Бейсенбі, 21 Қараша 2024
Алашорда 11186 0 пікір 18 Қаңтар, 2015 сағат 10:48

АЛАШ ПОЛКІ ТУРАЛЫ АҚИҚАТ АЙТЫЛДЫ МА?

Өткен ғасырдағы Азамат соғысы жылдарында Торғайда, Семейде, Зайсанда, Лепсіде, т.б. жерлерде құрылып, аз уақыт соғысса да, Қазақ елінің тәуелсіздігі үшін күресіп, небір ұлттық-патриоттық ерліктің үлгісін көрсеткен Алаш полктары туралы не білеміз?

Қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсіреповтің былай бір жазғаны бар: «...Жаңа Семейдің шетінде отырған Орталық Алашорда Колчакпен шарт жасасып, Совет үкіметіне тұс-тұстан жабыла бастады. Алаш полктері майданға шықты. Алашорда бейбіт елді талан-таражға салған бандылардың ордасына айналды» (Таңдамалы үш томдық, 2-том. Алматы. 1980 ж. 465-бет).

Кеңестік кездің идеологиясымен лажсыз жазылған жағдай шынында да осылай ма еді?

Алғашқы Алаш полктары Лепсі уезіне қараған қазіргі ШҚО-ның Үржар, Мақаншы, Таскескен, Аякөз, Лепсі өңірлерінде ұйымдастырылған еді. Тарбағатайдың күнгей беттерінде Алаш жасақтарының лектері 1918 жылдың басынан құрыла бастайды. Сарқанттық матай руынан шыққан Керімбай (подполковник), Кеңсаба (полковник) Қарабұлақ ауылында алғаш эскадрон құрады. Осы жылдың қыс ортасынан бастап, Көктұмада (қазіргі Үржар ауданының Бақты аулы) жасақтарды 6 ай дайындап, Жетісу майданына аттандырған.

Тарихи деректерге қарағанда, әскери дайындық сауатты жүргізілген. Атпен шауып келе жатып, екі қапталға қарға шаншылып қойылған шыбықтарды қылышпен шапқанда, қиылған шыбықтар тіп-тік түсуі керек екен. Окоп қазу, қорғану, найзамен шаншу, винтовкамен ат үстінде ату сияқты түрлі әскери әдістер дайындығы жасалады. Полк сарбаздарына «Алаш гимні» де үйретіледі.

Бірде Лепсіден Көктұмаға танымал Алаш қайраткері, әрі полктің командирі Отыншы Әлжанов келіп, сарбаздардың дайындығын көреді. Сонда сап алдында сөйлеген Отыншының қанатты сөзі сарбаздардың жадында мәңгі сақталып қалыпты: «Көз алдарыңа елестетіңдер! Ресей үкіметі бұрын ақбоз ат сияқты болатын. Сол ақбоздан аттың қасқасындай ғана ақ үкіметі қалды. Қасқа бара-бара төбелге айналады да, жай ғана жирен ат болады. Жеті зәлімнен құрылған үкімет келеді. Ол – ұры, өтірікші, имансыз, дінсіз, қатыгез, жауыз, т.с.с. Ол үкіметтен жеті ата-бабаңның ұрпағына иненің жасуындай жақсылық келмейді. Тек Құдай қайдасың деп, көкке шыққанда, әлемді шарпып, ол өз-өзінен құлайды», – деген екен.

Отыншы ұзын бойлы, дауысы зор, арық қара кісі екен. Ол құралайды көзге атқан қас мерген болыпты. Жаттығу алаңында наган мен мылтықпен көкке лақтырған тиындарды атып түсірген.

1918 жылғы Лепсі төңірегіндегі ұрыстарда Алаш полкіне Отыншы тікелей басшылық жасап, қызылдарға қарсы небір сәтті соғыстар жүргізеді. Күзде соғыс өнерін озық меңгерген, шетінен мыңмен айқасатын жиырма шақты сарбазбен Отыншы жедел Семейге шақырылады. Сол жолы тапсырма орындау сапарында Отыншы қаза болады да, Жетісу майданында қызылдарға қарсы соғысып жатқан Алаш полкіне тікелей атаман Анненковтың өзі басшылық жасайды.

Ел ағалары, би-болыстар ел ішіне Алашорда үкіметінің мақсаты туралы түсінік жұмыстарын жүргізеді. Әскердің ішіп-жеміне қала, ауыл байларынан, халықтан жиылған қаржыға өгіздер сатып алынады. Ауыл халқы: «Малымыз баламыздан артық емес», – деп, қоралап мал жинайды. Молдабай деген бай өгіздерін қымбатқа сатыпты. 1930 жылдары ол өлгенде, келіндері былай жоқтапты:

Он алты ат беріп орысқа,

Таластың атам болысқа.

