта өтті. Бірақ, қиыншылыққа мойын ұсынбай,  жігеріңізді қайрап,  көргеніңіз бен естігеніңізді зерделеп, саралап, сұрыптап, аса құнды рухани дүниелеріңізді халқыңызға үзбей ұсынып келесіз. Қытайда ұлт-азаттық көтерілісін ұйымдастырып, оған басшылық еткеніңіз және Іле қазақ автономиялы облысының әкімі болып істегеніңіз өз алдыңызға бір төбе.

–  Айналайын, сен мені асыра мақтап жіберген сияқтысың... Әрине, мына бастан біраз жай өтті... Соңғы 300 жылдың ішінде қытай мен қазақ арасында үлкенді-кішілі біраз қақтығыстар болды. Соның ең ірісі – қазақтардың Гоминдаңға қарсы 1940 жылғы Алтайдағы күресі. Сол жылдары мынандай бір жағдай болды: Кеңестер Одағы Германиямен соғысып жатқанда Гоминдаң өкіметі Шынжаңға 120 мың әскерін әкеліп топтастырды. Мақсаты – Кеңес Одағы немістерден жеңіле қалса, Орта Азияға лап қойып кіру. Мұны Кеңес Одағы біліп, сезіп тұрды. Сол сезінудің, секем алудың арқасында, Алтай көтерілісшілері Кеңес Одағынан көмек алуға қол жеткізді. Бұл көмек Моңғолия арқылы келіп тұрды. Алтай көтерілісшілері жаңа соғыс құралдарымен қаруланғаннан кейін, өте тез ширығып шыға келді. Кеңес Одағы Алтайға берген көмекпен шектелген жоқ, Іле, Құлжа көтерілісшілеріне де астыртын соғыс қаруларын жіберіп отырды. Іледегі қазақтардың саны Алтайға қарағанда көп еді. Сол кезде Ілеге 13 аудан қарайтын. Нылқыдан шыққан ағайынды Әкпар, Сейіт және Әлихан төре бастаған көтерілісшілер 1944 жылы бір-екі айдың ішінде Ілені гоминдаңшылардан тазартып, Құлжаны азат етті. 1944 жылы Шығыс Түрістан мемлекеті құрылып, президенті болып Әлихан төре сайланды. Туын, елтаңбасын, ақшасын белгілеп, өзін мемлекет деп жариялады. Ұлттық армиясын құрды. Енді Алтай мен Тарбағатайды азат ету керек. Шығыс Түркістан мемлекетінің құрылғаны туралы хабар Тарбағатайға жеткенде, көптеген көкірегі ояу азаматтар көтеріліс жасау ниетінде еді. Мен 1945 жылы сәуірде Үрімжідегі түрмеден шығып Тарбағатайға келдім. Содан жолдастардың басын қосып, бір айдың ішінде партизан ұйымын құрып үлгірдік. Маусым айында бастап едік, тамыз айында қатарымыз 750 адамға жетті. Гоминдаңның әлсіз бекіністерін астыртын анықтап аламыз да, шабуыл жасап, әскерімізді құрал-жабдықпен қамдап отырдық. Құлжадағы Шығыс Түркістан өкіметімен байланыс жасап, Іледен бірнеше полк әскер алдырдық. Күш біріккен соң бірнеше айдың ішінде Тарбағатайды азат еттік. Қатты соғыстар болды. Сол жылдың күзінде Алтай да азат етілді. Шығыс Түркістан өкіметі Іле, Алтай, Тарбағатай секілді үш аймақтың териториясын қамтыған ірі мемлекетке айналды. Армиясының саны 25 мыңға жетті.

–  Шығыс Түрістан мемлекетінің аты кейінрек «Үш аймақ өкіметі» деп өзгертілді мұның сыры неде?

