Жұма, 9 Қаңтар 2026
Аймақ 612 0 пікір 8 Қаңтар, 2026 сағат 14:22

Жоламан және жер мәселесі

Сурет: Мақала авторының мұрағатынан алынды.

Орыс патшалығының қазақ даласына ендеп кіргендегі негізгі мақсаты жерге ие болу еді. Алдымен қазақ даласында бекіністерін салып алып қорғаныста болған олар кейіннен бекіністен шығар алдында өздерінің бодандығындағы елдердің халқын қазақ даласына көшіре бастаған болатын.

Қазақ тұрмысынан, олардың шаруашылық жүргізуінен бейхабар орыстарға қазақ даласы бос жатқан жердей көрінді. Шұрайлы жерлерге өз патшалығындағы саны аз ұлттарды атамекендерінен босқындыққа ұшырата отырып қазақ даласына қоныстандыра бастайды. Әуелде тек «жер шолғыншыларын» жібере отырып қоныстандыруды бастаған орыс патшалығы кейіннен,1896 жылы ресми түрде Ішкі істер министрлігі жанынан Қоныстандыру басқармасын (переселенческое управление) құрған. Бұл басқарманың басты міндеті Орта Азия мен Сібір, Кавказ, Қырым мен Ресейдің Шығыс Европалық  шекара аумақтарына өздерінің ішкі аумақтарындағы ұлттармен ұлыстарды қоныс аударту еді. Бұл басқарма кеңес өкіметі орнағаннан кейін де  өз жұмысын тоқтатпаған.

XIX ғасырдың басында орыс патшалығының қазақ жерін емін еркін билей бастағанына қарсылық танытып Жоламан секілді көреген жандар әр жерлерге ел қондырып, отырықшылық негіздегі қоныстандырумен айналыса бастайды. Жоламанның өзі Ертіс бойына үй салып отырықшылыққа бейімделе  бастаған. Ертіс өзенімен Құртоған өзендерінің сағасында бірнеше жерде қора – жайы болыпты. Бұл жерлерді мұрағаттық құжаттарда кездесетін деректерде орыс патшалығы үкіметінің шенеуніктері «Вертовский остров», «Лекарский остров», «Плац –майорский (Забайки) остров», «Директорский остров» деп атағанын білуге болады. Бұл жердегі «остров» деп отырғандары ешқандайда арал емес, жоғарыда жазғанымдай екі өзеннің сағасы мен сол өзендердің жайылма түбектері болуы керек. Осы жерлердің біріне қоныстанып, бірін шабындық, енді бірін қолдағы малының жайылым жері ретінде пайдаланып отырған Жоламанды бұл жерлерден патша үкіметінің шенділері ығыстыра бастайды. Мұхаметбек Асылбеков «Жоламан Жандарбеков – қазақ кәсіпкері» мақаласында «ООТМ ММ. Қор 3, тізім 3, іс 1755» мұрағаттық құжатына сілтеме жасай отырып былай жазады: «Алғашқыда Ертістің сол жағалауы даусыз қазақтарға тиесілі деген үкімет енді сол жағалаудағы аралдардың біреуі ғана Жоламанға тиесілі дегенді шығарады. Қазақтардың малдары жыл сайын жайылымда бағылады. Ал, мініс аттарын қызмет бабына қарай қолда ұстайтын әскерилер, қала тұрғындары мен казактар қыстамаға пішен дайындамай тұра алмайды. Егер бұл шабындықтар Жоламанға берілетін болса, Семей гарнизонының аттарына да азық болмай қалады. Осы жағдайларды саралай келе Генерал – губернатор Вельяминов келешекте жүргізілетін жер бөлінісіне дейін Директорский аралын – казактарға, плац – майорскийді – линия батальонына, Лекарскийді – қала тұрғындарына, Вертевскийді қазақ старшыны Жандарбековке беруді ұйғарады».1