Алашқа қимас малыңнан,

Бір тоқты шықпады-ау сойысқа. –

деп.

Алаш сарбаздары үйлерінен ат мініп шыққан. Әке-шешелері Алаш мұраты жолында еттерінен ет кесіп, балаларын оққа байлағандай, үйден жаназа оқытып шығарып салған. Сарбаздар атпен сапқа тұрғанда, аттың түсіне қарай тұрған: көк аттылар бір қатарға, жирен аттылар бір қатарға, т.с.с. Ал жаяу әскерді ру бойынша сапқа тізген: «Семіз найман» ротасы, «Байжігіт» ротасы, «Сыбан» ротасы, «Болатшы» ротасы, т.с.с. деп.

Алаш полкінде үш дөңгелекті, атпен сүйретіп жүретін 14 зеңбірек болған. Оларға офицерлер басшылық жасаған. Көшпелі ас-ауқат, қазан-ошағы болған. Қазандарды дөңгелекті рамаға орнатып, атпен тартып жүрген. Онымен жүріп келе жатып, жол үстінде ас әзірлене берген. Бағындырған ауылдардың үйлеріне күзет қойып, әр шаңырақта бірнеше сарбаздан тұра берген.

Тарихта мынадай деректер бар: «...1918 жылдың соңында анненковшылар үш күн ішінде Лепсі уезінің Петровский, Пятигорск және Предгорное деген үш қонысын өртеп, тонады» («Қазақстан тарихы», М.Қозыбаев, К.Нұрпейісов, Қ.Жүкеш. 2003 ж. 39-бет).

Бұл ауылдың тұрғындары қатты қарсыласады. Қызылдар шегініп келіп, ауылға тығылады. Әр көше, әр бұрылыс, әр қақпаны алу оңайға түспейді. Осы соғыста Шынар Мәметеков (Асан Айтмұхаметтің ағасы) ерлікпен қаза табады. Талай алаш сарбаздары шығынға ұшырайды. Сол сияқты Андреевка (қазіргі Қабанбай) түбінде де Алаш полкі қатты шығынға ұшырайды. Орыс мұжықтары соғысып жатып, қызылдарға қол көтеріп кіріп кетіп, бұларға қарсы оқ атқан.

Кепішев Байзолла деген сарбаздың мынадай айтқаны бар екен: «Жан керек болғанда, жалғыз қурайды паналайсың. Андреевка түбіндегі соғыста оң қанаттағы Алаш роталарынан ешкім тірі қалған жоқ. Пулемет атып жатқан өзіміздің Жанқараның баласы еді, ол да оқ тиіп жараланды. Ал пулеметті 2–3 кісі атуы керек. Біреуі кезеніп атады, екіншісі стволға оқтар кептеліп қалмас үшін, оқшантайды керіп отырады. Тағы біреу пулеметті қызғанда суытып, тазалап, майлайды. Мен жараланған жігітті жер бауырлап, оң қолтығынан бір қолыммен сүйреп, екінші қолымда пулеметтің оғы салынған қоржынды кезек-кезек жылжытып отырып, жан қалатын зеңбіректің жанына келгенімде, орыс офицері: «Сен неге келдің?!» – деп, қорабынан пистолетін суырып алғанда, кенеттен керней ойнап қоя берді. Қарасақ, қосымша тың күш келіп қалыпты. Офицер «Уһ!» деп отыра кетті.

Тың күш қызылдарды да, сатылған мұжықтарды да баудай түсіріп, тас-талқанын шығарды. Осы сатқындықтан кейін атаман Анненков орыс мұжықтарын соғысқа жаяу айдап, алғы шепке салатын болды».

Атаман Алаш полкін қайтпас қырғындарға арнайы салмапты. Бүкіл армияны ұлтына қарамай тең ұстапты. Сарбаздар атаман басшылығы тарапынан әділетсіздікті айтпады. Анненков Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, «атаман» дәрежесіне көтерілген. Отыз екі жастағы жігіт. 2–3 баласы бар. 1918 жылы Украинадан Семейге, одан Жетісуға жіберілген».

Жазылған тарихта тағы да мынадай мағлұмат бар: «...1919 жылы қазан айында Анненков қарақшылары кескілескен ұрыстардан кейін Черкасскіні (Серкеш) және басқа селоларды алды. 1800 адамды қырып тастады...» (М.Қозыбаев, І.Қозыбаев. «Қазақстан тарихы», 76-бет).

