Жексенбі, 13 Қазан 2024
Қырдағы әңгіме 4549 0 пікір 23 Қараша, 2016 сағат 11:24

ИСЛАМ КАРИМОВТЫҢ ҚЫЗЫ ТІРІ МЕ, ЖОҚ ӘЛДЕ...

Ислам Каримовтың қызы Гүлнара Каримова қайтыс болыпты. Бұл туралы ӨР ҰҚК қызметкері мәлімдеген. Inozpress.kg деректеріне  назар аударсақ Гүлнараны әлдекімдер улап өлтірген. Оқиға 5-қарашада болған-мыс.

Десек те Өзбекстанның құзырлы органдары 44 жастағы Гүлнара Исламқызының қазасы туралы нақты ақпарат бермеген. Ұзын-құлақтың айтуынша экс-президенттің қызы Ташкенттегі «Минор» бейітіне жерленіпті.

Гүлнараның жоғалып кетуіне қатысты әлеуметтік желіде әрқилы әңгіме айтылуда. «Твиттер» желісінде «Гүлнараны көрсетіңдер» деген топ құрылып, Орталық Азиядағы БАҚ өкілдерін, Халықаралық сарапшыларды Гүлнараның тірі не өлі екенін анықтауға шақырған. Әлеуметтік желі қолданушылары «Гүлнара Каримова тірі болса, жұрт алдына шықсын я болмаса бейне жолдау жасасын» деген ұрандар айтуда.

Ал Гүлнара Каримованың атынан түрлі аккаунттар ашылып, Оның тірі екенін айтып, ескі суреттерді салып отырғандардың бірсыпырасын «Азаттықтың» өзбек қызметі анықтаған. Бұл жұрт ішінде президенттің қызы қайтыс болыпты деген күмәнді одан сайын өршіте түскен. Ал Өзбекстан Президентінің аппараты бұған қатысты «ләм-мим» демепті.

Сонымен Өзбекстан Ханшайымы тірі ме, әлде...

Гүлнара Каримова Өзбекстандағы ықпалды адамдардың бірі. Тіпті 2013 жылы Еуропадағы жемқорлыққа қатысты жанжалда дәл осы Гүлнараның аты аталып қалған-тын. Швейцарияда оның есеп-шоты тәркіленді. Ол кезде «TeliaSonera» швед-фин телекоммуникациялық компаниясынан Өзбекстан аумағында жұмыс жүргізуге рұқсат берген. Сол үшін 320 миллион доллар көлемінде сыйақы алған. Сөйтіп, Гүлекең Еуропаға кіруге мүлде болмайтындардың сапына кірді.

Соңғы жылдары қолы қысқарып, Ташкенттен ұзап шыға алмаған Гүлекең өзінің анасы Татьянаны, сіңілісі Лола мен ӨР ҰҚК кейбір дөкейлерін айыптап, әлеуметтік желіде соғыс ашты. Өзбекстан Президентінің креслосына талас-тартыстың басталғанын да дәл осы Гүлнара айтқан болатын. Ең сорақасы Гүлекең өзінің өміріне қауіп төнгенін және таққа таласта қарсыластары оны өлтіруден тайынбайтынын айтыпты. Сөйткен Гүлекең енді із-түссіз жоғалып кетті.

2014 жылы Гүлекеңнің Ташкенттегі үйін арнайы жасақ басып кірген-тін. Ол кезде күйеуі Рустам Мадумаров, бизнес-серіктесі Гаяне Авакян түрмеге тоғытылып, өзі мен балалары үй қамаққа алынған.

Үй қамақтағы Гүлнара алғашқы уақыттарда арагідік БАҚ-қа сұхбаттар беріп, өзінің бар екенін әм тірі екенін білдіргенімен, 2015 жылдан бері мүлде көрінбеді.

2-қыркүйек күні Ислам Каримовтың қазасына Гүлнара мен оның балалары келмеді. Жерлеу рәсімі Самарқанда өткен-тін. Ал Өзбекстанның атқарушы әм болашақ президенті Шавкат Мирзиеев Парламентте Каримовтың қазасына көңіл айтқанда Гүлнараның есімін мүлде атамапты. Құдды Ислам атаның жалғыз қызы болғандай.

Нұрзат Тоғжан

Abai.kz

0 пікір