– Шығыс Түркістан әскері Гоминдаң әскерін тас-талқан етіп жеңіп, тықырта қуып Үрімжіге жақындағанда Кеңес өкіметі мен Гоминдаң билігі өзара мәмлеге келіп, Шығыс Түркістан әскері кері қайтуға мәжбүр болды. Кеңес өкіметі алғашында көтерілісшілерді қолдағанымен, Шығыс Түркістан деген мемлекеттің құрылуын қаламады. Оны Қытай да екібастан қалап тұрған жоқ. Демек, Шығыс Түркістан деген мемлекеттің болуын екі империя да қалаған жоқ. Сталин Чан Кайшиге (Жаң Жеші) «Сыртқы Моңғолияны мемлекет деп таныңдар, ал Шынжаң мәселесі – өзіңнің ішкі мәселең» деген бір ауыз сөз ғана айтыпты. Біздің бүкіл тағдырымыз осы бір ауыз сөздің ішіне сиып кетіп тұр ғой. Сонымен, біз 1949 жылы қайтадан Қытайға қосылуға мәжбүр болдық. Ұлттық армия тарады, құрал тапсырылды. Сөйтіп Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды. Туымыз жығылды. Енді қайда барамыз? Екі түйенің ортасында шыбын өледінің керіне түстік. «Үш аймақ өкіметі» де кейін өздігінен жойылды. Ақиқатын айтқанда, қуыршақ республика болдық. 1952 жылы мені Тарбағатай аймағының әкімі етіп Шәуешекке жіберді. 1952 жылдан 1955 жылға дейін Тарбағатай аймағының әкімі болып жұмыс істедім. 1955 жылы Шынжаң ұйғыр автономиялы районы (ШҰАР) құрылғанда, Үрімжіге апарып Саяси заң басқармасының орынбасары етіп белгіледі. Онда 1955 жылдан 1956 жылға дейін бір жылға жуық істедім. 1956 жылы Іле қазақ автономиялы облысынң әкімі етіп тағайындады. 1958 жылы «сен бұзық екенсің, ұлтшыл екенсің» деп қырына алып, еңбекпен өзгерту лагеріне жіберді. Сөйтіп, 1958 жылдан 1960 жылға дейін Үрімжідегі машина жасау зауытында қара жұмыс істедім. 1961 жылы Қазақстанға өттім.

– Қытай коммунистеріне қалайша жақпай қалдыңыз?

– Қытай мемлекетінде аз санды 55 ұлт бар. Олардың бәрін Қытай өкіметі бұрынғы қарпін тастатқызып, түгел латынға көшсін деп алқымнан алып тұрды. Латынға дереу көшсе, олардың бүкіл тарихы мен мәдениетін жоғалтып алуы әбден мүмкін еді. Осы жөнінде Бейжіңде жиналыс болды, оған қатыстық. Үрімжіде жиналыс болды оған да қатыстық. Ал Құлжадағы жиналысты өзім басқардым. «Жарайды, бұрынғы жазудан басқа жазуға көшелік, оған біздің қарсылығымыз жоқ. Біз Қазақстандағы қазақтармен бір тілдегі, бір діндегі ұлтпыз. Салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз бір. Біз қайткен күнде де Қазақстандағы қазақтардан бөлініп қалмауымыз керек» дедім де, қаріпті Қазақстанның кириллицасына бір-ақ көшіріп жібердім. Мұның бәрін қытайлар көріп отыр. Олар «Қазақстандағы қазақ – басқа қазақ, Қытайдағы қазақ – басқа қазақ, екеуі бір ұлт емес» деп келді ғой. Менің ең ауыр «кінәм» осы ғой...

Не десек те, Қытайдағы қазақтарды Қазақстанға түгел көшіріп алу керек. Шетелдегі қазақтарды түгел көшіріп алмасақ, қайтіп мемлекет құрамыз?! Ресей сыртқа кеткен орыстарын шақырып жатыр ғой, ана ұлтарақтай ғана жері бар еврейлер де, мына немістер де шақырып жатыр. Неге біз шақырмаймыз 5-6 миллион қазақты? Қалай да сырттағы қазақты шақырып алуымыз керек. Сырттағы қазақтар да бұлданбай келуі керек, қабылдап алушылар да бұлданбай қабылдау керек.

– Шығыс Түркістанның құлайтынын Оспан батыр күнібұрын сезген дейді ғой?

– Дұрыс айтасың, олар өте көреген екен. Олар деп отырғаным – Әлихан төре мен Оспан батыр. Ол екеуі Шығыс Түркістан үкіметінің бағыты басқа жаққа кетіп бара жатқанын ерте сезді. Әлихан төре Кеңес Одағының уысына түсіп, жоғалып, құрып бара жатқан Шығыс Түркістан республикасын Оспанмен бірлесе отырып құтқарып қалмақ болады. Ол Алтайдағы Оспанға «Шығыс Түркістанды қызылдар біржолата иеленіп алмақшы. Біз мақсатымызға жете алмадық. Бірақ күресті тоқтатпайық. Іленің тағдырын мен қолда ұстаймын, Алтайда сен мықты тұр...» деген мазмұнда құпия хат жазады. Мұны сезіп қалған Кеңес өкіметі Шығыс Түркістан мемлекетінің президенті Әлихан төрені бір түнде Қазақстанға ұрлап әкетеді де, оның орнына коммунист Ахметжан Қасымиды әкеледі. Осы сұрқия саясаттың астарында не жатқанын кейін барып білдік қой...