Атаман Анненков шынында да қаныпезер адам болған ба? Мына дерекке қараңыз: Черкасск шайқасындағы жеңіске орай атаман сарбаздар арасында палуандар сайысын ұйымдастырады. Аякөз маңының бір жігіті бәрін жығады. Атаман сол жігіттің білек, сан бұлшық еттерін ұстап көріп: «Сенде 9 кісінің күші бар екен. Мұнда бір оққа ұшып кетесің», – деп, әскери киімін шештіріп, еліне қайтарады. Сондай-ақ Қален мерген 1919 жылы Пасха мерекесінде мылтықпен тиындар атып, ерекше көзге түседі. Анненков оны да «Аман жүр!» деп, әскерден қайтарыпты. Танымал әншілерді, бақсы-балгерлерді де халыққа керексіңдер деп, үйіне қайтарып отырыпты... Қален мерген соғыстан қайтқанда, алдына полктің бір айғыр үйір жылқысын салып беріпті. Осындай адамды қаныпезер болды деуге ауыз бара ма?

Ал атаманның фицерлері тіл білетін, жол білетін қайраты бар, қаруды жақсы меңгерген, білімді сарбаздарды алғы шепке салмай, маңдарындағы тыл жұмысында ұстаған. Бұл соғыста офицерлер де, сарбаздар да қызылдардың жеңетінін білген. Бірақ соңына қызыл үкіметке қарсы күрескен.

Атаман Анненков өте сұлу адам екен. Мың адамның ішінде «мен мұндалап» тұратын ұзын бойлы адам болыпты. Ұрыс даласында ерлік көрсеткендерге марапатты да, әскери атақты да аямай беріп отырыпты. Атаманға 4 рет қызылдардың ықпалымен мұжықтар тарапынан жасалған қастандық әшкереленеді. Қызылдарға қарсы күрескен сарбаздар Анненковты құрмет тұтқаны сондай, «Алаш гимніне» атаманның да есімін қосыпты.

Арғы атам ер түрік –

Біз қазақ еліміз!

Шалқар көл, самал тау –

Сарыарқа жеріміз!

Той тойлап, мал айдап,

Ерке өскен Алаштың

Ел қорғар еріміз!

 

Қайырмасы:

Анненков – атаман,

Қолдай гөр жасаған!

Алашпыз қауымнан –

Қорықпаймыз жауыңнан!

 

Біз – Қали Арыстан,

Долданса қоймайтын.

Алға ұмтыл, ер Алаш

Елің бар қорғайтын!

Әлихан, Әлихан –

Алаштың серкесі,

Ел қамын ойлайтын!

Қайырмасы:

Алаш сарбаздарын Бірінші дүниежүзілік соғыстан қайтқан, «өмірімізде бір рет қана присяга қабылдаймыз!» деген офицерлер басқарыпты. 1919 жылы Серкештегі соғыста бір офицер білегінен қылышпен шабылыпты. Ол: «Мынадай қатты соғыс немістермен де болған жоқ», – депті жараланып жатып. Сол соғыста қызылдардан шегініп келе жатқанда, Омардың атына оқ тиіп құлайды. «Омар қалды, Омар қалды!» деген дауысты естісімен, Сағади кері бұрылып, қуып келе жатқан жауға қарсы шауып барып, бір-екеуімен қылыштасып, бетін қайтарады да, Омарды міңгестіріп алып қашып келеді. Осылайша Омар мен Сағади өмір бойы арасынан қыл өтпестей дос болыпты.

Атаман армиясының негізгі құрамы осы маңындағы горнизондардан тартылған кадрлар мен әскери казактар, переселендерден шақырылған мұжықтар және әу баста Отыншы Әлжановтың басшылығында соғысқан Алаш полкі еді. Кейіннен орыс мұжықтары тұтастай қызылдарға беріліп кетеді. Алаш полкі атаман армиясының негізгі тірегіне айналады.

Бірақ 1920 жылы көктемде қызылдар бүткіл елде жеңіске жете бастаған кезде, Алаш сарбаздары қылыш, мылтығымен Лепсі, Аякөз, Үржар, т.б. бағыттарға топ-тобымен еліне қайтарылады. Сонымен Қазақстанда азамат соғысы аяқталады.

