Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Қоғам 6993 0 пікір 20 Қазан, 2016 сағат 14:24

САЛҚЫН ТИІП ҚАЛҒАН ЖОҚ. САЛҚЫНДАП БАРАДЫ

Қазақ әдетте жел-құз жабысып, тұмау қармаса, «суық тиіп қалыпты» деп жатады. «Салқын тиіпті», «салқын тиді» дейтін де ағайын бар. Жә, қайсысы болса да, қазақтың сөзі, біз сол «салқын тиіптімен» тарта берейік.

«Салқын»...дегенде біз бұл арада президент Назарбаевқа тиген салқын туралы айтқалы отырған жоқпыз. О, не салқын, тәйірі?.. Келді, кетті. Елбасымыз есен-сау – қызметінде. Біздің назарды аударып отырған салқындық – басқа салқындық. Ақорда мен Кремль арасындағы салқындық. Былайынша бүлік тілеп, бүлініп бастаған ештеңе жоқ. Ағы – ақ, қызылы – қызыл әдемі дүние. Саясатта бұндай алқызыл түс, алқынған ыстық жүректі араластық бола бермейді. Алайда, біз – РФ-мен арадағы достығымызды қымбатқа бағалап отырған елміз. Әйткенмен де, сырттың  көзі - көреген көз емес пе? АҚШ баспасөзі, Түрік баспасөзі Ресейдің алдағы жылдары экономикалық одақ шеңберіндегі екі елге – Қазақстан мен Белоруссияға әртүрлі қысым жасай бастауы мүмкін екендігін жазып отыр. Расында, солай болуы мүмкін бе?  Путин сияқты адам Ресей билігін билеп-төстеп тұрғанда бәрі де мүмкін. Мүмкін болуына шамамен мынандай себептер бар:

-         Қазақстан мен ҚХР арасы қазір тым жақын; алыс-беріс көп. Барыс-келіс те жиі. Қытай Қазақстанда басты инвесторлардың біріне айналды. Экономикасы шатқаяқтап кері кеткен Ресей мына түрімен Қазақстанға ықпал ету мүмкіндігінен айрылып қалуы ықтимал. Путин осыны ойлап тыпыршиды. Сондықтан да Қазақстан-ҚХР қарым-қатынасына кедергі жасап бағады. Бірақ, ҚХР-ға шамасы келмейтіндіктен қылтасынан қысып ұстап үйренген Қазақстанды, қазақ билігін, Ақорданы айналдырады.

-         Жуырда Ислам Каримов дүние салды. Ислам әка жарықтық – тірі кезінде теріс азудың бірі болды. Ешкімнің алдында ығып сөйлеп, ықтамай-ақ кетті марқұм. Діни экстремистерді аттап бастырмады, АҚШ пен Батыстың алдында өзін биік ұстады. Ресейді, тіпті, елең қылмады. Араб елдерімен де абайлап араласты. Түркі әлемі дегенге де елп ете қоймады. Осындай қыңырлығымен ол Орта Азияның «оққағары» болып жүрді. Әсіресе, Ресейдің өндіршегін созып өңмеңдеуіне, аймақты (Орта Азияны) емін еркін жайласам деген есек-дәме әрекетіне жол бермеді. Ол кісінің ТМД шеңберіндегі көди-сөди ұйымдар мен одақтарға онша көңіл бөлмеуінің сыры осында еді. Тек ҚХР қосылған Шанхай ынтамақтастық одағына ғана ептеп мән берді. Басқасына Ресейдің ойыны деп қана қарады. Сондай адам бұ дүниеден озды. Енді өзбекті  Батыс пен Араб дүниесі шыр айналдыруы кәдік. Орта Азиядағы геосаяси орны ерекше Өзбекстан аталған екеудің бірімен ықпалдасса, ондай ықпалдастықтың ауылы Қазақстанға да алыс болмай шығауы мүмкін. Путин осы жайттарға да алаңдап, Қазақстанды қырына ала түсуге ұмтылады. Өйткені Ресей - Ресей болғалы Қазақстанға жұмсақ саясат ұстанып көрген емес. Ташкентке барғанда сыпайы-сылқ бола қалатын Путиннің Астанаға ат басын бұрған бетте-ақ сұрланып сала беретін себебі сол. Өйткені қазақ билігінің ынжықтығын ол жақсы біледі.

-         Кедендік одақ, Еуразиялық экономикалық одақ дейтін ойыншық одақтардың түкке тұрмайтындығын Путин қазір бек түсініп қалды. Бұл одақтардың ағасы (авторы) дау жоқ – Назарбаев. Назарбаев осы одақтардың шеңберінде жүріп-ақ Ресейден аулақтауды, сыпайылап айтқанда, арқадан қағып тұрып қоштасуды ойлайтындығын Путиннің қу іші әбден сезеді. Алайда ол осы одақтар аясындағы қатынасты сылтау етіп саяси қысым жасай берудің қажеттігін ұғып алды. Қысым жасау әрекетін, көресіздер, Путин дәл осы одақтар хаттамасы бойынша күшейте түспекші.

-         Тағы бір себеп – Қазақстанда діни экстремистердің бас көтеруі дер едік. Әзірге жалғыз-жарым әрекет жасап жүрген лаңкестерді, дәстүрлі емес жат ағымның жолына түсіп сорлаған фанттарды тез арада келеге келтірмесе, қазақ билігі күтпеген жерден Ресей әскерінің көмегіне «зәру» болып шыға келуі кәдік. Бұндай зәрулік, әрине, Путин тарапынан жасалады. Бұндай сорақылықтың нышанын АҚШ пен Түркия баспасөзі де сезе бастаған сыңайлы (қараңыз: http://abai.kz/post/view?id=10387 ).

Әрине, себепке сылтау табыла береді ғой. Орта Азияны, оның ішінде Қазақстанды стратегиялық әріптес санайтын АҚШ пен Батыс «базарындағы»  саяси саудасын қыздыра түсу үшін де Путин жоғарыдағы ықтимал қадамдарға баруы ғажап емес. Бұндай жағдайда Ресей өзінің халықаралық қауымдастықтағы орнын мүлде жоғалтады. Себебі: Қазақстан Украина емес. Бұл – жер асты қазба-байлыққа белшесінен батып жатқан ел. Қазақстандағы инвесторлар Украинадан әлдеқайда көп. Шығысында «әлемнің екінші экономикасы» аталып үлгерген ҚХР отыр. Дегенменде Ақорда мен Кремльдің арасында қазір салқын сыз байқалады. Бұны қайбір жылы Ресейден аттанып Түркияға барған сапарында аса сақ саясаткер Назарбаев: «Біз – орыстың отарында болған елміз» деген сөзімен ашық аңғартты. Шамасы, қазақ басшысы Путинмен сөзі жараспай шамырқанып шықса керек. «Қазақта Назарбаевқа дейін мемлекет болған емес» деген Путиннің сөзі де  арадағы салқындықты қабындыта түсетін сөз. Міне, жуырда ҚР президенті «салқын тиіп» қалғандықтан Ереванда өткен Ұжымдық қауіпсіздік шартты ұйымының кезекті жиынына бармай қалды. Анығында Елбасына пәлендей салқын тие қойған жоқ-ау...алайда, Путин екеуінің арасы салқындап барады. Бұл салқындықты алдағы күндері қапысыз аңғаратын боламыз. Сөз жоқ, Ақорда «мәңгілік достықтан» әзірге қол үзбеу  үшін барын салып бағады. Бірақ, бұл «достықтан» кетпеудің ең соңғы қарекеті болуы мүмкін.

Дәурен Қуат

Abai.kz    

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1973