Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
7142 6 пікір 7 Қазан, 2019 сағат 17:56

Ұлы Жібек жолы – мәдениеттер тоғысқан жер

Қазақтың кең даласынан талай көш өткен. Ол жай көш емес, әлем елдеріне аттанған сауда көші. Жолдар бір-бірімен ұласып, Шығыс пен Батысқа, Оңтүстік пен Солтүстікке қарай жалғасып, көптеген жаңа аймақтарды қосты. Нәтижесінде ел мен ел байланысып, сауда жолдары ашылды. Осылайша, б.з.б. II ғасырдың ортасында Еуропа мен Азияны біріктірген Ұлы Жібек жолы пайда болды.  

Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында да Ұлы Жібек жолына ерекше тоқталған. Мәселен, Еуразия құрлығының дәл жүрегінде орналасқан  қазақ даласы жол мен жолды тоғыстыратын алтын көпірге айналды. Бұл жол тек қана тауар ғана емес, білім мен ғылым тамырының тереңге жайылуына бағытталған даңғыл жол болды. Тіпті, дала белдеуі Қытай, Үнді, Парсы, Жерорта теңізі, Таяу Шығыс және славян өркениеттерін байланыстырды. 

Шын мәнінде, Ұлы Жібек жолы тек сауда-саттықты ғана емес, халықаралық ауқымда экономиканы өркендетіп, мәдени байланысты дамытуға ықпалын тигізді. Яғни, бұл жолмен тек жібек қана өткен жоқ. Сонымен қатар елдер арасында білім алу, мәдени, рухани байланыс орнай бастады. Әрине, тарихи жолдың жібек саудасына байланысты «Жібек жолы» атанғаны түсінікті. «Ұлы» сөзінің қосылуы жолдың кең – байтақ Шығыс өлкелері мен Батыс өлкелерін байланыстырып жатуынан. 

Еуразия ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Өмірбек Қанайдың айтуынша, бұрын Жібек жолы деген атау болған жоқ. «Бұл XVІІІ ғасырдан бастап батыста қытайтанушылардың шығарған атауы. Қытайлар мұны Ұлы Жібек жолы деп ешқашан атамаған. Орта Азияда да мұндай атау болмаған. Кейін еуропалық қытайтанушылардың әсерімен Жібек жолы атауы қалыптасты. Ал бірақ Жібек жолының болғаны шындық», дейді ғалым. 

Негзінен Ұлы Жібек жолы пайда болып, құлдырап, маңызын жоғалтқанға дейін екі шылбыр, бір тізгінін ұстағандар түрік халықтары болды. Ең алдымен Византия мен Қытай арасын, Иран, Орта Азия, Пәкістан арқылы өтетін сауда жолдарын ғұндар қолына алған. Одан кейін Түрік қағанаты, Түргеш қағанаты, Қарахандар, Алтын орда, Осман империясы иелік етті. Алтын орданың кезінде бұл сауда жолы тұтастай түркі халықтарының қолына өтті.  

Бұл тұрғыда Еуразия ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Өмірбек Қанай: «Теңіз жолының маңыздылығы артқан сайын Ұлы Жібек жолы өзінің құндылығын жоғалта бастады. Жол бойында инфрақұрылымның болмауы, бұрынғы ат, түйемен қатынаған жол маңызын жойды. Бірақ соған қарамастан темір жол салынғанға дейін, түйе, ат керуені жібек жолын жалғастырып келді» дегенді айтты. 

Тағы бір айта кетерлігі, Ұлы Жібек жолын бір бағыттан екінші бағытқа қатынайды деп қарамау керек. Яғни, Ұлы Жібек жолы Қытайдан шығып, Еуропаға барады деген көзқарас қалыптасып қалған. Олай емес, керісінше Еуропадан Қытайға да барған. Әрине, Қытайдың жібегі, шәйі, дәрі-дәрмегі Батыс елдеріне жеткізілгенімен, Батыстан да түрлі бұйымдар Қытайға ағылып жатты. Ал мәдениет, білім тәжірибесін алмасуға үлкен әсер еткені рас. Еуропадан, Орта Азиядан Қытайға дейін жасалған далалық ғылыми экспедицияның бәрі Ұлы Жібек жолының бойымен жүріп отырғанын ескеру керек. Сондықтан бұл жолды тек Қытайға ғана тәуелді етіп, солардың ғана мәдениеті тұрғысынан дәріптеу дұрыс емес. Қазір қытайлар геосаяси тұрғыдан өз мүддесіне пайдаланып, «Бір жол бір белбеу» деген жоба ашты. Яғни, олар мұның орталығы да, бастау нүктесі де Қытай етіп көрсеткісі келеді. Шын мәнінде, қазақ даласы Ұлы Жібек жолының нағыз кіндігінде орналасқан.

Сонымен, Өмірбек Қанайдың пікірінше, Қазақстан Орта Азия бойынша транзиттік әлеуетін ұтымды пайдалануы керек. «Әсіресе, Еуропа мен Қытай арасындағы сауда тұрғысынан. Себебі, Қытайдың теміржолмен зат тасымалы белгілі бір дәрежеде шектеуге ұшырап отыр. Мысалы, Оңтүстік Қытай теңізіне АҚШ үстемдігін жүргізуде. Теміржолға арнайы инфрақұрылым салудың қажеті шамалы. Ал құрлық жолдары арқылы бәрін жасауға мүмкіндік бар. Сол жол кесіп өтетін мемлекеттермен келісім-шарт орнату қажет» дейді өз пікірінде. 

Алайда, бұл үлкен қаржыны қажет етеді. Соған қарамастан, қаржы бөліп, құрлық жолдары арқылы транзиттік әлеуетті пайдалансақ, ұтылмаймыз. Яғни, Қытай болмаса біздің жол салынбайды деген көзқарастан арылуымыз керек. Бұл ертеден бастау алған Ұлы Жібек жолын жаңғыртып, едәуір табыс әкелетін даңғыл жол болар еді. 

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3522