Жұма, 6 Желтоқсан 2024
Біртуар 7824 5 пікір 1 Қараша, 2024 сағат 13:29

Шоқанның әзіл-сықақтары

Суреттер Б.Ақылбековтың мұрағатынан және e-history.kz сайтынан алынды.

ШОҚАН - 190

«Дүниеде әділдік пен адалдықты
ту еткен адамнан артық ешкім жоқ», -
Шоқан Уәлиханов.

І. Кіріспе

Шоқан өзінің алғашқы ғылыми еңбектерін А.Пушкин мен                 М.Лермонтовқа еліктеп көркем проза түрінде жазған. Оның  «Ыстықкөл күнделіктері» мен «Құлжа өлкесі жайлы очерк» атты жазбаларын ең үздік, ең көркем прозалық шығармалар қатарына қоюға болады. Шоқанның баяндау, суреттеу мәнері Лермонтовтың Кавказ очерктерімен ұштасып жатыр. Әсіресе Шоқанның жергілікті халықтың тарихын, мәдениетін, тұрмысын бағзы заманмен байланыстыра отырып шебер әрі біліктілікпен зерттей жазуы таң қалдырады. Ал,  табиғат көріністерін нағыз ойшыл, философ дәрежесінде суреттеуі оқырманға ерекше әсер ететіні сөзсіз.

Шоқанның тумысынан зерек, жастайынан сөзге шешен, ұшқыр ойлы адам болғаны белгілі. Оның әділетсіздікке жаны қас болғаны сонша, озбыр, дөрекі адамдарды мысқылдап, сынап тастайтыны туралы замандастары жазып кеткен. Мысалы, атақты орыс ғалымы, этнограф, археолог Н.Ядринцев «Шоқанның қысыңқылау көздері ақыл-ойға тұнып, жарқырап тұратын, жіңішке еріндерінен мысқылға толы күлкі кетпейтін. Әңгімелері ылғи да ұтқырлықпен ерекшеленетін, ол өте байқампаз әрі мысқылшыл еді. Оның мысқылы Гейнелік юмор мен сатиралық сипатта еді», - деп жазған болатын (Ш.Ш.Уәлиханов. Көп томдық шығармалар жинағы. І том/ 2 басылым – Алматы: «Толағай групп», 2010. 376 бет. 82 бетте).

Реті келген жерде Шоқан әзілдесуді, қалжыңдасуды да жақсы көрген. Ол кез келген ортада осы мінезімен ерекшеленді. Ойын ашық, бүкпесіз жеткізу үшін Шоқан көптеген суреттері мен шығармаларында әзіл-сықақ жанрын кеңінен қолданды. Енді солардың бірқатарына назар аударайық.

ІІ. Негізгі бөлім

Ш.Ш. Уәлиханов. Автопортрет. 1859.

Шоқанның бұл әйгілі автопортретіне қазақтың халық жазушысы, академик Ғ.Мүсірепов 1985 жылы мынадай баға берген: «Қаншама арманы, білімі, ойы бар адам. Бойкүйездік, тоқмейілділік дегенді білмеген азамат. Жасағанына, атқарып үлгіргеніне риза болмай, өзіне сын тағып, мін артып: «Не бітірдің. Шоқан?» - деп толғанып жатыр-ау. Шоқан суретте өз бейнесін ғана емес, өз тіршілігінің ішкі мән-мағынасын шынайы жеткізе алған. Бұл - аз жасап, көп тындырған Шоқанның келешекке осылайша тым болмаса бір сәттеме уақыт алаңсыз жатар күн туар ма екен деген қиялы тәрізді. Мұнда уытты астар да бар ма деймін...». (Мұхтарұлы Сейсен. Шоқан және Өнер. Түсініктемеге негізделген иллюстрациялы ғылыми-публицистикалық кітап. Алматы: Өнер, 1985 – 310 бет. 173 бетте).

Ш.Ш. Уәлиханов. Когалдай мен Туғолдай. «1856 жылы Құлжада Қытай үкіметі өкілдерін қабылдау».

Бұл картинаға Шоқан «Қытай империясының батыс өлкесі және Құлжа қаласы» атты еңбегінде қызғылықты түсініктеме келтіреді. Оның уытты тілі қытай шенділерінің «елден ерек» бітім-болмысын тіпті суретті көрмеген кез келген адамның көз алдына елестете отырып, мысқылмен жеткізеді:

«Туде-жень немесе жай ғана туғолдай деп аталатын бірінші сауда приставы, оның жәрдемшісі когалдай, әскерді азық-түлікпен жабдықтау жағын басқаратын штабс-офицер, ізгі тәртіп сақшысы, бәрі алты адам факторияға өздерінің кабриолеттеріне мініп келді. Сөйтіп соқыр туғолдай бір-екі мырзаның демеуімен арбасынан түсті де, консулға жақындай беріп, қытайдың байсалдылық рәсімі бойынша тістерін ақситып, бет аузын қисайтып, тыржита қойды: бұл оның жүзіне жылы шырай беріп, ықылас білдірген түрі еді. Туғолдайдың өзі бір дәу көзілдірік кисе де, сықсиған көзі шала көретін, қаршыға тұмсық, арық шал екен. Сәл қисықтау жаралған ауызының  үстіңгі ерні құдды бір үш бұрыш тәрізді екі шеті екі езуіне тіреле төмен түсіп, орта дені жоғары қарай көтеріліп, шошайып тұр. Сол ернінің үстінде қылтиып, бірнеше тал мұрты көрінеді, сүйірлеу келген кәуік иегін тақырлап қырып қойыпты. Бірі көк, бірі қоңыр кішкентай тістері жарыса құбылып, ақсиып тұр. Жасына қарағанда өзі өте ширақ, тым сөзуар жан екен. Үстіне жібек шапан киіп, белбеумен буынып, оған шылым салатын дорбасы мен желпуішін іліп алыпты» (Мұхтарұлы Сейсен. Шоқан және Өнер. Түсініктемеге негізделген иллюстрациялы ғылыми-публицистикалық кітап. Алматы: Өнер, 1985 – 310 бет. 176 бетте).

Ш.Ш. Уәлиханов. Балдан кейін. Кезекші офицерлердің карикатуралық бейнелері. 1855.

Шоқанның жақын досы Г.Потанин «Ш.Уәлиханов мансапқор, ұсақ жандардың бейшара тірлігін тез байқайтын және оларды мысқылдағанды жақсы көретін. Көңіліне ұнамаған адамдарды ол түркілерге тән қаталдықпен қатты кекететін, сондықтан Омбыда оның жаулары аз болмады», - деп атап өткен мінезі «Балдан кейін» атты карикатуларында анық білінеді.

(Ш.Ш.Уәлиханов. Көп томдық шығармалар жинағы. І том/ 2 басылым – Алматы: «Толағай групп», 2010. 376 бет. 79 бетте).

Ш.Ш. Уәлиханов. Г.Потанин. 1864.

Шоқан өзінің жақын досы Г.Потаниннің бірнеше суретін салған. Мына кескінде Потаниннің мұрты мен шашы өсіп кеткен ұсқынын дәл бейнелей отырып, достық әзіл-шарж түрінде жеткізген.

Міне, құрметті оқырман, осы бірнеше суреттердің өзінен-ақ Шоқанның әзіл-сықақ жанрын керемет меңгерген, суреткерлік деңгейі аса жоғары дарын иесі болғанын байқауға болады.

Сонымен қатар, Шоқан әзіл-сықақты жазушы-прозаик ретінде кеңінен қолданды. Мұның дәлелін Шоқанның хаттарынан, мақалаларынан, және ғылыми еңбектерінен де табасыз.

Біз осы шағын мақаламызға мысал ретінде Шоқанның 1856 жылы жазған  «Ыстықкөл сапарының күнделігі» атты ең әйгілі еңбектерінің бірін ғана алуды жөн көрдік. Оның мәтінінен Шоқанның әзіл-сықақтарды қолдана отырып баяндаған жерлерін бөлек ала отырып, келтіреміз.

- 4-ші нөмірге жетпей, 10 шақырымдай жерде қазақтар жырында айтылатын әйгілі Қозы Көрпештің моласы тұр. Біз поэманы жақсы зерттегенбіз, сондықтан олардың моласын көргіміз келді. №2 бекеттен шыққан уақыт бойынша Қызылқия бекетінен түнде өтуіміз керек болатын. Бірақ, біз таңертең сонда тұрып, мазар маңында шай ішкіміз келді: жолда шай ішкен жақсы, әсіресе, ескі қирандылар мен молаларда. Өткен туралы ойлайсың, бүгінгіңді аялайсың. Осы мақсатпен жәмшікке тек таңертең, күн көтерілген кезде, бозторғай алғашқы әнін шырқап, түн пердесі түрілгенде, түнгі бұлттар солтүстікке ауып, батыстан таңғы қызғылт күн көтерілгенде, жарық ағаштардың бұтағына түсіп, су керемет тамаша түске енген кезде, осындай поэтикалық сәтте моланың басында болуды тапсырдық.

Адам жобалайды, бірақ Құдай шешеді. Түні бойы жаңбырдың ірі тамшылары жеңіл арбаның шатырын ұрғылап тұрды. Шаршаған аттар, батпақта аяқтарын әзер басып жүріп келеді. Тек шыбықтың шартылдаған дауысы мен шаршаған аттардың пысқырынуы, делбешінің айғайы ғана жаңбырдың бірсарынды дыбысын бұзып тұрды.