– Қазақстанға келгеннен кейінгі тағдырыңыз қалай болды?

– Өте күрделі болды... Ең қиыны бізде баспана, жұмыс жоқ болды. Мен қара жұмысқа жегілдім. Құрлыста істедім, ауылға барып мал бақтым. Одан кейін Алматы мен Ташкенттің арасында пошта тасыдым. 60 сом айлық береді, сонымен бала-шағамды асырап жүрдім. Қол босай қалғанда жер үйлердің пешін салып жүрдім. Бір пеш салсам – 30 сом, ал ескі пешті жөндесем – 10 сом, ошақ салсам 15 сом береді. Ол да менің отбасымның жыртығын жамауға көмек болды. Сөйтіп жан бағып жүрдік. 1963 жылы мен Хрущевке біреулердің көмегімен орысша хат жаздым. Хатымның көмегі тиіп, үйлі болдым. Жұмысқа да тұрдым.

– Қандай жұмысқа тұрдыңыз?

– «Мәдениет және тұрмыс» журналына хат тіркеуші болып орналастым. Бәйбішемді де жұмысқа орналастырдым. Бірақ, мені қатты бақылауға алды. Шекаралық аудандарға жібермейді. Мақаншыдағы бір туысым қайтыс болғанда, рұқсат сұрадым, «машинамен баруға болмайды» деді. Не керек, ұшақпен барып, ұшақпен қайтқаным бар. КГБ-ның қызметкерлері сенбі, жексенбі күндері маған телефон шалып:

– Ертең қайда боласың? – деп сұрайды.

– Қонаққа барамын, – деймін мен.

– Ол үйдің мекен-жайы қалай, қайда?

– Пәленбаев көшесі, пәленбайыншы үй, – деймін мен. Сөйтіп жүрген-тұрғанымды түгел бақылап, тексеріп отырады ғой.

– Бұған қорланбадыңыз ба?

– Неге қорланасың, басқа түскеннің бәріне көнуің керек. О баста тітіркеніп жүрдім, кейін оған да үйреніп кеттім. Күліп тұрып жауап беретін болдым.

– Сіз соңғы жылдары ұлт тағдыры, тіл, жер мәселесі, көші-қон мәселесі және тарихқа қатысты аса құнды мақалалар жазып жүрсіз. Осының нәтижесі болады деп есептейсіз бе?

– Нәтижесі бүгін болмаса, ертең болар. Бірақ білгенімді, көкейге түйгенімді айту, оны жазып ұрпақтарға қалдыру – менің азаматтық борышым деп есептеймін.

«Мен жастарға сенемін» деп ақын Мағжан Жұмабай айтқандай, мен де жастарға сенемін. Қазақстанның келешегі мен болашағы – жастарда. Жастар өз ұлытын сүюі керек. Сонда ғана қазақ болып қала аламыз. Сонда ғана олар тәуелсіз елдің ертеңіне ие болып қала алады. Елдің ертеңі – тілінде. Туған тілін мәпелеп, қадірлеп сақтамаған халықта береке болмайды. Мен өмірімді туған тіліме арнап келе жатқан адаммын. Бірақ, атақ үшін емес, ұрпақтарымыздың болашағы үшін. Менің жинауым бойынша, бір ғана мінез-құлыққа байланысты сөздердің өзі он мыңнан асты. Бізде қазір жеке адамдар жасаған сөздікті қоса есептегенде, барлығы он бес томдық, түсіндірме сөздік бар екен. Бұл – өте аз. Қазақ тілінің теңіздей терең сөз қазынасынан қиналмай елу томдық сөздік жасауға әбден болады. Біздің сөздіктеріміз сөздері әрі таңбалап, әрі түсіндіретін және этимологиялық төркінін анықтайтын болуы керек. Осы үш бірлікті сақтай отырып жасалған сөздік қана шын ғылыми сөздік болар еді деп есептеймін. Егер осындай жан-жақты жүйеленген сөздік жасала қалса, мен он тоғыз кітаптан асатын жиған-терген сөздерімді тегін сыйлар едім.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбатты жүргізген Әлімжан Әшімұлы

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1428