Алаш полкінің ықпалды тұлғаларының бірі – Нұғыман Тарақты болған. Тегіне ру атын алыпты. Оқыған жігіт екен. 1890 жылдары ағайын арасындағы кикілжіңнен 20 үй тарақты Абыралы-Жалаулыдан көшіп келіп, Тарғабатайға қоныстанады. Нұғыман Отыншы Әлжановтың серігі, оққағары, конвойы болады. Отыншы қаза тапқаннан кейін, атаман Анненковтың оққағары және конвойы болады.

1920 жылы соғыс аяқталған соң, Нұғыман сенімді адамдарына: «Мені большевиктер көкке шықсам аяғымнан, жерге кірсем шашымнан тартып, тауып алады. Мен адам таппас жерге кетемін», – деп, мәңгілікке жоғалады. Ол не Қытай жеріне, не қалмақ ішіне сіңіп кетеді.

Алаш полкінің келесі бір танымал тұлғасы – Тұрсын Мұстафаұлы Жарқынбаев 1894 жылдары туған, руы – Керей (Нұралы). Бұрынғы Шұбартау ауданының «Көктал» совхозында Тұрсынның атасының атында «Жарқынбай қыстауы» деген мекен әлі бар. Тұрсын 2-3 ағайынды жігіттің отбасында ұлдан жалғыз болады. Тұрсынның шешелері адуынды, пысық адамдар болыпты. Тұрсынның алғырлығын, зеректігін білген шешелері оның 7–8 жасында Шұбартаудан Көктұмадағы нағашы еліне (Бақтыға) оны оқыту үшін көшіп келеді. Жылына 2 сиыр төлеп, «старославян» қарпіндегі гимназияда оқытады. Тұрсын орысша сөйлеп, орысша жазғанда, орыстың небір сауаттылары басын шайқап, риза болып, таңданады екен. Ал төте жазуды, құран қаріптерін өз еркімен үйреніп, кейін Семейде мұғалімдер дайындайтын семинарияда оқыпты. Тұрсын О. Әлжановтың тұсында Алаш полкінің қойма меңгерушісі болып, атаман Анненковтың тұсында – штабта писарь болады. Бүкіл штабтың мәліметтері, кіріс-шығыс, соғыс жоспары, т.б. іс қағаздары Тұрсынның қолынан өтеді.

Тұрсын Жарқынбаев соғыстан оралған соң, кеңес өкіметі тұсында Көктұмада 1922–1926 жылдары аудандық комсомол комитетінің 1-хатшысы, 1926-1929 жылдар аралығында аудандық сот (судья) болады. Ол кезде партия, комсомол, сот, рокуратура – бәрі аудандық атқару комитетіне қарайды да, атқару комитеті ескі тәртіппен шекаралық әскери горнизонға тікелей бағынады екен. Аудандық атқару комитетінің төрағасы – Тұрсын Қозыбаев (1896–1964) болған, руы – тоғас. Ауданда сол кезде жоғары сауатты осы екі Тұрсын ғана болыпты.

1928 жылы күзде Нұғыман Тарақты мен Тұрсын Жарқынбаевқа қуғын-сүргін басталады. Нұғыман табылмайды. Ал Тұрсын өзімен бірге Жетісу майданында болған 30-дай жігітпен Қытайға өтіп кетеді.

Тұрсын Жарқынбаевты 1950 жылдардың басында Қытай өкіметі Кеңестер Одағының сұрауымен қабырғаға тіреп қойып, халықтың алдында атады. Тұрсынның 4–5 қызы, жалғыз ұлы болыпты. Тұрсынға әскерлер мылтық кезенгенде, топтың арасынан 15–16 жасар ұлы «әкемді атпаңдар!» – деп, оққа қарсы жүгіреді. Сонда баланы біреу ұстап қалады. Сол бала 1960 жылдары Аякөз маңында поездің астына түсіп, қаза болыпты.

Тұрсынның қарулас сарбаздары: «Тұрсын кезінде Қазақстандағы төрттің бірі еді» – деп бағалаған екен. Белгілі жазушы Қабдеш Жұмаділовтің «Соңғы көш» романындағы Тұрсын Жаңабаев болып жүрген кейіпкер – осы Тұрсын Жарқынбаев екен.

Сол сияқты Алаш полкінде Омар Қашағанов, Байзолла Кепішев, Байқуан Түсіпбаев, Сағади Далабаев, Ыдырыш Сламбаев, Қасенбай Жалауыров, Демежан Тастымбаев, Желдібай Кісімісов сияқты бүгіндері ұмыт болған ұлтшыл азаматтар болды. Алаштың бұл сарбаздары 1970–1980 жылдар аралығында өмірден өтті. Омар Қашағанов Алаш полкінде капитан болыпты. Кейіннен артельге жетекшілік етіп, колхозда өте ықпалы адам болған. Ол туралы: «Ақтың офицері болыпты, формасымен түскен суреті бар екен» деген ел ішінде лақаптар көп айтылатын. Бірақ ол кезде оның Алаш сарбазы болғанын ешкім білмеуші еді. Ұлты үшін ұлы соғысқа түскен қайран арыс осылайша атаусыз қалды.

