ПРЕЗИДЕНТ АЙТЫП ЖҮР. ПРЕМЬЕР ҮНСІЗ
Астықты Арқа өңіріне іссапармен шыққан Президент Назарбаев жанар-жағармайдың неліктен қымбаттап шыға келгеніне байланысты ойын айтып былай деді:
«Бұл экономика заңдары.Оған ештеңе істей алмайсың. Біз ортақ (экономикалық) кеңістіктеміз: кеден жоқ, шекара ашық. Сондықтан шара қолданып, барлығына түсіністікпен қарауға тура келеді».
«Түсіністікпен қарауға тура келетін» негізгі жайт: біз АИ-92, АИ-95 маркалы жанармайдың 30 пайызын Ресейден тасымалдайды екенбіз. Осы ретте Президент: «АИ-92-95 бензинінің 30 пайызын біз Ресейден сатып аламыз. Егер біз олай жасамасақ, бізде бір айдан кейін бензин мүлде болмайтын еді», - деп түсінік берді. Елбасының «Егер біз олай жасамасақ», - деп отырғаны шамасы: «Егер біз аталған маркалы жанармайдың бағасын өсірмесек, қолымызда барды көрші елдің нарығы алып қоюы мүмкін», - дегенді білдірсе керек. Қалай десе де, әйтеуір, Президент елдегі экономикалық ахуалға алаңдап, жиі сөз алып, мәселенің мән-жайын түсіндіруге барынша ынта танытып жүр. Тамыз айының 20-ы күні доллардың бағамын еркін айналымға жіберіп, теңгені таргеттеу кезінде де Ақ Ордаға кәсіпкерлерді жиып алып жалғыз өзі сөйледі. Тиісті ведмоства басшыларына да кезек-кезек тапсырма беріп, олардың ұсыныстарын ыждахатпен тыңдап отырды. Бірақ, сол жиында Үкімет басшылығына үш мәрте тағайындаған, өзі «дағдарыс менедежері» деп таныған – Премьер-министр Кәрім Мәсімовті көзіне ілген жоқ. Мәсімов әдетінше шашын жылтырата қайырып, жан-жағына мардамси қарап отырғаны болмаса, әлгі жиынға жәй әншейін келе салған көптің бірі сияқты көрінді. Әсілінде, елдің әлеуметтік-экономикалық тұрмысына бірден-бір жауапты тұлға – ол – Премьер-министр. Тап осындай кезде бәрінен бұрын Үкімет басшысы жарқылдап көрінуге тиіс еді. Немесе... «біздің қолдан келгені осы болды. Ендігі ел шаруасына қайыр-хош», - деп кетуі керек еді.
Мысалы, Грекияның кредиторлармен келіссөзді нәтижелі аяқтаған жап-жас Премьер-министрі Алексис Ципрас өзі сұранып Министрлер кабинетіндегі басшылық қызметін тоқтатты. Жалпы, экономика тығырыққа тіреліп, халықтың жағдайы қиындаған тұста саяси мәдениеті кемел мемлекеттің Үкіметі тұз-түгелімен отставкаға аттанып жатады. Тек бізде ғана ешкім ешқашан өзгермейді. Бәлкім, Назарбаев пен Мәсімов Путин-Медведев тандеміне еліктейтін болар. Ондай жағдайда екеуіне бір-екі мәрте қызмет ауыстыруға тура келеді. Алайда, бұндай қызмет алмасуды Ел де, Елбасы да қаламайды. Ендеше, тек шикізат қорын сатуды ғана білетін «менеджер» Мәсімовты мәпелеудің қажеті қанша? Ол осы күндері Президент Назарбаевты тығырыққа тірелген дағдарысты экономика ахуалында жалғыз қалдырып, ел алдына көрінуді де қойды. Жұрт қазір «кедені жоқ, шекарасы ашық ортақ (экономикалық) кеңістікте» ойға батып, «Тәуелсіздігімізге қауіп төніп тұр», - деп жанұшырып жүрген Президентті ғана көріп отыр. Ал, Премьер үнсіз. Неге?
Айтпақшы, Беларуссия Президенті А. Лукашенко: «Қосымша қаражат көзін табыңдар да жанар-жағармайдың бағасын қымбаттатпаңдар. Халықтың қалтасына түспеңдер!» - деп Үкімет мүшелеріне қатаң тапсырма берді. Беларуссия – біз секілді мұнайды тізесінен кешіп жүрген ел емес. Әйтсе де, жиын-терін кезінде жанармайдың бағасын ұстап тұру үшін қосымша қаржы көзін табуға тәуекел етуде. Батьканың бұл тәуекелін біреулер Беларуссияда әне-міне болып қалатын Президент сайлауымен ұштастыруы мүмкін. Әрине, тақтан таймау үшін Лукашенконың барын салып бағатыны баяғыдан белгілі. Алайда, «қара алтынның» әлемдік нарықтағы құны құнтиып, баррелі 40 доллардан төмен түсуі ықтимал дейтін болжамдар шығып тұрғанда, жанармайдың бағасын шыңғыртып қоя берген, мұнай өңдейтін зауыттардың жұмысын жақсарта алмаған, «кедені жоқ, шекарасы ашық», Премьер-министрі жауапсыз Қазақстанның жағдайына қарап жаның ашиды екен.
P.S. РФ Қырымды аннкециялап, Украинаның шығысына басып кіргенде, оралман-қандас бауырларын есіне алып Елбасы «Халықтың көші-қоны турал» заң жобасын шұғыл қарап, Солтүстік аймақтарға көшіп келушілердің санын арттыру жөнінде Үкімет пен Парламентке тапсырма берген еді. Аталған заңның жобасы бір жарым жылдай атқарушы билік пен заң шығарушы органның ортасында талқыға түскен-ді. Таяуда Үкіметке қайтып барған «Халықтың көші-қоны турал» заң жобасы Мәсімовтың сурмасында қалып қойыпты. Парламент қабылдап жіберуге белсене кіріскен 60-70 заң жобасының ішінде «Халықтың көші-қоны турал» заң жоқ. Үндемейтін Прмьердің бұл да болса елдік мүддеге үнсіз қарсылығын білдірсе керек.
Шәріпхан Қайсар
Abai.kz