Нашар түн болды, сондықтан жүру де қиындады. Жаңбыр ойлаған жоспарымызды бұзбасын деген күдік, алаңдаумен жәмшікке бірнеше рет: «қалай, аспан ашылмады ма?» деп сауал тастадым. Суық сүйегіне дейін өткен делбеші «Жоқ!» деп күңкілдей жауап берді де, тағдырға назаланғандай «Не боп кетті, брр...» деп тізесіне жиналған суды төкті. Менің оған жаным ашыды, тезірек жүрсек, ол баяғыда жылы пешке қыздырынып отырар еді. Баян сұлудың естелігін көрмей кету де обал.

Осылайша біз бір сағат жүрдік.

- Мәртебеңізге құлдық, - деді жәмшік, - міне мола!

Мен басымды шығардым. Күннің көзі түнерген бұлттардан шығып келеді, аспанды сұр бұлт басқан, бұрынғысынша жаңбыр жауып тұр, көбіктенген аттар батпақты сортаң жермен әзер жүріп келеді, өзеннің сол жағында тобылғылардың арасынан моланың үшкір басы көрінді: ол қызыл кірпіштен қаланған болып көрінді. Мұндай ауа райында шай ішіп, қазақтардың ескерткішін тамашалау туралы ойлаудың өзі артық еді.

- Шамасы, өзен де арнасынан шығайын деп тұр, жоғары мәртебелім, - деді жәмшік менің ойымды оқып қойғандай.

- Олай болса, жүре бер, қайтар жолда қарармыз, - дедім мен, сосын тонға оранып, ұйықтап алайын деп көзімді жұмдым.

- Жолда жылқылардың үйірі мен қойдың отары кездесті, алыстан қазақ үйлер қылаңдады. Бізді көрген қазақтар алысырақ кетуге тырысты, біз сұлтанның қонысы қайда екенін сұрайық деп малшыны тоқтатқанда, ауылдағы әйелдер шу көтерді. Ауыл шулап кетті. Әйелдер бір үйден екіншісіне жүгіріп, біреудің атын атап шақырды, шамасы биді болса керек.

- Олар менің қойымды алып кетті, - деді бір ащы дауысты әйел, шамасы, өзі солай болжаса керек, - менің кезегім емес қой, - деп шыңғырды ол.

Біз әрі қарай кеттік, ауыл тыныштала бастады. Тек жаңағы әйелдің ащы дауысы ғана бізге жетіп тұрды, күмән жоқ, қойын орыстардан сақтап қалғаны үшін ол Аллаға алғыс жаудырып жатыр...

Қырғыз жерінде: - Бақалы - бақаның көп жері деген мағына береді. Сарыбағаш руынан шыққан бір қырғыз мені манап Үмбетәлі сол жерде қыстағанда, бір бастауда қыс бойы бақалар бақылдаған деп сендірді. Оның айтуынша, бақалардың терісі аппақ, ал үлкендігі жұдырықтай болыпты. Қазақтар да осылай дейді.

- 26 мамыр күні менің қасымда қырғыз жыршысы болды. Ол Манас поэмасын біледі екен. Поэманың тілі, ауызекі тілге қарағанда, түсінуге әлдеқайда жеңіл. Поэма қаһарманы Манас - ноғайдан әйел жинаудың қайтпас қайсар батыры. Оның барлық өмірі соғыс пен сұлуларды іздеуден тұрады. Тек оның мінезі шығысқа тән емес - ол өзінің әкесін жиі балағаттайды, малын қуып әкетеді, онымен дөрекі сөйлеседі. Бұл жағы түсініксіз. Барлық көшпенді халықтар қарттықты құрметтейді, ақсақалдар ерекше сый құрметке ие.

Қазақтар арасында: - Мұнда күндіз өте ыстық, ал түнде өте суық. Көлдің алқабынан аптап ыстық кетпейді деседі. Қазақтардың айтуынша, олар үнемі «жаңбыр шақыруға» мәжбүр. Олардың арасында дұға оқып, жаңбыр шақыратын сиқыршылар бар, оларды «жайшы» деп атайды. Бұл сенім көне түркілік, шығыстық тарихшылар жаңбыр жауғызатын жуд тас туралы айтады, ол қасиет түркілердің атасы Яфеске оның ұрпақтарына деген ерекше ықыласын білдіру үшін құдай берген дейді.