Байқуан Түсіпбаев кейіннен жарты Қазақстанға танымал сынықшы-емші болды. Кеңес өкіметі дүркіреп тұрған шағында бұл кісіге тыйым салмай, ем жасауына еркіндік берді. Қалған сарбаздар кейіннен қарапайым еңбек адамдары болды.

Есіркенов Иманәлі деген сарбаздың балалары әкесінің Жарбұлақ ауылынан Қален мергенмен бірге шақырылып, Алаш полкінде соғысқанын әңгімелеп бергені бар. Ертеректе Көктерек-Ойраннан көшіп кеткен Жанқабылдың Рақымы, Қарақол ауылының тұрғыны Қанапия Жұмақбаев (ел «Қызылбала» дейтін) Алаш полкінде болғанын қаруластары айтып еді.

Бұл бір өңірден ғана шақырылған Алаш сарбаздарының қысқаша ғана тарихы. Тарбағатайдың күнгейіндегі 12 болыста мұндай жүздеген өңір болды. Алашқа әскер жинауға, оны жабдықтауға қатты көмектескен болыстардың талайына сыртынан 1920 жылы Омбыда өлім жазасы шығарылыпты. Тіпті сыртқа қашып кеткен болыстарға дейін соңынан қуып барып, кеңестік соттың үкімін орындатыпты.

1970 жылдары Серкеш (Черкасск) қорғанысындағы мұражайға саяхатқа барғандарға оның сол соғысқа қатысқан күзетшісі: «Мы здесь оборонялись, оттуда нам красные атакавали», – депті. Сөйтсе ол да атаман Анненковтың армиясында болыпты деген әзіл тараған.

Бірақ бұл мақалада айтылған көптеген жағдайлар – ел аузынан жеткен жарым-жарты ғана ақпар. Енді Алаш полкінің 100 жылдығына орай осы тарихты шынайы зерттеп, зерделеп, жеке кітап шығаратын уақыт жеткен сияқты. Бұл орайда бүгінгі қазақстандық әскердегі сарбаздарға патриоттық тәрбие беруге бірден-бір мүдделі мекеме – ҚР Қорғаныс министрлігі үлкен іске бастамашыл болғаны лайық еді.

Анығында, Алаш полкі шынайы әскери күш болғанын мына деректен білуге болады: «...1918 жылдың тамызының 12-де Алашорда әскери бөлімінің бастығы подполковник Хамит Тоқтамышев (Көкпекті маңында қызылдармен кескілескен соғыста ерлікпен қаза болады) Уақытша Сібір үкіметі соғыс министрінің атына: Семейде 750 жауынгер мен 38 офицері бар Алаш полкінің құрылғанын, Зайсанда – 200 адамнан, Павлодарда – 150, Қарқаралыда – 250 және Өскеменде – 250 адамнан тұратын әскери құрамалар жасақталып, Қазақстанның әртүрлі аймақтарында қызылдарға қарсы тікелей кіріскендігі туралы баяндалды. Алашорда үкіметінің басшысы Ә. Бөкейханов Колчак үкіметінің ресми делегациясымен жүргізілген келіссөзінде Қызыл Армияға қарсы Алаш қарулы күштері іс жүзінде 700 жігіт Жетісу майданында, 540 адам – Троицк түбінде, 2000 адам – Орал облысында соғыс әрекеттеріне қатысуда». (К.Нұрпейісов, М.Қойкелдиев. «Алаш һам Алашорда», «Алаш қозғалысы». Алматы,1995 ж.).

Осы деректің өзінен Алаш қозғалысы Қызыл өкіметке қарсы қарулы соғыс жүргізгенін көруге болады. Ендеше ел тәуелсіздігі жолында құрбан болған қазақ сарбаздарының осы тарихын бүгінгі ұрпақ неге білмеске?

Рамазан НҮСІПОВ,

Үржар ауданы,

Шығыс Қазақстан облысы.

 (Дереккөз: «Общественная позиция» газеті. №02 (273) 15 қаңтар 2015 жыл.

Түпнұсқадағы тақырып: «Қазақ елін қорғаған Алаш полкі туралы не білеміз?)

Абай.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1429
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3192
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5083