Жұма, 29 Наурыз 2024
Жанайқай 7434 0 пікір 26 Желтоқсан, 2016 сағат 13:11

З.ҚОЖМАМБЕТОВА: ӘДІЛЕТ ҮСТЕМДІК ҚҰРСА ЕКЕН

Редакциядан: Бүгін редакциямызға Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Бәйдібек би ауылдық округінен Зарима Қожмамбетова есімді оқырманымыздан үшбу хат келіп түсті. Хат мазмұнында жергілікті басқару органындағы орын алған кейбір келеңсіз оқиғалар баяндалған екен. Осыған дейін бірнеше мәрте құзырлы органдарға шағымданғанымен, Зариманың жанайқайына құлақ түрген ешкім болмаса керек. Біз өз кезегімізде жергілікті құқық қорғау органдары Зариманың мәселесіне бейжай қарамайды деп сенеміз.

 ***

(Зарима Қожмамбетова)

Құрметті «Abai.kz» порталының ұжымы! Мен Қожмамбетова Зарима Әбілқайқызы Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Қазақстан ауылының тұрғынымын. Бәйдібек би ауылдық округінің  салық инспекциясында 2015 жылдың қаңтар айынан бастап, қазіргі уақытқа дейін бас маман болып қызмет істеймін.

Сіздерге жанайқайымды жазып отырмын. 2015 жылдан бері қарай аталған округке қызметке келген уақыттан бері Бәйдібек би ауылдық округінің әкімі Ержан Әмірденовтің қудалауына ұшырап, түрлі нақақ жала мен келеңсіз әңгімелердің куәсі болдым.

2015 жылдың 5-қаңтар  айында Бәйдібек би ауылдық округі әкімінің аппаратына жұмысқа тұрдым. Содан бері, күн сайын аппарат жиынында маған дауыс көтеріп, «қызметтен кет» дегенді ыммен нұсқап, қоқан-лоқы көрсетеді.

Осы күнге дейін 30 маманды дәл осындай болмашы себептерге бола жұмыстан шығарып жіберді. Бұл менің дерегім, қазіргі уақытта бұл көрсеткіш өскен болуы әбден мүмкін.

Мен 2016 жылы қазан айында  Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы прокуратурасына әкім Ержан Әмірденовтің үстінен қызметтік этиканы сақтамау, қоқан-лоқы көрсету әм нақақ жала жабу фактілері бойынша арыз-шағым түсірдім.

Осыдан кейін Е.Әмірденов:  «прокуратурадан, облыстық тәртіптік кеңес пен  агенттіктен келген тексеруді сен шақырдың. Азаматша О.Филатоваға менің үстімнен арыз жаздырдың» деп жала жауып, тағы да жұмыстан қуатынын айтып қорқытты.

Еңбекшіқазақ аудандық прокуратурасының прокуроры  Т.Ш.Иманбаевқа жазған арызыма 2016жылдың 14 қазанында жауап келді.

Онда З.А.Қожмамбетованың (яғни, менің) Е.Әмірденовтің заңсыз әрекеттері туралы арызымнын қарастырылып жатқаны баяндалған. Өкінішке орай дәл сол күні аудандық әкімдіктен, Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің орынбасары Н.Құдайбергеновтен де хат келді.

Онда: «Сіздің арызыңызда көрсетілген мән-жайларды анықтау мақсатында құрамында персоналды басқару біріңғай қызмет бөлімінің басшысы, заң және мемлекеттік құқықтық бөлімінің бас маманы, ұйымдастыру бөлімінің бас маманы енгізілген комиссия құрамы бекітіліп, тексеру жұмыстары жүргізілді», делінген. Сондай-ақ, аудандық әкімдіктен келген хатта округ әкімі Ержан Әмірденовтің ісіне қатысты мынадай жеңіл шараны қолданатындықтары жазылған.

«Тексеру барысында арызда көрсетілген фактілер расталмады. Дегенмен, Бәйдібек би ауылдық округінің әкімі Е.Әмірденов кадр ауысымдылығының жоғарылауы және өз ұжымында тәрбие жұмыстарын тиісті дәрежеде жүргізбегені үшін сөгіс түрінде тәртіптік жауапкершілікке тартылды», деп жазылған.