Қырғыздар арасында: - 1 мамырда мен Қазыбекпен бірге Боранбай ауылына аттандым. Ауылдың қожайыны жас жігіт алдымыздан шығып, өзін Боранбайдың баласы, аты Қылыш екенін айтты. Қылыштың шатыры бар екен, біз сонда орналастық. Құрметті қонақ ретінде бізге құманға тұз салып қайнатылған шай әкелді, шай қалмақтардың затуранына ұқсайды. Артынан қымыз берді. Бүкіл ауылдың кішкентай балалары біздің асымыздан кейін қалатын қойдың сүйегін мүжу үшін жиналды. Олардың ойы болмады, мен қожайынды ондай әурешіліктен құтқардым, тіпті түскі ас ішіп отыратын кез емес еді. Айта кету керек, әйелдер бізден қорқып киіз үйден мүлдем шықпады, тек аттанар алдында ала бұхар шапанын киген жас келіншек пен ақ көйлек пен үкілі қызыл тақия киген жас қыз шықты. Бірақ, олар да тығылып қалды. Бұндағылардың айтуынша, (барлық дала адамдары сияқты олардың көздері өткір және көреген), келіншек біршама өңді екен, бірақ жүдеу, ал қыз нағыз сұлу деді олар, әрине олардың талғамы бойынша. Қазақтардың түсінігінде әйел сұлулығы дегеніміз денесінің толықтығы, бетінің толған айдай дөңгеленіп, екі бетінің ұшы қызарып тұру керек, оны ақындар қарға тамған қанға теңейді.

- Ары қарай жүрдік: жолда ауылдар жиі кездесті, бірақ қыбырлаған тірі жан болмады, барлығы: «Орыс, орыс!» деп шошына айғайлап, киіз үйлеріне тығылды. Күдікті сейілтіп, нәзік жандылардың қызығушылығын туғызу үшін мен қасымдағы қазақтарға қазақша ән салуды тапсырып, өзім салша киініп алдым. Бұл әрекет толық нәтиже берді, әйелдердің барлығы киіз үйден шықты, тіпті бір әйел мұсылмандар ретінде бізге арнап жоқтау жырын айтты.

Біз тоқтап тұрып қырғыз әйелдің элегиясын (жоқтау) тыңдадық. Сөздерін анық ажырата алмадық, тек «ох!», «қоқи!» деген дауысы айқын естіліп тұрды. Бұрын бұл ордада болған бір қазақ сол кезде естіген өлең жолдарын келтірді, соған қарап біз мәтінін шамаладық. Жоқтаудың жалпы сипаты - «маған енді не болады», деп, марқұмнан «енді менің күнделікті қажетімді кім өтейді» деп сұрау, «етікті кім тігеді, тары ботқаны кіммен бөлісіп жеймін» дегендей құдайға зар қылу...

Бізді қоршаған қырғыздармен әңгімелесе бастадық. Менің қазақ сұлтаны және хан тұқымы екенімді білген соң, олар сеніммен қарай бастады, ал егде әйелдер менің жүдеу денеме, қан сөлсіз бетіме аянышпен қарады, іштерінен шамасы, байғұс, анасын сағынған болар деп ойласа керек, мен сияқты жас баланы ай далада кім әлпештеп, битін кім сығып береді деп аяса керек. Олардың соңғы аңғырт сөздері менің күлкімді келтірді. «Не деген мейірімді, қарапайым адамдар!» - деп ойладым мен. Бір кемпір маған тостаған толы қымыз әкеп берді. Оның көзқарасы мен сөздерінде шынайы жанашырлық пен аяушылық тұнып тұрғандықтан, оны разы ету үшін, тостағанды бір ақ сімірдім.

Келесі ауылда бізді күтіп отырды. Бірнеше ер адам мені «алдияр» деп сұлтанша қарсы алып, мені алғашқыда өте таңқалдырған өтініш білдірді.

- Бізде бір бейшара аяш бар, - деді олар, - оны жындар буған, біз ақсүйек адам оның жынын қуып жібере алады деп естіген едік.

- Оларды мен қалай қуамын? - деп сұрадым мен.

- Өте оңай, - деді қырғыздар, - қамшымен аямай ұру керек, сонда бүкіл жындар кетеді.

Мұның бәрі сандырақ, ешқандай жындар жоқ, ол науқас, оны ұрып емдеу қажет емес, оған тыныштық керек екенін қанша айтқанымен, оның бәрі бекер болды. Қырғыздар риза болмай, бір соққымен жындарды қууға шамасы келеді, бірақ оны істегісі келмейтін қатыгез адамдай қарап кетті. Амал жоқ. Мен оларға өзімнің бауырым сұлтан деп таныстырып, бір қазақты ұсындым. Ол батыр өңін өзгертіп, қамшысын төбеге көтеріп, ауылға қарай тартып кетті. Бірнеше әйел бейшараны ұстап тұрды. Қазақ оған айғайлай тап беріп, өзінің ісіне кірісіп кетті. Байғұс шырылдап, зорға құтылып, үйге қарай жүгіре жөнелді. Оны қайтадан ұстап алды. «Ұр, ұр» деп шешесі айғайлады, «ұр» деп қалың топ артынан қайталады. Мен шыдай алмай, байғұс аяшқа жақындап келіп, қазаққа "емдеуді" тоқтатуды бұйрық еттім. Науқастың туыстары менің араласуыма риза болмады. Барлығы маған ызалы көз тастады. Тек ақылынан адасқан ғана мені құтқарушысы деп, әртүрлі жылы сөздер айтып, мойныма асыла кетті.