Енді осы жерлердің орналасу орындарын айқындап көрсек. Ел аузындағы әңгімелермен мұрағаттық құжаттардағы кейбір мағлұматтарды саралай келе «Вертовский остров» қазіргі Жоламан кентінің маңындағы су сорғысы орналасқан жер ғой деп болжаймын. Сондай ақ «Плац – майорский» Құртоған саласындағы қазіргі саяжайлар орналасқан жер болуы мүмкін, «Директорский» сол саяжайларға апарар көпір аузынан Ертіс өзеніне қарайғы аумақ шығар деп ойлаймын. «Лекарский» Суықбастау кентінің Шар көшелерінен Ертіске дейінгі аумақ болуы мүмкін. Бұл жерлердің сол кезеңдегі қандайда бір картасын болмаса сызба – жоспарын кездестірмегендігімнен атауларын алмастырып алуым мүмкін екендігін ескергейсіздер. Бірақ осы аталған төрт жерде осы маңай екендігі анық.

Шамамен 1841–1842 жылдар болуы керек, белгісіз себептермен Жоламанның орыстар Вертовский деп атаған  жердегі  үйі өртеніп кетеді. Жаңадан үй салуына патша үкіметі әртүрлі сылтаулар айтып қарсы әрекеттер жасайды, тіптен Батыс – Сібір генерал – губернаторы П.Д.Горчаковтың 1839 жылы халатпен (қазақ дәстүріне сай шапан болса керек) марапаттағанын көлденең тартып тап осы жердің Сібір Желілік Казак Әскерін басқару үшін қолайлы екендігін желеу етеді.  Ішкі істер министрінің 1846 жылғы 5 желтоқсанындағы Сібір Әскерлері ережесіне сәйкес, әскер орналасқан аумаққа кімнің болсада қоныстануына тиым салынатындығын жазады. Жалпы Ресей империясында 1791 жылы Екатерина II жазған жарлық  бойынша «қоныстану аумағы» (черта оседлости) деген болған, ол жарлық бойынша белгілі бір ұлт өкілдерінің белгілі бір аймаққа қоныстануларына шектеу қоятын. Бірақ қазақ даласында ол жарлық ашық түрде айтылмады, тіптен «10 шақырымдық аумақ» (10 верстная полоса) 1839 жылдары күшейтілгенімен Семей өңірінде кең қолданылмады деп айтуға да болады. Оның басты себебі Жоламан секілді ел мен жеріне қорған бола білген қазақтардың батырлығымен сауатты  күресінің нәтижесі деп білуіміз керек.

Жоламан Жандарбекұлының өртенген үйінің орнына жаңадан үй салуға рұқсат сұрап 1843 жылы жазған өтінішіне жауап беру үшін  1847 жылы Омбы қаласындағы Сібір қазақтарын басқару басқармасының шекара басқармасымен жазысқан қатынас жазбаларында былай  жазылыпты.

«ОБЩЕЕ УПРАВЛЕНИЕ

Сибирскими киргизами

Канцелярия

Пограничного Начальника

22 мая 1847 года

№1466

Г. Омск

Пограничному управлению Сибирскими киргизами

В следствие переданнаго членом комиссии прошении тайным советником Норовым к Министру Внутренних дел, по Высочайшиему повелению, все под........наго прошения киргизскаго Старшины Кокбектинского Округа Юламана Джандырбекова, о дозволении ему построить, возле верстах.  от г.Семипалатинска, на Вертовском острове новый дом на месте  посуществовавшаго дома, но истрабленнаго пожаром дома его, Его высокопревосходительство, отношение от 25 августа 1843 года №2429 требовать заключения Западной Сибири.»2  деп басталған 4 беттік хатта түрлі сылтаулар айта келіп  «в прошении Джандарбекову отказать, так как он числится в составе волостей заграничных» деп жазады. Осы жерден орыс патшалығы үкіметінің әкімшілік – басқару жүйесінің осал тұсын байқауға болады. Жоламан Жандарбекұлы үй салмақ болып таңдап отырған жері (Вертов) Ертістің сол жағалауында, Семей қаласына қарама – қарсы орналасқан орыс патшалығы «Заречная слободка» атаған елдімекендегі Жоламан ауылы маңында еді. Бірақ Жоламанның Көкбекті округы құрамындағы Терістаңбалы болысының старшинасы деген лауазымы болғандықтан оған Вертов атанған жерден үй салуға болмайтын болып шығады. Бірақ ол жаңа үй емес, өртенген үйдің орнына салынбақшы үй болатын. Және ҚР ОММ, 478 қор. 1 тізімдеме. 1 іс,  33 – 34  парақтарындағы «Список строенным за рекою Иртышом оказавшиеся по свидетельству  