Тіпті, Ержан Әмінденұлы менің денсаулығыма байланысты  жұмыстан қалғанымды тексеруді талап етіпті. Әкімнің прокуратураға менің үстімнен түсірген арызында: «Сізден дәрігерлік амбулаториясынан, Бәйбідбек би ауылдық округі әкімі аппараты, салық жөніндегі бас маманы Зарима Қожмамбетоваға берілген, еңбекке жарамсыздығы туралы анықтаманың заңдылығын, яғни ҚР Үкіметінің, «Еңбекке уақытша жарамсыздыққа сараптама жүргізу, еңбекке уақытша жарамсыздық анықтамасын алу» туралы 2015 жылғы 27 шілдедегі 592 қаулысына сәйкес, анықтаманың рас-өтірігін тексеріп беруді сұраймын. Себебі, мұндай парақты алу З.Қожмамбетова тарапынан жиілеп кеткен»,-делінген. Ал сол уақытта мен тек 2 рет жұмыстан денсаулығыма қалған едім.

Сондай-ақ, осындай құйтырқы әрекеттер арқылы Е.Әмірденов жұмыскерлер арасына алауыздық салып, бірін-біріне қарсы қоюда.  Осы күнге дейін келген тексерулер еш нәтижесін берген жоқ.  Қолдарында дәлел бола тұра құзырлы орган өкілдері тиісті шара қолданған жоқ. Ал әкім Ержан Әмірденов босла, «Мен әкіммін, сені жоқ қып жіберемін. Мен өте кекшілмін, сен жай мамансың» деп дауыс көтеріп, қоқан-лоқы жасауда. 

Сонымен қатар, аппарат жиыны кезінде заңсыз түрде диктафон қолданып, одан қалса дауыс көтерген болатын. Кейін бәрін жоққа шығарды. Алайда Е.Әмірденовтің қызметтік этиканы сақтамағанын дәлелдейтін аудио жазбалар қазір бар.

Менің сөзімнің дәлелі ретінде дәл осы Е.Әмірденовтің қудалауына ұшырап, қызметінен қуылған әкімдіктің бұрынғы қызметкері З.А.Кумаладзенің арызы тағы бар. 2016 жылдың 28 қыркүйек айында жазылған арызда: «Мен, Кумаладзе З.А,  мені тиісті лауазымымнан босатуыңызды сұраймын. Себебі әкім Е.Әмірденовпен бірге жұмыс істеу мүмкін емес. Оған себеп – Ержан Әмірденовтің әділетсіздігі», делінген.

Тағы Бәйдібек би ауылдық округінің тұрғыны, Чернобль апатынан зардап шеккен Амержанов Бақыт Ахмолдаұлы мен әкім Ержан Әмірденовтің арасында жанжал болған. Артынша Бақыт Ахмолдаұлы әкімнің үстінен арыз-шағым түсірген. Бұл уақытта мен заңды еңбек демалысында едім. Әкім Ержан Әмірденов бұл арызды да маған жаздырдың деген нақақ жала жапты.

Бұл бір ғана ауылдың ішкі мәселесі десек те,  осындай әділетсіздікті көре тұра мен сіздерге хат жазуға ұйғардым. Себебі, аудандағы құзырлы органдарға бірнеше мәрте арыз жазғаныммен еш нәтижесін бермеді. Менің қалауым тек әділет орнаса екен. Менің жағдайымда жүрген қаншама қызметкер бар. Әділетсіздік пен әлімжеттілікті, қызметтік мансапты пайдалану арқылы жеке бас мәселесін күйттеуді көре тұра үнсіз отыруды жөн көрмедім. Және әкім Ержан Әмірденов тарапынан жасалып жатқан қысымның тоқтағанын қалаймын.

Хат иесі Әбілқайқызы Зарима Қожмамбетова

26.12.2016 жыл

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2261
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3551