Барлығы тынышталғаннан кейін, мен науқасты қарай бастадым. Оның жасы 15-тен аспаған сияқты, бірақ арқасындағы қос бұрым шашы оның күйеуге шыққанын көрсетіп тұрды. Ол өте, өте көрікті екен. Үлкен қара көздері біреуді іздегендей болып жан жаққа алақтайды. Өңі боп-боз, өзі жүдеу. Соған қарамастан, өте әдемі. Үстінде ішкөйлек пен жыртық шапаннан басқа көйлек болған жоқ. Мен онымен сөйлесуге тырысып едім, менің сұрақтарыма үзіп үзіп, тек «Жамбек», «Шоң әке», «Қаражан» және т. б. есімдерді атады. Содан соң бір жас қырғызды көрсетіп: «Менің айнам... ол сындырды... жағамды жыртты» деп, ешкім көріп қоймасын дегендей өзінің жаулығын тығып қойды. Сұрастыра келе, жаңағы айтылған есімдер оның туыстары екенін білдім. Оның тұрмысқа шыққанына бір жыл болыпты, күйеуі жаңа саусағымен көрсеткен жас қырғыз жігіт. Бәрі түсінікті болды. Күйеуі оны ұрып, айнасын сындырып, көйлегін жыртқан. Әке-шешесінің үйінде жалғыз қыз болған, демек, әкесінің еркесі, дегенінің бәрі болған. Күйеуінің қатыгездігінен, қаталдығынан бұрынғы бостандығын аңсап, есінен айырылған. Оның ылғи адамдардың атын атап, біреуді іздегені сол екен.

Жас ару мен оның туған-туыстарын оның сауыққанына сендіріп, егер әйелі ауырмасын десе, көйлегін жыртып, айнасын сындырмауды күйеуіне тапсырып, ары қарай жүріп кеттік.

- Біраз уақыттан кейін Боранбайдың өзі келді, әдеттегі аман саулық сұрасудан кейін сарыбағыштар туралы әңгіме басталды - кімнің қай жері ауырса, соны айтады дегендей.

Мен кіргенде үйде бірнеше қырғыз отырды. «Удакоб» , - деп айғайлады қожайын, отырғандар орнынан атып тұрды. Мен киіз үйдің төріне жайғастым. Мадам, тістері ұзын (ол қанша тырысқанымен ерні оны жасыра алмады) ала шапан киген егде әйел кілемнің орнына төселген қой терісінің үстінде отырды. Қолдары кір-кір және қолында қалған ұсақ жүндер ханымның біз келердің алдында арқан иіргенін байқатты. Мен оның хал-жағдайын сұрап, мал басының амандығын түгендедім, мұның барлығына ол басын шұлғып жауап берді, басын шұлғыған сайын, ұзын тістері қатарласа көрініп тұрды. Құрметті аяштың еркіне көнбей тістері анық байқалып тұрды, оны жасыру үшін ол шапанының жеңін қайта-қайта аузына апарды. Менің сауалдарым ыңғайсыздық тудыратынын байқап, аяшты жайына қалдырдым да, киіз үйдің ішін қарай бастадым. Киіз үйдің ішінде біздің қазақтардағыдай не төсек, не сандық, не кілем жоқ, бір сөзбен айтқанда, үйілген киізден басқа ештеңе көзге шалынбады. Есіктің оң жағында шиден тоқылған қалқа тұр. Қабырғаның маңында қазақ сұлтандарындағыдай кілеммен көмкерілген қаз-қатар тұрғызылған сандықтар да жоқ. Оның орнына үйілген киіз қойылыпты. Қытай матасымен қапталған бірнеше жастық әдейі көрсетуге арналғандай киіздің үстіне тасалыпты. Менің астымда бір ғана кілем болды, дегенмен өте жақсы тоқылған. Киіз үйдің ішінде от жанып, ошақта су толтырылған екі құман тұрды. Сол арада қожайын әйел бұзау терісінен жасалған сөмкесінен екі қытай кесесін алып, қымыз құйды. Қызметші қырғыз сусынды алып, өзі ішті де, бір тостағанын маған, келесісін Боранбайға әперді. Біздің Ұлы жүздің бір қазағы насыбайын алды. Насыбайды көрген қожайын әйел тістерін ақситып, үндеместен айтпай қолын созды. Біздің қазақ оған өте сыпайы түрде шақшасын созып, алақанына насыбайды үйіп берді.

Өзіме тігілген үйге келген соң мен аттарды ерттеуге бұйрық еттім, қырғыздарды көрсем деген мақсатым орындалды.

Боранбай біз аттанар кезде өте сыпайы болды. Мен одан рулары туралы, манаптар туралы сұрадым, сосын ол мұның бәрі ақ патшаның бұйрығымен оларға сыйлық беру үшін жасалып отыр деп ұйғарды. Солай деп ойлап қалған құрметті манап маған кетерде қонақты бос қайтару - жаман ырым дегенді айтып, ат мінгізіп, жібек бұл берді. Мен оны сыйлықсыз-ақ құрметке ие болдым, оның қонақжайлылығын ешқашанда ұмытпаймын, әрқашан жүрегімде сақтаймын деп сендірдім.