сделаннаму   4го числа декабря 1841 года ...» құжатындағы деректерде осы уақытта Жоламан Жандарбекұлының қора – қопсысымен 5 үйі, 1 ас пісіретін үйі, 1 мектебі (медіресе), 1 дүкені болғаны жазылады. Осыдан кейін «заграничный» болыстықтың адамы бұрын «шекара аумағы» жеріне өзгеде үйлерін қалай салған, деген ойға қаларымыз анық. Жоламан ауылының, жалпы «Заречная слободканың» орналасқан жерінің әкімшілік – басқару жүйесі бойынша кімге бағынышты болғаны түсініксіз. Топограф Кокоулиннің 1839 жылғы сызбасында бұл жерлер әскери – казактар жері деп көрсетілсе, 1854 жылы Семей облысы құрылған кезде Көкен болысының жері деп жазылған. Сондықтан болар «Памятная книжка Семипалатинской области на 1898 г.» шығарылымында Жоламан ауылы Көкен болысында деп көрсетіледі. Семей сыртқы дуаны құрылғанда жасалған карта бойынша Көкен болысының жері Көкен тауынан Ертіске дейінгі аумақта болып солтүстік – батысында Семейтау, оңтүстік – шығысында Делбегетей (бұрынғы Терістаңбалы) және Айғыржал болыстықтарымен іргелес көрсетіледі.

Орыс патшасының жарлығы бойынша Сібір орыс – казактарына далалық алқаптағы жерлерден орта есеппен алғанда 30 «десятина»  жер телімдері тегін берілетін болған, ал Сібір казак әскерінің офицерлеріне жер әлдеқайда көп мөлшерде берілген. Оларға бұл жерлер «мәңгілік меншікке» беріледі делінген. Өзен жағалауларымен құнарлы жерлерді таңдап алған олар кейіннен бұл жерлерді қазақтармен босып келген орыстарға жалға беріп отырған. Ондай жағдайлардың Ертіс бойындағы Семейге жақын Темірқаш (Железинск), Жетіжар, Қызылағаш (Канонерка), Қаракемер, Тыным орманы  мен Белағаш даласында, Жалқарағай (Ново-шульба), Қараөзек (Ремки) маңында болып жатқанын көрген Жоламанның өзі қоныстанған аумақта қазақтарға атамекен жерінің жалға берілуіне қарсылық күресін жүргізгені анық. Сол күресінің дәлелі жоғарыда жазылған «Вертовтағы» үйінің құрылысы жайлы оқиға. Орыс шенеуніктерінің «в прошении Джандарбекову отказать, так как он числится в составе волостей заграничных» деп жазған хаттары  «Г.председательствующий в совете главнаго управления западной сибири, предложением , от 17ею мая за №944  .... ...  от г.Пограничнаго Начальника, просит в исполнению сказаннаго отношения Действительнаго Тайнаго Советника Льва Алексеевича, понастоящему предсмотру, сделать надлежащее распоряжение.

Уведомила об этом Пограничное управление я предлагаю в исполнению сказаннаго отношения Действительнаго тайнаго Советника Льва Алексеевича  понастоящему .... сделать со стороны своей надлежащее распоряжение.

За отсутствием в должности Пограничнаго начальника

Подполковник Спридонов За Секретаря Федоровский»3 деп аяқталғанымен бұл іске нүкте қойылмаған. Семей шенеуніктерінің қандай жауап жазғаны белгісіз. Ол жауаптары Омбы мұрағаттарындағы құжаттарда болуы мүмкін деп ойлаймын. Қалай болғандада жергілікті биліктің қандайда бір қатынас қағазын жібергені анық. Өйткені осы жылдың 9 шілде  күні жазылған Жоламан үйінің құрылысы жөніндегі тағы да бір хат келеді. 

