Жұма, 22 Қараша 2024
Арылу 16078 0 пікір 11 Қаңтар, 2017 сағат 16:23

ЕКІ АҚЫН ҮШІН ҚЫРҒЫЗ ЕЛШІЛІГІ КЕШІРІМ СҰРАДЫ

Күні кеше ғана "Abai.kz" ақпараттық порталында  Аалы Туткычев пен Азамат Болғонбаевтың айтысы жарияланды (қырғыз ақындары). Сөз додасы үстінде қызды-қыздымен екі ақын қазақ  халқы туралы қатты-қатты сөздер айтып қалған. Бұл, әрине, қазақ халқының ренішін тудырды.

Айтыс сахнасында арқаланып алып ауыздарына түскен сөзді айтқан екеудің бұл «ақындығы» қазақ-қырғыз қарым-қатынасына сызат түсіріп, ұлтаралық реніш, өкпе тудыруы мүмкін болған соң біз Қырғызстанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшілігіне хабарластық.

(Қазақ халқын тілдеген екі ақын)

Бізге Қырғыз Республикасының Қазақстандағы елшілігінің бірінші хатшысы Шолпанай Әбдісаматқызы Аджиматова жауап берді. Әуелі Шолпанай Әбдісаматқызы "Abai.kz" ақпараттық порталында жарияланған "Қырғыз ақындары қазақты қырына алды. Неге?" атты мақаламен танысып шығып, артынша порталымыз арқылы қырғызстандық екі ақынның дау шақырған даңғаза әрекетіне қатысты пікір білдірді.

(сурет "Фейсбук" желісіндегі Cholpon  Adjimatova аккаунтынан алынды)

- Мен "Abai.kz" ақпараттық порталында жарияланған мақаламен және онда көрсетілген бейне жазбамен танысып шықтым. Шынтуайтына келгенде  қатты ұялып отырмын. Бауырлас екі елдің тыныштығын бұзатындай ауыр сөздер айтылған екен. Сол үшін Қырғыз Республикасы және қырғыз халқы атынан қазақ халқынан кешірім сұраймын. Өздеріңіз де мақалада айтқандай, екі ақынның сөзі күллі қырғыз халқының сөзі емес, әрине. Мен және бір мәрте қазақ халқынан осы бір жәйт үшін кешірім сұраймын, - деді Қырғыз елшілігінің өкілі.

Сондай-ақ, Шолпанай Әбдісаматқызының айтуынша Аалы Туткычев бастап, Азамат Болғонбаев қоштаған қырғыз ақындарына ресми түрде Қырғызстан Үкіметі тарапынан шара қолданылатын болды.

- Біз бірінші кезекте бұл екі ақынның айтыста айтқан сөздерін келтіре отырып, Қырғыз Республикасының Мәдениет министрлігіне және Сыртқы істер министрлігіне хат жазамыз. Ол жақтан ресми жауап келгенде сіздердің порталдарыңызға жолдап, екі ақынға қатысты қандай шара қолданылатынын айтатын боламыз. Ал әзірге мен нақты қандай шара қолданылатынын білмеймін. Бірақ, қандай да бір реакция болатыны сөзсіз. Айыпқа бұйырмаңыздар, сіздерден тағы да кешірім сұраймын", - деді елшілік өкілі.

Осы ретте айта кетейік, біз қырғыз ақыны Азамат Болғонбаевқа да хабарласқан едік. Азматтың тарапынан еш жауап "болбоды". Тіпті, "ватсап" желісі арқылы сұрағымызды жолдап, сұхбатқа шақырдық. Бұл әрекетіміз де нәтижесіз қалды.

"Елдестірмек - елшіден, дауластырмақ - даушыдан" демекші, біз өз кезегімізде бұл екі ақынның аузындағы сөзді күллі қырғыз халқының аузындағы сөз деуден аулақпыз. Алдағы уақытта Қырғыз Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшілігімен байланыс орната отырып, аталған ақындарға қатысты Қырғыз билігі тарапынан қандай шара қолданылғанын біліп, хабарлайтын боламыз.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz


0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1435
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3202
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5158