Мен Боранбайдың үйінен өте жақсы әсермен аттандым. Бұл әсердің жалғаса беруіне жолда кездескен ауыл адамдарының көрсеткен ықыласы да себепкер болды, әсіресе, әйелдер өте пейілді болды. Әр нәрсенің ережеге бағынбайтын бірдемесі болады деген сөз - нағыз шындық. Мен қырғыз әйелдері туралы айтқанмын, соның арасында бір жағдай болды. Қырғыз аруларының сұлулығына тәнті болған мен киіз үйдің төбесінен индерунге сығалап қарағаным бар, одан бұрын сол жерден бізге менің ойымша өте көркем аяштың қара көздері қарайтын.

Мен қателеспеппін. Киіз үйде расында да әдемі екі жас қыз отырды, бірақ олардың біреуі, менің сорыма қарай, таңданарымды, әлде қуанарымды білмедім, айдай сұлу қыз екен. Сomme de raison, ұсталып қалған ару өте ыңғайсызданып қалды, бірақ сонша қатты емес. Алғашқы ыңғайсыздықты жеңгеннен кейін оның мені балағаттай бастағаны, тіпті ұят сөздермен балағаттағаны қызық болды... «Тас жұтқыр», «көзің қылиланғыр», «басыңа бәле жаусын» деген соң ол мені «маңқа қазақ» деп тілдеді. Бір жағынан, өкінішті болды, екіншіден, қуандым, себебі әп-сәтте балағат сөздер қорын жинап алдым, бірақ сол жаман сөздерді тамаша қырғыз сұлуы айтқаны ұят болды. Осыншама «қошамет» сөз естігеннен кейін ары қарай қалудың мәні болмағаны айтпаса да түсінікті. Ары қарай жүріп кеттік. Долы әйелдің ауыр әсері келесі ауылда ұмытылып кетті. Ауылда менің қазақ сұлтаны екенімді біліп алыпты. Бір құрметті ханымның қызы найман руынан шыққан қазақ сұлтанына тұрмысқа шыққан екен. Бұл жерде барлық сұлтандарды бір рудан деп санайтындықтан, олар бізді шыдамсыздана күтіп, балаларының жағдайын білмек екен. Мен сол сұлтанның танысымын деп қана қоймай, туысқанымын деп танысқаным дұрыс болар деп таптым, сондықтан олардың барлық сауалдарына жағымды жауап беріп, қыздары сұлтанның сүйікті ханшайымы деп сендірдім. Осындай бейкүнә әрі көңіл жұбатарлық өтірік айта отырып, мен осы халықпен жақындасайын, олардың туыстық махаббатына бөленейін деген ниетте болдым. Менің кейбір қиын сауалдарға берген жауабым, сұлтан ханшайымның есімі кім, қанша баласы бар деген сияқты сұрақтарға берген жауабымның оларда бар мәліметтерге сай келгені соншалық, өзімнің суайттық қабілетіме өзім таңғалдым. Бастапқыда олардан барлық мәліметті алып, артынан соған орайластырып жауап бергенім белгілі ғой. Қалай болғанда да біз отырған киіз үйге қырғыздардың кәрі-жас әйелдері жиналып, арамызда әңгіме өрби бастады. Біз жас аяштармен қалжыңдастық, ал олардың қалжыңынан өткірлік пен батылдық байқалды. Жалпы, қырғыз әйелдерінің жақсы қасиеттері көп, олармен бірнеше күн бірге болып, жақсы біліп алса болады. Қырғыз әйелдерінің шектен тыс тәкаппарлығы туралы сөздердің барлығы тым әсіреленген: жалпы біз танысқан үш аяш өте ақкөңіл екен, ақкөңілділігі соншалық, олардың көңілін қайтару күнә болар еді. Мен Боранбайдың ауылында әдейі ашыналық жасайын деп (қазақтардың әдеті бойынша) біреу арқылы әрекет жасап едім, оныма көнген жауап алдым. Оны пайдалануға маған уақыт жетпеді.

Аяштардың ықыласы ауылдан шыққаннан кейін біздің тілі өткір қазақтардың арасында көптеген күлдіргі әңгімелер туғызды. Біреу қырғыз қызы өз еркімен белгіленген rendes vous кезінде қаншалықты ұяң болатынын айтты. Сіздің барлық еркелету мен назыңызға ол қанағатсыздық көңілмен  жауап береді.

- Саяхатшы болғандықтан, мен қызықты саяхат оқиғасын іздедім. Бұрын жүріп өткен жолдармен Сатының Құрметіге құятын тұсына дейін ешбір қызықты оқиға болған жоқ, тек Күдергіде жылан өлтіріп, Құрметіде қабан қудық.