«ОБЩЕЕ УПРАВЛЕНИЕ

Сибирскими киргизами

Канцелярия

Пограничного Начальника

9 июля 1847 года

№1827

Г. Омск

Пограничному управлению Сибирскими киргизами

По вступившей к г.Министру Государственным имуществ просьбы киргизскаго старшины Кокбектинскаго Округа Джуламана Джандырбекова, об оставлении в его с родовичами пользовании Вертовскаго Острова, находящегося против города Семипалатинска, и сообщенной г. Генарал-Губернатору Западной-Сибири, требовано было Его сиятельством  надлежащее заключение от Войсковой Канцелярии Сибирскаго  Линейнаго Казачьего Войска.

Его сиятельство усмотривая из полученнаго им донесения Войсковой Канцелярии что она не может согласится на уступку помянутому старшине Джандырбекову Вертовскаго Острова, по надобности онаго казачьим жителям города Семипалатинска, и имея притом в виду, что по положению о Сибирском Линейном Войск, Высочайшие утвержденному в 5й день декабря 1846 г., все земли по кордонной линии имеюшия поступают в непосредственное владение войсковаго начальника, его сиятельство предписал сказанной канцелярии поступить в отношении Джандырбекова  и подведомственным ему киргизов по точной сим 7& обозначеннаго положения, мнение от 28  июня №1336 препровождая подлинное письмо о

награждении старшины Джандырбекова в 1839 году суконном халатом, предложение о том ему обьявить.

О чем известим пограничное Управление предлагаю предписать Кокбектинскому Окружному приказу о вышеизложенном обьявить старшине Джандырбекову с выдачею ему прилагаемаго у сего письма за подписом Князя Петра Дмитриевича, о награждении его халатом в 1839 году.

За отсутствием в должности Пограничнаго начальника,

подполковник       Спиридонов

За Секретаря        Федоровский»4

Орталық Мемелекеттік мұрағатында осы хаттан кейін 14 шілде күні жазылған тағы бір хат сақталыпты. Негізгі мәтіні жоғарыдағы екі хаттағы сөздерді қайталау болғанымен соңында «Приказали. Согласно настоящему предложению Г.Исправ: Доложено Пограничнаго начальника дать знать Кокбектинскому Окружному Приказу, со препровождением настоящаго письма о награждении Старшины Джандырбекова в 1839 году суконным халатом, для обьявляется ему воли Его Сиятельство князя Петра Дмитриевича с подписью и затем настоящее письмо, повелено присоединить к прежней переписке по сему предмету. Подлинный журнале подписались г.п. членов искреннаго секретаря.

Верно управ.столом (қолы)

Исполнено июля 17 дня 1847 года»5  деп жазылғанынан ұққаным Семейдегі патша үкіметінің шенеуніктері Жоламан үй салмақ жердің Көкен болысына, яғни уақ руының жері болғандықтан Көкбекті дуаны арқылы «руластарыңды ниетінен қайтарыңдар» дегендей әрекет жасаған ау деп топшылаймын. Жоғарыда Жоламан ауылының, «Заречная слободканың» орналасқан жерінің әкімшілік – басқару жүйесі бойынша кімге бағынышты болғаны түсініксіз деп жазуымның бір себебі осы еді.

«Сібір қазақтары туралы жарғы» бойынша  болыстықтарды құру кезінде қазақ даласында ғасырлар бойы қалыптасқан рулық – тайпалық негізде қауымдасу қағидаты қасақана бұзылып бір рудың жері халқымен басқа бір

рудың болыстығының басқаруына берілген болатын. Осы тәсілмен қазақтарды бағындыру оңай болады, деген ойлары кейбір жағдайда оңды нәтиже бермегенін осы оқиғаданда көруге болады. Мұндай жағдайлар көптеп орын алғандықтан болар  орыс  зерттеушілері қазақ шежіресі мен рулар тарихын жаза бастайды.

Сол кездегі болыс Бекмурзин арқылы Жоламанға жоғарғы басшылықтың шешімі жеткізілгендігі жайлы жазылған құжат біздің қолымызға жетіп отыр.

