Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Мәйекті 4916 0 пікір 25 Қазан, 2016 сағат 11:45

ҰЛТТЫҚ ТҰЛҒА ҚАЛДЫРМАУ САЯСАТЫ-2

(Басы мына сілтемеде)

...Бұны олардың не үшін ұйымдастырғанын айта алмаймын. (Мұхтар Мағауин мен Мұхтар Шаханов арасындағы әйгілі айтысты).

Жоғарыдан жарлық түсті ме, жоқ әлде өздерінің жол бастағасы келді ме, қалың елді дүр сілкіндіріп, бет бұрғызар сенсация қажет болды ма, қаумалай қамап, құмырсқадай жабылып «көкжалды құлатсақ» кезек бізге тиеді, біз болмағанда кім болады, біз бастамағанда кім бастайды деген пендешілік жеңді ме – не себеп болды?! Кім біледі?.. Тіпті осының бәрі де болуы мүмкін!..

Ал нәтиже... Оны біз жоғарыда айттық. Екі Мұхтардың жай-күйі – бүгінгі қазақ әдебиетінің символдық бейнесі.

Алайда, бұл тек – Айдың бергі, жарық беті. Арғы қараңғы жағында жолынан адасқан қанша жан, жалын шарпыған қанша адам, қаншама тағдыр қалды!..

Алысқа бармай-ақ кешегі мезгілсіз кеткен Әмірхан мен Таласбекті алайық...

Жалғыздық – талантты адамның пешенесіне жазылған қасірет. Қасиет те – сол.

Дегенмен, менің ешкімді кінәлап, қаралағым жоқ... Біздікі тек көрген-білген жайттарды ортаға салып, арылу ғана!..

Әркімнің ар соты бар. Одан қалса, иә... Алла бар!.. Құдайдан қайтсын!..

Ай-Күннің аманында олар неге өз ортасынан жырақтап жалғыз қалды? Қанша жыл жұмыссыз жүрді. Екеуі де...

Жалғыздық жеңбей қоймайды. Қажыды, қапа болды. Қу тірлік жүректі қарайтты. Қара тасқа сап кетілді. Қайырымсыз уақыт өшірді... Не тынды?!

Талас марқұм (Таласбекті біз солай атайтынбыз...) ара-кідік қоңырау шалып, хабарласып тұратын. Жүзбе-жүз қанша сөйлестік. Марқұм: «Мұхтарды бәрі арадай талады. Амал жоқ араға түстім. Ұстазымыз емес пе?!» - деп еді.

Бүгінде кімді кім біледі!.. Айтпақшы, Мұхаң – Мағауин – Талас екеуміздің ғана ұстазымыз емес, олардың да ұстазы. Тұрсынжан мен Ғалымның...

Құрметті оқырман қарсы болмаса, осы арада сәл шегініс жасап, әңгімені басынан бастауға тура келеді.

Біз бәріміз – Тұрсынжан Шапай, Таласбек Әсемқұлов, Ғалым Доскен, Лесбай Оспанов, Құдияр Біләл және мен – ҚазПИ-дің филфагында қатар оқыдық. Студенттік күндерді бірге өткіздік. Жас айырмасы әрқилы әрі алшақ болғанмен, әдебиетке деген құштарлық жақындатты ма, сырлас дос болмасақ та  бір-бірімізді сырттай жақын тартып, тілеулес болып жүрдік. Оның үстіне, қазір қандай екенін қайдам, ол кезде ҚазПИ-дің тіл-әдебиет факультетінде жігіттер өте аз болатын. Сондықтан көп жайт көз алдымызда өтті.

Айтайын дегенім, алғаш аталған үш жігіт – Тұрсынжан, Талас, Ғалым – сұмдық дос еді. Тіпті араларынан қыл өтпейтін. Кейін оларды қандай сайтан түрткенін білмеймін, ит пен мысықтай бопты.

Рас, мен түрлі жағдайларға байланысты жиырма жыл елде боп, Алматыға (әдеби ортаға) 2002 жылы оралдым.

Рахмет, жігіттер жатырқаған жоқ... Құшақ жая қарсы алды. Жасырмаймын, қатарға қайта қосылуым – әуелі Құдай, сосын солардың арқасы!..

Мән-жайды кейін білдім. Екі топ арасындағы қырғи қабақ соғыс шарықтау шегіне жетіп, әбден шиеленісіп тұр екен. Талас марқұмның Қазақ Радиосы мен «Қазақстан» телеарнасына кіре алмай кейін қайтқанын қанша рет көзіммен көрдім.

Құдияр екеуміз Таласпен талай сөйлестік. Көнбеді. Қалған көңіл – қатқан қан... Жібімеді.

Бұл туралы «Абай. kz» порталында шыққан «Соңғы рет соғылған қоңырау» атты естелігінде Құдияр өте тамаша айтады. Қосып-алар ештеңем жоқ!..  

Мұндай жағдайға жеткізбеу керек еді... Амал қанша?!

Ал енді бұған кім кінәлі?!

Қазір бәрін билік пен қоғамға жауып құтылғымыз келеді. Қоғам – өзіміз. Сіз бен біз. Демек, бізден де бар!..

P/S.    Сөз соңында Мұхаңдар жөнінде екі ауыз... Әр ұлттың тарихында Күн жарылып Жер құшпай, Жер сөгіліп көкке ұшпай ешқашан өшпейтін, ешқашан өлмейтін ұлы тұлғалар болады. Қазақ барда – олар да бар. Халық қалса – олар да қалады. Тұлға асқар тау секілді, жақындаған сайын жеткізбей, алыстаған сайын асқақтай береді. Біз – кімбіз, олар – кім?! Өзің айтпақшы, қырық қайшымен қидалап, эфирге шашсаң да құтыла алмайсың... Қайта тіріледі!..

Тұрмағанбет Кенжебаев – ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3516