- Біздің алдымызда жауған қардың кесірінен жол жабылып қалыпты, сондықтан біз тәуекел етіп, таудың тік беткейімен жүрдік. Жер тайғақ, аттарымыз сырғанақтап, тұяқтарымен тас ұшырды. Тастар төмен жықпылдардан өте домалап, көзге көрінбей кетті. Казактар жаяу жүруге тиіс болды, ал қазақтар ат үстінде міз бақпастан, үзеңгісін тебініп қойып, ыңылдап келеді.

Аттар бірнеше рет сырғанақтап, құлады... Міне, міне құлады, домалады деген сәттер көп болды, бірақ Алланың көмегімен құламай, ары қарай сапар шектік.

- Біз ең қиын сүрлеуге жақындадық, ол биіктігі 40 сажын құлама жардың ернеуімен жүреді. Қорқынышты жерге жетпей жатып менде күтпеген жағдай болды. Жолда дауыл құлатқан дәу шырша ағашы жатты. Мен атты тебіндім. Атым тік тұрып шапшыды, бірақ тұяғымен ағашқа сүрініп, құлап қалды. Мен ұшып кетіп, орнымнан тұрдым. Тепе-теңдігін жоғалтқан атым жардан төмен домалап кетті, мен тек гуілдеген дауысын естіп, тастар арасындағы атымның басы мен ер тоқымын өзеннен көрдім. Бақытына қарай, жар жайдақ болды, 30 сажындай домалаған ат аман қалды. Жаман айтпай, жақсы жоқ деген, соның арқасында мен қазақтардың арасында батыр әрі епті болып көріндім. Солайша ирелеңдеген сүрлеумен жүріп, біз әйгілі жарға да жеттік. Қазақтардың сендіруімен және ақылға салып саралаған соң, біз аттан түсіп, жаяу жүрдік. Бұл жер - үлкен гранитті құз, оның қалқасы өзенге түсіп тұр. Сүрлеу тура жардың жиегінде, сол жақтан басқа құз көтеріледі. Мұндай қиындығына қарамастан, Саты - ең жақсы асу. Атеке алғаш рет өткелі бері бұл жерде бірде-бір бақытсыз оқиға болмаған. Атеке өткен кезде бір бала атымен жардан құлаған дейді, ұшып бара жатқан кезде көйлегі шыршаға ілініп қалып, сол тұрған жерінен арқанмен аман-есен тартып алыпты. Есесіне көптеген түйелер мен қазына мүлік Сатының тұңғиығында қалған.

- Ары қарай жол қауіпсіз болды да, біз қауіп-қатерден құтылып, 80 шақырымдай жүрістен соң, бұрын соңды болмаған тәбетпен шай ішіп, ешқашан ұмытылмайтын тәтті ұйқымен ұйықтадық.

- Біз жүрген барлық жерге, тау етегіне дейін ауылдар қонған. Дулаттар мен шапыраштылар қырғыздар сияқты бізді көрген бетте тауға қашты, шамасы, казактар оларға кезінде «жақсы» сабақ берсе керек.

- Іле бойы өсімдікке өте жұтаң, төңіректің бәрі құм. Ебелек, жусан, қызылша, ши, қурай, ошаған өседі. Іленің суы лай, жағымсыз. Қытайлықтардың нанымы бойынша Іленің суы зиянды, одан адам жүдейді-мыс. Есесіне Доржы өзенінің (қазақтар Шошқалы деп атайды) суы емдік қасиетке ие саналып, Құлжа қаласының шенеунік қытайлары сол судан ішеді.

- Арасанда түнедік. Бұл күні бізге Жетісуда атағы шыққан батыр әрі барымташы Тәнеке келді. Өзінің суық жүріс, суыт жорықтарына қарамастан, Тәнеке Матайдың Қаптағай руы арасында үлкен ықпалға ие және болыс болған. Ол орта жастағы, өте мығым кісі. Бір қызығы, ол жирен, сақалы ұзын және мұрны өте үлкен. Сонымен қоса кішкентай және ойнақы көздері оның сиқын өте жағымсыз етіп көрсетеді. Ол бізбен бірге жүргісі келді, бірақ мас болғаны соншалық, төбесінен құйған төрт шелек су еш әсер етпеді. Менің байқағаным, Тәнекенің бүкіл денесін Бюффонның алғашқы қауымдық адамы сияқты түк жапқан. Оның жолдасы сұлтан Құдайменде өзінің орынсыз қылықтарымен бізді әбден жалықтырды. Ол мәдениетті болып көрінгісі келіп, ақымақ пікірлерін тықпалап бітті. Жүйкеңе тиетін мырза, қит етсе арақ сұрайды.