«В Пограничное Управление Сибирскими Киргизами

 Кокбектинскаго Окружнаго

Приказа  Рапорт

Окружный приказ в исполнение Указа от 20 мая сего года за №3132 о обьявлении Старшине Джандырбекову воли высшаго Начальства заключайщейся в недозволении постройки дома на острове Вертовском, отобрав через Волостнаго Управителя Бекмурзина, от Джандырбекова в слышании Указа подписку имееть честь таковую в подлиннике представить в  Пограничное Управление Сибирскими Киргизами.

За Заседателя Красульский

№6597

30 октября 1847 г.

Кокбекты

---

С представлением подписки

Отобранный от Старшины

Джандырбекова, в слышании

Указа №3132.  За Секретаря   Корзунов»6

Міне, Жоламанның бір үйінің тарихы осылай өрбиді. Бірақ, бұл жерде басты назар аударатын нәрсе Жоламанның жеке басына үй салу ғана емес, Ертіс бойындағы, қала маңындағы шұрайлы жерге қазақтарды ығыстырып орыс – казактарының қоныстануына қарсы әрекет, күресі деп білуіміз керек. Осы жерде «патша үкіметінің Жоламанға шамасы келмеген бе, бір мекеме бір мекемеге хат жаза отырып оған 1839 жылы,яғни 8 жылдай бұрын сыйға берген «суконный халаттарын» несіне айта берген» деген сұрақ туындауы да мүмкін. Бұл кезең Кенесары бастаған ұлт – азаттық күресінен әбден қажыған, 30 жылға жуық уақыт Абылай ұрпағымен ашық айқасып өз қалаулары бойынша оң нәтижеге жете алмай отырған орыс патшалығына енді Жоламанның елді көтеріп өздеріне ашық түрде қарсы шығуы өте қауіпті еді. Қасым сұлтанның патша үкіметіне өздері шығарған  «Сібір қазақтары туралы жарғысын» өздері орындамай отырғандығын жазған хатына  1824 жылдары Батыс Сібір губернаторы Капцевичтың , Сіз патша үкіметінен ешқандай сый, марапат алмағансыз сондықтан сіздің хатыңыз назарға алынбайды, деген мағынада жазған хаты Саржан мен Кенесары көтерілісінің бастауы болған еді. Қазір кейбір тарихи деректерді тізбелеушілердің «Кенесары көтерілісі ұлт – азаттық қозғалысы емес, жеке бастың мүддесі» деп шатасып жүруіде сондықтан. Адам баласы әуелі өз үйіне, сосын ауылына, содан соң атамекеніне қорған болмаушы ма еді.

Орыс патшалығының «просьбы киргизскаго старшины Кокбектинскаго Округа Джуламана Джандырбекова, об оставлении в его с родовичами пользовании Вертовскаго Острова, находящегося против города Семипалатинска» деген істі аса сақтықпен, мәймөңкеге сала отырып жүргізулері сондықтан. Әйтпесе сол уақытта Батыс Сібір орыс – казак әскерінің 1825, 1827, 1830, 1831 жылдары Қарқаралы, Көкшетау маңында тұтас бір қазақ ауылдарын қынадай қырып, тірі жан қалдырмай өлтіріп, ауылдан түк қалдырмай өртеп кеткендерін Жоламан ауылына да қолданар  еді.

Жоламан ауылы мен Тінібай, Тарақты жатақтарының әкімшілік – басқару жүйесін нақтылай алмай отырған Батыс Сібір губернаторы мен әскери губернаторының сол уақытта қазақтың бас көтерер адамдарына қарсы сөз айтуға қауқарлары жоқ болатын. Қазақ даласында ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан жер дауының өзін дауласкерлерге дуан ашып берумен шешіп отырыпты. Ол жайлы авторы Н.К. деп көрсетілген (Николай Коншин болуы керек) «Что могут дать Семипалатинские архивы для краеведение» деген мақалада  «Земельные споры побудили в 1829г., одного из самих влиятельных Найманских султанов Сиванкула Ханхожина просить «прислать землемера для размежевания земель и предоставить оные и вечное потомственное владение». В 1830 г., Садыр – Найманцы, изявляя желание об открытии округа, просили «предоставить нам наши места, которыми завладели кирейцы» и др. Примеров можно привести горазо больше.

Кроме по земельных споров принятию русского подданства способствовали еще султанские распри из за власти в разных волостях. В особенности сильна и продолжительна была борьба в найманских волостях двух влиятельных султанов Сиванкула Ханхожина и Сарта Джочина. Все подробности этой борьбы, закончившейся открытием Аягузского, а потом Кокпектинского округов, в полне изображены в архивных делах, причем даны интересные характеристики не только многих султанов, но и родовых груп и пр.»7  деп жазады.

Қазақтарды құнарлы да шұрайлы жерлерден ығыстыра отырып қарашекпенді босқындарды патша үкіметінің қоныстандыра бастағанына қарсылық әрекетін Жоламан тек Семей қаласы төңірегінде ғана жүргізбеген. Терістаңбалы болыстығыдағы  (кейіннен Делбегетей болыстығы)  өзінің жерлеріне орыс босқындары түбегейлі қоныстанып алған Белағаш даласындағы Аққұм болысында тұратын туыстарын 1865 жылдары көшіріп әкеліп қоныстандырады. Ол жайында Әлихан Бөкейхан Щербина экспедициясы жұмысы кезіндегі зерттеулер есебінде «Терістаңбалы руы. Бүгінде топтың барлық жері-егістік, күзеу, мен көктеу Карпов кентіне (Ұзынжал С.Б.) қарасты. Сонда да бұрынғы жерлерін ақы төлеу арқылы пайдаланып отыр. Бұрынғы қыстауларына да қоныстанып отыр, бірақ 5 сәуірде жайлауға көшіп 1 қазанға дейін көшіп келмеуге міндеттеліп, келісілген. Келісім жыл сайын жасалады; бұрын жылына 30 сом төлесе, қазір жылына 40 сом төлеп отыр; бұл сома әрқайсысына малдың санына қарай бөлінеді.

Бұл аймаққа қоныстанғандарына 35 жыл болған; мұнда қазір руластары мекендейтін Аққұм болысынан келген; ол жерден қоныс аударуларына «жердің тарлығы» себеп болған».  Бұл жер  Жоламанның бұрынғы жайлауы екен, ол Ертіс бойына қоныс аударғанда өз жерін руластарына беріп кеткен көрінеді».Бұл жерде тағы да Жоламан Ертіс бойына, Семей маңына 1865 жылдары қоныс аударған ба, деген сұрақ туындауы мүмкін. Жоқ, Жоламан 1820 жылдары Жоламан ауылының негізі болған Ертіс бойына алғаш қоныстанғанымен Делбегетей жерінде де малын ұстап отырған.

Бұл мақалада Жоламан Жандарбекұлының бір үйінің тарихын мысалға ала отырып оның қазақ даласының әр қадам жеріне қалай қорған болғанын баяндадым.

Дереккөздер:

1) М.Қ.Асылбеков «Хан Қисық». Семей. 2020. 167 б.

2) ҚР ОММ 374 қор, 1 тізімдеме, 5122 іс, 1-2 парақтар қайырмаларымен

3) ҚР ОММ 374 қор, 1 тізімдеме, 5122 іс, 2 парақтың қайырмасы

4) ҚР ОММ 374 қор, 1 тізімдеме, 5122 іс, 5 парақ қайырмасымен, 6 парақ.

5) ҚР ОММ 374 қор, 1 тізімдеме, 5122 іс, 7-8 парақтар қайырмаларымен.

6) ҚР ОММ 374 қор, 1 тізімдеме, 5122 іс, 9 парақ.

7) «Записки Семипалатинского отдела государственного русского географического общества»  выпуск  XVI. Семипалатинск, 1927г. 114 б.

8)   Әлихан Бөкейхан  ШЫҒАРМАЛАРЫ,     «экспедиция материалдары»,

Астана, 2018,   8 том,  90 б.

Серікбек Болатбекұлы

Abai.kz

0 пікір