- 30 шақырым жүріп Ақсудан астық, түнде Басқанға жеттік. Рақымды Алла өзінің құлдарын ас-сусыз жатқызбады: түнде таудан ауыл түсіп, бізге тап келді. Олар осында түнеуді жоспарлап келгенімен, орыстарды көріп, үдере жөнелді. Соңғы ауыл қолға түсіп қалды. Олардың батыры мен әйелдерін алдамақ болған барлық әрекетіміз бекер болды - қорқып қалғандары соншалық, арты не боларын ойлап, сыйлықтарымызды алмады.

Біздің есімізді жинауға мұрса беріп, олар бізден 3 шақырымдай қашықтыққа қонды. Бізге үй тігіп, өздеріне еріксіз көрші еткен соң, олар өте мазасызданып, айқайласып, қыздардың бәрін алдыға салып жөнелтті, ал кетіп үлгермегендері жыртық шапан киіп, сиықсыз болып көріну үшін беттеріне балшық жағып алды. Бейшара көшпенділерді казактар мен сот билері соншалық қорқытып тастаған.

Қазір егін орағы уақтысы. Барлық ауылдар сол үшін егіс салған жазыққа түседі, егінін орып алған соң, тамыздың соңында Балқашқа, құмды қыстауға кетеді. Түні бойы жанымыздан көш өтіп шықты. Таңертең тұрғанда, жасанып киінген әйелдер мінген түйелер тізбегі әлі өтіп жатты. Еркектер көштің жанында қой немесе түйе айдап жүрді. Көштің түрінен-ақ көрініп тұрғандай, олар арғындардан анағұрлым кедей. Киіз үйлердің біразы өгіздерге артылып, дала амазонкалары осы «тұлпарларға» отырды. Олардың барлығы жыртық шапан, етік, т. б. киіпті. Мен жоғарыда айтқан түйелер көшінің иесі сұлтан екен, ол орыс шенеунігінің осында екенін естіп, алдына келуді жөн санапты. Құр қол болмас үшін (ондайды шенеуніктер ұнатпайды) қымыз алып келіпті.  Сұлтан өзінің кім екенін айтты, құр қол келуді ыңғайсыз санағанын, кигізер шапан жүкте кеткенін, мінгізер аты жанында жоқ екенін айтып, қымыз ғана әкеле алғанын түсіндіріп, кешірім сұрады.

Ұзақ әрі бейбіт әңгімеден кейін сұлтан біздің жай шенеунік екенімізді байқаған соң, осыған дейін тегін соймақ болған қойын үш есе бағасына сатты. Бізбен жүрген казактар көз қиығымен қарап, өзара күлісіп отырды, мысқылшыл біреуі капралға: «Момын Миколаны бұзау жалайды» (Жуас түйе жүндеуге жақсы) дегенді айтты.

ІІІ. Қорытынды

2025 жылы Ұлы ғалым, гуманист, ағартушы Ш.Уәлихановтың туғанына 190 жыл толады. Шоқан Уәлихановтың артында қалдырған әдеби мұрасы өте бай және әр алуан. Оны ең тыңғылықты зерттеген академик Ә.Мағұлан былай деп атап өткен: «Жүз жылдар бойы Ш.Уәлихановтың әдеби мұраларының зерттелмей келуінің салдарынан қазақ әдебиетінің бұл асыл шығармалары күні бүгінге дейін бізге мәлім болмай келді. Енді бүгінде осылардың бәрі белгілі боп отырғанда, Уәлихановты тек ойшыл-ғалым ғана емес, қазақтың тұңғыш жазушы-прозаигі деп мойындау мәселесі күн тәртібіне қойылып отыр». (Марғұлан  Ә.Х. Шығармалары. Құраст. Д.Ә. Марғұлан, Д.А.Марғұлан – Алматы: «Алматы-Болашақ» баспасы, 2011. 107-ші бет).

Дүниежүзілік ғылым әлеміне таңғажайып құбылыс болып танылған Ш.Ш. Уәлиханов кемеңгерлігі оның жазбаларының әзіл-сықақтармен шебер өрнектелуінен деп білеміз.

Біз осы шағын мақаламыз арқылы қалың оқырманға Ш.Уәлиханов прозаик ретінде қазақтың қуатты да қуақы тілін, жарасымды әзіл-қалжыңын, сын мен мысқылын орынды қолданған деген тұжырымды жеткізуді мақсат тұттық.

Осыған байланысты, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінен, мүдделі мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар басшыларынан аталған межеге байланысты іс-шаралар жоспарына Шоқанды жазушы прозаик, сыншы, әзіл-сықақшы ретінде танытуға бағытталған бағдарламаларды қосуды ұсынамыз.

Өз тарапымыздан әдістемелік көмек көрсетуге дайын екенімізді білдіреміз.

Бағдат Бақтыбайұлы Ақылбеков

Жетісу облысы, Кербұлақ ауданының тумасы, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, езек Төре және Шоқантанушы, өлкетанушы, бірқатар тарихи-танымдық, ғылыми-зерттеу мақалалардың авторы

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1444